Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Өмірімнің өрнегі өлеңімде»

«Өмірімнің өрнегі өлеңімде»

Сырда туып, сыршыл да нәзік, жібектей көркем жырларымен оқырманның жүрегін жаулаған арқалы ақын, қарымды қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова биыл 70 жасқа толып отыр. Ақынын ардақтаған Сыр елі А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Өмірімнің өрнегі өлеңімде» атты шығармашылық кешін өткізді.
Жырсүйер қауым жиылған кешті қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов ашып, ақынға ыстық ықыласын білдіріп, ұлттық дәстүрімізге сай сый-құрмет көрсетті.

– Құрметті Қатира Сыздыққызы, сіздің жырларыңыз сан аулан тақырыпты қамтиды. Өмірі өлеңмен өрнектеліп, жүректегі қуаныш, мұңын, нәзік сезімін өлең жолдарына сыйғыза білген талантты ақын ретінде жырсүйер қауым туындыларыңызды зор ықыласпен қабылдағаны анық. Ойлы да отты жырларыңыз оқырманның жүзі нұрландырып, көңілін көкке көтереді. Ойға шуақ түсіріп, бойға қуат береді. Заманның болмыс-бітімін, адами құндылықтарды арқау етіп, тынбастан жырлап келе жатқан айтулы ақын ретінде біз үшін орныңыз ерекше. Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен қалың оқырман халқыңыздың, қала әкімдігінің атынан құттықтай отырып, шығармашылығыңызға зор табыстар тілейміз, – деді А.Есжанов.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ақынның замандасы Сайлаубай Әбішев кеш иесі Қатира Жәленоваға құттықтау лебізін білдіріп, ақын шығармаларындағы адами асқақ сезім, өрелі ой, өмірлік рухани құндылықтар тұрғысындағы толғамдары жайлы пікірін айтып, бүгінгі таңда ақын мұратының орындалғанын атап өтті. ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Серік Ыдырысов «Қатираның қаламы» деп аталатын арнау өлеңін оқып, ақын қаламынан туған қуатты жырлардың өнегелі де өміршеңдігін паш етті. Сондай-ақ, ақын Қ.Жәленованың сөзіне жазылған Е.Елгезековтың «Жылайды жапырақ» әні көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Әсіресе, «Жастар театрының» балауса қыз-жігіттері тебірене оқыған ақын өлеңдері, сахналық қойылымдары ерекше әсерлі болды.

Қалалық кітапхананың жас оқырмандары ақынның балаларға арнаған жырларын жатқа оқыса, кішкентай күйші, қаладағы «Orda scool» мектебінің балдырған оқушысы Әли Мұхамедияр күйші Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартып, елді тәнті етті.

Әдеби мазмұны бай, әсерлі кешке ақынның қаламдастары, достары, шәкірттері қатысты. Шара соңында ақын Қатира Жәленова шығармашылық кешін ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА

syrboyi.kz
07 сәуір 2021 ж. 698 0