Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірі өлеңінде өрнектелген

Өмірі өлеңінде өрнектелген

"Иә, достар жыр жолдары қиналтып жүр.
Жас қыздай сөйлесуді үйренбеген" – бұл өлең жолдары үстіміздегі жылы туғанына тоқсан бір жыл толған жергілікті ақын Мырзағали Оразалиевтың осыдан жиырма үш жыл бұрын жарық көрген «Жүректің қылын қозғаймын» атты алғышқы да, соңғы жыр жинағынан алынды.
1932 жылғы аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезеңде Арал ауданының Шөмішкөл елді мекенінде шаруа отбасында дүниеге келген болашақ ақынның әкесі Қалила тоғыз жасқа толғанда Ұлы Отан соғысына аттанады.
Тұрмыс түйткілімен қаршадай шағында ата мекеннен Қарақұм өңіріне қоныс аударған болашақ ақын малшылар мекені–Жіңішкеқұм ауылында ақтық демі біткенше өмір кешеді. Сайын дала төсінде сүйген жарын жолықтырып, ұланақтайұлдары мен қызанақтай қыздарын тәрбиелеп, қатарға қосады. Қазір олардың бәрі үйлі-баранды. Үлкен бір ауыл іспеттес. Дала төсінде қой да баққан, ой да баққан Мырзағали ағамыз қашан зейнет жасына жеткенше өмірінің отыз жылдан астам уақытын ауылдағы мәдениет саласына арнайды. Нақтырақ айтқанда, Арал аудандық мәдениет бөліміне қарасты Жіңішкеқұм фермасының қызыл отау меңгерушісі болып мінсіз қызмет атқарды. Ұзақ жылдарғы сол сапарларында Мырзағали ақын ұдайы ой үстінде жүреді. Жылдың төрт мезгілін дархан дала төсінде беймарал өткізген ақын керек десең, сол даланың бүріскен бұтасымен де, жұпар шашқан жусанымен де, бүршік атқан бәйшешек, қызғалдақтарымен де сырласқан сыңайлы.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ат жалында, атан қомында дала еңбеккерлеріне мәдени қызмет көрсеткен қызыл отау жүйесі тарихқа айналғалы қашан.Кезінде әрбір шопан қыстауында, жаз жайлауында ән шырқап, мазмұнды саяси әңгіме өткізгенқызыл отау қызметі Мырзағалиды да шыңдаған көрінеді, отбасы, ошақ қасынан гөрі, ол шопан достары қоныстепкен Қарақұм мен Жіңішкеқұм ой-қырында ойынширатты, шабытын шалқытты. Соның нәтижесінде далаға тән дархан жырлар ақын көкірегінен ақтарылып, ақ қағаздың беттерінде өрнектелді. Жүрек түкпірінен, көңіл тереңінен көкірегін жарып шыққан сол өлеңдерінің алғашқы куәсі жан жары жеңгеміз болса керек. Алыстағы Алматы түгіл, жақын жердегі Аралдағы азын-аулақ ақын атаулыға, қолы жетпей жүрген Мырзағали жан жарының мақтауына кәдімгідей малданады.Сонан кейін ауыл ақыны аудан орталығын жағалайды. Негізі бас сұғатын кеңсесі–«Толқын» газетінің редакциясы болатын.
Бұл кеңседе Елеусіз Кенебаев деген ақын жігіт, одан кейін Серік Сейітмағамбетов те қызмет атқарған. Екеуі де талантты ақындар болатын. Сол ақындар Мырзағали ағамыздың жусан иісі бұрқыраған, далада туған өлеңдерін кідіріссіз аудандық газет беттерінде жариялап тұратын.
Сонан кеудесіне керемет жел біткен ақын ағамыз ауылға қарай асығады. Қойын-қонышы толы өлеңдері жарияланған «Толқын» газеті. Сонан базардан жүз қой айдап келгендей желпініп жететін. Ауылдағы қатар-құрбылары мәре-сәре болмай қайтеді мұндайда. «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деп ауызыңды ашсаң жүрегін алақаныңа салатын қайран ел іші.
Мырзағалидай ақынын арсалаңдап күтіп алады. Екі-үш күндей бәрінің ауызында ауылдас ақын жырлары, қолдарында оның өлеңдері басылған, талай қолдан өткен «Толқын» газеті. Ауылдағы үлкен-кіші шұқшиып әлгі газеттегі Мырзағалидың сықақ өлеңдерін, лирикалық жырларын тамсана оқып, «Осыны жазғаносы жігіт пе» дегендей орталарында жүрген оған таңдана қараушы еді. Мектеп оқушылары болса ақын жырларын қолдан қолға тигізбей жаппай жатқа оқитын сол кездері.
Айтпақшы, ол атағы Сыр бойына танымал әйгілі Жәмет жыраудың жиені болатын. Өзі тәрбиесінде болған Балыш әжесі Жәмет жыраудың апасы еді. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жиеннің жақсы болмағынағашыдан» дегендей, Мырзағали ақын нағашысына ұқсап бағуға тырысқаны белгілі. Оны ақынның «Жәмет жырау туралы жыр» атты арнау өлеңінен айқын аңғаруға болады.
Жырын тыңдап Жәметтің,
Ертерек аштым ұйқымды-ай.
