Қарымды қаламгер
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, үнемі ізденісті, жауапкершілікті талап ететін редакция қызметкерлерінің қоғамда алатын орны ерекше. Үнемі халықпен біте қайнасып, солардың мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін, қоғамда орын алған жайлардың жай-жапсарын дер уақытында жеткізіп отыратын тілшілердің еңбегі қай кезде де жоғары бағаланады. Және де өзім еңбек еткен аудандық "Толқын" газеті қызметкерлері туралы қай жағынан айтсаң да, қалай жазсаң да мақтауға тұрарлық. Сондай журналистердің бірі - "Толқын" газетінің бір жылдары жауапты хатшысы болып абыройлы еңбек еткен Оңдасын Бектұрғанов жайында әңгіме қозғасам деймін.
Оңдасын ағаның кіндік қаны тамған туған жері – дария жағалауында орналасқан Қосуақ деген елді мекені. Сол заманда колхоз орталығы болыпты. Бұрынғы балықшылар қонысы. Оңдасын аға Қосуақта 1941 жылы дүниеге келді. Бастауыш мектепті ескі Бөгенде бітіреді де, 5-сыныптан бастап №20 Бөген мектебінде оқып, онжылдықты жақсы бағамен тәмамдайды. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетке деген қызығушылығы басым болған ол сол пәнге ерекше мән береді. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін ағайы Жалғас Құрманов зейінді де зерек баланың қабілет-қарымын аңғарып, әдебиет әлеміне терең бойлауына жол ашады. Және де оның жазуға деген талабы дәл сол кезде оянады. Өзін қызықтырған тақырыптарға, балалық балдәурен кездегі селт еткізер сезімдері туралы жазған шағын мақалаларын басылымдарға жолдап отырады.
"Жалғас ағайымдай болсам" деген арманы алға жетелеп, мектеп бітірген 1958 жылы Оңдасын аға жолы болып Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт Ата) педагогикалық институтының филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнында жүріп те жазуын тоқтатпай, газет-журналдарға мақалаларын жариялап тұрады.
1963 жылы қолына дипломын алып, Аманөткелдегі сегізжылдық мектепке мұғалім болып орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Бір жылдан соң қаладағы ірі де іргелі оқу орындарының бірі №177 мектепке ауысады. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, олардың бойына адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіруде ұстаздың еңбегі зор екені баршамызға аян. Сондықтан да ұстаз әрдайым қасиетті тұлға болып шәкірттер санасында қалыптасып қалады ғой. Оңдасын аға да ұстаздық еңбек жолында биік тұлға болып әрбір оқушының жүрегінен орын ала білді.
Осы мектепте бес жылдай ұстаздық етіп, бала тәрбиелеу рақатына бөленгенімен де, "тілші" болсам деген арманы жүрек түкпірінде әлі күнге бүлкілдеп жатқан-ды. Сондықтан да 1971 жылы сол кездегі аудандық "Толқын" газетінің редакторы Мәлік Сәрсенов қызметке шақырғанда, ол еш ойланбастан келісті. Сол кезде редакцияда еңбек етіп жатқан Сағынжан Ермағамбетов, Омар Әбдуәлиев, Өмірбек Төлепов, Кеңес Өмірзақов, Ыбырай Әлжанов, Серік Сейітмағамбетов, Аманкелді Өткелбаев сынды қаламы қарымды журналистермен қызметтес болады. Олардың бәрі де журналистика саласында ысылған, қаламы ұшталған, газеттің бетке ұстар қаймақтары еді ғой.
Алғашында корректорлықтан бастаған ол газет жұмысына әп дегеннен қызу кірісіп кетті. Жазуға деген ынтасы мен құлшынысын жоғалтпай, газет бетіне түрлі тақырыптардағы өзін толғандырып жүрген көкейтесті мәселелер туралы көлемді-көлемді мақалаларын жариялады. Сөйтіп жарты жылда қаламы төселген, жазуға әбден машықтанған маман ретінде өзін танытып, әдеби қызметкерлік сатыға көтерілді.
1973 жылы редакторлық қызметке Сағынжан Ермағамбетов келді. Жаңа редактор Оңдасын ағаны өз ісінің нағыз маманы, рухани дүниесі бай, талғам мен ой-өрісі кең жан ретінде жоғары бағалап, 1974 жылы жауапкершілігі мол қызмет - жауапты хатшылыққа тағайындайды.
