Журналистиканың алғашқы қарлығашы
Көңіл қойсаң қойнауына тарихтың,
Сөз арқылы талай асыл табылар – деп, ақын С. Хангелдин бекер айтпаса керек. Туған өлкеміздің тағылымды тарихы тереңнен бастау алары ақиқат. Кешегі-бүгінгі тарихтың қалыптасуы мен дамуына негіз болған өлкенің кемеңгер тұлғалары. Кеңестік дәуірде өмірге келген алғашқы басылымдар қатарында бүгінгі «Толқын», кешегі «Екпінді балықшы» басылымының алар орны әрбіріміз үшін де ерекше. Бұл басылымның қалыптасуы мен дамуына негіз болған тұлғалар қатарында қарымды қаламгер, ақын, редактор Қалас Сәрсенбаев есімі өзінше бір төбе. Ол – журналистика деп аталатын мәртебелі мамандықтың алғашқы қарлығашы, алғашқы қаламгері. Ақын шығармашылығын зерделеу барысында латын әріптерінде жазылуымен бүгінгі күнге дейінгі сақталуына ерекше тебіреніспен қолыма ала таңырқай қарадым. Сөз зергерінің бүгінгі бізге жеткен асыл мұраларының алғашқы туындылары латын әріптерінде жазылған. Ақынның бұл мұралары қара шаңырықтың түтінін түтетіп, керегесін кеңейтіп отырған келіні Күлайша Ұлымбетқызының жеке мұрағатында сақтаулы.
Қарымды қаламгер Қалас ақын 1914 жылы Сырдария губерниясы, Қазалы уезі Шыбынды болысының ауылында ата кәсіпті серік еткен балықшылар отбасында өмірге келген. Кеңес өкіметі жылдарында Арал ауданы Сайғонды ауылдық Советінің, кейін Райым ауылдық Советінің аумағында болды. Ақынның шыққан тегі тегі – Әлімнің Айдарбек аталығынан, Ардана руынан тарайды. Ол 1923-27 жылдары Сайғондыдағы бастауыш мектептің 4 кластық білімін алған, 1927-29 жылдары Қазалы қаласындағы темір жол мектебінде оқыса, Ақын кәсіби маман атану мақсатында 1929-1931 жылдары Қаладағы педагогикалық техникумда білімін шыңдаған. Бұдан соң ол 1931-32 жылдары Арал қаласында балық өсіру жөніндегі қысқа мерзімді курстарда оқыған.
Алғашқы еңбек жолын 1932-33 жылдары Шөмішкөл колхозында статист-счетовод болып істеген. Бұл кездің өзінде ол ақын ретінде, тілші ретінде елге таныла бастайды да, газетке қызметке жіберіледі. Қарымды қаламгердің журналистика саласындағы еңбек жолы 1933 жылдың қазаны мен 1936 жылдың маусымы аралығында аудандық «Екпінді балықшы» газетінде жауапты хатшы қызметінен бастау алды. Осы тұс оның сықақшы ретінде көрінген кезі еді. 1936 жылдың маусымы мен қазаны аралығында Ақтөбеде облыстық партия комитеті жанындағы партия қызметкерлері курсында оқыған. Ол 1936 жылдың қазаны мен 1943 жылдың қазаны аралығында аудандық «Социалистік Арал» газетінің жауапты редакторы болады. Соғыс оты тұтанған жылдары елде қалған кәрі мен жасты, ана мен қарындастарды өзінің өткір жырларымен, өткір сөздерімен елді барынша жігерлендірген ақын. Оған ақынның «Жырыммен шықтым жорыққа» туындысындағы:
Дос сүйсінген,
Қас күйінген,
Жеті жылдық жорықта .
Мен коммунист,
Қарт журналист,
Шықтым жырмен жорыққа , – деген қаламгердің рухты жыры дәлел.
