Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлағатты ұстаз, ана һәм қажы

Ұлағатты ұстаз, ана һәм қажы

Адам баласы ес білгелі айналасын танып, өзін қоршаған тіршілікке зер салғаннан бастап әр нәрсенің сырын білуге ұмтылады. Ал осы ғұмырлық жылда дүниенің сан торабын игеруге әсер ететін,жақсы мен жаманды, туралық пен жасандылықты айыруға бірден-бір жол сілтеуші ұлы тұлғалардың бірі – ұстаз екені белгілі.Сол секілді біздер де ауданымыздағы білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте отыз жылдан астам саналы ғұмырымызды ұстаздыққа арнап,ұстаздық жолымызда біте-қайнасып, шәкірттерімізге саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында бір мақсат,бір мүдде үшін бір терінің пұшпағын бірге илегендей еңбек еткен жаны жайсаң ағайлар мен апайларымызды және жеделдес іні-қарындастарымызды еске алып отырамын. Олардың асыл қасиеттері мен педагогикалық өнегелі жолдарын оқырмандарға жеткізіп отыруды да ұмытқан емеспін.Өзі оқыған мектепте отыз жылдан астам қызмет еткен ұстаздардың ұстазы,жеті перзентін дүниеге әкелген алтын құрсақты «Батыр ана», ағылшын пәнінің жүйрігі атанған Бекзия қажы Дабылқызы Қосанова туралы айтпақпын.
Бекзия 1946 жылы 9 қазанда Арал қаласында дүниеге келген.Әкесі Дабыл Қосанұлы теміржолшы болып абыройлы еңбек еткен, ағайын-туыстар арасында сыйлы, айтары бар ақсақал болған екен.Анасы Сұлубике Меңдібайқызы тоғыз құрсақ көтерген аяулы ана,қонақжай, ағайын мен жекжаттарды жақындастырып, ошағы оттан түспеген алтын құрсақты ана болған деседі.Бекзия 1964 жылы№13 мектепті бітірген соң, Алматы шет тілдер институтына түсіп,1967 жылы бітіріп, ағылшын тілін меңгеріп шықты.Сол жылы өзі оқыған №13мектепке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты.
«Өмір тіршілік ұзақ та күрделі жол,бірақ Аллаһ аманат еткен жол» деп бабаларымыз айтқандай, шыр етіп өмірге келген әрбір пенденің балалық шағының, мектеп қабырғасындағы жеткіншектік кездері мен студенттік шақтарының,еңбек жолдарындағы бел-белестерінің мәңгі есте сақталатындығы аян. Осы белестердің бәрінен өтіп,Алла аманатеткен жолдан адаспай, ғибратты ғұмырын ұстаздық жолына арнаған Бекзия білікті ұстаз ағай-апайларының мол тәжірибесін ала білді. Орыс педагогі В.Сухомлинскийдің «Өзің оқытып жүріп оқып үйренесің» деген қағидасын басшылыққа ала білді.Ашық сабақтарға қатысып, тәжірибе жинақтап,ауданда, облыста болып жатқан озық тәжірибелерді қалт жібермей сабағына пайдалана білді. Мектептегі оқу кабинеттік жүйеге көшкен кезде ағылшын кабинетін бір орталықтан басқаратын етіп Лингафон аппаратының желілерін әр оқушының парталарына жеткізіп, бір орталықтан басқаратын етіп, сабақ өтудің тиімділігін арттыруға көп көмегін тигізгені бар болатын.Сөйтіп оқушылардың ағылшын тілін меңгеруіне үлкен септігін тигізгені бар. Біліктілігінің арқасында талай шәкірттерінің қанатын қатайтып,үлкен өмірге жол сілтеді».
«Ұстазы парасатты болса,шәкірттерінің қадамы сәтті болады» деп ақын Мұзафар Әлімбаев айтқандай, оның жетекшілік етіп,алдынан түлеп ұшқан шәкірттері тәуелсіз Қазақстанымыздың түпкір-түпкірінде абыройлы еңбек етіп,мектептің,ұстаздарының абыройын асқақтатуда.Оның 30, 40, 45, 50 жыл бұрын бітірген түлектері бас қосқанда, Бекзия апайының дәріс берген ағылшын тілі өмір жолдарына пайдаланып келе жатқандарын айтып, апайының мәртебесін көтеріп, ризашылығын білдіріп жатқандарын есітіп те жүрміз.Бекзияның еселі еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Облыстық,аудандық бөлім басшыларынан алған марапаттары бір басына жетерлік десе болғандай.
