М.Қаназ – 80: Сағыныштың сары жапырақтары
Бір есек ақша
Зекең айналасындағы інілерінің мінез-құлқын, қабілетін, қарымы мен адамгершілігін, не керек, бар болмысын бес саусақтай тап басып, біліп отыратын. Атап айтуға болмас, қазір қатарда жүрген екі жігіт туралы сонау жылдары әншейін сөз арасында айта салған бағасы бүгінгі күні айна-қатесіз дәл келгеніне кейде өзім де бас шайқап таңданып қоямын. Сол мінез, сол пейіл.
Інілерімен әзілдесіп, қажап, қызықтап отыратын. Қай әзілінің астарында да шындық бар. Мәселен, маған: «Ау, провинция, келіп қалдың ба?» дейтін, «әкім» дейтін. Сонда әзіл астарында «жазбайсың, басыңа пайдасы жоқ шаруаға уақыт өлтіресің, сирек жазасың» тақылеттес мән жатады.
Ертеректе Қызылордаға бір келгенде, осы Өмірзақ Жолымбетовке көрші Зекеңнің орталықтағы құрқылтайдың ұясындай екі бөлмесінен Чехов көшесіндегі обкомның су жаңа кірпіш үйінен кең пәтер алып, соған көшкенін есітіп, қатты қуандым. Ағаға сәлем беріп, «қоныс жайлы болсын» айту –парыз. «Құл қашса Қоңыраттан шығады», облыс орталығына табаным тисе, алдымен кластас дос Серік Сейітмағанбетовті тауып алатынмын. Ол кезде педагогикалық институттың студенті. Жетім. Елдегі жалғыз ағасы болса өңеш жалаңаш кедей. «Ленин жолына» өлеңін сұрап бастырып, нәпақа тауып беретін Нәсіреддин Сералиев ағамыз. «Өзімді асыраған Нәсір ағам» дегенді шығарып жүрген де осы Серік.
Сережа болса қыбыжықтап базарлыққа бөтелке алып барғанымды қалайды. Осы жерде де бастап көріп жіберуге емеурін қылып, мұрынды ерсілі-қарсылы умаждап жұтынып қояды. Түлкі құрсақ мұғалімнің айлығы құрымағыр қайбір аяқ созуға жетіп жатыр. Мен болсам ескерткіш болып тұрарлық бірдеңелерді қош көремін. Ойланып-толғанып, екеуміз тіркесіп жүріп кітап дүкенін біраз аралап, ақыры, ақын ағаның жан жүрегіне жақын теңіздің суретіне тоқтап, соны сатып алдым да, емексіп қалмасын деп Сережаға сыртында «Для стихов» деген жазуы бар сүп-сүйкімді блокнот алып бердім. Бардық арқаланып. Сол жаңа пәтерге отырып, Зекеңнің көзінше сурет сыртына арнау сөз жаздық. Кейінгі оншақты жылда не болғанын білмедім, сол теңіз жағалауының пейзажы ақынның көзі тірісінде қарсы алдында, күйсандықтың үстінде қабырғада ілулі тұрды. Серік блокнотын әрі-бері аударыстырып қызықтап, Зекеңді де қызықтырып көрсетіп отыр. Сонда Зекең:
– Мына блокнотқа өлеңді толтырып жаз. Толғаннан кейін Алматы барасың. Оны кітап етіп шығарасың. Кітап дегенің қыруар ақша. Астананың ақындары кітаппен байып жатыр. Ондай ақшаны өзің де көтере алмайсың, бір есек сатып алып, соған екі қоржын етіп теңдеп қайтасың, – дейді.
Біздің Сережа болса мәз, екі езуі құлағына жетіп, мұрнын тартып қойып қос тізесін сабалап ай бір рахаттанып күледі-ау. Бәріміз де мәз.
Серік өлеңді сирек жазатын. Зекең бір жағынан соны да мегзеп отыр.
Сыпыра сүйіс
Зекеңнің махаббаты турасында бас-аяғын бүтіндеп сабақтай жазу ауыр. Ауыр болатыны бұл кісінің жігітшіліктерінің қай-қайсысы да әу бастан-ақ қасіретпен басталып, тақсіретпен аяқталып жатады. Ақынның осы «мәселедегі» кейбір әрекеттері мен жан толқынына куә болып, сыр бөліскен де жайларым бар-ды. Көңіл шіркін көк дөненге мінуін мінгенмен, «барар жері Балқан тау» боп күйрей беретін-ді. Сабақтауға келмейтіні сол. Бір-жар қызғылықты сәттері болмаса...
