Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өзіне ғана ұқсайтын ақын

Өзіне ғана ұқсайтын ақын

Адамның жарық дүниеге келуінің бір Жаратқанға ғана аян хикмети құпиясындай, ақынның да бұл дүниеге келуінің әл-бәди құбылысынешкім дөп басып айта алмас. Тіпті, сол ақын жанның өзі де... Иә, туған табиғат, өскен орта, түрлі қоғамдық, тарихи жағдайлар мен оқиғалар, тіпті, бір сәттік жасын жарқылындай әсер мен сезімнің соққан сәтін тепсініс нүктесі етіп алуға болар. (Бәрі мүмкін!) Бірақ ақын әлемінің ғарыш тамырлас құпиялығындай, бұл келісті көркем жаратушылық бастауды, сонан арғы өмір мен шығармашылық соқпақтарының кей қалыпқа келе бермес қым-қуыт метаморфозаларын тақтап-түгендеп айтып беру қиын-ау. Тіпті, мүмкін емес. Мен білерде, ақын жанының бастауы мен үдеріс-қисындарында сондай астарлы-қатпарлы құбылыстар баршылық...
Десе де, бізге мәлім адами ұғымдар сүрдектерімен кей жайттарға тереңдеп бару, білген-сезгенді пайым таразысына тарту – пенде үшін білу шарты, таным парызы. Зерде көзімен, ынта ықыласымен қарасаңыз, өмірде кездейсоқ, мәнсіз, мақсатсыз еш нәрсе жаратылмаған.
Ол – ақын. «Ұлылық» деген ұлық ұғымға жетер көтермесі көп жолда әдеп, сыпалық, дегдарлықтың табалдырықтарын теуіп аттап, кеуделеп өтуге бара қоймаған, әйтсе де, шын мәнінде, үлкен әріппен жазылатын Үлкен ақын ол. Сөздің де сұрауы бар. Бұл іспетті пікіріміздің демеу-куәлігінде оның билік-басшылықтан алған биік марапаттары, қызметтерде тақым артқан һамбал орынтақтары, дүйім ел алдында даңғаза қоңыраулатқан дүрмекті дағауа-дәрежесі жоқ. Ол қасиеті бек зайыр позияның қатардағы «қара жұмысшылығынан» бастап, шұғылалы биігіне шейінгі соқтықпалы жолды табандылықпен жүріп өткен қажырлы еңбеккер. Әрине, мұндай «құжаттық анықтаудан» сондай жосақты талапкер, әйтеуір түбі, бір нәтижесін беретін бейнет машақатында мықшыңдай берген біреу екен деген ой тумаса керек. Ол әуелі өзінің сырбаз мінезінде әстелеп келіп, арғы арқалы шабыстарда поэзия өрісінде еркін, кең көсіле қолтық сөккен ақын. Фәлсафа сөзі әлдебір толымды нәтижені «бір үлес талант, тоқсан тоғыз үлес еңбек» деші еді ғой. Сол ретпен, ең керемет деген туындылардағы сұлулықтың, сындарлылықтың, кенеуі қуатты қасиеттің қайырлы анасы еңбек деген ойды айту біздікі. Жаратқан негізі, асыл мақсат, самғау ой, таудай талаппен қанаттандырған сол хазіреті еңбек қара тастан «Давидті» туындатқан жоқ па, жеті-ақ түрлі бояумен мәңгіліктің жұмбағы «Джоконданың» жымиысын берген жоқ па еді! Шығармашылық бейнеттің түп мұратында сондай таңғажайып туындылар бақшасы қол бұлғап тұрады. Адал, ықыласты еңбек, түбі, фердауыс-зейнет жемістерін береді.
Бүгін жетпістің желкенін керген ақын інім Төкеш – Толыбай Абылаев шығармашылығы туралы ойланғанда, осындай бір, сан-қамту ой ұйытқулары біраз көңіл қиырларын шарлатып қайтты.
