Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнегелі һәм өнерлі отбасы

Өнегелі һәм өнерлі отбасы

Жер – ата-бабадан қалған қасиетті ата қоныс. Қазақтың болашағы алтын қазынасы. «Тал бесіктен жер бесіктің аралығындағы ғұмырыңның ұясын қорға,топырағын былғама, суын улама» деген аталарымыздан қалған насихат бар.Жер-Ана деп қастерлеп, жер асты байлығы мен ресурстарына қол созбауының мәні осында болса керек.Сол айтқандай Көлімбет бабаларымыздан тараған ұрпақтарының барлығы Құмбазар ауылын «Ата қонысымыз» деп атап, қайда жүрсек те жүрегіміздің түпкіріне сақтап келеміз.Менің әкемнің әкесі Бисен атамыз Құмбазарға жақын «Дің» деген жерде қоныстанып, дария жиегіне тал еккен.Қазірге дейін сол дария жиегіне егілген тал «Бисен талы» деп аталумен келеді. Қай кезде де Құмбазарға бара қалсам Бисен атамның ізі сайрап жатқандай көрінеді де тұрады.Міне,осы киелі ата қоныста кіндік қаны тамып, ұрпақтарын өсіріп,ауылының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарымыз аз емес. Ауыл мәдениетін көркейтіп-көтеруде ерен еңбектерімен еленіп жүрген, жанұясын өнер қанатына қалықтатқан ерлі-зайыпты Толағай және Гүлшат Досмамбетовтер туралы айтпақпын.
Толағай Жұмамұратұлы 1962 жылы 3 қыркүйекте Құмбазар ауылында дүниеге келген.1977 жылы сегіз жылдық мектепті бітірген соң, Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13мектепте оқуын жалғастырып,1979 жылы бітіріп шығады.Сол жылы қаладағы кәсіптік-техникалық училищесіне қабылданып, 1980 жылы механизатор мамандығын меңгеріп шығады.1980-1981жылдары Құмбазар ауылында орналасқан сол кездегі «Приарал» совхозының фермасына жұмысшы болып орналасты. 1981-1983 жылдары әскери борышын өтеп келген соң, сол фермада алты жыл бойы тракторшы болып жұмыс істеді.1989 жылдан бүгінгі күнге дейін Құмбазар ауылының клуб меңгерушісі болып абыройлы қызмет етуде.1991-1993 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту колледжін жұмыстан қол үзбей жүріп,сырттай бітірді. Толағай Алланың берген талантының арқасында кезкелген музыкалық аспаптарда шебер ойнай алады.Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге бір табан жақын болатын.Мектептің барлық іс-шараларына қатысумен қатар,сахнада домбыраны қолға алып, термелерді құйқылжыта орындаушы еді.Мен өзім еңбекке баулу сабағынан дәріс бердім, сонда Толағайдың еңбекқорлығын да байқаушы едім.
Байсалды да абзал азаматтың қабілетін ақын Күдері Қожаның баласы Қылыш би былай суреттеген: «Қошқар болар қозының маңдай жағы дөң болар, көсем болар баланың сөзі мен ісі жөн болар, шешен болар баланың ақылмен тілі тең болар, кісі болар баланың алды-арты кең болар. Адам болып ержетсе, кім екенін көз көрер, жақсы менен жаманды бақыт пен дәулет еңгерер» деген екен.Қылыш би баба айтқандай, Толағай ініміздің ісі мен сөзі, ақыл мен ана тілін қастерлеуі, оның алды-артының кеңдігі, әдептілігі,адалдығы мен ақкөңілділігі,елгезектігі,үлкенге пейілді, кішіге мейірімді екенін көріп жүрміз. Адамзатты өркениетке ұмтылдырған ұлы күштің мәні білім мен ғылым екені даусыз қайнар көзі кітап болса, сол кітаптардың киелі мекені кітапхана екені белгілі. Оның басқарып отырған клубында кітап қоры7257, оның қазақшасы – 5600. Ал оқырмандар саны –260, балалар саны 87 екенін айта кеткен жөн, бұл тұрғындармен байланыстың берік екенін көрсетеді. Ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Облыс,аудан әкімдері мен облыстық мәдениет басқармасынан алған Құрмет грамоталары баршылық. Облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымдарынан әр жылдары алған Алғыс хаттарымен қоса басқа сала басшыларынан алған марапаттары бір басына жетерлік десе болады. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, ауылдастар арасындағы татулық, ағайын-жекжаттарды жақындастыру, мәдениет саласындағы азаматтың беделге ие болуы, ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі бір өзіне жарасып тұрғандай.
