Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адамдық борыштан айнымаған

Адамдық борыштан айнымаған

Ел алдында жүрген азаматтың бағасын халық береді. Қандай қызметте жүрсе де адамдық арын, болмыс-бітімін лайықты ұстап, адалдығын, шынайылығын ту қылып мәниғалы тірлік кешкен жанның ел-жұрттың алдында абыройы асқақтап, есімін кім-кім де құрметтейтін тұлғаға айналады. Өмірдің барша мән-мазмұны да осында жатқан шығар. Тағдырдың жазуымен ондай жан келместің кемесіне мініп кетсе де, асыл бейнесі жұртшылық жадында дәйім жаңғырып отырады. Дана халқымыздың «Жақсының аты өлмейді» деген сөзі осының бір айғағы емес пе.
Көзден кетсе де, көңілден кетпей, есіңе алған сайын оның жақсы-жақсы қасиеттері, үлгілі істерін, орайлы сөздерін, өнеге танытқан кездерін бір түрлі сағынышпен, жаның тебірене жылы сезіммен тағы бір мәрте көңіл көкжиегінен өткересің.
Бүгін, міне, осындай қошуақ толғанысқа түсіріп отырған, өткен күндерге қайта бір оралтып отырған – ол Ишмұрат Берденов туралы ойларым. Оның қарапайымдылыққа, әділеттілікке, шынайылыққа, ізгілікке, ұлағатқа толы ғұмыры – біздің көз алдымызда өтті. Ол кенеттен өмірден өткенде «Қайран да қайран Ешмұрат-ай! Айналаңа, ағайын-туысыңа, халқыңа әлі берерің, тағылым қып үйретер ғибратнамаң көп еді ғой» деп өзегімізді өрт жалағандай болған, жан әлемімізді сұп-суық ызғар кернеп өткен. Дегенмен ұлағатты ұстаздың мазмұнды ғұмыр иесі болғандығы көңілге медеу боп қалды.
Ишмұрат Арал теңізі арнасына сыймай тасып-толып жататын шағында батыс қойнауындағы Авань ауылында дүние есігін ашқан. Жағалаудың ақ құмына аунап өскен талапкер жас мектеп бітірген соң, Қызылордадағы педагогикалық институтты тәмамдады. Диплом алып, туған өңірге оралды. Ұзақ жылдарға созылған педагогтық қызметі бастау алды. №2 мектеп-интернатта, №220 мектепте пән мұғалімі, аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметтерін алғаусыз атқарды. Маман ретінде жақсы аты шықты, әр түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Аудан мұғалімдерінің ақылшысына айналды, өз пәнінің ең бір білікті білімпазы болды.
Абыройлы қызметіне біз сүйсініп отыратынбыз. Оның сабырлы да салмақты қалпы, қай кезде де уәдеге берік бірсөзділігі, өмірге, қоғамға деген салиқалы көзқарасы, парасатты да пайымды, ойға қонымды пікірлері көңіл үдесінен шығып жататын.
Ишмұратты інімдей көріп, жаныма жақын тұтуымның тағы бір себебі – екеуіміздің бөлелігіміз бар-тын. Содан да ол да мені аға тұтып, алдымды кесіп өткен емес. Әр сөзімізге зерделі құлағын салып отырып, өзінің өрелі ойын жеткізетін.
Ұзақ жылдар білім саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан Ишмұрат рухани-имандылық жолына түскендей болды. Намазға жығылып, «Құран-кәрім» аяттарын мүлтіксіз қырағатпен оқитын. Бойын тазалыққа бұрды. Аппақ та таза киініп жүретін. Көп адам оны молда шығар деп қалатын. Ал ол діни білімі біршама терең болса да, молдалық етпей, өзінің кінәратсыз болмыс-бітімін қалыптастырды. Көп адам жиналған берекелі дастарқан басында тәлімді тәмсілдерді, өнегелі әңгімелерді ұлағаттап айтып отыратын. Айналасына нұр шашқандай болатын келімді келбеті көп адамның жүрегіне жол табатын, оған деген құрмет сезімін оятатын. «Мешітке барып тіркеліп, молда болмайсың ба, бірнәрсе алып тұратын» деп әзілдегенімде, ол: «Ой, Қуеке, ол өте жауапты, қиын жұмыс қой. Біз өзімізше дайындалған, біліміміз жеткіліксіз ғой. Садақаларда ғана құран оқитындай ғой» дейтін.