Мен де алғашқы еңбек жолымды осы "Толқын" газетінде бастағанмын. Сондықтан да газет жұмысының қаншалықты қауырт та қиын екенін жақсы білемін. Таңертеңнен кешке дейін күнде қарбалас. Кезекті санды дайындап, баспаханаға басуға жіберіп жатсақ, іле-шала келесі нөмірге материал дайындау кезек күттірмейді. Оның үстіне күнделікті келімді-кетімді адамдар бар. Оларға да көңіл бөліп, әңгімесін тыңдау керек. Осындай сәтте Оңдасын ағаға таң қалатынмын. Бәріміз, әсіресе тәжірибем аздау, жазу-сызуға әлі төселе қоймаған мен мұрнымыздан шаншылып, абыр-сабыр болып жатқанымызда, Оңдасын аға кабинетінде тапжылмай отырып, тып-тыныш қана шаруасын бітіре беретін. Ара-арасында кабинеттерге кіріп: "Тездетіңдер, материалдарыңды тапсырыңдар" деп ескертіп кетеді. Кейде басылуға кеткен газет бетіне материал жетіңкіремей жатса, өзі отыра қалып іле-шала әжептәуір мақала жазып беріп, дер уақытында осындай тығырықтан да алып шығатын. Әп-сәтте фактіні қайдан алды, неге сүйеніп жазды, оны ешкім білмейтін. Ағаның осындай шапшаңдығы мен жеделдігіне тәнті болатынмын.
Әр аптаның басында газеттің кезекті санын талқылайтын лездеме болады. Лездемеде әрбір жазылған материалдар талқыланады. Талқылау барысында Оңдасын аға бет-жүзің демей кім-кімге болса да: "Мынауың дұрыс емес, мына жерде не жазып қойғансың! Мынандай тақырып бола ма екен? Жазған мақалаң тақырыпқа сай емес" деп өзінің тура пікірлерін ашық айтып, сынаудан тайсалмайтын. Онысына ешкім ренжімейтін де. Себебі сол жерде отырғандардың бәрі Оңдасын ағаның тік мінезі мен айтуы керек сөзін іркілмей айта салатын қасиетін жақсы біледі. Менің өзім ағаның талай сынына түскенмін. "Сын түзелмей, мін түзелмес" дегендей, ағаның осындай сындарынан нәтиже шығаруға, жазған мақалаларымды қайта-қайта қарап, түзетуге тырсатынмын.
Еңбек тәртібін де осы кісіден үйренуге болатындай еді. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтады. Мен де кейде бәрінен бұрын жұмысқа ерте келе қалсам, кабинетінде алдында жаюлы жатқан қағаздарға үңіліп, не шұқшия қалам сүйкеп отырған Оңдасын ағаны көріп: "Мына кісі таң сәресінен келіп алған ба? Әлде осында түнеген бе?" деп таңқалатынмын. Бұл да бір ағаның өз ісіне деген адалдығы болар.
Оңдасын аға редакцияның "бас штабы" аталатын жауапты хатшылық қызметті тапжылмастан 14 жыл атқарды. Әрине, еселі еңбегі ескерусіз қалмады. Әр жылдары атаулы күндері Алғыс хаттармен, мақтау, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Және де "Арал тағдыры - адам тағдыры" айдарымын жазған циклді мақаласы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бұл да болса ағаның еңбегіне берілген әділ баға деп білемін.
1988 жылы Оңдасын аға сенім артылып баспахананың директорлығы қызметіне бекітілді. Сонда мен: "Газет қызметкері қалай баспахана директоры бола алады? Оның есеп-қисабы бар дегендей" деп ойланып қалғанмын. Сөйтсем Оңдасын ағаның қолынан бәрі келеді екен. "Бесаспап" дей ме қазақта, аға нағыз соның өзі болды. Онысын көп ұзамай дәлелдеді де.
Білген адамға баспахана - баспасөздің ажырамас бір бөлігі саналады. Редакция мен баспахананың тіршілігі бір қазанда қайнап жатады және ұстанған бағыты да бір. Ол кезде қазіргідей заманауи технология жоқ, әлі дамымаған. Материалды теру, оны қорғасынға құю, газетті беттеу, басып шығару - бәрі-бәрі баспахана қызметкерлерінің қолымен атқарылады. Техниканың аты техника емес пе, кейде аяқастынан істен шығады. Ал жұмыс тоқтамау керек, газет өз уақытысында басылып шығуы тиіс. Осындайда Оңдасын аға күн-түн демей басы-қасында болып, қалайда техниканы қалпына келтіріп, іске қосуға жанталасады. Қосалқы бөлшектер де таптырмайтын ол заманда. Соның өзін ана жер, мына жерден құрастырып, әйтеуір бір жолын табатын.
Қарамағындағы жұмысшыларға да қатаң да қатал болды. Олардың уақытынан кешікпей жұмысқа келуін, себесіз жұмыстан қалмауын, өз ісіне жауапкершілікпен қарауын, әрбір жұмыстың тиянақты атқарылуын талап етті. Әрине, басшы болған соң солай болуы да керек шығар. Қаталдық деген - ол тәртіп қой. Осы қағиданы ұстанған аға дегенмен қажетті жерінде жұмсақ та бола білетін. Жұмысшылардың жағдайына түсіністікпен қарайтын. Көмек керек кезде қол ұшын беруден тартынбайды. Сөз көмегін де аямайды.
