Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ажалды жеңген жігер

Ажалды жеңген жігер

Сыныптасым Жұлдызды көрмегеніме талай уақыт болыпты. Кезінде мектепті жақсы оқыды. 9 сыныптан соң колледжге оқуға түсті. Ал біз 11-ге қалдық. Кейін мектеп бітірген соң, біз де сол қалаға барып оқыдық. Ол кезде Жұлдыз колледждің соңғы курсында оқитын. Жиі кездесіп, саябақта қыдырып, дүкен аралап тұратынбыз. Өзі білімді, ақылды, ақкөңіл қыз еді. Ата-әжесінің бауырында өскен. Туған әке-шешесін аға, жеңге деп атайтын. Артық қылығы жоқ тәртіпті болды. Адамдарға жақсылық жасағысы келіп тұратын. Тіпті өзіміз тиыннан тиын құрап жүрген студент болсақ та, көшедегі қайыр тілеп отырғандарға соңғы ақшасын беруге әзір еді. Бірақ байғұс қыз өмірдің тауқыметін де бір кісідей тартты. 10 жылдан соң бүгін басқосып, сырласып, бір шер тарқатып алдық.
Колледжді бітірген соң ол жоғары оқу орнын оқимын деп Алматыға аттанды. Алып шаһардағы аты әйгілі университетке грант негізінде мамандығы бойынша оқуға түсті. Кейін магистратурасын оқыды. Бұл кезде біз диплом алып, жұмысқа орналасып, отбасылы болғанбыз. Сыныптағы қыздардың бір-жары ғана бойдақ. Солардың қатарында Жұлдыз да бар. Әзілдесіп "той қашан" деп жиі сұраймыз. Жұлдыз сүйген жігіті барын, жақында тұрмысқа шығайын деп жатқанын айтып қуантып қояды. Бірде бізге суық хабар жетті. Бұл кезде Жұлдызбен хабарласып, қолдау көрсете алмадық. Ылғи телефоны өшірулі болды. Ешкіммен сөйлескісі келмеді.
– Өмірден түңілдім. Мен үшін соңғы сағаттар соғылып жатқандай болды. Өзімнің емі жоқ айықпас дертке шалдыққанымды естігенде мына өмірдің тым тәтті екендігін сезіндім. Жақындарым жылап, мені емдетпек болса да бас тарттым. Бәрібір өлетін болсам, оларды шығынға батырмай кетейін дедім. Біржола ана өмірге өзімді дайындадым. Намазға жығылдым. Бұл кез менің өмірімдегі ең ауыр кезең болды. Ата-анам, жақындарыма да оңай болған жоқ. Олар да күн сайын көз алдымда шөгіп бара жатты.
– Ол ойыңнан айнып, жазылдың ғой. Бұған не себеп болды?– дедім мен.
– Есіңде ме, мен жақында тұрмысқа шығамын деп айтып жүрдім ғой.
– Иә, айтпақшы сол жігіт қайда?
– Ой, сұрама, бәлкім, Тәңір маған адамдардың арамдығын тану үшін сынақ ретінде осы ауруды жіберген шығар. Дәрігерден ауруым туралы білгенде есеңгіреп қалдым. Бәрінен де қиыны мен білмей көп жүріп қалыппын. Жөтеліп жүрдім. Көкірек тұсым шаншыды, мұны салқын тигеннің әсері болар дедім. Сөйтсем өкпеге түскен құрт білдірмей жей береді екен ғой. Не керек, төртінші деңгейде тұрмын. Мұндайдан мыңның бірі ғана аман қалады. Сол сәтте жігітіме жылап отырып бар шындықты айттым. Оның қолдауы керек болды. Бұл хабарға ол да есеңгіреп қалды. Екі жақтың ата-анасы біздің қарым-қатынасымыздан хабардар еді. Жазда той жасаймыз, үйленеміз деп жүргенбіз. Мен басымнан ауыр кезеңдерді өткеріп жаттым. Мен ғана емес, менің жақындарым да менімен бірге қиналды. Бар-жоғы 22 жасымда өлерімді ойлағанда, өкініш өзегімді кернеді.Әлі істемеген талай ісім қалды ғой деп жыладым. Не көрдім, не тұрмысқа шықпадым, не бала таппадым. Өмірге босқа келіп, босқа кетемін бе, дедім. Әлгі жігітім хабарласуын азайтты. Бірде саябаққа кездесуге шақырды.
