Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әйелдер қозғалысының көшбасшысы Қанымша ханым

Әйелдер қозғалысының көшбасшысы Қанымша ханым

Өткен тарихымыздағы елге еңбек еткен, халыққа қадірлі болған ардақты қайраткер жан¬дардың есімі де кейде уақыт өте ел жадынан шыға бастайды екен. Ал олардың тарихтағы орнын нақтылап, ұрпақтар санасында жаңғыртып, еткен еңбектерін елеулі қылып танытып отыру – көзі ашық, көкірегі ояу әрбіріміздің азаматтық парызымыз.
Өткенсіз бүгін жоқ. Тұғыры биік тұлғаларды кейінгі буын жадында жаңғырта отырып, олардың бойында ұлтқа, жалпы жұртшылыққа қызмет етудің ерен үлгісін, даңғыл жолын сақтап отырамыз.
Осыдан біраз жылы бұрын А.Қылышбаев, Б.Қодаманов авторлығымен шыққан «Арал» атты үлкен жинақтан біз Қанымша Кеубасованың есімін алғаш кездестірдік. Ондағы айтылған жалғыз дерек осынау аяулы жан «1924 жылы Арал кентінде құрылған алғашқы әйелдер ұйымының төрайымы қызметін атқарды» деген бір ғана сөйлем болатын.
Жиырмасыншы жылдары жаңа қоғам өзгеріп, елімізде үлкен өзгерістер болып жатқан кезеңде қоғамдық өмірге белсене араласып көзге түскен Қанымша Кеубасқызының өмірдеректерін іздеп табу бізді көптен қызықтырды. Жан-жаққа сұрау салдық. Арал өңірінде Кеңес өкіметі орнау жылдарында Бисен мен Сәрсен Тоқбергеновтер үлкен қызмет атқарғанынан құлағдар болатынбыз. Осы бағытта осы кісілердің ұрпақтарына хабарластық. Сөйтіп тапқанымыз Сәрсен атаның кіші баласы Данабек Сәрсенов болды. Аралда ұзақ жылдар бірнеше салада қызмет еткен бұл ағамыз қазір Алматы қаласына қоныс аударған екен. Біздің салған сұрауымызға іле жауап берді. Және де бір сүйсінерлігі, бүгінгі кейіпкеріміздің қолға түспей жүрген жеке түскен суретін тауып беруі болды.
Қанымша ана 1871 жылы Арал өңіріндегі Құмбазар маңындағы Дің деген жерде өмірге келген екен. Қазақы шежірелеп айтсақ, Көлімбет руынан. Әкесі Кеубастың бірнеше әйелі болған. Сол кісінің екінші тоқалынан Тұрдалы, Әлен деген екі ұл және Қанымша туады. Ал енді бір айта кетерлігі, Тұрдалыдан белгілі балалар жазушысы Сағындық Тұрдалиев, Әленнен белгілі ақын, ғалым, сазгер Әмірадин Әленов туған. Қанымшаның сөз сөйлеу шеберлігі, есте сақтау қабілеті өте жоғары болған екен дейді білетіндер. Осы қасиеттер бабасы Елшібектен жұғысқан болуы керек деп аңыздалады.
Бір заманында Елшібек ел аралап келе жатқанда, Арқа жақтан айыпты болған үш жап-жас жігіт Сыр бойына келіп: «Біз Елшібек деген адамды іздеп келеміз» депті. «Сол іздеген адамың мен боламын, елге жүріңдер. Аты-жөндерің кім?» деп сұрапты Елекең абыз. Олар Назар, Ша, Айт деген жігіттер болыпты. Елшібек өз ауылының азаматтарына: «Мыналарға паналайтын қос салып беріңдер» деп тапсырған.
