Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бірліктің бастауы – тәрбие

Бірліктің бастауы – тәрбие

Адамды адам ететін – еңбек. Әр сөзінің астарында терең мағына, таусылмас үлгі-өнеге жататын қазақ халқы қашанда салмақты сөйлеп, бір ауыз сөзбен тәлім-тәрбие бере білген. Расында жетістікке жетіп, жақсылықтың үлгісіне айналуда талпынғанға талап, ұмтылғанға бақыт, қамданғанға құт қонатыны белгілі. Біз бұл жағдайға жиі кездесіп жүрміз. Адал еңбегі мен таза тіршілігінің арқасында көпшіліктің санасында өшпеске сақталған еңбек адамдары да қаншама. Міне, маңдай тер мен тынымсыз тірліктің баянды болатынын көрсетіп, ұрпақтарын ұлағаттылыққа, еңбекке дағдыландырған жандардың бірі Тоғыс Байназаров болатын.
Кейіпкеріміз 1931 жылы Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылында туған. Балалық шағы да Сырдың жағасында өтеді. Дария жағалай қоныстанған ауылда өскендіктен еңбекке ерте бейімделіп, қандай жұмыс болса да икемді болып өсті. Кейіннен Аралға келіп, осында жастайынан көргенін, білгенін естен шығармай, еңбектің наны тәтті болатынын терең сезінді. Кеме жөндеу зауытында қызмет жасап, сол жерден зейнетке шықты. Оның басты ұстанымы адалдық пен әділдік болатын. Қандай жағдай болса да сөздің турасын айтып, істің жөндісін жасай білді. Бұл тек өзінің ұстанымы ғана емес, ұрпақтарына да осы қасиетті сіңіре білді. «Балаларым, біздің абыройымыз, еңбегіміз, сендерге жасаған қызметіміз елдің, сендердің көз алдарыңда. Бірақ «әкенің малы балаға мал болмайды» деген бар. Соны естеріңнен шығармаңдар. Бала кезден жаныма ертіп ертіп жүріп, жұмыстың жайын үйретуімде де үлкен тәрбие жатыр деп біліңдер. Өздерің де талаптаныңдар. Сонда ғана жұртшылықтың арасында жақсы аттарың шығады» деп отыратын. Қандай қиын жұмыс болса да шаршадым демей үйіне келіп балаларын алдына алып, оларды еркелетіп отыратыны да бүгінде ұрпағының есінде.
Еңбек сүйген азаматтың жары Мәкеш Қалышова да ақжарқын, бір сөзді, еңбекқор болды. «Екі жақсы қосылса, Ай мен Күндей жарасар» деген осы болар. Ол 1936 жылы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. Әкемізбен бірге шаңырақ көтеріп, 13 бала тәрбиелеп өсірді. Алтын құрсақты ананың аялы алақаны мен жылы шырайы бала кезінен еңбекке бейімделген балаларының бақытына басты себептің бірі десек қателеспейміз.
Ер азаматқа жарынан жақын қолдаушы, жарынан жақсы ақылшы болмайды демейді ме?! Зейнетке шыққан соң да әкемізбен бірге Сарышығанақ ауылында мал бағып, шаруа қожалығын ашты. Жұмыстың бағдарын жақсы білетін жандар бұл кәсіпті де дөңгелетіп кетті. 13 перзентін қатардан қалдырмай оқытып, білім алуына жағдай жасап, әкелік міндет пен аналық борышын адал атқара білді.
Бірақ баланы оқытып, оны шығар шыңына жеткіздім деу де қате түсінік. Міне, осыны естен бір сәт ұмыт қылмаған Тоғыс Байназаров тәрбиенің терең үлгісі десек те болатындай. Бастысы бауырлардың бүтіндігі мен бірлігі – берекенің бастауы. "Балаларым, адам көптігімен, барлығымен, байлығымен жарысып ешкімнен оза алмайды. Себебі мұның барлығы өткінші нәрсе. Қазақта «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген аталы сөз бар. Міне, осыны естен шығармаңдар. Өздерің оқып білген қазақтың том-том тарихынан да осыны анық аңғаруларыңа болады. Естеріңде болсын, қандай қиындық болса да жеңетін бір ғана нәрсе бар. Ол – бірлік» деп үнемі ақылын айтып отыратын. Бүгінде 13 перзенттен тараған бір ұрпағы бір қауым елге айналған. Тәуелсіз еліміздің қай қаласында болса да бір сәтке бауырларын ұмытпай, бір-бірін қолдауға әзір тұрады.
Халқымызда «жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген терең тәмсіл бар. Тұтастық пен ынтымақты, ауызбіршілікті шаңырақтан бастасақ, мемлекеттің де іргесі берік, еңсесі биік болмақ. Себебі әр ұрпақ, әр адам – елдің азаматы
Сара БАЙНАЗАРОВА
29 сәуір 2023 ж. 588 0