Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұрпаққа ұлағатын ұсынған ұстаз

Ұрпаққа ұлағатын ұсынған ұстаз

tolqyn.kz. Ұстаз туралы айту әрбір жанның жүрегін жылытады. Әлемдегі барша жақсы лебізді осы бір жандарға білдіргің келеді. Сондай тамаша жан ұрпаққа ұлағатын ұсынған ұстаз туралы толғанып, қолға қалам алған жайым бар. Өмір ағысы жылдарды, айларды ілестіріп өтіп жатады. Тіршілікте көп нәрсе уақыттың бедерлеріне жасырынып, бірте-бірте ұмтыла, көмескі тарта бастайды. Ал осы уақыттың еркіне бағынбай, жылжып жылдар өтсе де, алыста қалған кезеңдерді еске алып, жадыңда қайта жаңғыртқаныңда, көз алдыңа алдымен оралатыны - мектеп қабырғасында білім нәрін берген ұстаздарың, балдәурен балалық шағыңды бірге өткізген құрбы-құрдастарың. Бүгінгі ересек азаматтың көзімен қарағаныңда, сол бір ақкөңіл, ақжарқын, жайсаң мінезді ұстаздарыңның асыл бейнелері, ақылды сөздері, нұр шашқан көздері жаныңды жадыратады. Кеудеңді күмбірлетіп сағыныш саздары ойнайды.
Бала бойына білім уызын себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға – ұстаз. Ұстаздың ұлы, кішісі болмайды. Олардың қай-қайсысы да үлкен құрметке әбден лайық. Өмірге деген талпынысыңа мазмұн беріп, тіршіліктің барлық заңдарын санаңа дарытып, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра білуге үйреткен ұстаздар әрбір шәкірттің жүрегінен мәңгілік орын алады. Жаңа айтқандай, өткен жолыңа мойын бұрып тағы бір қарағанда, сол ұстаздарға деген әлгі бір сағыныш алыс жылдарды жақындатады. Олардың алдарында бір өтелмеген парызың бардай сезінесің. Мыңдаған шәкірттерінің көз алдында нағыз ұстаз боп, осы күнге дейін әрбір қадаулы сөзі, жұмсақ сөйлеу мәнері, ой қорытуы, адамгершілік дара қасиеттері үлгі боп жатталып қалған жандардың бірі – бүгінде зейнеткер аталып отырған ардагер ұстаз Бақыт Қостаева апай.
Жыл он екі ай, әсіресе, мамыр-маусым айларында жер-жерден шәкірттері ат арылтып іздеп келіп, сәлем беріп, мектеп бітіргендерінің мерейтойларына шақырып жатады. Сонау Алатаудың бөктеріндегі қалада еңбегінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің аяулы әжесі атанып отырған Бақыт апай сол сәтте көз алдына өткен жылдарды елестетіп өтеді. Әсіресе, ондаған жылдардың пердесін ысырып тастағанда, көк теңіздің жағасындағы Арал қаласының белгілі білім ұясы - №15 орта мектепті, оның ұстаздарын, балқұрақтай желкілдеген шәкірттерін, қызықты өткізген сабақ сәттерін, «Алғашқы қоңырау» мен «Соңғы қоңырау» кезіндегі мәз-мейрам қарбаласуын, бүгін қабырғалы азамат болып жүрген кешегі оқушыларының балалықпен жіберген шалалықтарын еске алып, нұрлы жүрегінде сол жылдарға деген сағыныш толып, жүзіне жылы күлкі үйіріледі.
Зымырап өткен жылдар-ай!..
...1942 жылы жер-жаһан сұрапыл соғыс өртіне оранып, адамзаттың басына ауыр кезең тап болғанда шыр етіп дүниеге келіпті. Әкесі Қостай аяғы ауыр келіншегі Шамшаға аманат айтып, сол қанды қызыл қырғынның ішінде толарсақтан су кешіп, от пен оқтың ішінде жүрген. Жаздың басында дүниеге келген қыз балаға Боқай ата Бақтылы деп ат қойыпты. Әкесі де соғыстан аман-есен елге келіп, жас сәби бақытты болар деп айналасындағы туыстары, бірге туған бауырлары оны еркелетіп титтейінен «Бақыт» деп атап кетіпті. Абыз атаның пірлі тілегі, бауырларының ақ тілеуі қабыл болған болар, жараланса да, бірінші топ мүгедегі болса да, әулетті қуантып Қостай майдангер туған жердің топырағын қайта басқан.
