Қазақстаным – Ғажапстаным
Ауық-ауық басымды,
Таң қаламын шайқап мен.
Сипайды атам шашымды,
– Отаным бұл байтақ, кең.
Атам менің қарт адам,
Дейді нұсқап картадан.
Алдан түрлі бояуды,
– Елің, – деп – бұл аяулы.
Таулан мұртын сәл ғана,
– Атласқа ал, қара!
Сұқ саусағын шошайтып,
– Тұрғам жоқ, – деп – бес айтып.
– Әйбат шаһар картада,
Астанаң бұл,
Ұлықта.
Сайып Сарыарқада,
Тұрантыным ұмытпа.
Болашаққа көшіңді,
Бастайтұғын болады.
Бойлап жатқан Есілді,
Біледі әлем қаланы.
Аты шыққан еңбекпен,
Кім білмес бұл өңірді.
«Қара алтынын» селдеткен,
Қарағанды көмірлі.
– Қонысы ата жұртымның,
Деп атам құр айтпайды.
– Ұясы, – деп – ұлтымның,
Ұлытауды мақтайды.
Әжеме ұқсап сөзуар,
Атам тыным таппайды.
Қадап жарға көзін ал,
Көкшетауға тоқтайды.
Сиғызбайды жер-көкке,
«Сексен көлін» көкшесін.
Созып мойынын сол бетке,
Көтереді өкшесін.
– Кенде емеспіз теңізден,
Дәмді балық жегізген.
Каспийім бар бармақтай,
Аралым бар жармақтай.
Нұсқап маған картаны,
Саусағын сәл батырды.
– Қызылжардың алқабы,
Туған Мағжан ақынды.
Тоқтамайды сөзге бір,
Сәл демалған кезде бұл.
– Аңыз қылған о баста,
Ауызынан ел тастамай,
Аты мәлім Алашқа,
Астығымен Қостанай.
Атам бәрін көреді,
Сөзден маржан тереді.
Желмаясын желдіртіп,
Жетісуға келеді.
– Талдан қамал – қорғаны,
Талдықорған орманы.
Жеті өзенді қлкені,
Дейді атам: – ертегі.
– Әсем қалам, жәннат қалам,
Алаш атын ардақтаған.
Маң-маң көшкен ақша бұлттар,
Алатаудың шалмасы ма?!
Кім қызықпас Алматының,
Қызыл күрең алмасына.
– Жүрегіне ел ең жақын,
Болған алып, айбатты ер.
Қапшағайдың берді атын,
Қонаевқа қайраткер.
– Ертісті емген шаһары,
Жаяу Мұса, Мәщһүрдің,
Жаңарған бұл отаны,
Керекудің атағы.
Елге мәлім түп-түгел,
Баянауыл құтты жер.
– Ақ бидай даласы,
Ақ Жайық ағады.
Тарихи қаласы,
Қазақтың Оралы.
– Шаһары бар шырайлы,
Өлкесі бар мұнайлы.
Атырау деп біл мұны,
Аймақ осы үлгілі.
– Келбетінде қаламның,
Тұнып тұр құт, бақ деген.
Ажарындай даламның,
Батыстағы Ақтөбем.
Қарт Каспийдің жағасы,
Кенішке бай даласы,
Бекет Ата данасы,
Асқақтайды көрікті,
Ақтау-Сити қаласы.
Атам жоқ жер бармаған,
Сөзін былай жалғаған:
– Қара өлеңнің қайнары,
Күншығыс бұл жайдары.
Ертісті емген Семейім,
Атанды Абай аймағы.
– Кенді Алтайдың ырысы –
Титаны мен мырышы.
Орталығы Өскемен,
Біздің елдің шығысы.
Сөзін тыңдап мен ұйып,
Бойыма зор күш бітті.
Ең соңында Жерұйық,
Таныстырды түстікті.
– Фосфорға бай алуан бел,
Таразға мен құмармын.
Кіндік қаны тамған жер,
Бауыржанның, Тұрардың.
– Оңтүстік отаны,
Аймақтай шаһары.
Әлемге әйгілі,
Түркістан атағы.
– Көрікті, шырайлы,
Шымқала ұнайды.
Шәмшісі, Саттары,
Қазақтың мақтаны.
– Қорқыт ата мекені,
Жайқалған Сыр күріші.
Қарт Қаратау етегі,
Егеменді ел ырысы.
– Жалпақ елге жетеді,
Жаңа піскен егіні.
Татулықтың мекені,
Қазақстан ең ұлы.
Кеңбайтақ ел,
Жалықпан,
Алдымда тұр картасы.
– Елдігімді танытқан,
Азаттықтың арқасы.
– Өспейді гүл бос жерге,
Ойыңа тұт ей, ботам.
Құрметтей біл өскенде,
Отаныңды, – дейді атам.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері.