Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Турашыл тұлға

Турашыл тұлға

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, үнемі ізденісті, жауапкершілікті талап ететін редакция қызметкерлерінің қоғамда алатын орны ерекше. Үнемі халықпен біте қай­на­сып, солардың мұң-мұқтажын, тыныс-тір­шілігін, қоғамда орын алған жайлардың жай-жапсарын дер уақытында жеткізіп отыратын тілшілердің еңбегі қай кезде де жоғары бағаланады. Және де өзім еңбек еткен аудандық "Толқын" газеті қызмет­керлері туралы қай жағынан айтсаң да, қал­ай жазсаң да мақтауға тұрарлық. Сондай журналистердің бірі - "Толқын" газетінің бір жылдары жауапты хатшысы болып абыр­ойлы еңбек еткен Оң­дасын Бектұрғанов жайында әңгіме қозғасам деймін.

Оңдасын ағаның кіндік қаны тамған туған жері – дария жағалауында орна­ласқан Қосуақ деген елді мекені. Сол за­манда колхоз орталығы болыпты. Бұр­ын­ғы балықшылар қонысы. Оңдасын аға Қосуақта 1941 жылы дүниеге келді. Бас­тау­ыш мектепті ескі Бөгенде бітіреді де, 5-сын­ыптан бастап №20 Бөген мектебінде оқып, онжылдықты жақсы бағамен тә­мам­дайды. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетке деген қызығушылығы басым болған ол сол пәнге ерекше мән береді. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін ағайы Жал­ғас Құрманов зейінді де зерек баланың қаб­ілет-қарымын аң­ғарып, әдебиет әлеміне терең бойлауына жол ашады. Және де оның жазуға деген талабы дәл сол кезде оянады. Өзін қызықтырған тақырыптарға, балалық балдәурен кездегі селт еткізер сезімдері туралы жазған шағын мақалаларын басылымдарға жол­дап отырады.
"Жалғас ағайымдай болсам" деген ар­маны алға жетелеп, мектеп бітірген 1958 жылы Оңдасын аға жолы болып Қызыл­орда қаласындағы Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт Ата) педагогикалық институты­ның филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнында жүріп те жазуын тоқтатпай, газет-журналдарға мақалаларын жариялап тұрады.
1963 жылы қолына дипломын алып, Аманөткелдегі сегізжылдық мектепке мұғалім болып орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Бір жылдан соң қаладағы ірі де іргелі оқу орындарының бірі №177 мектепке ауысады. Шәкірттерін білім нәрі­мен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, олар­дың бойына адамгершілік асыл қаси­еттерді сіңіруде ұстаздың еңбегі зор екені баршамызға аян. Сондықтан да ұстаз әр­дайым қасиетті тұлға болып шәкірттер са­насында қалыптасып қалады ғой. Оңда­сын аға да ұстаздық еңбек жолында биік тұлға болып әрбір оқушының жүрегінен орын ала білді.
Осы мектепте бес жылдай ұстаздық етіп, бала тәрбиелеу рақатына бөлен­ген­імен де, "тілші" болсам деген арманы жүрек түкпірінде әлі күнге бүлкілдеп  жатқан-ды. Сондықтан да 1971 жылы сол кездегі ау­дан­дық "Толқын" газетінің редакторы Мәлік Сәрсенов қызметке шақырғанда, ол еш ойланбастан келісті. Сол кезде редак­цияда еңбек етіп жатқан Сағынжан Ерма­ғамбетов, Омар Әбдуәлиев, Өмірбек Төле­пов, Кеңес Өмірзақов, Ыбырай Әлжанов, Серік Сейітмағамбетов, Аманкелді Өткел­баев сынды қаламы қарымды журналис­термен қызметтес болады. Олардың бәрі де журналистика саласында ысылған, қаламы ұшталған, газеттің бетке ұстар қаймақтары еді ғой.
