Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың сері ақыны (Марқұм Серік досым туралы үзік сырлар)

Аралдың сері ақыны (Марқұм Серік досым туралы үзік сырлар)

Мен бүгін кешегі өткен асыл досым Серік туралы сағынышпен қолыма қалам ұстап ой тербетіп отырмын. Қайран, Серік, жалғыз менің емес, барша халықтың досы еді ғой.
Осындайда әкемнің айтқан «Балам, күндікшіл мың қарғамен дос болғанша, өмірлік бір сұңқармен дос бол! Жазатайым басыңа қиындық іс түсе қалса ана «күндікшіл» достарың бәрін ұмытып бет-бетіне ұшып кетеді де, ал өмірлік «сұңқар» досың жаныңда қалады, қиындықты бірге көтеріп» – деген ақыл-өсиеті еске түседі. Әке өсиеттерін жадыма ұстап, ұран етіп өскен менің де саусақпен санарлықтай екі-үш рухани «сұңқар» достарым болды. Соның бірі – Аралдың сегіз қырлы, бір сырлы сері ақыны, марқұм Серік Сейітмағанбетов еді.
Әрине, «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген кім-көрінгенге балап жапсыра беретін оңай сөз емес. Серік сынды мыңнан бір сұңқарға айтылатын қастерлі сөз! Ал енді Серіктің сегіз қырын айтатын болсақ, ол асқақ ақын, қарымды журналист, сындарлы сыншы, табанда суырып-салма жыр мен тапқыр сөздің шебері (егер шын машықтанса нағыз ақтаңгер айтыс ақыны болар еді). Атақты халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев сахнаның сардары болса, Серік күнделікті өмір сахнасының сардары болды. Сондай-ақ адамды кім екенін бір көргеннен танитын мықты психолог, жүрегі «Туған жерім, Аралым!» деп соққан патриот болды.
Ал бір сырлылығы шындық пен адалдық жолында «Арымнан жаным садаға!» дейтін ақберен азаматтығы еді.
Мен Серікпен бұрын баспасөздер арқылы таныс болғаныммен, шын бетпе-бет танысып дос болғанымыз 1969 жылдан басталды.
Осы жылы сегіз жылдық мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген ол аудандық «Толқын» газетінің редакторы Мәлік Сәрсеновтың арнайы шақыруымен осы газеттің әдеби қызметкері болып келген екен. Ол кезде редакцияға өлеңдерімді, әндерімді ұсынып жиі барып тұрамын. Серікпен арнайы барып таныстым. Адамды өзіне баурап алатын ерекше қасиеті бар, орта бойлы, ақсары жүзді, өзі де, көзі де күлімдеп тұратын ақжайлау жігіт екен. Байқап сөйлемесең жарасымды өткір сөзбен іліп түсетін қырғи тілді екені байқалады. Өзі менімен түйедей құрдас болып шықты. Танысып, білістік. Артынша Серік келіншегі Күләймен Сәтпаев көшесіндегі екі қабат үйдің пәтеріне көшіп келді. Ол кезде Базар екеуміз үш жасар қызымыз Сәнирамен Сәтпаев көшесіне жапсарлас 50 жылдық ВЛКСМ көшесіндегі үйдің пәтерінде тұратынбыз. Содан бастап араласып, дәмдес болып таныстығымыз тұрмыстық, шығармашылық достыққа айналып жүре берді. Күләй да біздің Базар сияқты өнер мен әдебиетке өте жақын, дастарханы кең, қонақжай, ақжарқын жан болып шықты. Ол кезде біздің де, олардың үйіне де жан-жақтан, әсіресе, өнер, әдебиет адамдары көп келетін.
* * *
Серікті халық әуелі асқақ ақын ретінде таныды. Оның бойындағы сан қырлы қабілеттері ақындық қырынан бастау алып сабақтасып отырады. Ал ақындығы айдынды Арал Теңіз-анасынан бастау алған сияқты. Оның бұл қасиетін жас кезінде жазған алғашқы «Теңіз» атты жырынан білуге болады:
Айқара ашып пердесін түннің,
Күн жиектен келеді суыт.
Бір сәтке теңіз алмайсың тыным,
Толқынды толқын кетеді қуып.
Жас төлді қуған баладай бейне,