...Автордың айтып отырғаны өз ауылы, әрине. Бірақ сен оны өз ауылыңдай көресің. Ақынның жазып отырғаны өз сағынышы, әрине. Бірақ сен оны да өз сағынышыңдай қабылдайсың. Өлең-жырдағы жалқы сезімнің көркемдіктің арқасында жалпы халықтық сезімге айналуы – өнер бақыты...
Қадыр Мырзалиев
Қазақстан Мемлекеттік     
сыйлығының иегері, ............
Толыбай-ақын мына дарқан дүниедегі қайталанбас бір сұлулық – сонау Көк Теңіздің толғанысты айдынына шомылып, тарпаң толқындарын жара, жуасыта жүзу бақытына ие болған, теңізжанды бала еді кезінде. Алуан-түрлі сезімдер қанаттануының кең байтағы еді сол айдын. Теңіз-судың ой жетпес көңіл құбылулары – түрлі қиял шарықтауларына, мінезді толқындарының қаталдау тепкіндері мен қатқыл алақандары – қайтпас қайсарлыққа, өршіл ұмтылыстарға шақырып тұратындай бір қасиеттер еді. Біз сол жағалауларда өстік. Арамыз 3-4 жас шамасында ғана. Жайын ауыз сары бала Көнебөген ауылынан біздің Қамау ауылының жанымен Бөген-«шаһардағы» мектептегі оқуына қатынап жүреді. Сонау ауылдардың табалдырығын күндіз-түні шуылдай дем тартып, Қалия-басаттың жалықпас толқындары жуып жатады. Әлгі «оқуға қатынау» жолдарында, балалар қисабына сай, қапелімде достасулар мен ауық-ауық шекіс-қақтығыс дегендер де болып тұрады. Солардың ешбірінде, кейін десант әскеріне барып, жалаң қолымен тас уататын жауынгер болған баланың көрсеткен бір оқшау мінезі немесе түр-түсі есімде қалмапты. Сірә, сол кезден сынық мінез, кеңқолтық көңіл – оның өзінің айнымас-бұлжымас табиғаты болса керек.
Толыбай сол жағалауларда өсті.
 «Қамау» демекші, ол кезде Арал бойы сыңсыған қалың ел, таяқ тастам жер – бір колхоз. Бөген мен Көнебөгеннің ортасындағы Қамау ауылы бұйрат шағылдар жүлгелеріне теңіз шапқан, әлде, ақ бөрте құмдар қозылардай жамырап теңізге ене сабаттаған, бір табиғаты қызық жер еді. Сол жамыраған құмдар арасындағы теңіздің бір айнакөл басаты «Қамау» деп аталған. Сол шүңгіл көлдің теңізбен қатынас өзегі абақталып, балықшының алыстан олжалап әкелген бекіре балығы соған жіберілетін. «Қамау» аты сонан еді. Тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын судың шу асауы болса да, бекре балықтың тәніне сызат-жарақат түсірмей, баптап, мәпелеп әкеліп сол суға жіберетін теңіз серілері. Ауылға сыйлы қонақ келе қалса, әлде, «бекіренің бел кеспесіне» қызылсыраған жағдайларда сол, қотандаулы қойдай бақпа балықтан қарап жүріп, таңдағанын алып, қазанына май қайнатқан бекзат ел еді сол ауыл... Біздің сол замандағы хәл – ешқашан өлместей, жаныңда мәңгі жүре беретіндей көрінетін ата-анаң қасындағы балалықтың қамсыз күндеріне келеді екен. Жан жайлауында жүрген екенбіз ғой...   
    
...Ақын Толыбай Абылаевтың "Алтын бесік" атты топтама өлеңдері мені қатты қызықтырды. Әсіресе, "Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін, тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін. Батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің" жолдары ғажап. Өлең табиғатын дәл тапқан ақынның өлеңдерін жырқұмар қауымның үлкен олжасы дер едім.