Алғашында корректорлықтан бастаған ол газет жұмысына әп дегеннен қызу кірі­сіп кетті. Жазуға деген ынтасы мен құл­шы­нысын жоғалтпай, газет бетіне түрлі тақ­ыр­ыптардағы өзін толғандырып жүрген көкей­тесті мәселелер туралы көлемді-көл­емді мақалаларын жариялады. Сөйтіп жар­ты жылда қаламы төселген, жазуға әбден машықтанған маман ретінде өзін танытып, әдеби қызметкерлік сатыға көтерілді.
1973 жылы редакторлық қызметке Са­ғынжан Ермағамбетов келді. Жаңа редактор Оңдасын ағаны өз ісінің нағыз маманы, рухани дүниесі бай, талғам мен ой-өрісі кең жан ретінде жоғары бағалап, 1974 жылы жауап­кершілігі мол қызмет - жауапты хат­шылыққа тағайындайды.
Мен де алғашқы еңбек жолымды осы "Толқын" газетінде бастағанмын. Сондықтан да газет жұмысының қаншалықты қауырт та қиын екенін жақсы білемін. Таңертеңнен кешке дейін күнде қарбалас. Кезекті санды дайындап, баспаханаға басуға жіберіп жат­сақ, іле-шала келесі нөмірге материал дайын­дау кезек күттірмейді. Оның үстіне күнделікті келімді-кетімді адамдар бар. Оларға да көңіл бөліп, әңгімесін тыңдау керек. Осындай сәт­те Оңдасын ағаға таң қалатынмын. Бәріміз, әсіресе тәжірибем аздау, жазу-сызуға әлі төселе қоймаған мен мұрнымыздан шан­шылып, абыр-сабыр болып жатқанымызда, Оңдасын аға кабинетінде тапжылмай отыр­ып, тып-тыныш қана шаруасын бітіре бере­тін. Ара-арасында кабинеттерге кіріп: "Тез­детіңдер, материалдарыңды тапсырыңдар" деп ескертіп кетеді. Кейде басылуға кеткен газет бетіне материал жетіңкіремей жатса, өзі отыра қалып іле-шала әжептәуір мақала жазып беріп, дер уақытында осындай ты­ғырықтан да алып шығатын. Әп-сәтте фак­тіні қайдан алды, неге сүйеніп жазды, оны ешкім білмейтін. Ағаның осындай шапшаң­дығы мен жеделдігіне тәнті болатынмын.
Әр аптаның басында газеттің кезекті сан­ын талқылайтын лездеме болады. Лезде­меде әрбір жазылған материалдар талқыла­нады. Талқылау барысында Оңдасын аға бет-жүзің демей кім-кімге болса да: "Мы­науың дұрыс емес, мына жерде не жазып қойғансың! Мынандай тақырып бола ма екен? Жазған мақалаң тақырыпқа сай емес" деп өзінің тура пікірлерін ашық айтып, сы­наудан тайсалмайтын. Онысына ешкім рен­жімейтін де. Себебі сол жерде отырғандар­дың бәрі Оңдасын ағаның тік мінезі мен айтуы керек сөзін іркілмей айта салатын қасиетін жақсы біледі. Менің өзім ағаның талай сынына түскенмін. "Сын түзелмей, мін түзелмес" дегендей, ағаның осындай сын­дарынан нәтиже шығаруға, жазған мақа­лаларымды қайта-қайта қарап, түзе­туге тырсатынмын.
Еңбек тәртібін де осы кісіден үйренуге болатындай еді. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтады. Мен де кейде бәрінен бұрын жұм­ысқа ерте келе қалсам, кабинетінде ал­дын­да жаюлы жатқан қағаздарға үңіліп, не шұқшия қалам сүйкеп отырған Оңдасын ағаны көріп: "Мына кісі таң сәресінен келіп алған ба? Әлде осында түнеген бе?" деп таң­қалатынмын. Бұл да бір ағаның өз ісіне деген адалдығы болар.