Бәлкім, сол тұстағы саясат солай болды ма, аудан, облыс газеттерінде өлең-жырлары жиі жариялана бастаған соң оны Мәскеуге оқуға жібереді. 1943 жылдың қазанынан 1944 жылдың тамыз айының ортасына дейін БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы орталық газет қызметкерлерінің курсында оқып, елге оралды. 1944 – 1947 жылдары Арал аудандық «Социалистік Арал» газетінің жауапты редакторы болып еңбек етеді. 1940-47 жылдары аудандық партия комитетінің мүшесі, 1939-47 жылдары қалалық Советтің депутаты, 1935-45 жылдарда аудандық комсомол комитетінің мүшесі, республикалық «Социалистік Қазақстан» және Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газеттерінде тілші болған. Ақын аудандық газеттің жауапты редакторлығынан белгісіз себептермен Арал балық өнеркәсібіне қызметке жіберіледі. 1947 жылдың мамыр айынан 1953 жылдың шілдесіне дейін Арал рыбакколхоз союзда аға инспектор болған. Ол 1953 жылдың шілдесінен өмірінің соңына дейін Арал мемлекеттік балық тресі басқарушысының кадр бөлімі жөніндегі көмекшісі қызметін атқарады.
Ақынның қызметтен шеттетілуіне қатысты ел аузында бірнеше әңгімелер бар. Соның бірінде ақынға сол кезде Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ешкенов деген татардың қиянаты айтылады. Ұлтжанды ақын қазақтарға менсінбей қарайтын хатшымен бірнеше рет сөз алысып қалса керек. Сөз зергерінің от ауызды, орақ тілді жан болғандығына, ақынның өзі жазып қалдырған мол мұралары сөзсіз дәлел. Ақын шығармаларының бір шоғыры өсиет-өнегенің түп тамыры, бұлардың қатарында «Не қандай?», «Нақыл өлең» өлеңдерін атап өтуге болады. Мысалға, алар болсақ:
Зұлымдыққа жаның балам қас болсын,
Адалдыққа ақыл-ойың бас болсын.
Жас шағыңда күнді еңбексіз өткізбе,
Десең көңілің өмір бойы хош болсын, – деген өлеңінде ақын кемеңгерлікті, адалдықты насихаттаған. Ақын өзі өмір сүрген көштің адал перзентті бола білді. Елде үстемдік құрған кеңестік дәуірдің алғашқы қадамдарын, күшейген кездерін көзімен көріп, сол кезеңдегі қоғамдық күреске бар ынтасымен араласқан.
Жақсыларды сата көрме нәпсіге,
Ер азамат бірін-бірі көреді.
Өлімнен де ұят күшті, деген бар
Біз емесқой тіршіліктің сүмегі, – деп туған өлкесінің мүддесіне, халық кәдесіне жарайтын, жақсылық табуға ұмтылған ақын. Табиғат берген ғажайып суреткерлік ақынның дара болмысы. Ақынның «Жеңіс біздікі», «Дамылсыз күндіз-түні күзетемін», «Шекарашы серті» сыңды өлеңдері ерлікке, ел қорғаудағы азаматтардың ерен еңбегін жырлауға арналған. Ал «Гүлдей жайнап той өтті», «Құттықтаймын», «Қазақстан көркі» секілді дара туындылары ел мен жердің көркеюін шабыттана жырлаған. Қ.Сәрсенбев шығармаларында отаншылдық рух терең байқалады. Ақын шығармашылығында әйел мәселесі мен оның мәртебесі де өз орнын тапқан. «Жалқаулық – жаман әдет жеңіп алды», «Әйел дауысы», «Соғады жүрегіміз сізбен ғана» деген туындыларында еңбек әйелінің жарқын бейнесін сомдайды. Қалас ақын – өз кезеңінің жаршысы.
Жалпы алғанда, ол – ХХ ғасырдың орта шегіндегі лирик, әрі толғау ақындарының бірегейі. Ақынның зерттелмеген латын әліпбиіндегі аударылмаған дүниелері мол. Өлкетану мұраларын жинақтау мен терең зерттеу, зерделеу – бүгінгі ұрпақ еншісіндегі басты міндет. Білім мен ғылым, әдебиет пен мәдениет саласында ел дамуы жолындағы тарихи тұлғалар мұрасы бүгінгі құнды жәдігерлер. Ендеше, құнды жәдігердің құндылығын жоғалтпай келер ұрпаққа жеткізе білейік. Ол – сіз бен біздің парызымыз.
Гүлнұр ШАЛМАНОВА,
орталықтандырылған Абай кітапханасының кітапханшысы.