Ертеректе, қызық қылайын десе бұ құдайға оңай ғой, жер жаһан бір адамға кең, екі адамға тар, Зекең мен Сережа (Серік Сейітмағанбетовті айтамын) бір қызға ғашық боп қалып, екеуара бақталас, біраз кикілжіңдесіп дүрдараз жүрген жағдайлар да болды. Сөйте жүріп екеуі де бірінен бірі ат құйрығын кесісе алмайды, сыйластықтарын үзбей, ағалы-інілі қатысып жүре берді. Сережа Зекеңе аптасына бір келмей жүре алмайды, Зекең Сережаны аптасына бір көрмей тағы отыра алмайды. Кейін жол өз-өзінен үш айырылды, әлгі қыз бір жаққа, Сережа бір жаққа, Зекең бір жаққа кетті. Айтайын дегенім де ол емес.
Ақынның аты енді ғана шығып, қызығы басылмай дүрілдеп тұрған алғашқы – әсіресе, алпысыншы жылдары – Қызылордадағы құрқылтайдың ұясындай өтпелі екі бөлмеге жастар ағылып, бірі келіп, бірі кетіп жататын. Бұл үй аты аталмаған әдеби отау тәрізді. Ағаға сәлем беріп, әңгіме-дүкен құрысатын, өлең айтады. Зекең оны мандолинмен не домбырамен сүйемелдеп отырады. Бұл төсек тартып жатқан адамға айта қаларлықтай демеу, әрине.
Сондай бір отырыспадан соң сәлемші кісілер лоблып тобымен шығатын болады, ішінде кейін келіп қосылған Серік те бар. Топ еркек-ұрғашы, үлкен-кіші, сүйкімді-сүйкімсізі бар ала-құла болса керек. Қоштасарда жұрт ұмсынып Зекеңнің қолын алады. Сөйтсе, Зекең қолын алған адамды бос жібермей, керектісін де, керексізін де қалдырмастан бетінен сүйетін көрінеді.
– Зекең күнде жанында жүрген мені де сүйді. Уай бір, сыпыра сүйіске тап болып, қарық болдық та қалдық, –дейді Серік санын шапаттап, екі езуі екі жақта мәз-мейрам.
Сол мол сүйістің себебі әлгілердің ішінен Зекеңе еліктің лағындай бір қыз ұнап қалса керек. Ұнағанмен, шаруа қиын. Жұрттың көзінше бөліп-жарып сүйе алмайды, еріп кете алмайды, бөлініп "өзің ғана қал" деп тағы айта алмайды. Жұрт бұ тегін сүйістің төркінін білсе де білмегенсіп, жымия күлісіп кете беріпті.
Валет қарға
Әу бастан-ақ картаға құлқым аумаған адаммын. Арнайы іздемеймін, реті келгенде ермек үшін жеңіл-желпілерін ойнайтыным болмаса, со шіркіннің майын езіп іше алмай-ақ қойдым. Таңнан таңды атыратын жұрттың қайтіп шыдайтынын қайдам, бір-жар сағаттық ойынның өзі мені мүлде жалықтырып жібереді.
Үш-төрт адам бас құрасып қалып, уақыт өткізе алмай ерігіп отырған кездерде Зекеңмен карта да ойнайтынбыз. Бірде Сережа (Серік Сейітмағанбетовті айтамын. Зекең де оны Сережа дейтін) тағы бір елдің жігітімен отырғанда төртеуміз уақыт өткізбекке кәдуілгі қысыр ойын – подкиднойға кірістік. Отырысымыз солай болды да, мен Зекеңмен жақпын. Әрі ойнадық, бері ойнадық. Алдында ұтыңқырап, одан кезек-кезек итжығыс түсіп, ақыр аяғында көбіне біз ұтыла беретін болдық. Оның басты себебі жалыққан мен салақси бастадым. Алғашқыда көңілді отырған Зекең ұтылған сайын күйгелектене берді. Ойын аяғында қыруар дүниесі тәркіге кеткендей тас-талқан тал берені шығып, картасын лақтырып ашуланбасы бар ма.
– Әй, сен өзің қандай адамсың? – дейді маған. – Валет қарғаны неге жүресің? Оның дамасы түу бағана кетіп қалған жоқ па? Не бағып отырсың? Осындай да ойын бола ма? Ойнаған соң дұрыстап ойнамайсың ба?!
– Кетсе кеткен шығар... Қайдан білейін, – деп жұмсартқым келеді. – Талай карта кетіп жатыр ғой.
Оған көне қоятын Зекең бе, тіпті «білмейтінің бар неге ойнайсың?» деп өзіңе пәле жауып өршелене түседі. Сонан картадан қашып шықтым. Сонда да сол күні күнұзақ Зекеңнің мүлде көңіл қошы келіп болмады.
Сол бір болмашы оқиғадан кейін шатасып жатам ба деп онымен мүлде карта ойнамайтын болдым, ойынға ыңғайласа бастағаннан әрқилы дәлел айтып сырғақтап пәлелі жерден аулақ отырамын.
Ойға алған шаруасының қандайына болса да соншалық құштарлықпен жанын сала кірісетін кісі еді. Бұған дәйек те, дәлел де мүлде көп. Тегін ойын – картаның өзіне болып отырғаны анау.