Оңдасын аға редакцияның "бас штабы" аталатын жауапты хатшылық қызметті тапжылмастан 14 жыл атқарды. Әрине, еселі еңбегі ескерусіз қалмады. Әр жылдары атаулы күндері Алғыс хаттармен, мақтау, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Және де "Арал тағдыры - адам тағдыры" айдарымын жазған циклді мақаласы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы­ның лауреаты атанды. Бұл да болса ағаның еңбегіне берілген әділ баға деп білемін.
1988 жылы Оңдасын аға сенім артылып баспахананың директорлығы қызметіне бекітілді. Сонда мен: "Газет қызметкері қалай баспахана директоры бола алады? Оның есеп-қисабы бар дегендей" деп ойланып қал­ғанмын. Сөйтсем Оңдасын ағаның қолынан бәрі келеді екен. "Бесаспап" дей ме қазақта, аға нағыз соның өзі болды. Онысын көп ұзамай дәлелдеді де.
Білген адамға баспахана - баспасөздің ажырамас бір бөлігі саналады. Редакция мен баспахананың тіршілігі бір қазанда қайнап жатады және ұстанған бағыты да бір. Ол кезде қазіргідей заманауи технология жоқ, әлі дамымаған. Материалды теру, оны қор­ғасынға құю, газетті беттеу, басып шығару - бәрі-бәрі баспахана қызметкерлерінің қолымен атқарылады. Техниканың аты тех­ника емес пе, кейде аяқастынан істен шы­ғады. Ал жұмыс тоқтамау керек, газет өз уақытысында басылып шығуы тиіс. Осын­дайда Оңдасын аға күн-түн демей басы-қасында болып, қалайда техниканы қал­пына келтіріп, іске қосуға жанталасады. Қосалқы бөлшектер де таптырмайтын ол заманда. Соның өзін ана жер, мына жерден құрастырып, әйтеуір бір жолын табатын.
Қарамағындағы жұмысшыларға да қатаң да қатал болды. Олардың уақытынан кешікпей жұмысқа келуін, себесіз жұмыстан қалмауын, өз ісіне жауапкершілікпен қа­рауын, әрбір жұмыстың тиянақты атқары­луын талап етті. Әрине, басшы болған соң солай болуы да керек шығар. Қаталдық де­ген - ол тәртіп қой. Осы қағиданы ұстанған аға дегенмен қажетті жерінде жұмсақ та бола білетін. Жұмысшылардың жағдайына түсі­ністікпен қарайтын. Көмек керек кезде қол ұшын беруден тартынбайды. Сөз көмегін де аямайды.
Баспахана жұмысын да абыроймен ат­қарған Оңдасын аға 1996 жылы 55 жасында зейнетке шықты. Сол кездегі аудан әкімі Алашыбай Баймырзаевтың: "Оңдеке, әрі қарай қызметіңізді жалғастыра беріңіз" дегеніне көнбеді, бас тартты.