Әскербек Рахымбекұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Және... Сол көкжайқын әлем үстінде абыр-сабыр тірлік кешкен, қым-қуыт өмір сүрген ақжайқын мінез адамдар ортасы. Ол өзіндік бір әлем еді ғой. Ең үлкен, мәнді бір өмір мектебі сол болатын. Мектебіміздегі «Балауса» әдеби үйірме газетін жүргізу, сәл сөз тізгінін ұстаған маған тапсырылған жұмыс болды. Толыбай Қуаныш құрдасы (Жиенбаев) екеуі шимай-шатпақтарымен сол парақтың бетінен тұрақты түрде түспей жүретін өлермендер еді. Сөйтсе, бұлардікі сол кезде «болар бала...» немесе «балағында биті бар» талап екен ғой... «Балауса» әдеби үйірмесіне сол уақыттарда, біз үшін білдей, аудандық «Социалистік Арал» газетінің төр-бетінен, аудандағы бар ауылдан ерек, өзіндік бір жаңалық ретінде жария-орын берілген... Ішінде осы Толыбайлар бар... Шын мәнінде, бізді әдебиет әлемінің өрісіне талаптандырып, қанат қақтырған ұстаздар Жалғас Құрманов, Жамбылдан жолдамамен келген жас жазушы Әлдихан Қалдыбаев, Тастыбай Әбдиев сынды ағалар еді. Сонан да болар,
...Ауылдың ақ пейілі болмаса егер,
Ақын боп өмір сүру қиын маған...
деп, ақын реуішті толысу шағында Толыбайдың ағынан жарыла айтатыны.
Дүниеде Ақ теңіз, Қара теңіз, Сары теңіз, Қызыл теңіз, Өлі теңіз аталатын айтулы сулар бар. Солардың ішінде ілім-ғылым сөзі бек мойындап, алғаусыз атап кеткен «Көк теңіз» еді Арал. Бұл мойындауда көк зүмәржат сол жайқын су өзінің табиғи болмысына ең лайықты түрде, солай аталу құрметіне ие болғанын тұщына аңдайсың... Ол көк аспан бояуды жерге қондырған, аса мөлдір жаратылым еді ғой...
...Капитан, көк теңізге құштар жаным,
Кемеңнің берші маған штурвалын.
Көрдің бе, ұнамай жүр өзіме де,
Теңіздің тірлігінен тыс қалғаным.
Немесе
...Достан... бауырдан,
Қашқан ауылдан,
Кешпеймін өзімді,
Не істеймін сезімді?!.
деген, Қадыр-ақын сөзімен, «ел-жерге деген сезім» толқынында туған жолдар – осынау ақын жанының квинтэссенциясы көрінеді.
Дегенмен, Толыбай арман қуалап, қиял қуа қияндарға шашырап кеткен ауыл өрендерінің біразынан ерек, өзінің туған топырағына адалдықта қала алды. Бар саналы өмірі, әуелі, кешегі теңіздің шалқу төсінде, сонан соң, пенделер қисабымен экология тозағына тасталған қайран Аралдың сор басқан жағалауында өтті. Осында бүкіл есею жылдарын, еңбек жолын өткерді. Өсті, өнді, адами бақытын тапты. Ұрынып-перініп, ой жетер оймауыттарды, аяқ жетер аймақ-байтақты шарлап, әлдебір жөн іздеп кеткен жері сирек. Сонан да алқаулы шығармашылық орталардан, алқын-жұлқын тартысты додалардан алыстау жүрген жайы бар. Аралдың толқыны өшсе де рухани толқынын түсірмей көтере білген аудандық «Толқын» газетінің соңғы 40 жыл шамасы тарихнамасында Толыбайдың журналистік қолтаңбасы, ырғаң іздері сайрап жатыр-ау.
Ол солай өзін-өзі қалыптастырды. Бірақ осыдан Толыбайдың қарым-қауқары кем тартып, талант қуаты әлжуаз-сүйек өскен деу әбес. Сонан да оның тілі, сөз саптаулары, әсіресе, ой-дүниесі, кәдімгі, қазақ иісі аңқыған ауыл табиғатының жұпарымен көңіл марқайтады. "Кеңдігіңді, елдігіңді өңге елден, өле-өлгенше мен ешкімнен кем көрмен... Тең болсын деп мына жасыл жайлаумен, кең болсын деп ұлан-асыр жер берген..." немесе "Босағаңнан бақ пен дәулет бірге енсін, тойың бүгін, ойың-қырың түрленсін. Батпан дауға қалдырмаған жақсысын, шапқан жауға алдырмаған іргемсің..." деген жолдарда сол ауыл бастауынан тепсінген қуатты рух сарыны есіп тұр.