Нұртуғанның шәкірті,
Жырау еді айтулы-ай.
«Қарасай-Қази», «Едіге»,
Жыр қалмайтын айтылмай,
Отырам мен де жыр тыңдай,
Таң бозарып атқанша.
Осындайжан да өтті ғой,
Атағы қалып артында-ай.
Жырытерең дария,
Өзімен кетті сарқылмай.
Осыдан ширек ғасырға жуық бұрын, өзі көзі тірісінде «Қызылорда полиграфия» баспаханасында мың данамен жарық көрген алғашқы және соңғы «Жүректің қылын қозғаймын» атты аманат жинағы ақының артына қалдырған қазынасы іспеттес.
Жинақтың беташарында айтылғандай, оның лиирикасынан боз жусанның иісі мен өмірге деген адами іңкәрлік лебі еседі. Сондай-ақ уытты, усойқы шығармаларынан жатыпішер жалқаулар, жегендері желкелерінен шыққыр жемқорлар, тағы басқа қоғамға жат пенделер бассауғалап тұра қашқандай. Тақырып ауқымы кең. Сонымен бірге кейінгі жас ұрпаққа арналған өсиет өлеңдері де ақын қаламынан қалыс қалмаған көрінеді.
Әй, көңілім, тыпыршымайсабыр сақта,
Берейін сөз кезегін тіл мен жаққа.
Адамзат бұл дүниеге екі келмес,
Аллаға жалбарынып жалынсақ та.
Жігітке ар да емес, айып та емес,
Әйелге әулиедей табынсақ та.
...Ерінен қамқорлығын аямайды,
Аяқты шалыс асып жаңылсақ та.
Немесе сүйген жары Қарлыға Жұмахметқызына арнаған мына өлеңі де кейінгі жастарға өнеге-өсиет болмақ:
Еске алдым өткен күнді асыл жарым,
Өзіңнің әрқашанда қасыңдамын.
Санасам 35 жыл болған екен,
Өзіңмен отау тігіп қосылғаным.
Тағдырдан талай таяқ жесең дағы,
Қайратпен қарсы тұрып жасымадың.
Өмірге он бір бала әкелсең де,
Суындай дарияның тасымадың, – депті жоғарыдағы арнау өлеңінде.
Ақынның аманат жыр жинағында өмір өткелдері, замана ағымы, аталық, ағалық асыл сөздер жыр маржанына айналып, оқырман игілігіне жол тартқанын зерделеуге әбден болады.Бұл ретте ақынның «Ұлдарыма ұлағатты сөз» атты жырын көпшілік берері мол дүние деп бағалаған жөн.
Ертеңі еріншектің таусылмайды,
Келдіңдер ес жиятын жасқа, балам.
Қамданып қатарыңнан қалмағайсың,
Үйренбе даяр тұрған асқа балам.
Біз шолып шыққан көлеміалақандай шағын жыр жинағының оқырманға берері мол, көзі ашық, көкірегі ояу жандарға қосар кеңесі, айтар ойы мол екенін аңғардық. Бұл–Мырзағали ақынның тірілерге айшықты аманаты екенін баса айтқымыз келеді.
Үстіміздегі жылы тірі болғанда тоқсан бір жасқа толатын ауыл ақыны М.Оразалиев өмірден жетпіс жастан асқанда озған болатын. Сонан бері зымырап жиырма жыл уақыт өтіпті.
Өмірге адам қонақ. Ақын Мырзағали Оразалиевтың есімі өзі туып-өскен, жетпіс жылдан астам ғұмыр кешкен байтақ даласымен, бауыр еті балаларымен бірге ұзақ жасай бермек. Өйткені ол:
Қадірім ел алдында болсын десең,
Әр істің бару керек байыбына.
Халқына ер жігіттің қызмет ету.
Енгенше қара жердің қойынына,–деген еді бір жырында.
Ақын ғұмыры өлеңімен де, ұрпағымен де ұзармақ Сапарғалиы кәсіпкер. Арал қаласында отбасымен бақытты ғұмыр кешуде. Онан кейінгі Қайырғалиы қара шаңырақ иесі, Жіңішкеқұм елді мекенінде тұрады. Ботагөзі болса белгілі өнер иесі. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрінің белгілі мүшесі. Қобызшы.Одан кейінгі Айгүлі, Айсұлуы да, кенжесі Бақыт та әке мұрасының жанашыры, қамқоры іспеттес.
Ақын М.Оразалиев өзі айтқандай:
Өлең менің құмарым-перизатым,
Өлең менің Құраным-шариғатым.
Өлең менің өмірім-машақатым, – дегені бүгіндеқолына қалам ұстағандардың бәріне ортақ. Тағы бір өлеңінде ол:
Өлім деген өгей шеше секілді,
Өзіңді де ала кетер алқымнан.
Шүкіршілік қыламын менқайтемін,
Іздейтіндер бар ғой әлі артымнан,–деп мәңгілік сапарға аттанған.
Иә, ақын есімі ел-жұртымен, ұрпағымен бірге жасай береді. Ақынның екінші өмірі оның өлең-жырлары. Тірі болғанда тоқсан бір жастың төріне шығатын ақынның бақыты да сол болмақ.
Т. НҰРЖАН-БАЛТА
16 тамыз 2023 ж. 422 0