Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Іскер басшының ізгілікті істері

Іскер басшының ізгілікті істері

№82 Қаратерең орта мектебі – Арал ауданындағы шалғай орналасқан білім ұяларының бірі. Арал теңізі мен Сыр өзенін тел емген бұл ауыл адамдарының басты кәсібі – балық аулау, балық өнімдерін өңдеу, оны сыртқа жөнелту болып табылады әлі күнге. Бұрын да, қазір де өздерінің білім шамаларын білетін мектеп бітірген шәкірттер тура ата кәсіптің туын қолға бекем ұстайды. Ұлы еңбекті еншілеген ондай жастар ауылда ондап саналады.
Алайда бұған қарап Кешубай Маханов басқарған №82 орта мектепте ауыл балаларына білім беру деңгейі орташа деген ой тумауға тиіс. Жыл сайынғы ҰБТ-да түлектері ұятқа қалдырмай келеді. Бұған бір мысал, түлектердің елуден астамы еліміздің алыс-жақын шетелдердің жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік грант арқылы білім алады. Мектеп оқушылары әрбір оқу жылын жүз пайыз үлгеріммен аяқтайды. Қай жылы да ҰБТ-дан ұятқа қалдырып көрген жоқ түлектер. Аудандағы білім ұяларының көш басынан көрініп келеді.
Іскер басшы басқарған №82 мектептің кіші оқу корпусы осыдан жиырма жыл бұрын Кешубайдың ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындарының көмегі арқылы асар әдісімен салынған. Кейін негізгі және кіші оқу ғимараты әбден тозуға айналған тұста К.Маханов талай табалдырықты тоздыра жүріп 2013 жылы осы заманғы жаңа білім ұясы ғимараты 300 шәкіртке лайықталып салынып пайдалануға беруге қол жеткізген болатын. Жаңаның аты жаңа. Оқушылардың ойдағыдай білім мен тәрбие алуына онда жан-жақты жағдай жасалды. Мектеп ауласында балалар ойнайтын шағын футбол алаңы, басқа да спорттық құрал-жабдықтар орын тепкен.
Мектеп жанындағы "Ақтолқын" шағын балалар орталығы, балалар үйірмесі тұрақты түрде жұмыс жасайды. Онды 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер топтастырылған. Осы шағын орталықта 1 әдіскер, 5 тәрбиеші, 1 музыка жетекшісі екі топтағы 40 балаға оқу-тәрбие жұмысын жүргізуде. Сондай-ақ мектеп жанындағы "Өлкетану" мұражайында ардагер балықшылардың, ел ағаларының, соғыс және еңбек ардагерлерінің деректері, тұтынған құнды заттары менмұндалайды. Тіпті ХІХ ғасырда Қаратерең ауылы жанындағы Қосаралда біршама жылын айдауда өткізген Т.Г.Шевченкоға арналған көрнекі бұрыш осы жерде орын алғанын айта кетуге тиіспіз.
Бүгінгі таңда білім ұясында қазіргі заманғы білім беру әдісімен жарақтанған 67 жоғары білімді ұстаз 322 шәкіртке уақыт талабына сай тәрбие мен білім беру үстінде. "Серпін" желілік қауымдастық жұмысы жан-жақты жолға қойылған. Бір қызығы, мектеп бітіруші түлектерден "Мәңгілік  ел жастары – индустрияға" жобасы бойынша "Серпін-2050" бағдарламасы бағытында 15 түлек ойдағыдай білім алуда көрінеді.
Жоғарыдағы жетістіктерге барша шәкіртін жұмылдырған Кешубай Маханов оларға саналы тәрбие, сапалы білім беруге атсалысып жүрген өзінің жанындағы оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Нұрлан Көптілеу, Гүлжахан Шүйінішбаеваға, мектептің озат ұстаздары Г.Құдиярова, Н.Өтегенов, Д.Ибрагимовке зор сеніммен қарайды.
Айтпақшы, жоғарыдағы ұлағатты ұстаздардың бірқатары "Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы" энциклопедиясына еніп, кеуделеріне "Ұлағатты ұстаз", "Білімді дамытудағы еңбегі үшін" төсбелгілерін тақты озық істеріне орай. Ал бірқатарының ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім басқармасы, "Өрлеу" білім-ғылым технологиялық орталықтарының, жергілікті биліктің Алғыс хаттарымен марапатталғаны өз алдына бір төбе.
Мектепте балаларды спортқа баулу ісі ойдағыдай жолға қойылғанын мақтан етуге болады. Арал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мұнда филиалы тұрақты жұмыс атқарып келеді. Жас спортшыларды филиал жетекшісі, бірінші дәрежелі былғары қолғап шебері Дамир Ибрагимов жаттықтырады. Араларында мектеп ұжымының үмітін ақтап, биік тұғырдан көрінгендері де баршылық. Мысалы, мектеп шәкірті Қайрат Дәулетханұлы Қызылорда қаласында өткен облыстық турнирде, Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық жасөспірімдер біріншілігінде жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлап, білім ұясымен бірге барша ауылдастарының мерейін бір марқайтып тастады.