Толағайдың әкесі Жұмамұрат Досмамбетұлы Қызылорда темір жол күзет бөлімінің күзетші қызметін атқарған,абыройлы еңбегінің арқасында елге сыйлы азамат болған жан. Анасы Күләш Абатқызы салиқалы өмір баспалдағынан өткен.Босағасы қонақтан арылмаған,ошағы оттан түспегенибалы ана болған деседі.
Қасиетті Ислам мен Мұхаммед пайғамбарымыз ананы ерекше бағалап, дәріптеп, пір тұтқан екен.Толағай інімде анасын қастерлеген,дәріптеген, пір тұтқан анасын еске алғанда:«Анашым мені 1968 жылы қолымнан жетелеп, мектептің табалдырығынан алғаш рет аттатып, партаға отырғызып, қолыма қалам ұстатып, «Жақсы оқысаң, жақсы азамат боласың» деп бетімнен аймалап сүйгені бар еді. Анашымның сол сүйген жерін ыстыққа қақтатпай,суыққа тоңдырмай сақтап келемін және анашымның «Жақсы азамат бол» деген тапсырмасын осы бүгінге дейін өмір жолымда басшылыққа алып келемін.Мені мектепке апарғаннан кейін екі айдан соң небәрі 39 жасында дүниеден өтті» деген Толағай інімнің анасына деген сағынышын жүрегінің түпкі қойнауына сақтап келе жатқаны айтпаса да түсінікті.
Күләш апа он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты «Батыр ана». Балалары әртүрлі жаста шетіней берген екен. Ырым болсын, тұрақтансын деген ниетпен Толағай дүниеге келгенде кіндігін әкесі Жұмамұрат кескен екен.Сол перзенттерінен апасы Ырыскүл Сапақ елді мекенінде, ал Алмагүл Алматы қаласында тұрып жатқан жарасымды жанұялар.Қазақта «Нағашыңды сыйла,анаңнан емген сүті үшін, әйеліңді сыйла балаңның емген сүті үшін» деген ұлағатты сөзі бар. Сол айтқандай елін құрметтеген, елі құрметтеген, аузы дуалы, көргені көп арда туған азамат болған. Өзіне пір тұтатын туған нағашысы Есепбаев Аманғали болса,Толағай осал болсын ба?!
Толағай жар таңдаудан да маңдайлы болды.Сырдың шынарындай ару қызы Гүлшат Құрманалықызымен бас қосып, отау құрды.Бұл 1987 жыл болатын. Гүлшат 1990 жылы клубқа тазалықшы болып орналасты. Жұмыстан қол үзбей жүріп Қызылорда педагогикалықколледжіне қабылданып, «Мәдени-демалыс кешін ұйымдастыру»мамандығын игеріп, қазіргі таңда сол клубтың көркемдік жетекшісі болып абыройлы қызмет етуде. Гүлшат келініміз ұлттық салт-дәстүрді берік ұстаған, инабаттылығы көркіне сай, ұрпақтарының ардақты анасы. Ана сүтімен дарыған әйелге тән үлгі алар қасиеттері, жан тазалығымен қатар,туыс-жекжаттарды жақындастыра білген, қазанды, дастарқанды сияқты қасиеттер Гүлшат келініміздің бойына сіңген қасиеттерінің бірі.Алты перзентін дүниеге әкелген «Күміс алқа» таққан абзал ана.Гүлшаттың әкесі Құрманалы қатардағы жұмысшы болып еңбек етіп,ауылының қадірлі ақсақалы болған екен.Ал анасы Алмагүл тоғыз құрсақ көтерген «Батыр ана», қазір 85 жасқа келіп, немере-шөберелерінің шат күлкісіне бөленген әулеттерінің сүйікті отанасы.Гүлшат ауылының мәдени шараларын ұйымдастырып,оған жетекшілік жасап келеді. Оның аудан басшылығынан және басқада сала басшыларынан алған марапаттарын еңбегінің нәтижесі десе болады.