Ақын,философ Жүсіп Баласағұн «Құрсақта біткен мінез қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді өлгенше өзгерте алмайсың» деп айтқандай, Бекзия қарындасымыздың қазақ келініне тән жарасымды жүріс-тұрысына, мағыналы, мәнерлі сөздеріне, аналық мейіріміне, қазақы салт-дәстүрге беріктігіне, келіндерінің білікті тәлімгер ұстазы екендігіне және ошағы оттан түспеген қонақжайлылығына ешкімнің таласы жоқ.Оның жібектей есілген мінезіүйішіне,айналасына жұғымды, қайырымды,мейірімді, үлкенді құрметтеген,кішіні ізеттеп, кісі бетіне жел болып тимей тұратын кішіпейілділігі Бекзияға тән. Иә, «жақсы мінез – таусылмайтын байлығың,жаман мінез ғұмырлық азабың» деген де бар.Бекзия Дабылқызы мұсылманның білуі міндет болған қырық парызын да ойдан шығарған емес. Өткен 2022 жылдың 22 қазанында Мұхаммед пайғамбарымыздың дүниеге келген қасиетті, киелі Мекке қаласына барып, қажылық парызын өтеп қайтты.Бекзия қажы Дабылқызы ұзақ жылдар бойы бес уақыт намазын қаза қалдырған емес.Қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, имандылық жолына түсумен қатар,зекет беруді де естен шығарған емес.
«Бейнет пен зейнет бірге қартаяды» демекші, 1994 жылы 25 жылдық өтілмен зейнетекерлікке шықты. Зейнеткермін деп пештің қуысында қалған жоқ,өзі тұратынҚарасақал Ерімбет көшесінің көше комитетінің төрайымы болып, сол көшенің тазалығы, тәртібі, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тиісті орынға жеткізумен қатар оның нәтижелері де болғанын білеміз.
«Жақсы жар – жарты ғұмыр» демекші,Бекзия жар таңдаудан да маңдайлы болды.Елі сыйлаған, елін сыйлаған нар тұлғалы, бейнесі батырға тән, арда туған азамат Алмас Жанназарұлымен бас қосып, отау құрды.Алмас ініміз аймаққа танымал спорт саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан спорт саласының майталманы болғанын білеміз.Оның тәрбиелеген шәкірттері республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ауданымыз бен облысымыздың мәртебесін көтергендері бар болатын.Алмас пен Бекзиядан тараған жеті перзентінің тұла бойы тұңғышы Алмагүл Алмасқызы адам денсаулығының сақшысы болып абыройлы еңбек еткен денсаулық саласының ардагері.Күйеуі Серік Сақтағанұлымен екі перзентін тәрбиелеп, отырған жарасымды жанұя.Бек Алмасұлы жоғары білімді дәрігер болатын.Сұм ажал Бекті ерте алып кетті.Артында мұратын жалғастырып жатқан ұрпақ қалды.Саида күйеуі Октябрь екеуі кәсіпкерлікті дөңгелетуде.Санира Алмасқызы – елге белгілі білім саласының майталманы,аудандық мәслихат депутаты, аудан көлемінде бірнеше мектеп басшысы, қазір аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде ауданымыздағы оқу-тәрбие жұмыстары облыс көлемінде ойып орын алған. Санира Алмасқызы «ҚСР оқу-ағарту ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальдың иегері.Санираның қызы Асылзат –10 сыныптың оқу озаты. Нұргүл Алмасқызы Астанада Ұлттық экономика министрлігінде департамент басшысы болып абыройлы қызмет етуде.Гүлнүр Алмасқызы – Ақтөбе обылыстық білім басқармасында әдіскер, Алмат екеуі төрт бала тәрбиелеуде.Гүлжайна Алмасқызы – қаламы жүйрік журналист, Нұрболат екеуі төрт бала тәрбиелеп, Алматы қаласында тұрып жатыр. Қара шаңырақтың иесі Еркебұлан Астанадағы Аграрлық университетін бітірген болашағы зор азамат.