Мектеп ұстаздары мен шәкірттерін биік білім белестеріне жұмылдыруда ширек ғасырдан бері тер төгіп келе жатқан Кешубай Маханов ұжымның нағыз ұйытқысы. Оның мақсаты – оқушыларға туған өлке тарихын таныту арқылы олардың бойына ұлтжандылық, елжандылық сияқты ізгі қасиеттерді мектеп табалдырығынан бастап мінсіз сіңіру, "Мәңгілік ел" жалпыұлттық идеясына баланы жастайынан баулу. Бұған қоса осынау іргелі отаншылдық сезімді қалыптастыру бағытында мақсатты түрде тәрбие мен білім беру жұмыстарын ұштастыра жүргізу өз жемісін береріне оның сенімі мол.
Білім беру саласындағы жаңалықтар бүгінгі таңда өркениетті елдерге тән ай сайын, жыл сайын өзгеріп, өркендеп келеді. Соған сәйкес күллі Қазақстан Республикасындағы барша жалпыға орта білім беретін мектептер сияқты шалғайдағы №82 орта мектептің К.Маханов басқарған ұстаздар қауымы да ұдайы ізденіс үстінде. Соның бір айғағы іспеттес шәкірттердің білімдері мен тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру, өмірден өз орындарын табуға мектеп қабырғасынан бастап дағдыландыру болып табылады. Бұған мектеп ұстаздарының бәрі жауапты. Әр шәкірт ертеңгі ерекше тұлға болып қалыптасуы тиіс.
Осы орайда Кешубай Махановтың өз ұстанымы, өз біліктілігі бар. Оның мамандығы – жоғары білімді педагог. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау тұсында ол халық депутаттары Қаратерең ауылдық кеңес атқару комитетінің тізгінін орда бұзар отыз жасына жетпей ұстаған. Соған қарамастан ауыл халқын тоқырау толқынынан аман-есен өтуге бар күш-жігерін аямай жұмсағаны ауыл тұрғындарының әлі күнге есінде.
1996 жылы өзі қанат қаққан №82 мектепті басқаруға келгенде нағыз қиындық құрсауында болатын бәрі. Алты айлап жалақысы қолдарына тимеген ұжым мүшелерінің ұнжырғасы түсіп кеткен. Базарлы нарықпен алғаш бетпе-бет келген ұжым басшысы кешікпей оны да бағындыра білді. Аудандық білім бөлімінің келісімін алып ұжымын пішен, қамыс орып, кірпіш басып, оны сатуға шығарды. Мектеп техникалық қызметкерлері балық аулап. онан түскен қаржы да ортақ қазанға құйылды. Мектеп директоры ұжым мүшелерінің бәрімен ақылдаса отырып, сол ауланған балықтың 2 тоннасын ауылдағы тұрмысы төмен отбастарына малдарына қажетті шөппен қоса тегін таратып беруге қол жеткізді. Бұл қамқорлықтан зейнеткер ұстаздар да қалыс қалмаған болатын. Сондай-ақ 2002 жылы мектеп ұжымы Кешубай Махановтың бастамасымен ауылға жақын жердегі "Бегім ана" ескерткіш мұнарасының басына тәу етіп келушілерге арнап түнеухана, екі жылдан кейін ауыл халқының көмегімен "Мәмбетәлі ахун" мешітін салып, пайдалануға бергізді.
– Бұған қоса тарихи Көкарал бөгетінің құрылысы алғаш басталғанда осылай қарай Астана мен Алматыдан құрдай шұбырған бір теңізді екіге бөлу әдісімен алып бөгет тұрғызған елімізге АҚШ, Германия, Жапония елінен келген шетелдік қонақтардың Кешубай Махановтың дастарқанынан дәм татпағаны кемде-кем. Сол сияқты республика үкіметінің сол кездегі басшыларынан бастап облыс, аудан әкімдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, өнер жұлдыздарына тікесінен тік тұрып қонақжайлық танытқан, ақ дастарқанынан дәм татырған бірден-бір жүрегі жомарт атпал азамат, білікті басшы Кешубай ініміз болатын. Мен соны өз көзіммен көрдім. Тоқсаныншы жылдары сол жақтағы округ сайлаушыларының сеніміне ие болып, мәслихат депутаты болып сайланған болатынмын,– дейді "Дәулетэнерго" ЖШС директоры Қуанышбай Ердіхалықов.
Бұл ауылдың жол қатынасы 2000 жылға дейін өте күрделі болатын. Соның шешімін Кешубай тапты. "Қазалы" АҚ-ның басшысы Т.Сақтағановпен келісіп, Қазалы-Қаратерең, Арал-Қаратерең бағыттарына күнделікті жолаушылар көлігі қатынап, бұл мәселе шешімін тапқалы қашан. Сондай-ақ ауызсу, электр жарығы, жаңа заманғы байланыс құралы да, жол мәселесі де оңтайлы шешімін табуға мұрындық болған Кешубай Маханов нағыз мақтауға лайықты іскер басшы болатын.
Уақыт – құстан ұшқыр, желден жүйрік. Сол сияқты 63-пайғамбар жасынан сәл асқан №82 білім ұясының басшысы К.Махановты ұжымдастары жуырда салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды.
Т.Нұржан-Балта
17 қыркүйек 2022 ж. 929 0