Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ендігі менің демімді жырларыма бере гөр!

Ендігі менің демімді жырларыма бере гөр!

Расын айтсам, шаршадым,Сыр берді-ау әл-дәрменім.Атар таң, сені аңсадым,
Айтарым саған бар менің.
Қуантып дәйім елімді,
Ақ сәулеңді төге бер.
Ендігі менің демімді,
Жырларыма бере гөр!
Бұл – әкемнің көзі тірісінде жазған соңғы өлеңдерінің бірі. Өткінші дүниеге қош айтып, мәңгілік мекеніне аттанып кеткеніне де мына қаңтар айында 33 жыл толып отыр. 1990 жыл... Әкем жаңа жыл иесін – өзі дүниеге келген Жылқы жылын сәулелі үмітпен қарсы алған еді.
Тірілгендей Құлагер,
Ақын жүрек толғайды, ә.
Жылқы жылы туған ер,
Самғар жылың болғай да! – деп толғанған болатын.
«Жылқы жылы келгенде» атты бұл өлеңі республикалық, облыстық газеттердің бірінші бетіне жарқ етіп шыққан еді. Алайда тағдыр әкемді көп арманына жеткізбеді. Кәрі қатты, демі заһар қаңтар айының 26-шы күнінде ортамыздан жұлып әкетті. Небары 48 жасында.
Бір апта ауруханада жатты. Сосын дәрігерлердің қарсылығына қарамастан үйге шықты. Келе сала бірден өзінің «Толқынын» – сүйікті ұжымын шақыртты. Бір ауыз сөз айтпай, төсегінде бәріне ұзааақ қарап жатқаны әлі көз алдымда. Одан кейін ағайын-туыстар, дос-жарандары келді. Барлығымен үнсіз қоштасып кетті. Демі үзілер күні тілге келіп, молда алдыртты. Үнсіз жатқан әкем бір сәтте молданы жанына шақырып, аяттар оқуын сұрапты. Және молданың оқығанын мүдірмей, жаңылмай қайталаумен болыпты. Әлгі кісі әкемнің жадына қатты таңғалған көрінеді. «Кей адамдар арабша сөздерді кітаптан оқығанның өзінде тілі келмей қиналып қалады. Мына баланың көкірегіне Алла сәуле құйып қойған екен» деп.
Тағы бір уақытта әкем жанына жалғыз апасы Күләшті шақырып, «Сен жылай бермей, менің көзім мен аузыма қарап отыр» деп тапсырыпты. Сәлден соң үзіліп кете барған...
Әкем айта алмаған сөзін өлең етіп жазып кеткен екен. Алладан бұйрық жеткенін сезген екен. Төсегінің астынан табылған жасыл тысты дәптерге ақырғы сөзін аманаттап кетіпті...

Бармаймын!
(бауырым, марқұм Шарапатқа)

Жұлдыз боп көңіл көгінде
Жарқырап тұрар әманда,
Сол жақта барлық жақсылар,
Бабалар, әкем, анам да.
Ертелеу сен де кеткенсің,
Қайрылмай «ағалағанда».
Ілесе кетті «көкелеп»,
Артыңнан екі балам да.
«Тыныш жат» десем, болмайсың,
Бермейсің маза адамға.
Түсіме кіріп, ым қағып,
«Кел» дейсің жүдә маған да.
Жо-жо-жоқ, аға, бармаймын,
Өлгеннің тілін алмаймын,
Өлімді арсыз қарғаймын.
Ынтықтырады бұл өмір,
Балам боп тілі балдайын.
Ауырдым ұзақ, аңдаймын,
Бір жақтан келген жандаймын.
Арманның жібін үзілген,
Түн ұйқы көрмей жалғаймын.
Ендігі аз-кем ғұмырды,
Өлеңге ғана арнаймын.
Түсіме кіріп шақырма,
Бармаймын аға, бармаймын!

Әке өсиеті
Өзге жерде – алтын мекен
Өз жеріңді ұмытпа.
Өзге елінде – мәпелеген
Өз еліңді ұмытпа.
Құлы бол да асыл ардың,
Қу құлқынға құнықпа.
Бұл жалғанда жақсылардың
Жақсылығын ұмытпа!

