Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жазықсыз жазаланған Нұрмағанбет ақын

Жазықсыз жазаланған Нұрмағанбет ақын

Көрерменге есімін әйгіледік
Кеңестік заманда көнекөз қариялар болмаса, Арал өңірінде туып-өскен дарынды ақын, құғын-сүргін құрбаны Нұрмағанбет Қосжановты көпшілік жете білмейтін де еді. Мәдениеттің майталманы, ақын-термеші Әбілхан Махановтың «Аралым, айдын шалқарым» атты термелетіп айтатын «Нұрмағанбет, Нұртуған талай жырын жазған жер» деп келтіретініне қарағанда, өңірге белгілі даңғайыр ақынмен қатар аты аталғанына қарағанда бұл да бір мықты ақын болар деп ойлайтынбыз.
Расында солай болып шықты да. Кезінде жазықсыз жазаланған екен. Елімізде жариялылық орнап, есімізді жинаған тұста, кешегі «халық жауы» атанып, қасіретке ұшыраған асылымыздың бірі – Нұрмағанбет Қосжановты сонда ғана білдік.
Сол замандағы «шаш ал десе, бас алатын» ауылдағы НКВД-нің бір жансызы «Нұрмағанбет ел аралап, үкіметке қарсы үгіт таратып жүр» деп жалған ақпарат берген. Бұл 1937 жылдың сәуір айының соңы болса керек. Содан 1 мамыр күні Нұрмағанбетті Арал балық тресіне қарасты Ауан балық зауытының «Победа» қайығымен қалаға қайтып келген жерінде екі милиция ұстап әкетеді. Үйіне тінту жүргізіп, қолжазба өлеңдерін, бірқатар мүліктерін тәркілеп, хаттама толтырады.
Сол ұсталғаннан 1937 жылдың 29 тамызында «бай-молдалардың сөзін уағыздаған, Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген» деген айып тағылып, Ақтөбедегі НКВД-нің үштігі Нұрмағанбетті ату жазасына кеседі. Үкім сол жылы қырқүйек айының 4 жұлдызында орындалған.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып жүрген кезімде музей қорында Нұртуған Кенжеғұлұлының бірсыпыра өлеңдері, хаттары, фотосуреті (қолдан салынып түсірілген) сақтаулы тұр екен. Оның үстіне ғалым-тарихшы Әпсатар Оспанов өз қаражатымен баспадан шығарған «Нұртуған» атты үш томдық кітабын сыйға тартып кеткен-ді.Бұл «Нұртуған Кенжеғұлұлы» атты жасап жатқан экспозициялық көрмемізге көп көмегі болды. Және де «Мырзастағы жыр мектебі» ақын-жырауларының фотосуреттері де көрменің мазмұнын аша түскенін айта кету керек. Ал біз сөз етіп отырған Нұрмағанбет ақын жайлы ешбір дерек, мағлұматтар жинақталмаған екен. Себебі неде?..
Облыстық «Сыр бойы» газетінің 1992 жылғы 9 маусымдағы №68 санында жарияланған «Жазықсыз жазаланғандардың істері қайта қаралып, ақталғандардың тізімінде: «Кущанов Нұрмағанбет 1897 жылы туған, қазақ, Арал қаласы, «Пятилетке» артелінде ағаш ұстасы, 29.08.1937 жылы дін түріндегі революцияға қарсы қызметі үшін жазаланған» деген қысқа мәлімет бізді қатты қуантты. Ақталғанның аты ақталған. Енді арқаны кеңге салуға болады. Өйткені ақын Нұрмағанбет жайында деректер, мағлұматтар және де басқа көңілге түйетін (экспозицияға) нәрселерінің болмауының себебін білгендей болдық. Сөйтіп музей жанындағы ғылыми кеңестің бір отырысында ақын Нұрмағанбеттің өмірі мен шығармашылық мұраларын жинастыру және оны ғылыми түрде зерттеу, ұстап тұтынған мүлкін музей қорына алу сияқты мәселе кеңінен сөз болған-ды. Не керек, осы отырыстан кейін музейдің ғылыми қызметкерлері, қор сақтаушы және басқа да техникалық қызметкерлері болып осы жұмысқа белсене кірісіп кеттік.