Баспахана жұмысын да абыроймен атқарған Оңдасын аға 1996 жылы 55 жасында зейнетке шықты. Сол кездегі аудан әкімі Алашыбай Баймырзаевтың: "Оңдеке, әрі қарай қызметіңізді жалғастыра беріңіз" дегеніне көнбеді, бас тартты.
2003 жылы Оңдасын аға жан жары Балжан апаның денсаулығына байланысты Тараз қаласына қоныс аударды. Мен де сол жылы жұмыс бабымен сонда ауыстым. Жат қала, не туыс, не жақының жоқ. Өзімді айдалада жалғыз қалғандай сезініп жүргенмін. Оңдасын ағаның Таразда екенін есітіп, бір туысым табылғандай қуанып қалдым. Ағаны сонау 1996 жылдан бері, яғни жеті жыл болыпты көрмегелі. Орайы келіп, кездесудің сәтін салды. Кездескен сәтіміз әлі есімде. Есіктен құшағын жая күлімсірей кіріп келгенде, қатаң да қатал, анау-мынауға маңдайы жіпси қоймайтын және талапшыл да талғампаз ағаның осынау жайдары да, жарқын мінезін көріп алғашында тосылып қалғаным рас. Екеуміз ұзақ әңгімелестік, сырластық. Мінезі әлдеқайда жұмсарыпты. Осыдан кейін ара-қатынасымыз өте жақсы болды. Шақырып та, шақырмай да үйіне барып тұрдым. Есіктен кіргеннен алдымнан күлімдей шығатын аға: "Әй, кемпір-ау, Нұрдың сәулесі келді ғой (мені солай атайтын), шай қой" деп балаша қуанып, төргі бөлмеге бастайды. Балжан апа да кәпелімде дастарқанын жайнатып, сүт қатқан қою шайын әкеледі. Апаның сол жағын ала бере жантаятын аға шайын ұрттап-ұртап қойып ұзын-сонар әңгіменің желісін ағытады. Әсіресе, өткен-кеткенді еске алғанды тәуір көреді. "Нұрдың сәулесі-ау, сол жерде солай болып еді ғой, есіңде ме?" деп "Толқында" істеп жүрген кезден бір әңгіменің ұштығын шығарады да, қоштағанымды күткендей назарын маған аударады. Әрине, ол кездегінің көбісі есте қалмаса да ағаның көңілі үшін: "Иә, аға, солай еді" деп қоямын. Өнегелі, ұлағатты әңгімелерді жақсы айтады. Көп оқитын. Және де оқыған кітабының оқиға желісін баяндап бергенді ұнататын. "Оқығаныңды біреуге айтып берсең, есте жақсы сақталады" деп отыратын. Маған ақылшы аға да бола білді. Жұмыс барысында түсінбеген, білмеген нәрсемді сұраймын. Білмегенімді білдіріп, түсінбегенімді түсіндіруден еш жалықпайды.
Қайбір жылдары Аралға қайтып келгенімде де ағамен байланысымыз үзілген жоқ. Әрдайым телефон арқылы хабарласып, бір-біріміздің амандығымызды біліп тұрамыз.
Өсіп-өндірген ұрпағының бойына ұлттық салт-сананы сіңіріп, ұлын имандылыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеген жанның шаңырағы әрдайым береке мен бірлікке құрылады емес пе. Міне, Оңдасын аға да ұлдары мен қызын осындай үлгі-өнегемен өсірді. Оқытты, білімді етті. Олар болса бір-бір шаңырақ болып, өз алдарына отау тікті, әке ұрпағын көбейтті. Балаларының үлкені Абай 2020 жылдан бері Ақтөбе қаласында алғаш ашылған қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде музыка пәнінен сабақ береді. Лаурасы Таразда балабақшада тәрбиешісі, Арайы Аралда еңбек етуде, ал сүт кенжелері Олжасы Тараздағы "Білім-инновация" лицейі деканының орынбасары.
Қазіргі таңда Оңдасын аға мен өмірлік жары Балжан апа өздерінен өрген үрім-бұтақтары мен немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже.
Бүгінде Оңдасын аға имандылық жолына бет бұрған тақуа адам. Бес уақыт намазын үзбей, үйінің жанынан салынған үш қабатты Хазіреті Әли атындағы мешітке жамағатпен бірге барып, құлшылық етіп тұрады. Бұл Алланың үйі оның екінші үйіне айналғандай.
Міне, мен білетін Оңдасын аға Бектұрғанов осындай жан.
Әулетінің бәйтерегі, балаларының асқар таудай қамқоршысы, немерелерінің абыз атасы жақында 80 жасқа толды. Сексеннің сеңгіріне шыққан жасыңыз құтты болсын, аға!
Нұрсәуле КЕНЖЕБАЕВА,
Арал қаласы