Шағала суға қанатын жуып.
Шаттанып биік, самғайды кейде,
Аспандап сонау шабытым буып.
Оның ұлы теңізден бастау алған ақындық қасиетімен сабақтасып шыққан сан қырларының бірі – қарымды журналистігі «Толқын» газетінде қызмет істей бастағаннан көріне бастады. Әр түрлі тақырыпта жазған мақала, очерктерін қалың оқырман сүйсіне оқып, бағасын, мүддесін тауып жатты. Әсіресе, еліміздің байлығын жасап жатқан батыр балықшылар мен малшылардың ерен еңбектерін паш еткен мазмұнды мақала, очерктері аудандық, облыстық баспасөздерде жарияланып, ауданның мерейін көтеруге үн қосып отырды.
Сонымен бірге газеттен «Қармақ» атты сын-сықақ бетін ашып, онда ауданымыздағы кейбір мекеменің жұмыс кемшіліктері мен қала көшелерінің тазалық мәселелерін сынға алып, олардың жақсы жолға қойылуына өз ықпалын тигізді. Жас талант пен талапкерлер үшін ашылған әдебиет бетінде олардың шығармаларын талдап-таңдап жариялап, жарқын болашақтарына бағыт-бағдар беріп отырды. Кейін Теңіз-анамыз қайтқанда жаны ауырып жазған мақала, өлеңдерімен патриот азаматтығын танытты. Cерік әсіресе елімізде, ауданымызда болып жатқан рухани жаңа жарқын істердің жаршысы болды. Солардың ішінде менің және отбасылық ансамблімнің шығармашылық жетістіктерімізді баспасөздерге «аудан, облысымыздың мақтанышы», деп жазып шабытымызға шабыт қосып отырды. Қызылорда, Алматы, Мәскеу қалаларында өткен Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларында қатысып өнер көрсетіп жатқан біздің отбасылық ансамбліміздің жетістіктерін телефон арқылы сөйлесіп, халықтан сүйінші сұрап «Толқын» газетіне хабарлап жататын. Бұл арада «Толқыннан» бастап облыстық «Ленин жолы», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне дейін жазған бір ғана «Теңіздің өз перзенті» атты әңгіме-очеркін айтсақ та жеткілікті.
Біз Серікті суырып-салма ақын, табанда тапқыр сөздің шебері дедік. Жалпы бір ауыз жырмен немесе сөзбен жұртты қуанышты күлкіге бөлейтін ортаның көркі, серісі, бір сөзбен айтқанда күнделікті өмір сахнасының сардары болды.
Бір жылы 8 наурыз әйелдер мерекесі күні қонақта отырғанымызда келіншегім Базардың шырқаған әніне риза болған Серіктің табанда жазып берген мына бір жыр шумағы төрімізде әлі сақтаулы тұр.
Өмірді дәл осылай өткізе бер,
Бетіңді сұлу нұрға өпкізе бер.
Өнердің жалт-жұлт еткен бір жұлдызы,
Мұратты мұратына жеткізе бер!
Иә айтқан тілегі келді. Киелі өнердің биігіне шығып, мұратымызға жеткендей болдық.
Ал, сері ақынның сүйікті жұбайы Күләй бірінен-соң бірі бес қыз туып Серікті қуанышқа қарық қылып жатты. Әр қызына жыр арнап ерекше мәпелеп өсірді. Дегенмен, қырықтан асып елуге жақындаған сайын бір мұрагер ұлдың болуын Алладан тілей берді. Бір күні Серік: «Сүйінші, біздің Күләй ұл туды!» – деп перзентханадан айқайлап телефон соғып тұр. Біз де асығыс перзентханаға жетіп барсақ, Серік бір топ ағайын, жолдастарымен тұр екен. Бара Серікті құшақтап, құттықтап жатырмыз. Ақкөңіл Базар «Әй, Серік, шын ба Күләйдің ұл туғаны?» – дегенде, «Немене қыз шыққан жерден ұл шықпайды деп кім айтты саған. Мына қошқарың сау болсын!» – деп кеудесін кере төсін соғып айнала тұрғандарды ду күлдірді.
Серік пен Күләй көп жылғы армандап жеткен ұлдарының атын Асқар деп қойып тамаша той жасады. Іле-шала «Асқарым – арманым!» деген жыры дүниеге келді.