Нұрмағанбет ақынды Сексеуілде теміржол саласының ардагері Нұрғали Балтамбеков өте жақсы білетін болып шықты. Сондай-ақ тепловоз машинисі болып істеген Кеңес Таласбаев, Тілепов сынды бірталай адамдар да ақынның өлең-дастандарынан хабардар екенін білдірді. Е.Ысқақов деген адам «Нұрмағанбет ақын ауылдық кеңестің сессиясы қаулысын өлеңмен жазған» дегенді де айтты. Бірақ бұған көз жеткізе алмадық.
Нұрмағанбет Қосжанов 1897 жылы №2Көкарал ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Жақайымның Көгіс аталығынан тарайтын Бәйімбет руынан. Одан Бадық, Дүйсен, Қосай, Айдос, Бөлебай болып келеді. Бөлебайдан Қошан (Қосжан) – Аманша тарайды. Нұрмағанбет осы Қосжанның бел баласы. Жастайынан ауыл молдасынан сауат ашады.
1920жылы Қосжан әулеті Құланды өңіріндегі «Қаралашөп» деген жерді қыстайды. Сол жылы үлкен ауыртпалық болып, ауыл қайғылы жағдайға ұшырайды. Он жеті отбасынан екі отбасы ғана аман қалады. Әке- шешеден бірдей айырылған Нұрмағанбет Сексеуіл стансасындағы Төртқара нағашыларын паналайды. Теміржолда кондуктор болып жұмыс істейді. Сауаттылығының арқасында Сексеуіл ауылдық кеңесінде хатшы қызметін атқарады. Осы кезден-ақ өлең жаза бастайды. 1930 жылдары тұңғыш жазылған «Нәркібайұлы Шора батыр» дастанын кезінде жыраулар жырлап, тыңдаушылардың сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болған.
1930 жылы Сексеуіл ауылдық кеңесінде хатшы қызметін атқарып жүргенде «бай-молдалардың малдарын жасырдың» деп сотталады. Бірақ айып жазасын өтеместен түрмеден қашып кетеді. Кейін екінші рет айып тағылып, 1933 жылы үш жылға бас бостандығынан айырылады.Жазықсыз жазаланған жала мерзімін өтеп келген соң, 1936 жылы Арал қаласына көшіп келеді. Қазіргі өз атымен (бұрынғы Энгельс) аталатын көшенің бас жағындағы үйдің бірінде тұрады. «Пятилетке» артелінде ағаш ұстасы болып еңбек етеді. Әрі ақындық жолын жалғастырады. Соңғы жолы Нұрмағанбет кезекті еңбек демалысын алып, көптен көрмеген Көкарал, Ауан жеріндегі ағайын-туғандарын аралап жүргенде ауылдағы НКВД жансызының жалған ақпарат беруімен Аралға келген жерінде ұсталады. Сөйтіп бұрынғы нақақтан жабылған айыптары қосылып, ату жазасына кесіледі.
Нұрмағанбеттің терең ойлылығы, қаламының жүйріктігі басым болған деседі. Ақынның өлеңдері, әзіл-сықақ, фельетондары сол кездегі аудандық «Екпінді балықшы» газетіне жарияланып тұрған. Нұртуған шығармаларын оқып, даналығына ден қойған, аға, ақылшы-ұстаз тұтқан. Нұртуған ағасының науқастанып, төсек тартып жатқанына қайғырып, көңілін сұрап сәлем хаттар жолдаған. Сондай-ақ «Тоғыз» стансасында (Шалқар ауданы) тұратын нағашы жұртым деп, шайыр Ашубай молдамен нағашылы-жиенді болып, хат арқылы айтысқаны халықтың есінде қалыпты.