Бақыт әке-шеше құшағында барша мейірімді көріп өсті. Кейін туған жерлері Шалқар ауданы, №17 ауылдық кеңестен көрші жатқан теңізді өңір Аралға қоныс аударды. Талабы таудай бұрымды қыз білімге деген зор ынтасымен мұғалімдерін тәнті етіп, №15 мектепті жақсыға бітіріп, 1959 жылы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетінің «Агро-биология» бөліміне оқуға түсті. Жақсы ұстаз болу – асыл арманы еді. Көкіректегі арманы алдамады, 1964 жылы институтты тәмамдап, ақ жол толқыны көбік шашқан айдынды Арал жағасындағы туған қаласына оралып, өзі тәлім алған №15 мектепке биология пәнінің мұғалімі болып орналасты. Мәртебелі де мерейлі, жауапкершілігі аса мол, ел болашағын тәрбиелейтін, елім дейтін, жерім дейтін азамат қалыптастыратын ұстаздық ұлы жолы осылай басталды.
Осы білім ұясының қабырғасында өмірлік жары Нағымжанды да тағдыр маңдайына бұйыртты...
...Бір жыл бұрын, 1963 жылы педагогикалық институттың соңғы курсының студенті Бақыт аталмыш мектепке ақырғы мемлекеттік практикадан өтуге келген. Мектеп директоры Жұман Беламанов оны жақсы ұстаздардың бірі Оңғар Дәрменовтің жанына қосты. Одан үйренгені көп. Практика кезінде болашақ маман ашық сабақ беруі керек екен, енді календарлық жоспарды кімнен алсам деп жүргенде, Нұржәмила апай (директордың зайыбы): «
-Осында география-биологиядан сабақ беретін жас мұғалім Нағымжан Әнесов бар. Ұқыпты, ұсынақты жігіт. Керегіңді содан табасың,-деп жол сілтеді. Жөні табылғанына қуанған бойжеткен демде-ақ жас мұғалімнің жанына жетіп барып, өзіне тән батылдықпен:
-Календарлық жоспарыңызды бере тұрасыз ба?-деген еді. Қалай қарасаң да, келісімі келген келбетті жігіт өзіне тән қыз алдындағы ұяңдықпен жарасымды бір жымиып басын изеген. Сол бір сәтте екі жастың арасында жылдар легіне ұласатын үлкен де үзілмес махаббат жібінің арқауы қос жүректе өрілген-тін...
Бақыт пен Нағымжан 1965 жылы 25 наурызда шаңырақ көтерді. Күйеу жігіт текті жерден екен. «Тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы» дегендей, Бекбауыл батыр, Құлбарақ биден тараған әулеттің өзінен болып шықты. Келін болып түскен жері – Жанқожадай киелі батырдың ауылы болды.
Жас отау иелері – болашақ ұстаздар қауымындағы белгілі отбасының әдепкі керегесін керіп, уығын шаншыды, босағасын бекітті. Берекелі шаңырақтың, құт дарыған отбасының негізін қалады.
Ұрпаққа білім мен тәрбие берудің сара жолына екеуі қатар түсті. Жастық жігермен, арманшыл жүрекпен білек сыбана кірісті. Ер сыйлап өскен Бақыт өзі ешқашан сүйікті мамандығынан қол үзбей жүріп те сүйген жары Нағымжанның аудан білім саласының көшбасшыларының бірі атануына қолқанат бола білді. Үлбіретіп ұл-қыз өсіріп, асыл ана атанды.
Нағымжан қызмет бабында үнемі алдыңғы лекте жүрді. География пәнінің мұғалімі болып ұстаздық жолын қалыптастырған ол 1968 жылы аудандық «Білім» қоғамдық ұйымының жауапты хатшысы қызметіне келді. Бір жылдан соң, қаладағы іргелі оқу орны - №177 мектептің сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстарының ұйымдастырушысы болып ауысты. Білімді де белсенді кадр әрқашан бағалы емес пе?! Нағымжан 1976 жылы Арал аудандық халыққа білім беру бөлімінің әдіскері, кейін осы бөлімнің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі боп жоғарылатылды. Аудан ұстаздарының күн сайын соғып, ақыл-кеңес алатын орталығын шын мәнінде жаңа деңгейге көтерді. Оқушыларға білім берудің сан қырлы, сан тарапты жаңалықтарын дер кезінде жеткізіп отырды. Жан-жақты білімділігімен, тынбайтын ізденімпаздығымен, қалыптасқан тәжірибелілігімен ерекшеленген белгілі педагог Нағымжан Әнесовті аудандық білім бөлімі 1986 жылы №177 орта мектептің директоры етіп нық сеніммен тағайындады. Барлық саналы ғұмырын халықтың баласын оқытуға, тәрбиелеуге арнаған ұстаз басшы ретінде абыройға бөленіп, адал еңбегінің нәтижесінде «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атты үлкен атаққа қол жеткізді.
Босаға аттаған жұртын бақытты қыламын деп барған ибалы да ақылды Бақыт Қостаеваның да өз ұстаздық жолы кемері кеңіген арнадай болып жыл өткен сайын кеңейіп, сәтімен өрбіді. Жас педагогтың бойындағы қасиеттер оның болашағының баянды болуына жол ашты. Қолтығына сынып журналын қысып, көрнекіліктерін қолына ұстаған салмақты мінезді, кербез қимылды, сыпайы ұстаз кіріп келгенде, қандай оқушылар болса да, селт етіп сілтідей тына қалатын. Кейбір тентек деген оқушылардың өздері де тұсалған тайдай боп кібіртектейтін. Бақыт апай сынып ішін бір шола қарағанда, бәрінің көзі мұғалімге ауатын. Сүйікті ұстаздары бір кемшілігін көріп қалмаса деп қылпылдап тұратын. Өйткені апайдан алған бір ескертудің өзі олар үшін үлкен намыс болатын. Сондықтан әрқайсысы ұстаз алдында өздерінің барша қабілеттерін, білімдерін, жақсы жақтарын көрсетіп қалуға ұмтылатын.
Шәкірттері Бақыт апайдың шынайылылығын, әділеттілігін, тек шындықты жақтайтынын жан-тәнімен сезінетін. Иә, ол өзінің ұстаздық қызметіне айрықша, үлкен жауапкершілікпен қарады. Ең бастысы – үлгілі тәртіп керек деп білді. Балалардың білімге, білуге деген ынтазарлығын ояту үшін күнделікті оқу-тәрбие ісінің мақсат-міндеттерін дұрыс белгілеп отырды. Әрбір баланың жан-дүниесіне үңіліп, кейде біреуінің көңілі қаяулана қалса, оған ерекше аналық мейірімімен назар бөліп, жанына тартатын.
Алаштың ардагері, ағартушы А.Байтұрсынов: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке ең керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» деген тұжырым айтқан екен. Ақаң дөп басып айтқандай, ұстаз әрқашан ізденіс үстінде, жаңашыл болуы керек екені сөзсіз. Өз кәсібінің үздігі атану үшін Бақыт Қостаева үнемі өз білімін, дүние танымын, әдістемелік шеберлігін үздіксіз дамыта ұштап отырды. Сондықтан әріптестер арасында да беделді болды. Есімі озаттар қатарында аталып жүрді.
Әр кезеңнің білім саласына қояр өз талабы бар. Сол үдеден шығып отыру – міндет. Биология пәнінің озат мұғалімі Бақыт бағдарламалық материалды сабақтық жүйеге түсіруге, оқушы игеретін білім ауқымын дәл анықтауға аса көп маңыз беретін. Мектептегі биология кабинетін алдыңғылардың қатарында жабдықтап шықты. Сол үшін көптеген тақырыптық стендтер, классификациялық кестелер, тараулар бойынша дидактикалық материалдар циклін тыңнан жасады. Жекелеген шаралар бойынша 42 папка, 19 альбом дайындап шығарғанын үлкен шығармашылық еңбектің жемісі деп білген мектеп әкімшілігі, аудандық білім бөлімі өзге  әріптестеріне үлгі етіп ұсынды. Одан қалды, биология кабинеті ішінде гүлді өсімдіктер өсірді, аквариум жасады. Оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Бақыт апай жабдықтаған кабинет 1986 жылы аудандық байқауда үздіктер санатына енді.
Алғыр педагог Бақыт Қостаеваның әрбір сабағы жоғары деңгейде тартымды өткізілетін. Берілетін білім көлемінің сабақтастығы мен тереңдетілу бағытына аса сергек қарап, сабақтың техникалық және басқа жабдықтарын , көрнекіліктерін тиімді пайдалануға қол жеткізді. Әсіресе, «Биосфера және адам», «Фотосинтез» тақырыбында құрылған үлгілі сабақтары аудан көлеміне таратылды. Ол жетекшілік ететін биология үйірмесінің мүшелері «Барсакелмес» қорығымен жіті байланыс жасап, өңір табиғатын тануда үлкен жетістіктерге жетті.