Апам Күләшқа
Өмірдің нұр, жазы, Күләш,
Көңілдің жыр бағы, Күләш.
Үйі бөлек, күйі бөлек,
Менімен бір жаны, Күләш.
Өзегіңді өртеді сан,
Тірліктің мұң-зары, Күләш.
Мықты екенсің, жеңе алмады,
Қиындықтың бәрі, Күләш.
Елпілдеген азаматтың
Ақ маңдайлы жары, Күләш.
Кеудесінде «Алтын жұлдыз»,
Он баланың әні, Күләш.
Менен бір жас үлкенсің ғой,
Кейіп алшы, кәні, Күләш.
Тар жол, тайғақ кешулерде
Саған сенем әлі, Күләш.
Қандай жақсы бұл ғұмырда
Туған апам бары, Күләш.
Күндіз-түні сөнбегей де, сөнбегей,
Бақытыңның шамы, Күләш.

Жылқы жылы келгенде
Бір сәт атша тулады,
Жүрек шіркін бұлқынып,
Болмағанда жыл аты,
Болғандай ма жылқы ұмыт.
Жетті ап-анық алыстан
Кісінеген дауысы.
Сәуле ойнап, қар ұшқан,
Жаңғырықты тау іші.
Ағып келе жатқандай,
Тасырлатып Құлагер.
Далам үшін бақ қандай,
Елең етті құба бел.
Тұра қашты қыңсылай,
Мазаны алған бөрі ұлып.
Ал бұрқасын тыншымай,
Соқсын, мейлі, еліріп.
Арғымаққа бәрібір,
Ақпаның мен аптабың.
Қасиетті жаны – нұр,
Қайран жылқы – мақтаным.
Қамшылар кез келіпті, ал,
Әр күн – жарыс, ерге сын.
Менде де бір желік бар,
Желі бар жыл келгесін.
Тірілгендей Құлагер,
Ақын жүрек толғайды, ә.
Жылқы жылы туған ер,
Самғар жылың болғай да!

* * *
Әкешім, бізді уайымдама. Біздің жағдайымыз жақсы. Қатарымыздың алды болмасақ та, ең бастысы, өзің аманат еткендей адал өмір сүруге барынша тырысып келеміз.
Сен бәрін сезесің, білем. Әрбір жетістігіме қуанып, түсімде ризашылық толы күлімдеген жүзіңмен маған қарап тұрасың. Бұл менің өн бойыма жылу боп тарап, қанаттандыра түседі. Қиналған кездерімде де үнемі түсіме енесің. Бірнеше түн қатарынан. Тіпті, қандай да бір сынақ күтіп тұрса, мен үшін алаңдап, ескертіп жүресің. Соның өзі – мен үшін мықты сүйеу.
Әке! Сонау бір жылы арман қуып, Алматыға аттанған қызың бүгінде ізіңді жалғап, шығармашылық ортада жүрсе де, осы уақытқа дейін өзің туралы бірде-бір естелік жазбаған еді. Себебі небір сұлу сөзден зер төгіп, көз жауын алардай етіп кестелегеніммен, ешқайсысы да жүрегімнің лүпіліне сыйып тұрған балалық махаббатымды жеткізе алмайтындай көргем. Әйтсе де, Жақсының аты өшпеуі тиіс. Мұраңды қастер тұтқан, адамдық болмысыңды үлгі еткен ұрпақтарың барда, нағыз естеліктер тудыратын уақыт өз кезегінде келеріне сенемін. Әзірге бақытты балалық шағым мен жалынды жастық шағым өткен туған жеріме, көгінде поэзияңның ақ құсы қалықтай ұшып жүрген сүйікті Аралыңа, өшпес қолтаңбаң қалған «Толқыныңа» жолдаған ыстық сәлемімді қабыл алғайсың. Рухың пейіште шалқысын!

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ
31 қаңтар 2023 ж. 868 0