Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақынның соңғы сыры...

Ақынның соңғы сыры...

Сұлу Сырдың бойындағы Қызылжар ауылында бір кездері талантты ақын, кестелі сөздің зергері, журналист Серік Дінахметов тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмесі анық. Өйткені ол осынау жұмыр жердің үстінде отыз жыл ғана жер басып жүрген екен.
Иә, отыз жыл. Ақын пешенесіне жазылған азғантай уақыттың өзі босқа кетпеді. Оның артында қалған мұраларына көз жүгірткен әрбір адам тірі болғанда талай туындыларымен таңғалдыратынына толық сенгендей еді.
«Талаптысы болашағын ойлаған,
Тоғышары уайымсыз тойлаған.
Адам ағыс, мезгіл жігін айырар,
Кім жан бағар,
Кім кәнекей, ойлы Адам?!
Осылардың көріп бәрін, ойланып,
Күн күрсінді: Неткен жұмбақ бұл халық!» – деп ойлы өлеңімен өзіндік із тастаған Серік ақын поэзия әлеміне еркін кіріп, ертерек орын тепкендей.
Серік көп оқып, көп ізденетін. Бала кезімізде көрші тұрған бізді кітап әлеміне жетелеген де осы Серік ағамыз. Өзгелер доп қуып, көше шаңдатып жүргенде қағаздан бас алмайтын ағамыз қара сирақ боп қара терге түскен бәрімізді терезеден шақырып алып, бір парақ қағазға жазылған өлеңін оқи жөнелетін. Сосын күн астында қақшиып отырған бізге жымия қарап:
–Кеттік, – дейді, – ізіме еріңдер.
Маңдайшасына «ауыл кітапханасы» деп жазылған үйге көрші балаларды ертіп келген осы Серік ағамыз болатын. Қабырғалары кітапқа толы үй болатынын сонда көрдік. Бүгінгідей теледидары, ұялы телефоны жоқ ауылда кітап оқу да бір әлем ғой. Сол әлемге бізді алғаш рет Серік ағамыз әкелді.
Ойлап отырсақ, біздің көшеде кіл мықтылар тұрған екен. Ақын, тілші, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қарасай Дінахметов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшелері Жеткерген Әбдіреев, Жанділда Баймұратов, Темірхан Әбдіков, өзінің суырыпсалма ақындығымен ел есінде қалған Мұсылманқұл Баймұратов айқайласаң дауысың жететін осы көшенің тұрғындары еді. Сол кездің өзінде республикаға танымал болған Серік Дінахметов ерекше талантты тұлға болды.
Сол талантын мектеп кезінде байқатқан Серік 7 сыныпты аяқтар шағында республикалық «Қазақстан пионері» газеті ұсынған жолдамамен сол кездегі Одақ көлеміндегі ірі демалыс орны – «Артек» пионер лагеріне аттанды. Сабақтың аяқтала қоймаған кезі. Әлі есімізде, бүкіл мектеп болып Серікті ауылдағы шағын аэропорт үйіне дейін шығарып салғанбыз. Қазақстаннан санаулы-ақ балалар барған сол лагерьде Қырымбек Көшербаевпен бірге болғанын кейіннен естідік. Оның «Қырым, Қырымбек және мен» деген қолжазба түріндегі повесін інісі Жомарт Дінахметовтің өтініші бойынша облыстағы ақын Шакизада Әбдікәрімовтің тартпасынан мен алып келіп едім.
Мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға аттанған Серік ҚазМУ-дің журналистика факультетіне құжаттарын тапсырған. Ол кездері қаншама талантың болса да, журналистикаға түсу оңай емес. Үш жыл бойы ағылшын тілінен құлап қайтқан Серік өзі сүйген мамандығы жолында қайтпас қайсарлығын көрсетіп, төртінші жылы барып түскен еді. Бұл туралы аудандық «Толқын» газетіне «Арман алдамайды» деп мақала жазғаны да есімізде.
Журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолын республикалық «Лениншіл жас» газетінде редактор С.Бердіқұловтың қарамағында әйгілі қаламгерлер М.Шаханов, Қ.Жиенбаев, Ө.Оралбаев, Б.Қойшыбаев, А.Шымырбаев, Н.Жүнісбаевпен бірге жұмыстас, әріптес болып бастаған. Жазуға құлшына кіріскен Серік алғашқы қадамында-ақ жұртты елең еткізер тақырыптар көлемінде жазған очерк-әңгімелерімен ерекше көзге түсті. «Лениншіл жас» газеті бетінде шыққан «Мен оны іздеп табамын», «Үлкен жолдың кішкентай жолаушысы», «Сұлу қыз бен семсер», «Нарағаң алып шығады» деген тағы басқа очерктері жұрт қызығып оқитын дүниелер қатарынан орын алды.
Жазуға келгенде қаламы кідірмейтін, өзіндік қолтаңбасы бар Серік Дінахметов сол кездері Талдықорғандағы «Коммунизм туы», Алматыдағы «Теміржолшы», Ақтөбедегі «Стальный магистраль», «Болат жол» газеттерінде аудармашы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Қаламы жүйрік журналист Серік Дінахметовтің мақалалары сонау 70- жылдардың ортасы мен 80-жылдардың басында баспасөз беттерінен бір түскен емес.
Бәрінен бұрын Серіктің поэзия әлеміндегі ойлы өлеңдері басымырақ тұратын. Аралдың топырағында өсіп, теңізін өзіне пір тұтқан Серік ақын осыдан қырық жылдай бұрын Арал туралы:
«Ұқсайды теңіз жасаурап жатқан жанарға,
Шіркін-ай, бір күн сенің де шөлің қанар ма?
Тағдырға налып, өмірден күдер үзсең де,
Үміткерлікті үйрену керек Аралдан», – деп толғайды. Бұл Серіктің республикалық «Жалын» журналына шыққан өлеңдерінен үзінді еді. Тағы да «Табиғат нота жолдайды» деген жыр шумақтарында:
«Аптаптан мынау,
Тұрғандай басы айналып.
Су тартқыш құбыр созады мойнын,
Жай налып,
Қаладан теңіз іргесін сөгіп
Барады.
Құла түздегі қоқысты көлге айналып»,– деп табиғат теңсіздігіне жүрегін ауыртып, өзінің перзенттік борышымен шын қиналып жырлайды.
Серік – көреген ақын. Жас кезіндегі көп оқығанның әсері болуы керек, әлемдегі барлық оқиға, құбылыстар оның назарынан тыс қалып көрген жоқ. Сексенінші жылдың бас жағында жазылған мына өлеңі соған куә болғандай.
... Бір елінде бейбіт өмір көктеген,
Бір елінде «ойнап жатыр» отпенен.
Түбі даңққа бөленеді әлемде,
Бірінші боп от қаруды шектеген.
Серіктің айтқаны келді. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартып, әлемді таң қалдырды.
Ақын қашанда еркіндіктің адамы. Ол табиғаттың тылсым сырларын білуге құмартады. Кейде жаны жалғыздықты аңсап, мынау әлеммен жалғыз өзі сырласқысы да келеді. Серікті де қаланың қым-қиғаш шуылы шаршатты ма, әлде басқа себептері бар ма, әйтеуір сонау сексеннің басында туған жердің ауасын жұтуды бұйыртты.
«Ақ пейілмін, қулығым да аз-ақ тым,
Тілім үшін тәһит көрген қазақпын.
Ащы дәмін тата алмасам тірліктің,
Текті жырды тамылжытып жазад кім», – деп өзі айтпақшы, Серік ақын тіліміз тұтығып тұрған заманда өмірдің бір соққысына тап болды ма екен деп те ойлайтынмын. Жаны нәзік, ақкөңіл ақын бәріне қолды бір сілтеп, сонау түкпірдегі Атанши ауылына орыс тілі пәнінің мұғалімі болып орналасты. Мұғалімдердің жүріс-тұрыс, сауаттылығына басты назар аударатын аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Ебейсін Исаев Серікті де тілші екен деп оп-оңай жұмысқа алған жоқ.