Сонымен бірде Елшібек ауыл-елді аралап келе жатса, баяғы өзі салдырған қостың жанында қолаң шашы беліне түскен қызға көзі түсіп, аңырып қалады. Алдынан шыққан жеңгесі оның мына түрін көріп: «Қайным-ау, неге таңырқадың? Бұлар әнеу күнгі өзің ертіп келген үшеудің біреуі ғой» дейді. Сөйтсе үшеудің ішіндегі Айт дегені еркекше киінген қыз екен. Елшібек кеуілі кетіп, көп ұзамай сол қызға көңіл білдіріп, сөз салады. Сонда Айт: «Мақұл, бір-ақ талабым бар» дейді. «Талабың болса, тыңдайын, көңіліме ұнаса келісімен» дейді Елшібек. Сонда әлгі сұлу: «Сіздің бұрын айттырып қойған қалыңдығыңыз бар екен. Егер содан бұрын түсірсеңіз тиемін, ал кейін не тоқалдыққа аламын десеңіз қарсымын» дейді.
Ару қыздың талабын орындаған Елшібек әуелі Айтты, одан соң айттырып қойған қалыңдығы Баршагүлді алады. Екі қалыңдық та ер көңілді жігітке лайық ақылды, зерек, қайратты болған. Елекең ауылда жоқта қандай-қандай қонақтарды барынша жайлап, ретімен шапанын жауып, астарына ат мінгізіп жіберуімен аттары шыққан.
Ұрпақтарының айтуынша, Қанымшаға осы Айтбикедей дана сұлудың барша қадір-қасиеттері, тектілігі ақсүйектік бітімі дарыған екен.
Қанымша бойжеткен соң, аумалы-төкпелі замандарда ауыл молдасынан сауат ашқан. Құмбазар, Тұрсынбеке, Жақсықылыш маңдарын мекендеген екен. Ол жанұясымен 1917 жылы Арал поселкесіне қоныс аударған соң, зеректігі арқасында орысша да үйреніп, бірте-бірте өз заманында қоғамға белгілі азаматша болып қалыптасқан. Сондай ақсүйектік ерекшелігінен де болар, өзінен туған балалары айбатты шешесін «Қанымша ханым» деп атапты. Осы балаларының қойған есімі бірте-бірте ағайын-туысқа тарап, кейін әлеумет жұмысына араласқанда бүкіл өңірдің адамдары «Қанымша ханым айтты», «Қанымша ханым бұйырды» дейтін болған.
Қанымша ханымның ел-жұртқа беделі зор болған. Сөйлесе қара сөздің майын тамызған. Өзінің соқталы іс-әрекеттерімен, шыншылдығымен, бұра тартпайтын әділдігімен, жетім-жесірге қамқорлығымен дараланған. Тіпті келіндері енесін әулиедей көріп, киімдерін басқа біреудің киімдерімен қосып жумайтын болған.
Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін әйелдердің сауатын ашу, оларды қоғам жұмысына тарту, еңбек белсенділіктерін арттыру күн тәртібінде тұрды. Ел ішінен шыққан батыл қыз-келіншектер ел тағдырына араласатындай жағдай туды. Сол уақыттары үкімет саясатының арқасында әйелдерге үлкен міндеттер жүктелді. Оларды тәлім-тәрбие, береке-бірліктің ұйытқысы болуға тартты.
