Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жырлары жүрек тербеген

Жырлары жүрек тербеген

Аида Мырзабекова 1995 жылы Ақшатау ауылында дүниеге келді. №21 Қамбаш орта мектебінің түлегі. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» бөлімін бітірген. Қазір №67 Қосжар орта мектебінде ұстаздық қызметте.

Ғани рухына
Жатырын жыртып аспанның,
Кіндігін Тәңірге кестірген.
Таңдайына Хауа ананың сүтін татырып,
Мамырдың таңын атырып,
Сәуірдің күнін батырып,
Көктен түскен Алланың құлын оятып,
Ғайып ерен, қырық шілтенге естірген.
Топырағыңа Қыдыр шал қонған, Қазалы,
Атырабыңда ат жалын тартты ертерек.
Тағдыр тәлидің тәлкісін немен теңемек,
Кебінді емес киюге тиіс кебенек,
Ботадай боздап бозінген жасын тежемек.
Жесір зарыңды, жетім мұңыңды кештірген,
Бозторғайымның қанатын қойды келтелеп.
Сәуір қасірет, сәждеге мойны бұрылмас,
Өлім тұншықты, ғақылы адасып қасқағым.
Зүрият еді зәрәзап қылды күйменем,
Қарашығымда қара өлең тірілген күйге енем,
Сен Ғани едің, ханға да басын имеген.
Мәскеу бақытты қорымына Қызыр түнеген.
Жұртынан төмен Кәрі таулардан асқағым.
Бөрілердің жүрегін жұтқан баласың,
Қаршадайыңнан қара халқыңмен қарайдың.
Шыбын жаның да кезіп те кетті қаумалап,
Қас қарайғанда қызыл іңірді сауғалап,
Жұмақта жүрдің арасында баума –бақ.
Рух тіріліп тілдесуіңде мүмкін ғой,
Ұялап жүр ғой кірпігіне ол талайдың.
Аспаныңда дүркіреп жатыр дүр атың,
Күркіреп тұрған күннен де сәуле көрінді.
Алашым деп ай қадаған ұл едің,
Тал бесіктен жер бесікке түледің,
Жұмақта бәлкім, ой-санамда түнедің.
Өлеңмен қайта өмір сыйлаған өзіңе,
Өліммен қайта өгейсіттің-ау төріңді
Ғасыр келбеті Ғанисыз жетім қалғандай,
Құтысындағы тапталған арға күйемін.
Адамдықтың исін шығар, өтінен,
Қазалының сипап тұрып бетінен,
Ақидаңмен келіп-кетші өтінем.
Сүйегіме батып жатыр қайтейін,
Туған жерге жетпегесін сүйегің.
Жаңа Қазақстан
Қара сөзден, Абайдан кім аса алған,
Қара таста қанмен жазу қашалған.
Қара басқа қайғы әкелген қасірет,
Қаңтар жатыр қара түнде бас алған.
Тыныштығын күзетіп тұр ғаламның,
Құбылаға қарай алмай құбылады адам мың.
Ібіліс пен сайтанның да саясатын жасырып,
Көрде жатқан көзін аштың бабамның.
Сенің нала жастарыңнан қорықтым,
Жон арқама байлап алған жорық тым.
Еңку-еңку жер шарлады жерұйық,
Жаңа қазақ, жаңа әлемге жолықтым.
Қылышына қан тамдырды қас батыр,
Найзасына тізілген дию баста тұр.
Садағына сан мың жоңғар түйрелген,
Күлтегіндей тас қашалған таспа тұр.
Азаттықтың құрық түскен қылбұрауы шешілген,
Елдікті айтқан жоба көрдім тұсаулары кесілген.
Тілді жұмсап тіліп түскен ез басын,
Ерлікті айтып күңіренген есілден.
Шаһарлар мен дәуірлердің тасы өрге домалар,
Әзәзілді тұсауладық, салып тастап обалар.
Жатырына жаңару мен жаңғыртуды жатқызған,
Өмір сүрді зәулім, заңғар жобалар.
Көктен түсіп Жаратушым, көпке таққан тұмардай,
Алас-алас, ұлы даламды ұшықтаттым ұлардай.
Бодандыққа Жаратқанның тамшы суын зәру ет,
Бостандығым зәмзәмінен қанып ішкен тұмардай.
Тағдырлы Ақшатау
Даңғайыр дарын Жарасхан,
Туып та өскен Ақшатау.
Ерғали ақын жазғандай,
Жеті киелі жақсы атау.
Арыстан ұлдың белгісі,
Сартай түнеген абадан.
Топырағына ту тіккен,
Жақайымдайын бабадан.
Алпамсадай алпауыт,
Әруақтармен тілдескен.
Қасиетті қан тамған,
Бабалар кетпес күнде естен.
Кіндігі жерге байланып,
Көк тәңіріне айналып.
Жанары жасқа малынған,
Құшағына қайғы алып.
Жеті қат жердің астында,
Тылсым демімен үндескен.
Ақынның зарын жеткізер,
Бейітінде тұр гүлдестем.
Алғадай сөздің киесі,
Бәдәуи жырға құмартқам.
Тарихы тағдырлы болса да,
Ақшатау, сенсің мұң артқан.
Арқалы жерден шыққан соң,
Киесі қонған бабалар.
Шындықты айтқан біздерді,
Жан болмас, сірә, табалар.
Жырменен ғана Ақшатау,
Өзіңді солай жұбатам.
Бабаларыма мұң шағып,
Атып та кетті-ау құба таң.
*******
Ашымайды-ау маған да сіра жаның,
Айыптадың, тағы да кінәладың.
Сенсіз де өгейсінер біреулердің,
Алдында хақ белгілі сынарым.

Кінәмды тізбектеуің бекер еді,
Мінімді байқамасаң не етер еді?
Салқындық, суықтық пен алшақтаулар,
Осындай әлсіз ойға жетеледі.

Ақ қардай тап-таза еді арым да шын,
Белгілі әркімге бір жалынбасым.
Тағдырдың тәлкегіне түскенімде,
Мені ойлап сендік жүрек дамылдасын.

Парыз қып тірлігімді өтегесін,
Бір әулеттің көгертем көсегесін.
Өмірімді біржола өзгертетін,
Құрсақтағы періштем өсе берсін.

Кірлетіп алмайын деп ар атымды,
Тұсаулап қақтым қорқып қанатымды.
Тұрмыстың тұтқасында ерте ұстатар,
Әйел қып жаратты Алла бір ақынды...

Аида МЫРЗАБЕКОВА,
Арал ауданы
14 маусым 2022 ж. 1 149 0