Сері Серік осындай уытты тапқыр сөздерімен кейбір оғаш мінезді адамдарды да жөнге келтіріп қоятын. Бір күні орталық емхананың ұзын тар дәлізіндегі орындықта рентгеннен өтуге кезек күтіп отырғанбыз. Көзіне табақтай қара көзілдірік киген бір жігіт тар дәлізде алдымыздан мені көрдіңдер ме дегендей қайта-қайта ары-бері жүріп өте берді. Тағы бір өте бергенде Серік: «Мұрат-ау, көзіндегі очкиі әйелдікі, мына жігіт қай елдікі?» деп саңқ етті. Сонда жаңағы жігіт қалт тоқтап, жалма-жан көзілдірігін алып: «Ассалаумағалейкум, ағалар! Кешіріңіздер байқамай жатырмын» – деп иіліп келіп сәлем беріп қолымыздан алды. Реті келсе мұндай тапқыр жарасымды әзілдерді туыс, дос демей сарт еткізетін.
Біздер Сыдықовтар отбасылық ансамблімізбен 1988 жылдың тамыз айының 11-18 күндері Мәскеуде өткен I Халықаралық фольклорлық өнер фестивалінде өнер көрсетіп қорытындысында Лауреат атанып туған жерге үлкен табыспен оралдық. Қуанышымызды тездетіп халыққа жеткізу мақсатында қобызшы інім Тәжібай екеуіміз жұмыстың соңын ала «Толқын» редакциясына тарттық. Әуелі редактор Ермағанбетов Сағынжанға сәлем беріп, сосын Серіктің кабинетіне асығып кірдік. Келе Серікпен құшақтасып болғаннан кейін көрген қызықтарымызды, жетістіктерімізді асығыс-үсігіс айтып жатырмыз кезек-кезек сөз бермей. «Арбатта бірнеше концерт беріп теледидарға түстік. «Жасыл алаңда», Коломенск музей қорығында», М.Горький паркінде концерттер беріп теледидарға түстік. Соңында атақты «Колонналы залдағы» қорытынды концертке қатысып орталық теледидарға түстік. Қытай, француз, ағылшын өнерпаздарымен суретке түстік. Тағы орталық газет, журналдарға...» – деп шұбырта бергенімізде шыдамаған Серік: «Ойпырмай, түспеген жерлерің қалмаған екен. Осыншама қуаныштан ішіп қойып... айықтырғышқа да түскен жоқсыңдар ма?!» – дегенде біз Тәжібай екеуіміз де сасқалақтап жоқ, жоқ – деп әзер басылдық. Біздің асып-сасып тоқтағанымызға рахаттана күлген Серік жарайсыңдар жігіттер, Халықаралық жеңістерің құтты болсын! Бұл жеңіс ауданымыз қалды еліміз үшін зор мәртебе, қуаныш. Ал енді бұл қуанышты жумаймыз ба жақсылап... – деп бізге қуақылана қарады.
Біз құп, Сәке, мынау басы, Астанадан сәлемдеме, ал үлкен жалғасы ертең үйде тойланады – деп Мәскеудің екі айрықшасын сөмкемізден суырып алдық.
«Міне, жігіттің биік өресі, осындай болар төресі!» – деп ол тағы рахаттана күлді...
Асылы Серіктің өн бойы, іс-қимылы, тіпті күлкісі де жырлап тұрғандай әсер ететін. Алайда ұстазы дауылпаз ақын Зейнолла Шүкіров сенім артқан қайран Серік, көп уақытын жоғалтып алды. Оған денсаулығының нашарлығы, қолдың қысқалығы, атадан жалғыздығы да кедергі келтірді ме деймін?!
Кейде шығармашылығы туралы сыр тартсаң «Мен өспеймін, себебі қырғызбын. Бірақ өшпеймін, өйткені мен Серік Сейітмағанбетовпін» – деп шынайы әзілге жеңдіретін.
Ол аштығын да, тоқтығын да білдірмейтін бөрі мінезді нағыз оптимист, фанатик, патриот болды. Ол адалдық пен шындықты ту етіп айнала қоршаған өмірді, елді, досты өзінің таза, пәк жүрегіндей көріп құштарлықпен сүйіп өтті.
Мысалы, кейбір солақай шенеуніктердің теріс іс-әрекеттеріне ренжіген маған арнаған «Мұрат Сыдықов досыма» деген мына бір жырын оқып көрейікші:
Замандастардың көңіліне гүл еккен,
Мұрат досым-ау, өте орынды ғой бұл өкпең.
Расында да, өмір сүргенге не жетсін,
Ақындық адал, күйшілік таза жүрекпен.