...Әдеби танымы, өлеңдерінің шымырлығы, ұйқастарының ұстамдылығы оның поэзиясын басқалардан ерекшелендіріп тұрады.
Ақылбек Шаяхмет,
Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері

Сондай бастаулардан тепсініп, сөз өнері мен өмір жолдарында сақалыққа жеткен Толыбай, позияда сезімтал лирик және де әлеумет үнді мәселелі сөздің сарбаз мінезін таныта білді. Журналист міндеті адамды көбіне жертұғыр ойлар мен айшық-бояусыз өмір шындығын баяндау машығына келтіреді. Толыбай журналистикада табаны күректей жарты ғасыр шамасы еңбек етті. Бұл саланың өз міндетін бір адамдай атқарудай-ақ атқарды. Көмесөздің небір үлгілерін жасады. Сөйте жүргенімен, көкірегіндегі поэзияның кірпияз әлемін Семирамида бағындай биіктікте гүлдендіріп, таза талғамда, дегдар табиғатында ұқсата білді.
Қадыр ағасы өзі қатты ұнатқан Толыбайдың "Теңізден соққан жел" жинағына мынадай лебіз арнайды: «Менің бір байқағаным – "Теңізден соққан жел" түгелдей сағыныштан туған. Бір өлеңінен, бір шумағынан, керек десеңіз, бір тармағынан салқындық, сүлесоқтық сезінбейсіз. Бәрі, бәрі шынайы. Сезім, сезім, сезім. Күре тамырдай күдірейіп тұрған тынысты туындылар.
... Оқ тиген оң аяқты олжа санап,
От кешіп өттім дейсің Висладан.
...Болашақ бейбіт күннің суретін,
Зеңбірек гүрсілімен сызады көк.

...Ауылдың ақ пейілі болмаса егер,
Ақын боп өмір сүру қиын маған.
...Жұмысыма жиірек соқ телефон,
Алақаныңды тіре де иегіңе.
...Балалығым неткен мөлдір!
Кез ғой ол
Көңіліміздің кірлемеген әйнегі.
Өстіп кете береді, кете береді. Жүрегіңе жып-жылы тиетін шуақты шумақтар...»
Сол кітаптан ақын ағасы ерек атаған мына бір үш шумақты түгел оқиық:
...Тазы ертіп тарғыл сонарда,
Қыстауға түссең қонарға.
Бұралып шығар алдыңнан
Бойжеткен сұлу болар ма?!
Көзінен оты төгіліп,
Қоламта түбі шоқ үміт,
Шәй толы кесе ұсынса,
Қолыңа қолы соғылып.
Жырыңды жаттап жүректе,
Тілегіңді жүрер тілеп те.
Сары шалмен қатар отырып,
Саусағыңды салсаң сүрі етке...
...Кең-байтақ Қазақ елінің топырағын мен баспаған, мен көрмеген Арал теңізі жағалауында өмір кешіп жатқан ақынның өлеңдерін оқып, басқа бір ғажайып әлемге енгендей болдым.
Сұраған Рахметұлы,
ақын, Моңғолия, Баян-Өлгей өлкесі
Толыбай-ақынның нақ мәлімет өмірбаяны былай дейді: 1952 жылы 14 сәуірде Ескібөген елді мекенінде, балықшы жанұясында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, "Жалын", "Ана тілі", "Мерей", "Тұмар", "Қызылорда Қанағаты" баспаларынан әр жылдары "Шағала", "Теңізден соққан жел", "Арал көшіп келеді", "Арал Атлантидасы", "Махаббат дәптері", "Қыран шайыр", "Нұртуған шайыр" атты жыр жинақтары жарық көрген. Тұңғыш өлеңдері З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебінің "Балуса" қабырға газетінде, республикалық "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде басылған. Жекелеген өлеңдері орыс тіліне аударылып, "Крымский комсомолец" және қырғыз тіліне тәржімаланған "Ұлы дала үні" атты қазақ ақындарының жыр кітабында жарық көрген.
