Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 5 парыз 5 пікірмен тең болды ма?

5 парыз 5 пікірмен тең болды ма?

Қазір әлеуметтік желіде де, қоғамда да актуалды тақырыптардың бірі – дін мәселесі. Әрине, намазын оқып, оразасын тұтқан жанға айтар ешқандай мін-сынымыз жоқ. Дегенмен, жастар арасындағы діни кейбір «қате ұғымдарды» көргенде ішіміз ашитыны өтірік емес. 5 парызын әлеуметтік желідегі 5 лайк пен 5 пікірге айырбастаған, әдемі атақ қуған жастарға не үлгі айтамыз?
Осыдан бірнеше күн бұрын базардан үйге қайтып келе жатқанмын. Жанымда інім бар. Күнделікті үйдің шаруаларын айтып келеміз. Базар жанындағы алаңның қасына бізді жанап өткен жеңіл көлік тоқтады. Ішінен жас бала шықты да жан-жағына жалтақтап қараған күйі жерге жайнамазын жайды. Шыдай алмаған мен өз-өзімнен: «Неге жерге жайнамазды жайды екен,дұрыс емес қой» дедім. Інім болса оны ақтағысы келіп:«Намаздың уақыты кірді, үйіне баруға уақыты жоқ. Осы жерден оқып алғысы келген шығар» деді. Осымен екеумізде үндеген жоқпыз. Дегенмен сол жас жігіттің істеген әрекеті әлі көз алдымда.
Міне, осындай көшенің ортасында, жұрт көзіне мақтанышпен намаз оқып жатқанын көрсететін бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарағаны қашан? 5 жасар баладан бастап, аға буын жасына келген жандарға дейін осылай жасайтынын айтсаңшы.
Бұрын сыртта тек мешітке сыймағандықтан, есік алдында жамағатпен намаз оқитын жанды ғана көруші едік. Бірақ дәл орталықта, жападан-жалғыз немесе сарылған жанның ортасында намаз оқуды мен құп санамадым. Түсінем, уақыты болмаған шығар, үйіне үлгермейтін шығар, дегенмен сәл де болса сыйластықпен жасалғаны дұрыс еді-ау. Ең кемі сол жердегі таза бір дүкенге кіріп, өтінішін айтса да таза жерде оқуға мүмкіндігі бар ғой?! Қала тазалығы әлі күнге жетер шыңына жетпегені бәрімізге айқын. Ол жерде күніге қаншама адам, көліктер, кейде тіпті төрт түліктің бірін көруімізге болады. Осындайда не ойлайтыныңды білмейсің, бір жағынан ішің ашыса, бір жағынан сынауға да қорқасың.
Университет қабырғасында оқып жүргенде түрлі мектептерден, колледждерден педагогикалық тәжірибеден өттік. Бірде маған 9-10 сынып оқушыларымен жұмыс жасаудың сәті түсті. Бір айлық тәжірибенің соңғы екі аптасы Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Алғашқы күні 90% оқушының ораза екенін естігенде қуанып та, таңғалып та қалдым. Іштей оқушы болса да осындай қадамға барғандарына, шыдамдылықтарына қарап сүйсіндім. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. 1-2 күн өтпей-ақ «ораза»екендерін айтып, сабақ айтудан қашатын, ауызашар уақытында сабақтан сұранып кететін оқушылар көбейді. Амалым жоқ, сынып жетекшіге барлық жағдайды айтуға тура келді. «Олар үнемі осындай. Жыл сайын ораза ұстап, ауыз бекітеді. Сосын түнде сәресіге тұрғандықтан ұйықтап қалады, шаршағандықтан сабақ оқуға мұршалары келмейді, ауыз ашатын уақыт жақындағанда үйлеріне қайтуға асығады. Ол қалыпты жағдай, тек оларға тәртіпті күшейту керек» деді.
Міне, дініміздің осындай «сылтау» күйінде қалғанына кім кінәлі? Біз дұрыс үлгі бола алмай жүрміз бе немесе жастардың қулығы асып барады ма? «Өзің істемеген істі өзгеден істе деп сұрама» дейді асыл дінімізде. Қабыл болған ниетімізді білмесек те, аздаған сыйластық болуы керек екені анық.
Г. САҚТАПОВА
21 ақпан 2023 ж. 863 0