Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақ дарыған шаңырақтың анасы

Бақ дарыған шаңырақтың анасы

Ана – қасиет, ана – құдірет. Бойына әлемнің бар жылуын жинаған ананың алдында әрбір перзент борышты. Өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, бар мейірімімен аялап, ақ сүтімен мәпелеп өсіріп, әр баласының қоғамда орны бар тұлға болып қалыптасуы жолында саналы тәрбие беретін де ана. Бүгінде ондай алтын құрсақты аналарымыз бар. Солардың бірі – Қарашалаң ауылында тұратын, 13 баланың анасы Ұлдай Балбекетқызы. Өсіп өнеген әулеттің ақ жаулықты анасына айналған әжеміз жайлы сөз қозғамақпыз.
Бар тәрбиенің алтын діңгегі отбасынан басталады. Шағын мемлекетте адам баласының болашақ болмысы қалыптасады. Ұлдай Дәріғұлова 1941 жылдың 1 шілдесінде Қазалы ауданы, Бекарыстан би (бұрынғы Карл Маркс) ауылында  егінші отбасында өмірге келеді. Оның сәбилік кезеңі мен балалық шағы халық басынан зұлмат жылдарды өткеріп жатқан Ұлы Отан соғысымен, соғыстан кейінгі тоқырау жылдармен тұспа-тұс келді. Сондан да болар Ұлдай Дәріғұлова жастайынан еңбекке араласып, жоққа сабыр, барға қанағат етуді үйренді. Әкесі Балбекет Тайманұлы егін шаруашылығымен айналысқан бағбан кісі болған. Анасы Бейсенбеке Қалдыбайқызы бала тәрбиелеп, үй тірлігімен айналысумен қатар жолдасына болсып егін басынан табылатын еңбекқор әйел болады. Бар өмірін егін басындағы бейнетті жылдармен өрілткен оны ауылдастары «қара кемпір» деп танып кеткен. Тек зейнет жасына таяған шақта ғана ауыл мектебінде техникалық қызметкер болған. Бағбандықпен айналысқан отбасының мәуелі бағы әлі күнге дейін қара шаңырақтың ауласындай жайқалып өсіп тұр. Осы отбасының тұңғышы болып Ұлдай апамыз өмірге келеді. Ұлдай Балбекетқызының артынан Ұлбике атты сіңілісі мен Еңсепбай есімді інісі ереді.
Ұлдай Балбекетқызы 1960 жылы Жұбатқан Дәріғұлов атамызға тұрмысқа шығады. Жұбатқан есімі елге белгілі азамат болған. 1913 жылы Арал ауданы, Қарашалаң елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан ата кәсіпке айналған балық шаруашылығымен айналысқан. 11 жасынан бастап балық аулап, 14 жасында қабаданшы балықшылардың бригадирі болып, 15 жасында Арал теңізі өңіріндегі балық аулауды бақылау пунктінің старшинасы, Қаратерең елді мекеніндегі балық аулау колхозы басқармасы бастығының орынбасары болған. 1942-1944 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына, Сталинград майданына қатысқан соғыс ардагері. 1944 жылы ауыр дене жарақатын алуына байланысты елге оралған. Елге келген соң да еңбек майданына қайта араласып, Қарашалаң елді мекенінде балық аулау зауытының бригадирі, колхоз директорының орынбасары болып қызмет атқарған.1955-1958 жылдар аралығында Көкарал елді мекенінде колхоз директоры болып қызмет істейді.