Ұлағатты ұстаз, ардақты ана Бақыт Қостаеваның өмірден түйгені мол болды. Жарасымды жанұяның алтын ошағының берекесі бола білген ол кейін «Семья өмірінің этикасы мен психологиясы» пәнінен дәріс беруге мектеп әкімшілігі ұсыныс айтқанда, оны қабыл алды. Жасөспірімдер психологиясын жітік ұғатын, оқушылармен ынтымақтастық тәлім-тәрбие беруде ұстаз жаңа пәнге байланысты ата-аналар арасында тартымды дәрістер оқып, оқушы зерттеудің оптималді әдістерін отбасыларымен бірге бірлесе шешіп отырды. Жастарды алдағы өмірге, еңбекке, адалдыққа баулуда іргелі істер жасады. Жаңа пән бойынша аудандық әдістемелік бірлестігін басқару құрметіне ие болды.
Жылдар бойы тәжірибесі толысқан ұстаз мектептегі жас мұғалімдерге тәлімгерлік көмек көрсетіп, олардың кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен ықпал етті. Педагогикалық кеңестер мен өндірістік жиналыстарда оқу-тәрбие ісін жақсарту жөнінде көкейіне түйген орынды ойларын айтып, нақты ұсыныстар қосып отырды.
Ұстаздың озық әдістемесі арқылы білім алған шәкірттері аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларда, білім сайыстарында, байқауларында жеңімпаз атанды. Оқушыларға білім берудегі ұстаздың ерен еңбегі әділ бағасын алды. Ол 1983 жылы Бүкілодақтық Оқу министрлігінің Құрмет грамотасын иеленсе, 1988 жылы аттестация қорытындысымен «Аға мұғалім» дәрежесіне лайық деп танылды.
Тамаша педагог Бақыт Қостаеваның жаңашылдық жолындағы жемісті еңбегі шәкірттері арқылы әлі сабақтаса дамып келеді.
Таяуда ғана қолымызға Бақтылы Қостаеваның «Нұрлы бейне» атты естелік кітабы қолымызға тиді. Ұстаз-ана өмірінің мазмұнды жолдарын, білім саласындағы даму сатыларын, мұғалімдік қадамдарын және де жан жары, білім саласының майталманы Нағымжан Әнесов туралы, сондай-ақ әріптестері мен шәкірттері туралы толғана да тебірене жазыпты.
Арал қаласындағы №15 мектепте қатар еңбек еткен Жұман Беламанов, Нұржәмила Айқалқаева, Злиха Әбілова, Роза Дебердиева, Ғайни Гумарова, Оңғар Дәрменов, Малика Досова, Сүлеймен Ержанов, Тәуекел Аманжолов сынды өңір мектептерінде өшпес із қалдырған замандастары мен кейінгі буын Жаңабай Кемал, Айжамал Елеусізова, Қашия Кемалашова, Фатима Көптілеуова, Тыныштық Қаракүшікова, Жаңыл Шәкиева, Қапия Көптілеуова, Айман Шүренова, Қани Баймағамбетов, Айгүл Жетесова, Бағдагүл Әлжанова, Бағым Жанкүшікова, Жаннат Исаева, Лаура Ілиясова іспетті мұғалімдердің есімін атап өтеді. Олардың әрқайсысы туралы жылы лебізін білдіреді. Шынында да олар бір-бір кітапқа кейіпкер болатындай тұлғалар ғой. Аудандық білім беру саласының бір миуалы кезеңінің өкілдері.
Жиырма жеті жыл бойы жағалау жұртшылығы, балықшы өңірдің балаларына сапалы білім, саналы тәрбие беріп, өмірден өз орындарын адаспай табуын, тау тұлғалы азамат болуына бар күшін, білімін алғаусыз жұмсаған жоғары санатты мұғалім, Қазақстан мұғалімдерінің І съезіне қатысушы ұстаз Бақыт Қостаева бұл күнде өркен жайған бір әулеттің әз әжесі. Ол бір ұл, үш қызынан өркен жайған немере-шөберелерінің ортасында марқайып отыр. Әулеттен тараған ұрпақтары, балалары халыққа қадірлі ұлағатты ұстаздар Бақыт пен Нағымжанның өмірден еншілеп алған үлкен абыройлы биіктерін одан әрі асқақтатып, ел-халықтың алдында жақсы атаққа ие болып жүр.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дейді ұлы Абай. Иә, қаншама жылдар өтсе де, еліміздің түкпір-түкпіріндегі шәкірттері сонау мектеп қабырғасында білім берген қарапайым да ұлы ұстаз Бақыт Қостаеваның білім шырағын жаққанын, тәрбиелі, үлгілі жол көрсеткенін әрдайым мақтаныш етіп жүреді. Бұл – Бақыт апайдың бақытты өмірінің куәсі. Оның өмірі осынысымен, мәртебелі де мерейлі ұстаздығымен нұрланып тұр.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
06 желтоқсан 2022 ж. 1 005 0