– Атанши деген жерге орыс тілі пәні мұғалімі керек. Бірақ сені талантты жігіт деп қалай жібере салам, – деп ойланып отырды да, кітап толы шкафтан бір кітапты алып:
– Бала, сен мына бір бетті осы жерде отырып қазақшаға аударып көрші, – деп орыс тілінде жазылған кітапты мұның алдына қойды. Өз бетінше ізденіп, аудармалар жазғаны бар Серік көрсетілген бетті бір шолып өткенде- ақ әдеби тілмен аударма жасауға болатынын түсінді. Басшы ұсынған бір бет қағазды лезде толтырып берген Серікке білім бөлімінің басшысы:
– Жарайсың, аударманы әдемі жасайды екенсің, – деп ризашылығын білдірді де, бұйрығын жаза бастады.
Сол жылдары Серік аудандық «Толқын» газетіне жиі-жиі көлемді мақалалары мен аудармаларын жариялап тұрды. Серіктің «Ақ көйлек киген қыз» деген новелласы адам жанын тебірентер шығарма болғандықтан есімізде ұзақ сақталып қалған. Ол ауылда туды, ауылда өсті. Бір орысы жоқ балықшы ауылдың баласы сонда да орыс тіліне жүйрік еді. Өзінің ізденімпаздығының арқасында үйренген тілі оның аударма ісімен айналысуына ықпалын тигізді. Сол себепті де Серіктің аудандық ғана емес, республикалық басылымдарда жарияланған аудармалары өте тартымды шығатын.
Қаншама ірі дүниелер жазса да, Серік ағамыздың жүрегі нәзік еді. Сол нәзіктігінен де болар, оның қасына көршілердің қара домалақ балалары көп жиналатын. Өйткені оның балаларға айтар қызықты әңгімелері де көп болды. Ол бізге ғана емес, бүкіл әлем балаларына достық көңілмен мейірлене қарады.
... Күтіп сәтін түн-түнектен құтылар,
Тар бұғауда Никарагу бұлқынар.
Түсі қара, шашы бұйра демесең,
Бейбіт қатар жүруге оның құқы бар, –десе енді бірде:
Кең-байтақ мынау
Іргесі мықты қонысым.
Исінер жерім,
Айырмай қазақ, орысын.
Бір туыс елдің Сергейі созса саусағын,
Серігі болып қол ұшын беру – борышым, –деп жырлайды бейбітшілікті, бүкіл әлемдегі тыныштықты тілеген Серік ағамыз.
Серік Дінахметов – №81 Қызылжар орта мектебінде ұстаздық еткен марқұм ақын-журналист, аудандық «Толқын» газетінің штаттан тыс тілшісі Қарасай Дінахметовтің тұңғыш ұлы. Әке тәрбиесін бойына сіңіріп, әкеден үлгі алған Серік:
Көрініп тұрсын жырымнан мөлдір бар жаным,
Кестелеп сөздің төгемін інжу-маржанын.
Көңілден өрген көрікті ойлар жетсе елге,
Тек ақын емес, азамат менің болғаным, – деп кестелі сөздің келтесін елі үшін игілікке жарататын азамат болуды мақсат тұтады.
Белгілі баспасөз майталманы Жұматәлі Әбдіраманов, республикаға танымал фототілші Р.Ханалиев Серіктің студент шақтағы достары екен.
Белгісіз бойжеткенге Аралда жүріп ғашық болған Серік ағамыз тамыз айының аяқталмағанын тілеп еді. Өйткені ақынды ғашық еткен Аралдың аруы тамыз аяқталуына оқуға кететін болыпты.
«Тоқта енді, аялдағын аз ғана,
Мұнша ынтық болмағанбыз жазға да.