2003 жылы Оңдасын аға жан жары Бал­жан апаның денсаулығына байланысты Тараз қаласына қоныс аударды. Мен де сол жылы жұмыс бабымен сонда ауыстым. Жат қала, не туыс, не жақының жоқ. Өзімді ай­да­­лада жалғыз қалғандай сезініп жүргенмін. Оңдасын ағаның Таразда екенін есітіп, бір ту­ысым табылғандай қуанып қалдым. Ағаны сонау 1996 жылдан бері, яғни жеті жыл болыпты көрмегелі. Орайы келіп, кездесудің сәтін салды. Кездескен сәтіміз әлі есімде. Есіктен құшағын жая күлімсірей кіріп келгенде, қатаң да қатал, анау-мы­науға маңдайы жіпси қоймайтын және та­лапшыл да талғампаз ағаның осынау жай­дары да, жарқын мінезін көріп алғашында тосылып қалғаным рас. Екеуміз ұзақ әң­гімелестік, сырластық. Мінезі әлдеқайда жұмсарыпты. Осыдан кейін ара-қатына­сы­мыз өте жақсы болды. Шақырып та, шақ­ыр­май да үйіне барып тұрдым. Есіктен кір­геннен алдымнан күлімдей шығатын аға: "Әй, кемпір-ау, Нұрдың сәулесі келді ғой (мені солай атайтын), шай қой" деп балаша қуанып, төргі бөлмеге бастайды. Балжан апа да кәпелімде дастарқанын жайнатып, сүт қатқан қою шайын әкеледі. Апаның сол жағын ала бере жантаятын аға шайын ұрт­тап-ұртап қойып ұзын-сонар әңгіменің жел­ісін ағытады. Әсіресе, өткен-кеткенді еске алғанды тәуір көреді. "Нұрдың сәулесі-ау, сол жерде солай болып еді ғой, есіңде ме?" деп "Толқында" істеп жүрген кезден бір әңгіменің ұштығын шығарады да, қош­тағанымды күткендей назарын маған ауда­рады. Әрине, ол кездегінің көбісі есте қал­маса да ағаның көңілі үшін: "Иә, аға, солай еді" деп қоямын. Өнегелі, ұлағатты әңгіме­лерді жақсы айтады. Көп оқитын. Және де оқыған кітабының оқиға желісін баяндап бергенді ұнататын. "Оқығаныңды біреуге айтып берсең, есте жақсы сақталады" деп отыратын. Маған ақылшы аға да бола білді. Жұмыс барысында түсінбеген, білмеген нәрсемді сұраймын. Білмегенімді білдіріп, түсінбегенімді түсіндіруден еш жалықпай­ды.
Қайбір жылдары Аралға қайтып кел­генімде де ағамен байланысымыз үзілген жоқ. Әрдайым телефон арқылы хабарла­сып, бір-біріміздің амандығымызды біліп тұрамыз.
Өсіп-өндірген ұрпағының бойына ұлт­тық салт-сананы сіңіріп, ұлын иманды­лыққа, қызын инабаттылыққа тәрбиелеген жанның шаңырағы әрдайым береке мен бірлікке құрылады емес пе. Міне, Оңдасын аға да ұлдары мен қызын осындай үлгі-өне­гемен өсірді. Оқытты, білімді етті. Олар болса бір-бір шаңырақ болып, өз алдарына отау тікті, әке ұрпағын көбейтті. Балалар­ының үлкені Абай 2020 жылдан бері Ақ­төбе қаласында алғаш ашылған қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде музыка пәнінен сабақ береді. Лаурасы Таразда бала­бақшада тәрбиешісі, Арайы Аралда ең­бек етуде, ал сүт кенжелері Олжасы Тараз­дағы "Білім-инновация" лицейі декан­ының орынбасары.

Қазіргі таңда Оңдасын аға мен өмірлік жары Балжан апа өздерінен өр­ген үрім-бұтақтары мен немере-шөбере­лерінің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже.
Бүгінде Оңдасын аға имандылық жол­ына бет бұрған тақуа адам. Бес уақыт на­мазын үзбей, үйінің жанынан салынған үш қабатты Хазіреті Әли атындағы мешітке жамағатпен бірге барып, құлшылық етіп тұрады. Бұл Алланың үйі оның екінші үйіне айналғандай.
Міне, мен білетін Оңдасын аға Бек­тұрғанов осындай жан.
Әулетінің бәйтерегі, балаларының ас­қар таудай қамқоршысы, немерелерінің абыз атасы жақында 80 жасқа толды. Сек­сеннің сеңгіріне шыққан жасыңыз құтты болсын, аға!
Нұрсәуле КЕНЖЕБАЕВА,

Арал қаласы


22 ақпан 2021 ж. 544 0