Түрік педагогы Мұстафа Ергаш: «Ерлі-зайыпты адамдар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтен су пайда болады.Су адамның нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады»демекші,олардың бір-біріне деген сыйластығының арқасында тіршіліктің адал бұлағын лайламаған мерейлі отбасын құра білді. Ұрпақтары тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғырын бекемдеу жолында абыройлы еңбекке бөленген жайсаң жандар.
Тұла бойы тұңғышы Жомарт – термеші-жырау. Оның келіннің бет ашу салтанатына қатысқаным бар еді.Жомарттың домбыра қағысы, ән салу ырғағы, құнарлы, тәрбиелі сөздері жұртшылыққа ұнап жатты.Тағы бір ерекшелігі,өсиет сөздерден кейін сәлем салдыру кезінде «Он сегіз мың ғаламды құдіретімен жаратқан Аллаға етші бір сәлем» деп бастауы барлық жақсылық Алладан болатынын жас келінге және жұртшылықты сезіндіріп тұрғандай сезім қалдырды. Жас өнерпаз Жомарт балама әулеттің үлкені ретінде ақ батамды бергенім бар еді.Айдана – жоғары білікті қобызшы, жолдасы Нұрланмен Жезқазған қаласында тұрып жатыр.Асылзат Алматының Абай атындағы университетін тәмамдап, сол қалада балабақша меңгерушісі болып абыройлы қызмет етуде. Жолдасы Нұрбол төтенше жағдайлар бөлімінде қызметте. Бекзат – Құмбазарда нан өнімімен айналысатын кәсіпкер. ЖаннұрТ.Жүргенов атындағы өнер академиясының кино және телевидение мамандығын биыл бітірді.Ал кенже ұлы Кішкене Елебеков атындағы оқу орнында дәстүлі ән бөлімінде дәріс алуда. Биыл 2023 жылы Украинада онлайн форматта өткен халықаралық дәстүрлі ән байқауында екінші орын алып, қуанышқа бөлегені бар.Байқап отырсақ,«Өнер – ағып тұрған бұлақ,ілім – жанып тұрған шырақ» деп бабаларымыз айтқандай, балаларын өнер бұлағына қандырған, ілімнің шырағын жақтырған заман ағымынан нәр алдырған өнегелі һәм өнерлі отбасы десе жарасар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа Президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинауға тиіс. Сонан кейін мақсатты түрде тиісті жұмыс жүргіземіз» деген еді.
Шын мәнінде ауыл, қала тұрғындарының да әлеуметтік жағдайлары жақсару керек, өйткені күнделікті тұтынатын азық-түлік сол ауылда өндіріледі. Ауылды өркендетумен қатар ауыл мәдениетін көркейту де маңызды шараның бірі деп білемін. Ал осындай игілікті шараларды жүзеге асырып жатқан ауыл азаматтары, оның ішінде Толағай Жұмағұлұлына және оның адал жары Гүлшат Құрманалықызына ауыл мәдениетін жоғары деңгейге жеткізе беріңдер, жанұяларыңа аманшылық, өздеріңе денсаулық тілей отырып, өнерлі, өнегелі перзенттеріңнің қызығына кенеле беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
А. ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
Арал қаласы
22 ақпан 2023 ж. 1 004 0