– Бәрінің осындай болғаны өкінішті әрине. Бірге боламыз деп, бірге армандап, үйленеміз деп едік. Бірақ сен ауру болып шықтың. Енді кешір мені, сенің өлетін күніңді тосып, уақытымды босқа өткізгім келмейді. Ата-анам "бізге ауру келін керек емес. Түбі өлетін болса басыңды кірлетіп үйленбе. Ол саған ұрпақ та сыйлай алмайтын шығар. Ауру әйелден дені сау бала тумас" деді. Қысқасы, артық проблема керек емес деп отыр. Мен үйдің жалғыз баласымын. Сондықтан олардың сөзінен асып кете алмаймын, – деді.
Мәссаған, керек болса дегендей. Бұл маған тағы бір соққы болды. Өзімді керексіз қалғандай сезіндім. Жыладым, сықтадым. Әр күні ұйқыдан оянғанда «Шынымен ояндым ба? Әлде о дүниедемін бе?» деп ойланып қалып барып ес жиятынмын. Бірде кенеттен күш пайда болды. «Мен неге бәріне оңай беріле салуым керек. Жоқ, әлім келгенше күресемін. Сосын арғысын көрермін. Мені аурусың деп тастап кетті ғой жар жолдан. Әлі көреміз. Осы ісіңе сені өкіндіретін боламын» дедім. Осылай ем қабылдай бастадым. Сол кезде салмағым 35 келіге дейін арықтап кеттім. Химиядан кейін шаштарым түсе бастады. Шашты сыпырып, тақыр етіп алып тастадым. Әр емнен соң қиналып, әлсіреп қаламын. Отандық дәрігерлер қолдан келген көмекті аяған жоқ. Содан бірде дәрігерім маған шетелде арнайы тапсырыспен жасалатын дәрі туралы айтты. Бірақ ол айтарлықтай қымбат тұрады екен. Оны алуға осы кезге дейінгі еміме бар қаражатын сарп еткен жақындарымның шамасы жетпесін түсіндім. Сосын әлеуметтік желі арқылы ауруым туралы айтып, еміме қайырымдылық көмек жинай бастадым. Жомарт, мейірімді жандар көп екен. Күн сайын есепшотыма бейтаныс жандардан қаржылар түсе бастады. Осылай бір-екі аптаның ішінде керек ақша жиналып, әлгі дәріні алдым. Маған оң нәтиже бере бастады. Сосын ауруханадағы емді тоқтатып, мал ауылда бір апта жатып саумал іштім. Не керек, мен жазыла бастадым. Баяғы ажалға бет алған пәтім қайтып, жаңаша армандадым. Алдымнан жаңа есіктер ашылды. Бір жылда не керек жаман аурудың бойымда жұрнағы да қалған жоқ. Сосын әлемді аралаймын деп шештім. Жаңа жұмысқа орналастым. Өзімнің денсаулығымды күттім. Қазір біршама шет мемлекеттерде болып қайттым.
– Әлгі жігіт сонымен жоқ болды ма? – деп сұрадым тағы да оның махаббат хикаясының қалай біткенін білгім келіп.
– Иә, сол кездесуден кейін оны көрген жоқпын. Жақында ортақ таныстардан естідім. Үйленген екен. Әйелі бала көтере алмай анда-мында емдетіпті. Сөйтсе бар кінә жігіттен болып шығып, келіншегі кетіп қалыпты. Енді өзінің белсіз екендігін біліп, ұрпақ сүйе алмайтынын түсініп, өмірден баз кешіп жүр дейді. Менің бір түсінгенім, адамның баға жетпес байлығы денсаулық екен. Денің сау ма, түнде тыныш ұйықтап, таңда күліп ояндың ба? Онда сен ең бай, ең бақытты адамсың. Жақында бір әңгіме естідім, әлемдегі ең бай адам 97 жаста дейді. Ол адам сенің орныңда болу үшін бар байлығын беруге бар. Ал сен онымен орын алмастырып бай болғың келе ме? Ойлантатын сұрақ.
Құрбымның әңгімесін тыңдап отырып бір жыладым, бір қуандым. Аурумен Алладан келген сынақ оның өмірінің арнасын жақсы жаққа бұрды. Қазір денсаулығы жақсы. Жуырда тұрмысқа шықты. Сәбиін күтіп жүр. Бір түсінгенім, басыңа сынақ түскен шақта жаныңдағылардың кім екенін таниды екенсің. Кейбіреулердің бетпердесі шешіледі. Әлгі Жұлдыздың алғашқы махаббаты сияқты. Кейбір алыс сыйластарың жақыныңа айналады. Неде болса жалған өмірде жақын деп таныған адамға жанашыр болғанға не жетсін?!
Н. МАРАТҚЫЗЫ
21 қаңтар 2023 ж. 662 0