Нұрмағанбет ақын алғашқы жазасын өтеп келгенде үй-тұрмысының нашарлап кеткенін, белдеп қарасатын тума-туыс болмағандығын білдіріп, сол кездегі замандасының бірі – Ахметуллаға өмірлік жар болатындай әйел алуға ақыл-кеңесін сұрап өлеңмен хат жазған. Бұл өлең «Ахметуллаға хат»деп аталады. Түрмеде де бірнеше өлеңдер жазған. Соның бірі «Ер тарықпай,толықпас» атты жыры. Ақын Қарағандыда айдауда жүрген күндерінде ел-жұртының тарихына зер салып, зерттеп, зиялы азаматтармен кездесіп, деректі мәліметтер жинақтап, көңіліне тоқиды.
Ақын жазасын өтеп келгеннен кейін сол бір замандағы жоңғар-қалмақтарының зорлық-зомбылықтарына қарсы күресте қазақ халқыныңерліктерін, соның ішінде өз өлкесінің атақты билері мен батырларынан бастап, бозбалаларға дейін ұрысқа аттанғандығы туралы жазуды алдына мақсат етіп қояды. Бұны «Сартай» дастанында қамтымақ болған. Одан соң отаршылдыққа қарсы күрескен ержүрек Жанқожа батыр жайлы да дастан жазбақшы болған. Сөйтіп ата-бабаларының халқының бас бостандығы жолындағы ерліктерін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды басты мұраты санаған екен. Алайда әуелі «Сартай» дастанын жазуды қолға алғанмен аяқталмай қалады. Сондай-ақ Жанқожа батыр жайлы жазам деген арманы да орындалмайды. 1937 жылдардағы аласапыранда жазықсыз жазаланып, құғын-сүргіннің құрбаны болады.
Ақынды осылай ұлықтадық
Тапқан дерегімізде Нұрмағанбеттің ақындық дарынымен қатар,ағаштантүйін түйетін шебер-ұста болғанын, кебеже, сандық, сықырлауық есік, адалбақан сияқты үймүліктерін неше түрлі өрнекті оюмен жасайтынын білдік. Сондықтан орайы келгенде оның қолынан шыққан мұндай мүліктердің кейбір отбасында кездесіп қалуы ықтимал дегендерден де сұрастырып отырдық. Таптық та. Бұрын Арал теңізі теміржол стансасы жанындағы №4 пошта бөлімшесінің меңгерушісі болып зейнетке шыққан Айтуған Алдабергеновтің отбасында (ақынға жақын туыс) көздің қарашығындай сақталып келген кебеже-сандық барын естідік. Естіген бойда музейдің қор сақтаушысы Шәрипа Ысқақова барып ала алмай келген. Кейін екеуміз барғанымызда Айтуғанның отбасы Алматыға көшейін деп үйінің бар мүлкін буып-түйіп, ауласына шығарып қойыпты. Ішінде қыры мен сыры кетпеген, қазақи ою-өрнекті кебеже де, сандық та тұр. Үй иесі осы бұйымдарды сұрап келгенімізді біліп, бұл дүниелерді қымтап қойғандығын сылтауратып бере алмайтынын кесіп айтты. Ақынның қолынан шыққан мүліктер басқалардан табылып қалар деген үмітпен босқа қайттық.
Осы жылдары қаламыздағы орысша атаулы көшелер елге белгілі азаматтардың есімдерімен аталып жатқан. Музей тарапынан ата-бабалары жөнінде анықтама алып, көше сұрағандар да (атына) кездесті. Біз де «НегеНұрмағанбет ақынның атына көше сұрамасқа» деген ойымызды ішіміздегі ақсақал, аға ғылыми қызметкер Құдайберген Жасекеновке білдіргенімізде ол: «Құжаттары толық емес, нақты дәлел ретінде ұсынатын «Сыр бойы»газетінде жарияланған Нұрмағанбеттің жазықсыз жазаланғаны жөніндегі дерек аздық етеді. Онан дасен ресми түрде хат жазуды білесің, облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатынас жазсаң қалай болар екен?» деді маған.
