Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаздар ұстаханасына айналған әулет

Ұстаздар ұстаханасына айналған әулет

Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) «Мен ғылымның шаһары болсам, Әли оның есігі, ілім іздеушілер оның есігінен кірсін»деген екен. Пайғамбарымыз айтқандай, ауданымыздағы білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің есігінен кіріп, мыңдаған түлектер ілім алып, қанаттарын қатайтып, әр саланың білгір маманы атанып, мектептің абыройын асқақтатуда. Солардың қатарында қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым докторлары, еңбек озаттары осы мектептен түлеп ұшқандар. Өзімде осы мектепте оқып, отыз жыл ұстаздық еткенімді мақтан тұтамын. Зейнетке шыққаныма да ширек ғасырдан асыпты-ау. Өмірдің екінші аты – уақыт. Ол пендеге белгілі бір жас белгілеп, соны «қадағалап» отыратын өмір өлшеуіші. Қазір сексеннің сеңгірінен асып бара жатқан уақытымда тәлім-тәрбие берген, педагогикалық тәжірибелерін еге білген, жақсы ұстаз болуыма қол ұшын берген жаны жайсаң ағайларым мен апайларымды және жеделдес іні-қарындастарымды еске алып отырамын. Олардың асыл қасиеттерін, педагогикалық жолдарын оқырмандарға жеткізіп отыруды да ұмытқан емеспін.
«Өмір, тіршілік ұзақ жол, күрделі жол, бірақ Алла аманат еткен жол» деп бабаларымыз айтып кеткендей, Алла аманат еткен жолдан адаспай, өмірдің шынайы мәнін көрсетіп, ғұмыр кешудің жолын, жөн-жосығын жүйелеп, ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беріп, ұзақ жылдар бойы педагогика саласында абыройлы қызмет еткен, қазіргі кезде ауыл ақсақалдарының бірегейі, айтары бар, адалдықтың бұлағын лайламаған, арда туған азамат Садуақас Манасов інім туралы айтпақпын.
Садуақас Манасұлы 1949 жылы 10 тамызда Сайғонды ауылдық кеңесінің Шөмішкөл елді мекенінде дүниеге келген. Балалық, жастық шағы сол жерде өтті. Мектеп бітірген соң, 1965-1967 жылдары Аралсульфат кәсіптік-техникалық училищесін механизатор мамандығы бойынша бітіріп, сонан соң арнаулы Түкістан индустриалды-педагогикалық техникумына1967 жылы түсіп, екі жыл әскери борышын өтеп, оқуын жалғастырып, 1973 жылы бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын қаладағы №13 мектепте сызу-сурет, еңбекке баулу сабағының мұғалімі болып бастады. Осы мектепте ұстаздық қызмет істеп, 1981 жылы туған жері Қызылжардағы №81 орта мектепте ұстаздық жолын жалғастырып, 2012 жылы зейнетке шықты.
Сол кезде Сыр көлеміне танымал педагогика саласының майталманы болған ұстаз Сейілхан Манасов ағамыз оқу шеберханасына мығым денелі, төртпақ жігітті ерітіп келді. «Мынау Садуақас деген інім. Түркістанның индустриалды-педагогикалық техникумын бітірген. Қолынан іс келеді. Осы мектепке сызу-сурет және еңбек пәнінен сабақ беретін болып орналасып жатыр. Ініңе іс-тәжірибеңді үйретуден тартынба» деп бір жағынан тапсырғандай болды. Аға айтса құп емес пе?! Бас изедік. Садуақас екеуміздің сабақ пен жұмыс барысындағы үйлестігіміз ұқсас. Сол бір жылдары мектептегі сабақ кабинеттік жүйеде өтетін. Ал кабинеттерді талапқа сай жабдықтау еңбек пен сызу-сурет пәнінен беретін мұғалімдерге жүктелетін. Мен стенділерді жасаймын, ал Садуақас оларды бояп, көркемдеумен айналысатын-ды. Сөйтіп кабинеттерді жабдықтауда сабақ өтудің тиімділігін арттыруда сүбелі үлес қосқанымызды айтып өтуге тұрарлық дер едім.
Бесаспап десе дегендей, ол сурет салумен қатар ұсталықтың барлық шеберліктерін меңгерген азамат екенін іспен дәлелдеп шықты. Мектептің кез келген іс-шаралары болсын, тіпті көркемөнерпаздар байқауында да домбырасын қолға алып, ән шырқап, көріністердің түрлі кейіпкерлерін сомдап та жүрді. Мектептегі қандай шара өтсе де әйтеуір Садуақасты соның бел ортасынан көретінбіз.
Оның тағы бір ерекше қасиеті – бос уақытты текке жібермеуі. Жазды күндері сабақтан бос уақыттарымызда бір-бір велосипед тауып беріп, өзінің 4-5 тартым ауын алып теңіз жағалауына барып, түнде ау саламыз. Сол уақытта теңіздің тартылып жатқан уақыты ғой, бірде салған ауымызды азанда қарасақ, бөлініп қалған суға салыппыз. Онда қайдан балық болсын, күліп жатырмыз. Велосипед болмаса, Айтуған Ормаханов мектептің машинасын айдап шығады. Ал Алданыш Әбжалиев шыққан күні екі-үш ысталған тырандарды алып шығады. Оны жеген біздер шөлге шыдамай, түнде қалаға келіп су ішіп кететінбіз. Ой, қайран жастық шағымыз-ай!
