Жаңа Арал
Сенісің ұлы намысым,
Толқындарың менің ескі танысым.
Кеше ғана көз жазып ек аһ ұрып,
Естілді ме сені іздеген дауысым.
Қаяу мұңдар көкрегімде тұр жылап,
Жұбатады, ұнатады кімді бақ.
Құмдар сен боп күрсінгенде Аралым,
У ішкендей теңселді әлем тұнжырап.
Құлақ түрдім сыңсып айтқан сол әнге,
Жағаны ұрған толқыныңа обал де...
Ескі Арал боп жоғалдың да ақыры,
Жаңа Арал боп оралдың ба жоқ әлде.
Өмір жолы екі-ақ түрлі бар мен жоқ,
Көкірегіңде улы ертінді қалған көп.
Қайда едіңдер деме бізге кінә артып,
Пендеміз ғой бізде кейде дәрмен жоқ!
Қайта оралғың келген шығар көктемге,
Өкпемізді арта алмаймыз өткенге.
Жүрегімді жұлып бергім келеді,
Арал жылап, Арал мұңын төккенде.
Керім Арал,
Тарғыл тартқан шемен шерді қозғама,
Шүкір дейтін халықпыз ғой азға да.
Жаңа Аралға ғашық болған жер мен көк,
Жаңа соқпақ, жаңа сүрлеу жол ғана...
Құлақ түрдім сыңсып айтқан сол әнге,
Жағаны ұрған толқыныңа обал де...
Ескі Арал боп жоғалдың да ақыры,
Жаңа Арал боп оралдың ба жоқ әлде.
Бағдат Үмітбек,
Қонаев қаласы