Еркебұлан кәсіпкер ретінде үкіметтен қаржы алып, Жақсықылыш кентіне 140 орындық балабақша салуға мұрындық болып, халықтың ризашылығын алған азамат.Келіншегі Қымбат Нұрланқызы балабақша меңгерушісінің шауашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет етуде. «Жақсы ұлың болса – қазығың, жақсы келінің болса –азығың» деп аталарымыз айтқандай, Еркебұлан шаңырағын дауыл да, жауын да, өсек-аяң да шайқалта алмайтындай қазығын берік ұстаған азамат екені даусыз. Ал Қымбат келініміз сол отаудың тынысын кеңейтіп, ұрпақ шашып,отбасының таусылмастай азығы. Гректің ұлы ғұламасы Платон «Кімде-кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе ата-енесі секілді қымбатты қонағы болса,ол үйге құдайдың онан артық құрметті өкілі келеді деп ойламасын.Егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса ата-аналары оның отбасылық құты болып табылады», деген ұлағатты сөзі бар.Сол айтқандай, сол отбасының құты болып табылатын Бекзия енесінің жағасын кірлетпей, төсегін қалың салып, сүйікті асын уақытылы әзірлеп,жүрегіне жылы тиетін сөздерімен, аса құрметпен қарайтын Қымбат келінге дән риза.
Байқауы жоқ баянсыз өмір бір күні өтер де кетер, көрген қызық, сүрген өмірдің қысқалығын қайтерсің. Келіп қалар қонағың бардай күтінесің. «Өттің дәурен осылай» деп бір жамбасқа қисая кетесің.Көнсең де, көнбесең де өмірдің заңы осылай» деп Қадыр Мырза Әлі ақынымыз айтқандай, бір әулеттің арқа сүйер қорғаны,балаларының асқар таудай панасы, немерелерінің сүйікті атасы, бауырларының қимасы болғанүлкен жүректі азамат Алмас Жанназарұлы 1996 жылы небәрі 50 жасында дүниеден өтті.Азаматты ақтық сапарға шығарып салу кезінде біздің де беліміз қайысып, жер қойнауына беруге қимастық жасағанымыз бар болатын.Бір философ «Әйелдің жан дүниесі өте нәзік те күрделі әлем.Бірақ оның бойындағы нәзіктіктің тасасында Ұлы күш бар», депті.Міне, осындай Ұлы күш мықты әйелдердің тілеулесі, әріптестерінің қимасы, достарына және адал жарына адалдықтың эталонындай десе жарасады. Мықты әйел жаратылысынан балажан,арманы бала сүю, бала туу, бала бағу,бала өсіру тұрмыс құрып, күйеуін пір тұту, қандай бір сұрапылда да ошағын сөндірмей сақтап қалған және үйдің берекесі, қонақжайлығымен көрінген, абысын-ажынмен тату тұрған. Осындай бойында мықтылығымен ұлы күші бар Бекзия қажы Дабылқызы осал болсын ба?!
Бақытты шаңырақ дегенімізжалтыраған сәнді сарай емес, жан-жарының, жақын-жоралары мен сүйікті балаларының күлкісі, ырысы мен ынтымағы демекші туған-туыстарымен, құда-жекжаттарымен тамыры тереңге кеткен, жапырақтары жайылған, ырысы мен ынтымақтары жарасқан Жанназаровтар әулетінде немере-шөберелерінің шат күлкісіне бөленген мерейлі отбасының қызықтары таусылмасын. Жүгіріп шығар төбе көп, Асу бермес шың қиын.
«Қартайған кемпір елде көп,абызана болу тым қиын» деп жырлағандай, Бекзия қарындасыма Алла қуат беріп, абыз аналықтың мұзарт шыңына шығып,немере-шөберелеріңнің саздыәуеніне бөленіп, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпақтарға еге бер деген тілегімді жеткізгім келеді.
А. ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
зейнеткер,
Арал қаласы
26 наурыз 2023 ж. 783 0