Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбегі елеулі кітапханашы

Еңбегі елеулі кітапханашы

Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген еді.Ұлттың рухани азығы болып табылатын асыл мұраларымыз жинақталған кітапхананың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше. Иә, қанша жыл, тіпті қанша ғасыр өтсе де, асыл кітаптарымыз біздің құнды дүниеміз болып қала бермек. Өткен ұрпақ пен келешек ұрпақ та тек кітап нәрімен сусындап, білім алатыны анық. Еліміздің әр қала, аудан және ауылдық округтерде асыл мұрамызға толы кітапхана саны да жетерлік. Сондай-ақ сол кітапхана ішіне көрік беріп, қалың оқырманын қуана қарсы алатын кітапханашыларсыз кітапхананы елестету мүмкін емес. Бүгінгі өскелең жастарды білімге шақыру жолында ол кісілердің еңбегі ерен. Сондай кітапханадағы барлық қосымша көрнекіліктер мен библиографиялық жұмыстарды жүргізуші қызметкерлердің бірі – Гүлмира Жиенбаева. Бүгінгі әңгімеге осы кітапханашы арқау болмақ.

Гүлмира Қазыбекқызы кітапхана саласында 36 жылдан астам уақыт еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған маман. Ол 1967 жылы айдынды Арал өлкесінде дүниеге келген. Алғаш №13 орта мектебінен білім алып, 1984 жылы Гурьев мәдени-ағарту училищесінде кітапхана ісі мамандығы бойынша оқуға түседі.Еңбек жолын 1986 жылы аудандық орталық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінде кітапханашы болып бастаған.Кейін 2013 жылы білімін жетілдіру мақсатында «Болашақ» университетін «кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 2008 жылдан бастап аудандық орталықтарылтандырылған кітапханалар жүйесінде әдістемелік-библиографиялық бөлімінің библиографы қызметін атқарып келеді. Бүгінде ұжымға сыйлы Гүлмира Жиенбаева жайында әріптесі:
– Гүлмира апайдың бүгінге дейін кітапхана саласына қосқан үлесі жетерлік. Ол кісі өз жұмысына әрдайым жауапкершілікпен қарап, ізденіс үстінде жүреді. Заман талабына сай жаңашылдық әкеліп, еңбегі үшін библиограф қызметіне жоғарылатылған болатын. Сонымен бірге оқырман үшін қажетті тақырыптық сұраныстар мен түрлі анықтамалар, аудан кітапханашылары үшін де библиографиялық көрсеткіштер, әдебиеттердің ұсыныс тізімі мен библиографиялық джайдест, салаға байланысты библиографиялық сабақтарды да дайындап, аудандық кітапхана қызметкерлеріне таратады. Өлкетану жұмыстары бағытында да өлке жайлы жаңа әдебиеттер мен өлкенің тарихи деректері жайлы био-библиографиялық көрсеткіштер, био-библиографиялық анықтамалық, жадынама, өлкетану каталогы мен түрлі тақырыптық картотекаларды жүргізіп отырады. "РАБИС" бағдарламасы бойынша газет-журналдарға мақалалар картотекасына енгізеді. Жалпы ұжымның қоғамдық өміріне белсенді араласып, қолдан келгенше көмектесіп жүреді. Осындай ақжарқын, керемет жанмен ұжымдас болғаным үшін қуанамын,– дейді Таңшолпан Оңталапқызы.
Гүлмира Қазыбекқызының кітапхана саласы бойынша жеткен жетістіктері де баршылық. Атап өтер болсақ, 1996 жылы облыстық мәдениет басқармасының және 2007 жылы аудан әкімінің және 2015 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, 2018 жылы аудан әкімінің «Үздік мәдениет қызметкері – 2018» номинациясы бойынша дипломымен, ал 2021 жылы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен марапатталған.
Иә, әр салажұмысының өзіндік қиындығы мен қызығы қатар жүреді емес пе?! Кітапхана саласының да қиындығына төзіп, қуанышына қуана білген Гүлмира Жиенбаеваның еңбегі көпке үлгі. Ендігі кезекте Гүлмира апайымызға іскерлік табыс пен денсаулық тілейміз. Өскелең ұрпақ бойына өнегелі тәрбие беруде аянбай еңбек ететін қызметкерлер қатары көбейе берсін.

Айсәуле НҰРЛАНОВА

23 қазан 2022 ж. 2 139 0