Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кеудесі күміс сандық күмбірлеген

Кеудесі күміс сандық күмбірлеген

Адам мінезі алуан түрлі. Бірі томаға тұйық, үстіне үйдей жүк артсаң да қыңқ деп дыбыс шығармайды, енді бірі аз сөйлейді, бірақ саз сөйлейді. Дегісі келсе дегенін айтып ақ нөсерше ақтарылады. Соған орай біздің қазақ мұндайларға "аузын ашса жүрегі көрінеді" деп ат қойып, айдар таққан.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Шернияз Шамұратов есімді замандасым осы топтан. Құрметті демалысқа шыққанша талай жұмыстың ноқтасын ұстады. Бірақ бимін деген жоқ, қарамын деген жоқ. Көпшіл, қарапайым күйімен, кісіге жұғысқыш мінезімен жетпіс жастың биігіне шықты. Бұл жасқа ол бәзбіреулердей ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жеткен жоқ. Өзінің арқасын кеңге салған ақжайқау мінезімен, ел үшін еткен еңбегімен жетті. Осы жасында біреуге жасаған қиянаты жоқ. Ол жайлы ауылдастары да, бір жылдары қызметтес болған замандастары да Шернияздың кісілігін, кішілігін бас қосқан жерде айтып отырады. Кейінгі жас ұрпаққа үлгі етеді.
Айта берсең Шернияздың көргені мен білгені шетсіз-шексіз дала, түпсіз терең теңіз сияқты. Білімді, білікті азамат. Ол қай әңгімеге кіріссе де түбін түсіреді. Шабыттанып, шалқып айтады. Әсіресе өз өмірінің басым көбі өткен Арал ауданындағы Жаңақұрылыс ауылында өткен жастық шағы, ат арқасына мінген қызметтік кезеңдері жайлы таңнан таңға бүге-шігесін тарқатып айтуға бар.
Орта мектепті тәмамдаған Шернияздың еңбек жолы ауылдағы қара жұмыстан басталады. Осында жүріп адам таниды, жан-жағын біркісідей білуге, үлкен өмір баспалдағымен барар жеріне, көздеген мақсатына жетуге талпынады. Сонан да шығар Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, кеңшардағы шашетектен асатын шаруаға өзі қатарлы замандастарымен бірге жегіледі. Кеңшардағы қоғам малы үшін шөп дайындауға, мал бағуға, бау-бақша егуге жұмылады.
– Әуелі орта арнаулы білім алуға тырыстым,– дейді оның өзі.
– Қай жерде оқыдың, қандай мамандық иесі атандың?
– Мен 1984 жылы қасиетті Түркістан қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумын педагог мамандығы бойынша бітірдім. Сөйтіп ауылға қайта оралдым.
– Ал бұдан кейін ше?
– Ауылдағы қара жұмыстан біраз қарайып қалыппын. Өз бетімше алдыма қойған мақсатым – жоғары оқу орнына емтихан тапсыруға жатпай-тұрмай дайындалдым.
– Сонан?
– Сонан осы күнгі Тараз қаласындағы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын 1987 жылы инженер-механик мамандығы бойынша сырттай тәмамдадым.
Адамның адам болуы, абыройлы азамат атанып ержетуі тегіне, түп тамырына тікелей байланысты екендігі бесенеден белгілі.
Мұны біздің қазақ "Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар" деп бір-ақ айтқан. Сол айтылған уәжге орай өскен Шернияздың шыққан тегі де, түп нағашылары да осал емес көрінеді. Нағашы жағынан шыққан Бекетай Қатпаұлы ХІХ ғасырда өмір кешкен тұлға. Арал, Қазалы өңіріне аты шыққан адам. Қазалы оязының қазақтар жөніндегі көмекшісі. Ол осал болса әйгілі Базар жырау "Адалдан жарлыларға қайыр беріп, жарқылдап өте шықты Бекетай да" деп жақұт жырына қосар ма еді. Қазір Арал, Қазалы аудандарының орталықтарында би атындағы көшелер бар.
Шернияздың өз әкесі Шамұрат ақсақал да заманында өз қатарынан қара үзіп шыққан қайраткер болатын. Өткен ғасырдың орта шенінде ауданымыздағы Сазды, Бекбауыл, Қаратерең ауылдық кеңестерінің төрағасы ретінде ел есінде қалған тұлға. Бұ кісі жөнінде кезінде ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетовтің қалам тербегені бекерден бекер емес шығар.
Міне, осындай тұлғаның перзенті Шернияз замандас қайдан осал болсын. Кешегі кеңестік кезеңде Жаңақұрылыс кеңшарының партком хатшысы, кәсіподақ комитеті, ауылдық кеңес төрағасы, бас инженер қызметтерін қалтқысыз, абыройлы атқарғаны елдегі жерлестерінің әлі күнге есінде. Тіпті бұл Шернияз жоғарыдағы қызметтеріне қоса төтенше жағдайлар жөніндегі штаб бастығы болғандағы әңгімесі өз алдына бір төбе.
– Сен өзі кеңшар комсомол ұйымының хатшысы қызметін де атқарыпсың ғой.
– Оның қиындығын, жастарды қоғамдық жұмысқа жұмылдырудағы қызық-шыжығымды айтсам тағы бір таңға ұласып кетеді,– дейді Шернияз замандасым мырс-мырс күліп.
Әйтеуір Шернияздың қолынан бұл ауылда талай қызмет өтіпті. Соның бәрінде ол сергектік танытып, заман ағымына сай сан істер атқарыпты.
– Менің сонау кеңестік қоғам құлап, еліміз егемендігін жариялаған тұста жұмыссыз қалғаным бар емес пе.
–Е, ендеше не тұрыс, оның жайын да баян ет,– дейміз ғой біз баяғыша әңгіме отын үрлеп. Обалы қане, ол қамшы салдырмайды. №74 Жаңақұрылыс орта мектебіндегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болғанын бірғауым уақыт тігісін жатқызып, әсерлі етіп әңгімелейді:
– Мен №74 Жаңақұрылыс орта мектебінің табалдырығын ұстаз болып аттағанда шәкірттерімді отаншылдыққа баулуды алдыма мақсат етіп қойған болатынмын. Себебі, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 36-бабында "Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті" делінген. Соған сәйкес мен шәкірттерімді тәуелсіз Отанымызды сүюге, елжандылыққа тәрбиеледім десем артық айтқаным емес.
Шернияздың жұбайы Жанерке Бақбергенова жарты ғасырға жуық №74 орта мектебі мен Қызылорда қаласындағы қазақ-түрік лицейі шәкірттеріне ән-күйден дәріс берген ұлағатты ұстаз. Ерлі-зайыпты екеуінің жеті перзентінен өрбіген немере-шөберелері жеті ауыл іспеттес. Айтпақшы, жуырда Шәкеңнің Астанадағы баспадан "Өткен күнде белгі бар" атты жүз елу беттік ғұмырбаяндық кітабы жарық көрген. Құтты болсын дейміз.
Бұл күндері Астана қаласының Сарыарқа мөлтек ауданында ғұмыр кешіп жатқан Шернияз Шамұратов сияқты замандасым туған жерге деген сағынышын оқта-текте телефон шалғанда тауыса алмайды. Академик жазушы Сәбит Мұқановтың:
"Туған жер, сенде туып, сенен ұштық,
Дүниеде не бар екен сенен ыстық" дегені осы шығар.
Т. БӨГЕНОВ
11 наурыз 2023 ж. 875 0