Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірі өнеге Айқын

Өмірі өнеге Айқын

Аудандағы білім ордаларының қара шаңырағы атанған №13 орта мектеп талай шәкірт тәрбиелеп, елімізге белгілі деген азаматтардың қанатын қомдады. Бұл мектептен дүние жүзіне белгілі классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, тұңғыш Премьер-министр Ұзақбай Қараманов, экс-министр Құдайберген Саржанов, Әділет генералы Сағындық (Сәкен) Жүрсімбаевпен  қатар қаншама ғалымдар, өндіріс озаттары білім алып, мектептің мәртебесін биікке көтеріп жүргендері баршылық. Осы мектептің түлегі Хадиша Орынбасарова да бірнеше жылдар бойы мектептің оқу-тәрбие жұмысын абыроймен басқарып келе жатқанын атап өткен жөн болар деймін.
Ширек ғасырдан астам ұстаздық жолымызда бірге біте қайнасып, шәкірттерімізге саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында бір мақсат, бір мүдде үшін бір терінің пұшпағын бірге илегендей еңбек еткен ардақты ұстаздарымыз аз болған жоқ. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол секілді сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және азаматтық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелейді деп айтып жүрміз. Міне, осындай саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнаған «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің және «Еңбек ардагері» медалінің иегері, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі, келіндерінің тәлімгері, алтын құрсақты ана, ұстаз Айқын Шүкірова туралы айтпақпын.
Айқын 1946 жылы 23 қазанда Арал қаласында дүниеге келген. Анасы Қалдыбикенің аналық тәлім-тәрбиесін көріп, өнегелі өмір баспалдағынан өткен Айқын бала тәрбиесіне деген құштарлығы артып бой жетті. «Кішкене кілт үлкен сарайға жол ашады, үлкен іс көбіне жай істерден бастау алады, кіп-кішкене ұшқыннан үп-үлкен өрт шығады» деп Алаш арыстарының бірі  Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Айқын 1966 жылы қатардағы балабақша тәрбиесінен басталған еңбек жолы мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары қызметіне дейін жалғасты. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып шықты. Балабақшада тәрбиеші бола жүріп, 1967 жылы  Қызылорда педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетінде оқып, 1973 жылы бітірді.
1970 жылы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып орналасты. Жас маман көп ізденудің арқасында үздік мұғалімдер қатарына қосылып та үлгерді. Сол кезде В.Земскова, Ү.Нысанова сынды орыс тілі пәні мамандығының майталмандары тәжірибесінен үйрене білді. Ізденімпаз ұстазға сенім артылып, мектеп директорының бастауыш сыныптары жөніндегі орынбасары  қызметіне көтерілді.
«Білім іргетасы бастауышта қаланады» деген қағиданы басшылыққа алған ол бастауыш мұғалімдерінің іс-тәжірибесіне көп көңіл бөлді. Сабаққа қатысу, бір-бірінен тәжірибе жинақтау, сонымен қатар аудан, облыс, республика аймақтарында болып жатқан озық тәжірибелерді қалт жібермей, сабаққа пайданалуды да естен шығарған жоқ. Кабинеттік оқу жүйесі кезінде де бастауыш кабинеттерді жабдықтау жөнінде де көп еңбек сіңірді. Соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларының сабақ үлгерімі айтарлықтай жоғары деңгейде болғанын білгесін айтып отырмын. Оқу, тәрбие жұмысындағы көрсеткіші жоғары бағаланды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің  үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. Ал мектеп әкімшілігі, аудан, облыс көлеміндегі білім беру және басқа сала басшыларынан алған марапат, мақтаулар өз алдына бір төбе.
Айқын Сәрсенқұл келінінің ана ретінде де, ұстаз ретінде де жібектей есілген мінезі, үй ішіне, айналасына, ұжымына жұғымды болуымен қатар қайырымды, кішіпейілдігіменен үлкенді құрмет тұтатын, кішіге ізеттілікті бойына сіңіре білгеніне тәнті болатынбыз. Адалдықтың бұлағын лайламаған, кісі бетіне жел болып тимейтін қарапайымдылығы, өз мамандығының білгірі,  талай шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, ұстаздық пен аналық қасиеттеріне бай, ұстаздардың ұстазы атанған Айқынды жақсы білгендіктен айта аламыз. Әрине жұмыс барысында өзі басшылық ететін мұғалімдер арасында кемшіліктер болып жататыны да рас. Осындай кемшіліктерді байқаған кезде кейістік білдіргенде де «Ой, бар болғыр» дейтін. Былапыт, ретсіз сөздерге жаны қас, ақжарқын мінезі әр уақытта байқалып тұратын. Айқын жар таңдаудан да маңдайлы болды. 1964 жылы ел ағасы атанған Ахмет Сәрсенқұлұлымен бас қосты. Көрнекті жазушы Ғ.Мүсірепов: «Қазақ әйелін «жан жарым» дейді. Бұл үлкен сөз. Жаны мен жаны үндес, ойы мен арманы үндес, егіз адамбыз дегені ғой» деген екен. Сондай үйлесімде бас қосқан жандар туыс-туған мен жекжаттарды жақындастырып, қазаны оттан түспеген, қонақтан босағасы босамаған құтты шаңырақ құра білді.
«Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір, бақты да, қайғыны да көтере біл» демекші, қабырға қайыстырар қайғы Айқынның басында да болды. Отбасының қамқоршысы, басшысы, ел азаматы атанған адал жары Ахмет қайтыс болғанда және бауыр еті баласы Мұраты дүниеден өткенде де Аллаға шүкіршілік етті. Ауыр қайғыны көтере білді. Артының қайырын тіледі. Осындай қиын кезде қайғыны, қуанышты да бөлісе білетін ұжымның болғаны қандай жақсы.
Негізі дәстүрлі қазақ отбасыларында «Әке – бел, әке – айбын, әке – қорған» болса, ана – берекет, ана – мейірім, ана – жылылық» дегендей, Ахмет пен Айқыннан тараған ұрпақ осы екі қайнардан қанып ішкен, мейірге шөлдемей өскен, айбынды қорғанға сүйенген ұл-қыздары тәуелсіз еліміздің тұғырын биік ұстайтын ұлтжанды, ата дәстүрін берік ұстаған азаматтар екеніне куәгерміз.
«Бейнет пен зейнет бірге қартаяды» демекші, 1997 жылы абыройлы ісімен зейнетке шықты. Зейнетке шыққаннан кейін 30 күн оразасын тұтып, 5 уақыт намазын қаза қалдырмайтын имандылық жолын да ала жүрген 15 немере, 6 шөберенің сүйікті әжесі болып отыр.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
Арал қаласы
16 сәуір 2022 ж. 943 0