Ал Садуақастың ас дайындаудағы шеберлігін айта кеткен де жөн. Кеңес үкіметі кезінде 23 ақпан Кеңес Одағының әскери күні деп аталып өтіп, әйелдер ер кісілерді құрметтеп дастарқан жаятын. Ал 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде Садуақастың жұмысы қызады. Қайдан тапса онан тапсын үш шелек су кететін самаурынды тауып шай қояды. Ал оның асқан етінің, тіпті басқан палауының дәмі тіл үйіретіндей болатын. Оның мал союдағы шеберлігі бір бөлек. Әрбір жіліктің атқаратын қызметі және қандай жілікті қандай қонаққа тартылатынын айтып отыратын. Осындайда ақын Алтынай Байтоқанованың мына сөзі еске түседі: «Менің өнерім – қазақтың құда қоржыны сияқты ашқан сайын ішінен інжу де, маржан да, түрлі-түсті мата да бәрі шығады. Ал бұл өз ұлтының барын көрсетудің таптырмас жолы» деген екен. Сол сияқты Садуақас Манасұлының да қазақтың құда қоржынындай ашқан сайын азаматқа жарасымды өнер көздері шыға беретінінде. Бір сөзбен айтқанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» дегендей, үлкенге іні, кішіге аға, зерек ойлы азамат ұжым арасында аз уақыттың ішінде үлкен беделге ие болды.
Оның талантты оқушыларының жасаған бұйымдары түрлі деңгейдегі көрмелерде жүлделі орындарға ие болып, мектептің абыройын асқақтатқаны бар. Оның адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ, облыстық, аудандық білім бөлімдерінен, басқа да сала басшыларынан алған марапаттар өз алдына бір төбе десе болады. Ұлы ғұлама әл-Фараби «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат тек кездейсоқ рахат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін, ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында» деген екен. Ғұлама айтқандай, Садуақас Манасұлының да парасаттылығы, еңбексүйгіштігі, алғырлығы, тіршілігін шынайы игілік үшін бағыттауына және адамгершілігі мен педагогикалық шеберлігінің ерекше екеніне тәнті болатынбыз.
Садуақас 1973 жылы Сырдың шынарындай ару қыз Алмагүлмен бас қосып, отау құрды. Жақсы отбасы – бақыт отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Мұндай жанұяға тап келген қиындықтың өзі жақсылыққа айналып кететіні баршаға аян екені белгілі.
Бүгінде өнегелі отбасынан өрген ұрпақтары тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеу жолында абыройға бөленіп жүрген жаны жайсаң жандар екенін білген соң айтып отырмын. Тұла бойы тұңғышы Әділжан – №81 Қызылжар орта мектебінің мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, келіншегі Айсәуле "Рауан" балабақшасының меңгерушісі болып абыройлы еңбек етуде. Немересі Әл-Фараби – Арал қаласында жол патрульдік полициясы. Əл-Фарабидің келіншегі Арай Берікқызы Арал аудандық орталық ауруханада акушерка болып жас сəбиді жарық дүниеге аман-сау əкелуге көмектесумен қатар, солардың кіндік шешесі атанып, абыройға бөленуде.
Мерует Садуақасова Қорқыт ата университетінің музыка факультетін бітіріп, А.Тоқмағамбетов атындағы театрында әнші болып қызмет етуде. Қара шаңырақтағы кіші ұлы Ғалымжан – №81 орта мектебінің жоғары білімді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал келіншегі Лаура – «Рауан балабақшасында көмекші тәрбиеші. Ғафур Ғалымжанұлы жоғары оқу орнын бітіріп, осы мектепте жастар практикасынан өтуде. Ғафурдың келіншегі Әсия әзірше үй шаруасында. Садуақасова Ғайникамал Ғалымжанқызы Қ.Жұбанов атындағы университетті қызыл дипломмен бітіріп, қазір Алматыдағы Абай атындағы университеттің жоғары дәрежелі магистрі. Жас ақынның өлеңдері «Толқын» газетінде және «Сыр сандық» атты Сыр ақындарының жинағына енген. Фердауси Ғалымжанұлы – 7-сыныптың оқушысы, оқу озаты. Садуақастың шөбересі Бейбарыс Ғафурұлы атасының көз қуанышы.
Байқап отырсақ, Садуақас пен Алмагүл отбасын ұстаздар ұстаханасына айналдырған әулет десе жарасар.
«Қойны суық қара жер, қақпанды қайда құрмайды. Түсі суық сұм ажал сұр мергендей ойнайды» деп айтқандай, өткен жылы Алмагүл ауыр науқастан дүниеден өтті. Қаншама ұрпақтың анасы, қамқоры, келіндерінің тәлімгер ұстазы, немерелері мен шөберелерінің сүйікті әжесі, адал жардан айырылу кім-кімге де оңай соқпағаны белгілі. Алланың ісіне не шара?! Садуақас қалада бірге қызметтес болғанда талай рет Алмагүлдің қолынан тұз-дәм татқанымыз бар болатын. Бізде қатты қиналғанымыз бар.
Қара сөздің жүйрігі Саққұлақ бидің «Бас болатын жігіттің бес белгісі болады. Таңдай білу, сыйлай білу, сынай білу, жылай білу (аяушылық мағынасында) шырай беру» деген ұлағатты сөздерін бойына сіңіре білген, Алла тағаланың берген жайсаң мінез-құлқы, турашылдығы, ешкімге жалтақтамай айтар сөзін айтуы, қарапайым адамдардың және даналық сөздерді тыңдай білуі, аға алдында пейілді, іні алдында мейірімді болуы, дос-жарандар мен туған-туыстар, құда-жекжаттар арасында сыйластықтарды адамгершілікті біріктіре білген Садуақас ініме Алла қуат берсін. Отбасына амандық тілей отырып, немере-шөберелеріңнің шат күлкісіне бөленіп, әдемі қартаюдың үлгісін кейінгі ұрпаққа еге бер деген тілегімді жеткізгім келеді.
А.ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің озық қызметкері,
Арал қаласы
04 ақпан 2023 ж. 610 0