Қоя бер алға, шабыттың тартпа ат басын,
Нысана қылып өнердің Мекке қақпасын.
Тұрайық дәйім кемпірқосаққа тәнті боп,
Біздерді тағдыр найзағайлардан сақтасын.

Көрсеткен маған ақ көңіл деген сыйың ем,
Ақ қардай аппақ адалдықтарға сүйінем.
Мен қуантайын елімді отты өлеңмен,
Сен қуантшы елді симфониядай күйіңмен.

Жырменен, әнмен өмір сүрейік осылай,
(Мендегі, шіркін, көңілдің бүгін хошын-ай.)
Тасу да бізге, жасу да бізге лайық,
Өмірді сүйген, өнерді сүйген досым-ай.
Паһ, шіркін! Туған елге, өмірге, досқа деген мұнан артық адалдық, мұнан артық сүйіспеншілік болар ма?!
Нұрлы өмірге деген осыншама құштар қайран Серік өзінің қысқалау ғұмырының таусылар уақытын сезді ме, 49 – мүшелі жасының соңында мына бір жыр шумағын жазып қалдырған екен:
Расын айтсам шаршадым,
Сыр берді-ау әл-дәрменім.
Атар таң сені аңсадым,
Айтарым саған бар менің.

Қуантып дәйім елімді,
Ақ сәулеңді төге бер.
Ендігі менің демімді,
Жырларыма бере гөр!
Ақыры ізінен қалмай ұзақ аңдыған «ажал» жау алмай қоймады. Кененді, кемелді елудің ерулі атына енді мінемін дегенде 1990 жылдың қаңтар айының 26 жұлдызында ұзақ ауыр науқастан көз алдымызда қабырғамызды қайыстыра қош айтысып, мәңгілік сапарға аттанып жүре берді.
Өзінің соңғы жырында жазғандай әлі де айтары да, жазары да көп еді. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» деген ғой.
Алайда, шүкір Аллаға! Ендігі қалған дем-өмірін жырларына, ұрпақтарына берді.
Үлкен қызы Анар тұрмыста, Шымкент қаласында тұрады. Үлкен қазақ орта мектебінің бастауыш сыныптарының мұғалімі. Толқыны – Арал емханасында есепші болып қызмет етеді. Ал Серіктің ақындық дарыны дарыған кіші қызы Мәдина Алматыда ақпараттық қызметте. «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторының орынбасары, қарымды журналист. Өлең-жырлары «Толқын» газетінен бастау алып облыстық, республикалық баспасөздерде жарияланып келе жатқан ақын. Ал Сәкеңнің сүт кенжесі – Асқары өзінің қалауымен оқыған салада, «Алматы-Ақтөбе» темір жолының қызметкері. Ширек ғасыр бірге отасқан жан-жары Күләй ана ұрпақтарына жол-жоба көрсетіп, тілеулерін тілеп ұйытқысы болып отыр. Қай кезде барсаң да сүйікті Серігінің өлең-жырларын жатқа айтып, оның өнегелі істерін әңгімелеп отырады. Иә, өзінікінен өзгенікін көп ойлап, қысқа да, нұсқа тәлімді өмірін «туған жерім, елім» деп өткізген айбынды Аралдың «сегіз қырлы, бір сырлы» сері ақыны, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Серік Сейітмағанбетов туралы мен білетін сағынышты кейбір үзік сырлар осы еді.
Енді сөз соңында айтарым, біздер – қазақ елі ғасырлар бойы күресіп, армандаған қасиетті Тәуелсіздігімізді алғанымызға міне 20 жылдан асып барады. Осыншама уақыт ішінде қаншама туған елге еңбегі сіңген белгілі адамдарды ұлықтап, көшелерге есімдерін беріп жатырмыз. Ал, Серік Сейітмағанбетовке жергілікті басшы орындардан қандай тәлімді іс-шаралар жасалды? Ешнәрсе жасалған жоқ. Тіпті ұмытылып бара жатқандай. Тек дос, жолдастары жағынан жасалған төмендегідей біржар жарқын істері болмаса.
1990 жылдың желтоқсан айының 5 жұлдызында Серік Сейітмағанбетовтың 50 жылдық құрметіне автордың «Ендігі менің демімді, жырларыма бере гөр!» жырының тақырыбымен сценарийін өзім жазып, жұбайым Базар екеуіміз жан-жақты ұйымдастырып, аудан жұртшылығына шығармашылық, әдеби-музыкалық жыр кешін өткізіп беріп көпшіліктің алғысын алдық.
1998 жылы Алматы «Қазақ елі» баспасынан Серіктің замандас, қаламдас досы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Атабай Қылышбайұлы ақынның «Асқарым – арманым» атты жыр жинағын шығарып үлкен азаматтық іс жасады.
2011 жылы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жергілікті азамат Назарханов Мараттың еңбегімен Алматыдан «Бекбауылым – текті ауылым» атты ауыл көлемінен шыққан Серік бастаған белгілі ақын-жазушылардың, жыраулардың, жас талапкерлердің шығармашылық жинағын шығарды. Ондағы кіріспеде белгілі ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Жетіскен Мәкеналы: «Дәріқұл жырау – Сыр сүлейі Нұртуғанның аса талантты шәкірті болса, Серік Сейітмағанбетов қазақтың белгілі ақындарының қатарына кіреді» деген екен.
Біз, аз да болса осынау жарқын істерді көңілімізге медеу тұтқандай болдық. Дегенмен, ана бір жылдары аудандық ономастикалық комиссия Серік Сейітмағанбетовтың атына қаладан бір көше беріледі деп көпшілікті қуантқандай болған. Бірақ аяқсыз қалды.
Ендігі жоғары басшы орындар осы тағылымды істі баянды қылса ел-жұрт, ұрпақтар, қалды Сәкеңнің әруағы риза болар еді.
Мұрат СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі,
Арал ауданының Құрметті азаматы

20 желтоқсан 2022 ж. 1 381 0