Үміт үзілмесін...
Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры. Мұндай бақытқа жетуде көптеген жас жанұяның шыдамы түгесіліп, сабыры таусылады. Жылыстап жылдар өткеннен соң, жолдың айырылар тұсына келетін кездер болады. Мұндайда екеуі екі жолға кетіп жататын жұптар жоқ емес. Қол ұстасып, бірге жүргені болмаса, болашақтың еншісіндегі бақыттан күдер үзіп, күн жұбатып жүргендері қаншама?! Алла мұндай сынақтан сақтасын.
Кейде бұл өмірді сынақ деп жатамыз. Расында солай екен. Алғашында болмашы бір сәтсіздіктер деп пайымдаған проблемамыз үлкен сынаққа айналып, өмірлік мақсаттарға кедергісін келтіріп жатады. Әрине үлкен өмірге қосағыңмен қадам басып, қаншама арман-мақсаттардан үміт еткенде, жоқ жерден сағың сынып, сынаққа ұшыраған қандай қиын еді?! Мұндай сәттерде адам боласына жұбаныш болар перзенттің болғаны қандай жақсы. Дана қазақ «бала келді, бақыт келді» деп сол үшін айтты емес пе?! Аллаға шүкір, біз бұл сынақтан да өттік. Өз қаным, өз жаным төрімде жатыр аунап. Бірақ сол перзентке зар еткен жылдар менің өмірімдегі ең ауыр сынақтардың бірі ме деп пайымдадым.
Алла баланы біреуге төсекпен берсе, біреуге есеппен береді, дейді ғой. Расында солай шығар. Мен осыдан 7 жыл бұрын отау құрдым. Ақ некедегі адал жарым келіндік қызметін атқарған соң қызмет бабымен осында жүрген менің жаныма келді. Алғашында үйсіз-күйсіз жалдамалы баспана жағалап жүрдік. Кейін есептесем, осы Аралда 10 шақты үйді жалдап тұрыппын. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, иесі бар үйде емін-еркін тұра алмадық. Қыста бүрсең қағып, баланы бағуды былай қойғанда, өз басымызды асырау әлекке айналды. Қысқасы, бізге 2019 жылға дейін бала бақыты бұйырмады. Бардың басында, жоқтың қасында жүрген көшпелі шаңырақтың күйі қайдан болсын?! Сыртқы ортаның сандырақ пікіріне иланып, сыйластыққа сызат түсті. Сыныққа сылтау іздеп, ібіліспен дос болған дәурендердің болғанын жасырмаймын. Халқымыз «Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» дейді емес пе?! Мұндай сәттерде өзгеден жұбаныш іздеп, жастықпен сырласқан жарымды аяйды екенмін. Бізді баласыз сынайтындай Жаратқанға не жаздық, кісі баласына қандай қиянатымыз өтті екен деп ойланатын сәттердің соңы бізді ұшар құздың басынан төмен құлдилатқандай болатын. Қысқасы, біз көтерген шаңырақта баланың даусы естілгенше құт құтаймаған шығар.
2017 жылы әлдебір ағайындардың ақылымен емшіге қаралдық. Оған дейін де әркімнің айтуымен ішпеген дәрі, татпаған дәм қалмады. Бірінші барғанда жолыға алмай кері қайттық. Келесі жолы барғанда сәті түсіп сырластық. Кезек-кезек ішкі мұңымызды айтып, бала дейтін бақытқа жетудің жолын бірге сұрадық. Содан бірер жылдай бұрын үйдің құрылысын бастағанмын. Қаржының жетіспеушілігіне байланысты құрылыс тұралады. Өйткені тапқанымыз өзіміздің емімізге, жүріп-тұруымызға кетіп жатқан-ды. Әлгі емші апа сол дидарласқан сәтте әлдебір құдіреттің ықпалы болуы керек, менің үй бастағанымды, тіпті шығармашылық ортада жұмыс жасайтынымды айтып, өткеннен ой таразылап, келешекке кесім ой атты. «Мүмкіндік болса осы жылдан қалмай көтеріп жатқан баспанаға кіруге тырыс, меніңше сонда барып бәрі реттелетін болар», деді. Алғашында емшінің мұндай пікіріне аса мән бермедім. Қысқасы, сол жылы үйді бітірудің реті келмеді.