Зин... Зина... Зейнол
Осағаңмен (Оспанхан Әубәкіровті айтамын) қашан, қай жерде, қалай танысып жүргенін Зекең айтқан да болар, бірақ дәл қазір есімде жоқ. Бұл кісі Осағаңды кәдуілгі күнбе-күн аяқ-табағы араласып жүрген адамындай өте жақсы көретін, творчествосын жоғары бағалап, жанына балап, қатты сыйлайтын-ды. Сондай бір жайға куә болып қалғаным бар...
Бірде екеумізден өзге жан жоқ, оңаша жайбарақат әңгімелесіп отырғанбыз. Телефон шыр ете түсті. Көтерді. Сөйлесті. Сол-ақ екен мәз-мейрам боп, арғы жақтағы кісімен әмпай-жәмпей шұрқырасты да қалды. Үзік-үзік әңгіме жұқанасы менің де құлағыма шалынып түсіне бастадым. Осағаң екен. Телефон шылдыры Алматы емес, осы қаланікі. Қандай шаруамен жүргенін білмедім, түсінгенім, әйтеуір, қасында адамы жоқ, бір өзі.
– Зейнол, бір жарты сағаттан кейін саған барамын! – деген ірі дауыс бар.
– Тездет.
Зекеңнің күнделікті үйге жұмсайтын қаржысы жанында, төлқұжатының арасында болады, телефон тұтқасын қойған соң, көрпенің астынан соны алып, апама Алматыдан келген қонаққа дайындала беруге тапсырма берді.
Ендігі әңгіме Осағаң жаққа айналып, Зекең менің мұрныма қолын созып, бейнебір танау ішіндегі мұртты өзі жұлып алғысы келгендей: «Сіз мұрынның ішіне мұрт қойғансыз ба? Жұрт иегіне қоярға қылшық таба алмай жүргенде сізді мұрын ішіне мұрт қойып, не әкетіп барады?» –деп, әй бір айызы қана түйіліп күлсін келіп, күлсін. Оны тастай бере сол мәз-мейрам күйі «Республиканың чемпионы, ұрып жыққан он түйені» жатқа айтады. Әсіресе, лақтың кейпін келтіргенде жаны кіріп, сал боп жатқан бөксесіне дейін қимылдап жеңілденіп ойнай жөнеледі. Жоқ жерден концерт табыла кетті.
Тамақты қонаққа қаратып, әңгімемен уақыт созып қаңтарылып күтіп отырмыз. Осағаңның өзі жоқ, бірақ тағы телефон шалады.
– Ау, не болды? Қашан келесің? Бізді қаңтарып қойдың ғой...
Арғы жақтағы дауыс бағанағыдан да ірі, күжілдеп шығады.
«Міне, шықтым. Жолда келе жатырмын» дегеніне қарағанда, менің түсінігімде әлгі отырған үйінен шыққан, жолда телефон-автоматтан соғып тұр. Онсыз да жатқан адам күтпей қайтеді. Күттік. Тағы да біраз уақыт кетті. Жары жолға келіп қалған қонақ әлі жоқ...
Телефон тағы шылдырайды. Бұл – төртінші, әлде бесінші қоңырау.
– Зин... Зина деймін! Мен келе жатырмын. Кейіме енді... Жаяу келе жатырм...
– Иә, тыңдап тұрған Зина деген қарындасың болад...
Одан бетер жаны қалмай көзінен жас аққанша буынып қиқылдап рахаттанып күлсін келіп, күлсін.
– Зина ай қарағандай жолыңызға қарап отыр, алматылық ағай, –дейді қыздың дауысымен. Тегін концерттен несі кем.
– Зин дейм! Ах, Зин! Жолда келе жатырмыз. Жолда дейм. Қазір міне. Кейіме енді. Жеттім, міне. Зина... Зина...
Кейін барып түсіндік. Осағаңның жолда келе жатқан түгі де жоқ, әлсін-әлсін телефон шалып, сол үйде үйелеп әлі шыға алмай отыр екен. Телефонды әр шалған сайын дауыс үстемелене, бұрынғыдан да жуанта түседі. Зекең болса, әр сөйлескен сайын шықылықтап рахатқа батады да қалады.
Көк жорғаны ерттеп мініп, алдына мың қой салған қонақ, ақыры, жетті-ау. Бұрын келіп жүр ме, әлде жаңағы отырған үйдің иесі есік аузына әкеліп салды ма, ол жағын біле алмадым, әйтеуір, Осағаң есіктен жалғыз кірді. Екеуі апақ-шапақ болды да қалды.
Өмір бойы науқас атаулының не түрімен арпалысып, сал боп жатқан адам көрінгеннің еркелігін көтере ала ма? Сіркесі су көтере ала ма? Ал жан дүниесі қабысқан творчество адамының өзі ұнатқан кісісінің еркелігі мен базыналығын Зекең бір адамдай-ақ азаматтықпен көтере білетін.
Молдахмет ҚАНАЗ