Тумысынан дарынды, құймақұлақ Ишмұрат інімнің жан-дүниесінің байлығы, ой-сезімінің ұшқырлығы, тілінің көркемдігі оны өлең-жыр әлеміне әкелген. Көңілге түйгенін, көкірегінде піскен ой өрнектерін ақ қағазға өлең етіп төгіп салатын.
Өміріміздегі қуанышты-думанды той-тобырымызда әрқашан бірге болатынбыз. Қай-қашанғы әдемі әдетімен, әсерлі ізетімен Ишмұрат көрікті сезімін, ақ ниетін өлең қылып шашу шашатын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, оның шынайы көңілін жеткізген жырына біздер дән риза болып, алғысымызды айтатынбыз. Ағаларын қуантып, бір желпіндіргеніне өзі де марқайып қалатын.
Талай мәрте сұхбаттас, сырлас болып жүрсек те, менің есіме екеуіміздің Шалқар жақтағы нағашыларымызға әдейілеп барғанымыз түседі. Қонақжай нағашыларымыз екі жиенінің келгеніне мәз-мейрам болып, жерге түсірмей алқандарына салғандай қадірлі қонақ етті. Осы бір жақсы күндері де Ишмұратты жете тани түстім. Адамдық парызын адалдықпен әспеттеген оның кісілік келбетін тани түстім. Жайлы да салмақты мінез-бітіміне риза болдым. Оның адамдармен тіл табысып, сыйласа білетін, сырласа білетін болмысын көргенмін. Рухани жан-дүниесі бай адам осындай болады.
«Мұсылман – мұсылманның айнасы» дегендей, өмірден түйгені көп, оқып-тоқығаны жетерлік, арлы да адал қалпынан аумаған, әділеттілікті өмір өзегіне айналдырған Ишмұраттың азаматтық жақсы қасиеттерін айтып тауысу мүмкін емес. «Ишмұрат, сен көп жерге барасың ғой» дегенімде: «Мен осы кішкене қалада өстім. Білім бөлімінде, екі мектепте қызмет жасадым. Ағайын-туыс, құда-жекжаттар «Құран оқып жібер» деп көп шақырады. Оның бер жағында танитын, уайым-қайғыға ұшыраған адамдарға көңіл айту әр адамға парыз, әрі өзіме де, ол адамға да сауап болады. Тойларға бармаймын. Оларда ішікілік болады, реті келсе үйлеріне барып, тілек білдіремін» дейтін.
Оның салауатты қалпына зерделей енген жан байлығы одан сайын тереңдеп кететіндей. Сол кең шалқар көкірегінде көп қазына жатқанын аңғаратынмын. Кейде сол көп қазына әлі де ақтарылатынына уақыт жылдамдық етті ғой деп ойлаймын. «Биыл жұмысты қоямын. Емін-еркін Шалқардан Ақтөбеге дейінгі нағашы, бөлелерді күзге салым аралап, өткендеріне дұға оқып дегендей» деп уағдаласып жүргенде кенеттен осындай болды ғой. Ақ сақалды абыз атанып ел-жұртының, ағайын-туысының, әулетінің бір қадірмені атанатын күндерге жетпей кетті-ау деп жүректе өкініш пайда болатыны рас.
«Аз ғұмырында көп жасаған» деген бір данагөй сөз бар, сол айтқандай Ишмұрат інім ондаған жылдар бойы қаншама шәкірттерге білім нәрін сеуіп, үлкен өмірге жолдама берді. Меніңше, сол әрбір шәкіртінде ұстаз Ишмұрат Берденовтің білімінің ұшқыны, жүрегінің жылуы бар. Артындағы ұл-қыздары оның үлгілі тәлім-тәрбиесін алып, бүгінде бір-бір шаңырақ боп, әке атын асқақтатып жүр. Оның дүниеден өткеніне де тура бір жыл болыпты. Ай жүзін пейіштің нұры шалғай. Оның адамдық, ұстаздық, имандылық, әдептілік, әсемдік әлемі жанымызда жүр.
Бөлесі Қуанышбай ЕРДІХАЛЫҚОВ,
Арал ауданының құрметті азаматы
30 шілде 2023 ж. 688 0