Ақынның үстел тартпасында лирикалық жырларынан бөлек балладалар топтамасы және "Қыпшақ қағанаты", "Су асты патшалығы", "Ақмешіт бекінісі", "Жұмақ пен тозақ" және басқа поэмалары бар.
1970-1975 жылдары Бөген мемлекеттік балық аулау базасының балықшысы, 1971-1973 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. 1976-1978 жылдары Қызылорда силикат зауытында жұмысшы, 1978-1985 жылдары Қармақшы аудандық газетінде, 1985-1995 жылдар аралығында Арал аудандық "Толқын" газетінде, Арал қалалық радиохабарларын тарату редакциясында, 1996-2015 жылдары аудандық газетте, 2016-2021 жылдары республикалық "Ардагер айнасы", "Әлімсақ", "Кәсіпкер келбеті" газет-журналдарында, 2004-2005 жылдары "Үмітті Арал" газетінің редакторы қызметтерін атқарды.
Мектептегі ұстаздары Жалғас Құрманов, Тастыбай Әбдиев, Байбазар Жұмахметов Толыбай өлеңдерінің алғашқы ақылшысы болса, 5 сыныпта әдебиеттен дәріс берген, кейін белгілі балалар жазушысы атанған Әлдихан Қалдыбаевтың "Көк дөңгелек" суретті кітапшасы оның тырнақалды өлеңдерінің жазылуына, әдебиетке келуіне тікелей әсер етті. Зейнолла Шүкіровтің қолдауымен жас ақын Кентау, Алматы қалаларында 1974-1977 жылдары өткен жас ақын-жазушылардың кеңестеріне қатысты. Бір топ өлеңдерінің облыстық "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") газеттерінде жариялануына мұрындық болды.
Қатардағы журналист тірлігінен әрігерек, тіпті, арынды поэзия арнасынан да шығып кететін, қалыптан «басқарақ» та Толыбай бар екенін айта кету керек. Оның «Көшім хан» атты мақаласы бізге мәлім еш жорамал қалыбына келмейтін тосын, батыл сөз дер едім. Осыдан төрт ғасырдан астам бұрын Батыс Сібірдің орман-нулы жазығын ен жайлаған сол қандас тарихи тұлға «кәпір Ермак» басқыншымен елінің бүтіндігі үшін қанды шайқастар жүргізгенін біз бір жақты тарихтан білеміз ғой. Біздің орыс мәліметтерінен қалыптасқан, сол «жақтаулы» тарихи түсінігімізді тас-талқан ететін бұл дүние тосын деректер мен жаңалықтарға толы. Ары қарай тереңдете зерттесе, көптеген қызықты жайттардан мәлімет ашары сөзсіз...
 «...Ақынға қол ұшын беру қажет. Әдебиетті түбінде осындай адамдар жасайды...» деп, Толыбайға қарата айтқан ақын аға Қадыр Мырза-Әлі сөзі мына алакүлік далада, кей замана желі құнарын сыпыра әкеткен айтақырда, тіпті, тұзы қалың сортаңда туып, үзілмес тамырын туған жердің тереңде жатқан мәйегіне жалғай алған Толыбай сынды төлтума таланттар жайын қамти айтылған сөз деп ойлаймын. Солар біздің қең байтағымыздың тіршілік тынысын, өмір жырын көтере жырлап келе жатқан қуатты ағын. Әдебиет Олимпінің биіктеріне өз үндерімен көтеріле алған да солар.
Бүгін жетпіс жасқа жасымас жігермен келіп отырған Толыбайдың әлі де айтары алда, берері көп деген сенімдемін.
Сайлаубай Жұбатырұлы,
эколог-жазушы.
"Парасат" орденінің иегері, Арал ауданы және Қызылорда облысының Құрметті азаматы. 
09 сәуір 2022 ж. 1 174 0