Келер 2018 жылы қайта қам жасадық. Сол емшіге қайта қаралып, кеңесіне құлақ түрдік. «Сендерде бала да, басқа да болады, тек сәл сабыр етіп, болмашы кедергілерден өту керек. Үй болудың қамын жасау керек» деген пікірін тағы естідім. Ойлана келе сол жылы үйді бітіріп, екі бөлмесіне болса да кіру керек деген байламға келдім. Жақындарымның қолдауымен үйдің төбесін жауып, ішкі екі бөлмесін тұруға болатын етіп дайындадық. Нақ 2018 жылы өзімнің шаңырағыма қоныс аудардым. Алланың құдіреті, емшінің шерепеті болар, сол жылдың соңына қарай өмірлік серігімнің жүкті екенін естідім. Сол сәттегі толқынысты, мендегі қуанышты жан баласы ұқпас. Бақытқа деген қадам бізді осылайша таңырқатып, ұстасқан қолымызды мығым ете түсті. Сол сәттен бастап біздің арамыздағы түсініспеушілік атаулының барлығы артта қалды. Ескі күндердің естелігін ойламауға тырыстық.
2019 жылы жұбайым жүктіліктің 6 айына келгенде күтпеген жерден сынаққа тап болдық. Алладан келген сол сынақты да қабылдадық. Жаман айтпай жақсы жоқ. Ана мен балаға қауіп төнді. Аудан дәрігерлері мұндай кедергінің күшін жоюға қауқарсыз болды ма, әлде өздеріне сенбеді ме, облыс орталығына жіберді. Іштегі шарананың мерзімі 6 айдан асып, 7 айға иек артқан кезде жоспарлы ота өтті. Әзірше сәттілік болып, баланың да, ананың да өмірін сақтап қалу миссиясы облыс дәрігерлерінің қолынан келді.
Баланың болашағы бұлыңғыр еді. Бойымдағы «әке болдым» деген үміт әлі де сенімсіздеу еді. Баланың ертеңгі өмірі қандай болады деген ой маған түнімен дамыл бермейтін. Алладан сұрап, адамнан тілеген ақ қанатты періштем арада ай өткенде көрмеген жарық дүниенің пердесін қайта жапты. Мен үшін сынақ қайта басталды. Баласын жоғалтқан ананың елең-алаң көңілі, үзілген үміттің салқыны менің ішкі дүниемнің астаң-кестеңін шығарған еді. Рамазан айындағы ауыр сынағым ақыры сәтсіз аяқталды. Амалдап жүріп баласын іздеп боталаған жарымды ішкі арпалыстардың терең батпағынан алып шықтым. Сырт көзге жеңіл көрінгенмен, шерменде қатқан шерлі мұң бізді біршама уақыт бұғауда ұстағандай. Сәт сайын бұл сынақтың да салқыны басылғандай. Әлде соған үйреніп қалдық па екен. Әйтеуір тіршілік қамымен күн кешіп жаттық.
Бізді қысымға алған ауыр сынақ артта қалып, арада бір жыл өтті. Жұмыстан келген сәтте жұбайым тосын сый жасапты. Қарапайым ғана. Ештеңе күтпедім. Алайда сол бір сәттен бастап менің өмірім күрт өзгерерін ол да, мен де білмеген едік. Қорапшаны ашсам, ырым етіп алып қойған баланың аяқ киімі мен жүктілікті анықтайтын тест таяқшасы тұр. Қуаныштан жүрегім соғып, алақайлағаным әлі есімде. Сол сәттен бастап өткеннен сабақ алып, анаға қажетті жағдайдың барлығын жасауға тырыстық. Жүктілік мерзімі сәтті өтіп, 2020 жылдың желтоқсанында «ізбасарым», «мұрагерім» жарық дүние есігін ашты. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Оның күлгені, жылағаны, бүлдіргені мен күлдіргені шексіз бақыт, айтып тауыса алмайтын қуаныш! Қазір сол құлыншақ үшін күн кешіп, сол үшін сарсаңға түскендейміз. Тіршіліктің қат-қабат қиындықтарына қарамастан үйіңде бақыт, шаттық күтіп отырғанын сезгенде барлығын ұмытуға болады. Тіпті мына дүниені де тәрк етуге болатындай. Өйткені бала – бақыт, бала – шаттық...
Мұндай сынақтың шырмауында жүрген жанұялар әлі де бар. Алла оларға сабыр, таусылмас төзім, күш-қуат берсін дейміз. Қазір елімізде жүктіліктің жасанды тәсілдері кеңінен қолға алынып, әрбір жанұяға ата-аналық бақыт сыйлайтын орталықтар бар. Оның көмегімен сәбилі болып жатқандар да жоқ емес. Бастысы, Алла сынағына шыдаған пендесін құр қалдырмайды. Ниеттің түзулігі мен дұғаның қабылдығы қандай қиындықтан болсын құтқарады. Бізді бақытты өмірге жетелеген сол сенім, сол үміт. Бастысы, үміт үзілмесін...
А. БИСЕНОВ