Август айы бойжеткенге ғашық боп,
Жүрек сөзін айта алмаған бозбала.
Өтінемін, аялдашы аз ғана!» – дейді. «Сарша тамыз» деген новелласының алғы сөзінде. Амал не, ай емес, өмір де бір орында тоқтамайтыны баршаға аян. Өзінің соңғы шығармасын жазып, «29 август, 1985 жыл» деп күнін жазған Серік ақынның жүрегі тамыз айының отызында мәңгілікке тоқтады. Бойына бар талантын жиған ақын Серік Дінахметов ауыл арасындағы жол апатынан қайтыс болды.
Қалың оқырманды өзіне тәнті еткен ақынның арманы көп еді. Сол жазда ауылда болған Серік ағамыз: «Осы жаздан кейін Алматыға қайта барып, шығармашылықпен айналысамын» дейтін. Әттең... Сол тамызды неге аялдашы деп тіледі екен. Ақын жүрегі әлде бірдеңені сезді ме? Отыз жас. Балалықтың бал шырыны ернінен әлі де кете қоймаған шағы екен-ау. Отызға жетпей ойлы дүниелер жазған Серік ағамыз мықты ақын еді.
Үлкен үміт күткен баласының қазасы ауданға танымал ұстаз-тілші Қарасай Дінахметов ағайға да оңай тиген жоқ. Қанатынан қайырылған әкені жұбату үшін республиканың түкпір-түкпірінен хабарлар келіп жатты. Серікпен жұмыстас болған әйгілі ақын Мұхтар Шаханов та Қарасай ағайға көңіл айту хатын жолдаған.
Серік ақын қайтыс болған сексен бестен бері қаншама уақыт өтті. Ақынын іздеп қайғырған өмір қалпына түсті.
«Ағады өмір қалпына түсіп жай күнгі,
Уақыт толқын, жіберер шайып қайғыны», – деп Серік ағамыздың өзі айтпақшы, уақыт бәрін ұмыттырып, ағамыздың есімі елеусіздене бастап еді. Белгілі қаламгер, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулланың газет бетіндегі «Арал ақындарын ұмытпайық» деген мақаласы Серік туралы ойымды жинақтауға әсер етті. Тарих бетін таразылап, жерлестерін ұлықтап жүрген Ерекеңе рақмет! Ерғалидің мақаласындағы «Есімдері елеусіз қалғандардың қатарында атақты «Арал жастары» вальсінің авторы Елеусіз Кенебаев, қазақ балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқан талант иесі Сағындық Тұрдалиев, Шабақ Мұхамеджанов, Аманкелді Смағұлов, Серік Дінахметовтер бар» деген жолдар маған үлкен ой салғандай болды.
Қазақ артында іздеушісі бар деп көңілге медет тұтатын сөздер Серік ағамызға да айтылғандай. Өйткені оның әрбір шығармасын жыр ғып айтатын ауылдастары, қала берді іні- қарындастары бар. Серіктің інісі, ұстаз Жомарт Дінахметов те бір сөзінде ағасының дүниелерін жинақтап, баспаға беру ойында екенін айтқан. Оның шығармаларына арнайы бұрыш ұйымдастырған Қызылжардағы ауыл кітапханасына да рақмет.
«Осы барым, өмір жолым аз-ақ тым,
Сырымды айтып көңілімді тазарттым.
Жыр жазамын, бар айыбым сол ғана,
Ал, әйтпесе, өздеріңдей қазақпын», – деп жырлаған Серіктей ақын ағамыздың өмір жолы шынымен де аз болды. Біреуге ерте, біреуге кеш деген осы. Әркімнің пешенесіне жазылған өлшеулі өмірді өзгертуге шама қайда?! Осынау азғантай өмірінде оның артында өлең деген өшпестей із қалды.
Ақынын ардақтайтын ел оны ешқашан ұмытпасы анық.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені
28 наурыз 2023 ж. 626 0