Сонан уақыт оздырмай құғын-сүргін құрбаны Нұрмағанбет Қосжанов жайлы мәлімет сұрап, қатынас (өтініш) жаздым. Арада көп күттірмей Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы басқармасының бастығы Абдат Бапалақов қол қойған жауап та келді. Онда:
«Біздегі архивтік қылмысты іс-қағаздарында Кущанов Нұрмағанбет 1897 жылы Арал ауданы, №2-ші ауылда туылған. 1930 жылы Н.Кущанов ауылсоветте хатшы болып қызмет атқарып жүргенде бай-молдалардың малдарының санын жасырып, жалған анықтама берді деп, 1931 жылы 5 жылға сотталған. Айып жазасын толық өтемей, түрмеден қашып шығып «Алтынжаппас» руының қарақшыларына қосылып қарақшылық жасады деген айып тағылып, 1933 жылы 3 жылға қайта сотталған. Айып жазасынөтеген соң Кущанов Арал қаласында тұрған.
1937 жылы тамыз айының 29 жұлдызында "өткенде бай-молдалардың сөзің уағыздадың, Кеңес өкіметін жамандап, қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргіздің" деп, Ақтөбе облысындағы НКВД-нің үштігі ату жазасына кесіп, үкім сол жылы қыркүйек айының 4 жұлдызында жүзеге асырылған. Н.Кущанов өзіне тағылған айыпты мойындамаған.1989 жылы тамыз айының 11 жұлдызында ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы қаңтар айының 16 жұлдызындағы жарлығына сәйкес Н.Кущанов толық ақталды.Сонымен бірге жауап хатта Н.Кущановтуралы басқа дерек жоқ екенін айта келіп, «Сіздердің өтініштеріңіз бойынша аудандық тарихи-өлкетану мұражайына сақтау үшін паспорты мен фотосурет жіберіп отырмыз» депті.Фотосурет латын, орысша жазылған құжатында (паспорты) жапсырылған. Фотосуретін дереу үлкейттіріп алып, көрме залына қойдық.
– Бұл бір қатып кеткен жұмыс болды, – деді Қ.Жасекеннов. – Енді өзі тұрған Энгельс көшесінің тұрғындарынан пікір жинау керек, бұған сен пісенттісің ғой, – деп мені жұмсады.
Энгельс көшесі қаладағы ең соңғы жермай сататын дүкеннің алдынан басталады екен. Алғашқы барған үйімнің иесі Жәли Ибрагимовке көшесінің атын өзгертуіне пікір сұрап келгендігімді айтуым мұң екен, бірден келісе кетті. Және көршілеріне ертіп апарып, олардың пікірін жаздырып алдық. Енді көше тұрғындарының жалпы жиналысының хаттамасы керек болып, көше комитеті төрағасын сұрастырсам, бұл да маған бұрыннан таныс "Аралбалық" өнеркәсібі өндірістік бірлестігінде қызмет істейтін Мектеп Отарқұлов болып шықты. Ол да ағынан жарылып, бір-екі күнде көше тұрғындарымен кездесіп, жиналыстың хаттамасын беретін болып, көп ұзатпай әкеліп берді.
Сонан кейін ақын Нұрмағанбет Қосжановтың қалада тұрған көшесіне атын беру жөніндегі құжаттар жинастырылып, аудандық ономастикалық комиссияға ұсынылды. Сөйтіп Қазақстан Республикасына еңбегі сіңгенмәдениет қайраткері, марқұм Құдайберген Жасекеновтің ұйымдастыруымен бір іс тындырылып, ақынды осылай алғаш ұлықтағанбыз.
Амангелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы ғылыми қызметкері,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
31 мамыр 2023 ж. 393 0