Ердің елге игілікті қызмет атқаруында отбасындағы тыныштық пен жайлылықтың орыны ерекше. Бұл тұста Ұлдай анамыз ердің қадіріне жете білген нағыз қазақ әйелі екендігін таныта білді. Әркез азаматын қадірлеп, оның еңсесі тік, көңілі тыныш болуы үшін өзіндегі бар жақсыны аяған жоқ. Және оларға отбасындағы мейірім мен жылылықты сыйлай білді. Адам баласы үшін ең бірінші үлгі алатын тұлға әке мен ана десек бұл тұста Жұбатқан ата мен Ұлдай анамыз отбасының қаймағы бұзылмаған қалпын сақтаған жандар ретінде елге жақсы таныс. Ұлдай апа Жұбатқан атаның үшінші некелі жары. Бұған дейінгі әйелдері тағдырдың жазуымен бірі өмірден озса, енді бірі ауыр дертке шалдығып, дәрменсіз күйге түскен.  Жұбатқан атамен бірге ғұмыр кешкен 21 жылда өмірге 9 бала әкеліп атамыздың алғашқы некелерінен туған 4 баласын да еш өгейсітпей өз баласындай көріп өсіреді. Жұбатқан ата 1981 жылы өмірден озды. Ерінен айырылса да Ұлдай ана ұрпағын ел қатарына қосу жолында еңсе тіктеп, әулеттің мызғымас тірегі, ақылшы анасы ретінде танылды.
Халқымызда «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» деген мәтел бар. Расында тәрбиелеп өсірген ұл-қызың үмітіңді ақтап, елге елеулі қызмет етіп жатса ата-ана үшін одан асқан байлық пен бақтың керегі не? Бұл тұста Ұлдай анамыздың мақтауға да мақтануға да тұрарлық ұрпағы бар. Туғанындай болып кеткен тұңғышы Бақыт Қызылорда қаласында ЖКО мекемесінде бас есепші болып қызмет атқарған. Үлкен қызы Болғантай Жұбатқанова жас кезінен бастап зейнет жасына дейін «Толқын» газетінде қызмет еткен. Қазіргі күні бұлар өмірден озған. Мұнан кейінгі Қабылы мен  Шолпаны түрлі техниканың тілін меңгерген жандар. Қабыл ірі кәсіпорындарда автокөлік жүргізсе, Шолпан теміржол саласында кран айдап, ерге тән мінезімен ерекше мамандықта еңбек етті. Қазір зейнет демалысына шықты.
Ал, қара шаңырағының отын маздатқан ұлдары Байқал мен  Арыстан, келіні Ботагөз ұрпақ тәрбиелеу ісінде жетістікке жетіп жүрген жандар. Қарашалаң ауылындағы  №75 орта мектепте қызмет атқарады. Ал, Тойбазар мен қыздары Айман, Лиман медицина саласының білікті мамандары. Қарашалаң ауылында анасының жанында жүрген  Баян есімді қызы 44 жасында өмірден озды. Ана үшін баланың қазасы ауыр болды.
– Ана үшін баладан артық қуаныш та қайғы да жоқ. Өмірге қанша бала әкелсең жүрегің де сонша бөлікке бөлінеді. Мен үшін де балаларымның жетістігі төбемді көкке жеткізер қуаныш болса, қазасы өмір бойы жүрекке түскен сызат. Үш бірдей перзентім өмірден ерте кетті. Өмір болған соң қайғы мен қуаныш қатар жүрері хақ қой. Сонда да болса бұл менің жүрегімді сыздатқан ауыр оқиға. Дегенмен барға шүкір. Артында ұрпағы қалды. Балаларымның атына кір келтірмей жүрген солар үшін қуанамын, – деген Ұлдай ана жүрек сырымен бөлісті.
Бұл отбасында сан түрлі мамандық иелері табылады. Жарасқаны мұнай саласында қызмет атқарып жатқан болса, Асанханы Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында адвокат болып қызмет етуде. Кенже баласы Фазихан Байқоңыр қаласында өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары болып қызмет істейді. Ұлы Асанханды әңгімеге тартқанымызда:
– Анамыз бізге бар жақсыны сыйлады. Әкеден өрбіген он үшімізді бір шаңырақ астына жиып, ауызбіршілікке, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиеледі. Отбасындағы жарасымдылықтың арқасында бақытқа кенеліп отырмыз, - деді ол.
Бүгінде Ұлдай анамыз өсірген ұл мен қыздан  34 немере, 51 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр. Мерейлі сексен жастың белесіне шыққан анаға ұрпақтарының да құрметі ерекше.

Н. МАРАТ
12 қазан 2021 ж. 993 0