Түркі әлеміне ортақ тұлға

"Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес біркүнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін" –деп, біздегі бүгіншіл қауымға ертеңгі ескірмейтін дүние қалдырған ұлт ұстазының ұлтқа жасаған еңбегін, өлмес өсиетін өскелең ұрпаққа тек торқалы тойында ғана емес, өмір бойы айтып, дәріптеу – парызымыз. Түркі әлеміне ортақ тұлғаның өмір өнегесін үлгі тұтып, ел болашағына, тіл болашағына әсте Ахмет көзімен қарап, Ахмет ізімен баратын болсақ, сол Алаш көсемдері мақсат еткен тәуелсіз елдің моделін жасап, Жаңа Қазақстанның жарқын келбетін қалыптастырған болар едік.
"Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын",– деген еді Мұхтар Әуезов. Ұлы жазушының деңгейінде айта алмаспыз, дегенмен Ахмет салған сара жолды өлең өрнектеріне сыйғызып, тіл маманы ретінде аз-кем қалам тербеп көруді мен де жөн санадым.
Алаштың ардақтысы
Маса болып елді шақты, ызыңдады,
Деді ол:
«Қалың қазақ оянсын , тұрсын бәрі!
Еңбек етсін, енжарлық танытпасын,
Білім алсын ұлың да, қызыңдағы».
Ел-жұртының тағдырына алаңдады,
Деді ол:
«Елім болсын «ең мықты» ғаламдағы!
Алашым азат таңын атырмаса,
Жүрегімде жазылмас жарамдағы».
Үлгі етті Абай, Шоқан, Ыбырайды,
Деді ол:
«Үлгі алмасаң, бірлігің ыдырайды.
Тіліңді сақта, тіліңді шұбарлама,
Қазақ тілі – сөзге бай ең шұрайлы».
Әкелді әліпбиін, әдебиетін,
Көтерді көкке биік мәдениетін,
Халыққа рухани азық болған,
Шығарды «Қазақ» атты төл газетін.
Ел баласын оқытып, еңбек қылды,
Партия құрып, патшаны жеңбек болды.
Ұлт баласын ұлт жауына айналдырған,
Сталиндік соқыр қоғам жендет болды.
Алаш елі ұмытпайды арысын,
Байтұрсынның арда туған барысын.
Мынау ұрпақ есіміңді ұлықтап,
Алғыс айтып, бас иеді бәрі үшін!
Ақниет Киікбайқызы,
№13 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
№13 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі