Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Дәстүр деген сөздің ұғымы қарым-қатынаста қалыптасқан тәртіп, салт дегенді білдіреді екен. Ал салт-дәстүр дегеніміз – әр ұлттың, халықтың  діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар жиынтығы.
Қазақ  халқымен бірге жасап, сонау ықылым заманнан бері қанға сіңіп кеткен салт-дәстүрлер көп-ақ. Шілдехана, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, үйлену тойлары, о дүниеге аттанған адамды шығару – барлығының белгілі бір нормалары бар.
Заман өзгереді, уақыт жылжиды, ұрпақ ауысады, бұлармен бірге кей дәстүрлер ығыстырылып, жаңа түсінік, өзгеше пайымға байланысты әдет-ғұрыптар келіп жатады. Сол келіп жатқандары ата-бабаларымыз қалыптастырғандармен қабысып жатыр ма, оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы қандай? Келер ғасырға қадам басқан ұлт өзіндік ерекшелігін сақтай ала ма? Бүгінгі күннің өзекті мәселелері осылар.
Кешегі Кеңес заманын жамандай беруден аулақпыз. Ғылым, мәдениет, әдебиет дамыды, ұлтымызды дүние жүзіне танытқан тұлғалар шықты. Салт-дәстүрімізде қалыптасқан кей ұғымдарды ол кез түкке тұрғысыз етті. Мәселен, қалың мал, әмеңгерлік секілді әдет-ғұрыптарды ескілік сарқыншағы ретінде айыптады. Бұл дәстүрлердің маңыздылығын енді түсінгендейміз. Шын мәнінде қалың мал, қызға төсек-орын жабдықтауға отау көтерген жастардың қалыптасып кетуі үшін жасалған қамқорлық  болса, әмеңгерлік дүниеден өткен туысқанның балалары жат болмасын, өз бауырлары арасында өссін, әрі жесір қалған әйелді қамқорлыққа алуды мақсат еткеннен туған дәстүрлер екен. Дана бабаларымыз тұрмыс қажеттілігін көрегендікпен болжай біліпті.
Бүгінгі күні салт-дәстүрлеріміздің сақталуы қандай? Ұлтымыздың дәстүр сабақтастығы сақталып жатыр ма? Күнделікті өмірімізде балалы болып, оларды аяқтандырып, мерейтойларды атап өтіп, о дүниелік болғандарды ақтық сапарға аттандырып жатамыз. Осылардың әрқайсысының өзіндік жоралғылары бар, солар ата-баба дәстүрлерімен қабысып жатса ғой дейміз.
Қазіргі қазақтың дастарқаны қайысып-ақ тұрады. Мұнда құстың сүтінен басқаның бәрі табылады. Осынымыз кейде бірімізден біріміз қалмауымыз керек, анадан да асырып жасай аламын деген дарақылыққа, атаққұмарлыққа, даңғойлыққа ұласып жатқандай емес пе? Өткен жолы уатсап желісінен Түркия президентінің ауызашар дастарқанын көрсетті. Төрт-бес адам жайғасқан стол үстіне тек қана керекті тағамдар қойылған. Біздің столымызда ине шанышар орын жоқ. Жаратушы Ие жөн көрмейтін ысырап дегеніміз осы ғой.
Бүгінгі өмірімізден мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жақын ағайынымыз дүниеден озды. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік еткен адам еді, садақасына екі қара сойылды. Балалары базардан су жаңа киім, бума-бума маталар, кілемдер тасып әлек болды. «Бұларың не?» дегенімізге, «Ертеңгі иісте осылар келгендерге таратылуы керек» дегенді естідік. Бақиға аттанған адамнан иіске киімдері, ұстаған дүниелері таратылатыны бар. Жап-жаңа киімдердің, кілемдердің таратылуы қайдан шыққан? Жанашырлар азаға келіп, ағайынға қамқорлық  танытса, марқұмның үй ішіне жәрдемдескені болар. Әкелген көмегінің жартысын қайта алып кетуге келмеген шығар. Біздердегі  бір түсінік «пәленше әкесін солай жөнелтті, мен содан қаламын ба?» дегенге саяды.
Оңтүстік облыстарда жаназаға барғандарды мәйіт шығатын үйде емес, көршілерінде жайлайды екен. Азаға әкелгендерге «тойыңызда қайтсын» десіп алады. Онда көкпен таласқан биік бейіттерді де көрмедік. Зират басына белгітас қойылып, қоршалады екен. Осыны біздің де өмірімізге ендіруге болады. Соған пайым-парасатымыз жетпей жатыр. Бұл арада дін өкілдерінің, имамдардың уағыз-насихаты керек-ақ. Солар адам санасына жететіндей түсіндіре білсе, бірі болмаса, бірі ойланар еді.
Республикамыздың батыс аймақтарында моланы әшекейлеп, күмбездеп салу етек алған, әзірге қалмайтын да шығар. Өткен жолы қорым ортасында зәулім сарайдай етіп салдырған бейітті көріп, таңданғаным бар. Ауқатты адамның зираты екен. Төбесі көк тіреп, табаны бірнеше шаршы метрді алып жатыр. Алдына келгендер отыратын жай жасаған. Тіпті мұның басына кезінде күзет қойылған деседі. Марқұмның мәңгілік үйін тірілер кімнен күзетеді? Осындай биік ғимараттың қандай пайдасы бар? Бұл үшін бірден жұмаққа бара ма? Әй, қайдам-ау?! Онда таразы басына мал дүние, байлығың емес, иманың мен тірілігіңде жасаған жақсы амалдарың есепке алынбас па? Ал ендеше баршамыздың бейіттерді әшекейлеп, әдемілеп салып тыраштанатынымыз кімге пайда, кімге зиян? Марқұмға тырнақтай пайдасы болмаса, несіне шабылып жүрміз.   
Бірде алыс ауылда баласы суға кетіп қайтыс болған үйге имам барыпты. Қазалы үй дастарқанын әр түрлі дәмге толтырып қойған. Сонда имам: «Сіздер балаңыздың тойына дастарқан жасап жатырсыздар ма?» деген екен. Шынымен бүгінгі күні той дастарқаны мен садақа дастарқанының айырмасы болмай қалды. Екеуінде де ас та төк молшылық, желініп жатқаны шамалы, көбіне малға беріледі, қоқысқа төгіледі.
Қазір үлкен болсын, кіші болсын туған күнді атап өту қалыптасқан жай. Сол салтанатта туған күн иесі көбіне тәттіге шаншылған шырақтты үрлеп сөндіріп жатады. Өткен жолы әлеуметтік желіде осының дұрыс еместігі біраз талқыланды. Шырақты өшіру жақсы ырым емес. Үлкендер «көкті жұлма, шырақты өшірме!» деуші еді ғой.  Осыдан кейін мұны қаперге алсақ қой. Әй, қайдам-ау?! Қалыптасқан жағдай әлі де қайталана беретін шығар. 
Тәуелсіздік алғалы бері халқымыз асыл дініне бет бұрды. Жастардың мешіттерге барып, намазға ұйып, қолдарына Құран ұстағандары қуантады. Олар орекеңдердің  арам асына жоламаса екен деп тілейміз. Әйткенмен ақаңсыз той жақсы өтпейді дейтіндер арамызда бар. Солар той дастарқанына қоймаса да, басқа бөлмеге жабдықтарын дайындап қояды. Орекеңдердің  біздер үшін арам асын емес, қазақтың ағарғанын, қымыз, шұбатын қоюға мүмкіндік бар-ау, соны көбіміз құнттамаймыз. Жын суынан ішіп алып, кәрі-жасымыз құтырған музыкаға қисаңдап билегенге мәзбіз. Оның есесіне жастарға өнегелі әңгіме айтылып, тәрбиелік мәні бар шаралар көрсетілсе нұр үстіне нұр емес пе? Бұл арада той иесі мен асабаға көп нәрсе байланысты. Өткен жолғы үйлену тойында «Жар-жар» айтылмай, ағылшынша ешкім түсінбейтін саз ойналып діңкемізді құртқаны бар. «Неге жар-жар айтылмады?» деп сұрағанымызда, тамада: «Қазіргі тойларда осылай болады» деп қарап тұр. Сонда «Жар-жарда» айтылатын тілектердің ағылшынша айтылған өлеңнен төмен болғаны ма? Ойланатын жайт.
Ойымыздағы түйткілді кей жайларды ортаға салдық. Дегенмен, әркімнің өз ойы, өз пайымы болады. «Неге солай істедіңіз?» деп айтуға тағы болмайды. Бұл жайында газет оқырмандарының  айтары қандай екен?

Өтебай СЕРӘЛІ
28 мамыр 2022 ж. 5 644 0