1921 жылы Арал Совдепінің төрағасы Медетбаев Төлеген сайланғаны белгілі, сол жылдардан бастап кедей шаруалардың жанұяларын ауылшаруашылығы бірлестіктеріне, балық шаруашылығы артельдеріне біріктірді. Осы қоғамдағы серпіліс жылдарында Арал әйелдерінің тұңғыш құрылтайы өткен екен. 1924 жылы Арал кентінде жан-жақтағы балықшы ауылдардан, мал баққан елді мекендерден белсенді қыз-келіншектер шақырылып, жалпы жиналыс болады. «Әйелдерге теңдік!» деп ұран көтерілген осынау құрылтайда нәзік жандылардың жанашыры болып жүрген Қанымша Кеубасқызы бірауыздан Арал аудандық әйелдер ұйымының төрайымы болып сайланады. Осынау үлкен жауапкершілікті жұмысты мойнына алған Қанымша ханым өңірдегі бұйығы ауылдарды аралап, қыз-келіншек, әйелдерді қоғамда белсенді болуға, кеңес жұмыстарына қатысуға шақырады. Олардың арасында үнемі тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп отырады. Сол кездегі жаппай сауатсыздықты жою мақсатында ашылған мектептерде қыздар мен келіншектердің көптеп оқуына аса көңіл бөледі. Өзі де көп ізденіп оқып, орыс тілін жақсы білгендігінің арқасында орталықтан шыққан газет-журналдарды ақтарып, білімін үнемі тереңдетумен болған. Қанымша ханым аудан басшыларына еркін кіріп, әйелдерге байланысты зәру мәселелерді қойып және оған байланысты шешімдерді қабылдаттырып отырған.
Ақыл мен айбыны асқан Қанымша ханымның тағдыры да сан тараулы. Ол әуелі Көлімбеттегі Тоқбергенмен бас қосып, ол қайтыс болған соң қайын-інісі Тоқболатқа, ал ол дүниеден өткен соң кіші қайынінісі Мұстафаға әмеңгерлік жолымен қосылады. Осы үш азаматтан дүниеге үш ер бала, үш қыз бала әкелген. Үлкен ұлдары Бисен мен Сәрсен Аралда Кеңес үкіметі орнаған кезде қоғамдық саяси өмірге араласып, көзге көрінген. Екеуі 1919 жылы ақ гвардияшылар мен казактардан Аралды қорғауға қатысқан. Азамат соғысынан кейін де осы өңірдің дамуына зор үлес қосқан. Сәрсен Тоқбергенов 1930 жылы Арал қалалық кеңесі төрағасының орынбасары, 30-жылдары Ұялы, Қаратерең, Ұзынқайыр сауда кооперацияларының төрағасы қызметін атқарған. Кейін 20 жыл бойы Арал қаласындағы Сүт-май зауытын басқарған. Бұл кісінің бел баласы Мәлік Сәрсенов Арал аудандық «Толқын» газетінің редакторы қызметін атқарған. Есімі елімізге танымал журналист. Облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы)», республикалық «Лениншіл жас» («Жас алаш») газеттерінде қызмет еткен. Ал кіші ұлы Әли Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан.
«Жақсыдан жақсы туады» дегендей, Әлидің баласы Шорабек атақты спортшы болды. 1960 жылдары Өзбекстан құрама командасының құрамында самбо күресінен халықаралық жарыстарға қатысып, Қарақалпақстанда спорттың осы түрін дамытуда аса үлкен жетістіктерге жеткен. Ол қызмет жағдайында да пединститут¬тың аға мұғалімдігінен бастап спорт кафедрасының басшысы, факультет диканына дейін лауазымды қызметтер атқарды. «Өзбекстан спортына еңбегі сіңген жаттықтырушы ұстаз» атағын, сондай-ақ «Өзбек КСР оқу-ағарту саласының үздігі» марапаттарын иеленген даңқты спортшы.
Қанымша ханымның үлкен қызы Күлдеш белгілі азамат төре тұқымы Әбдірахман Махатовқа тұрмысқа шыққан. Жақсы білім алған ол өңіріміздегі алғашқы мұғалімдердің бірі, Арал қаласындағы №1 мектептің (қазіргі №64 мектеп) меңгерушісі ретінде жергілікті халықты оқытқан. 20-30-жылдары Ә.Махатов Қазалы, Арал Қарқаралы, Баянауыл, Жаңарқа аудандық партия комитеттерінің хатшысы болған. 1937 жылы Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезде репрессияға ұшырап, ату жазасына кесілген. Ал олардан тараған ұрпақтары Зәуір Махатов Арал аудандық денсаулық сақтау бөлімін ұзақ жылдар басқарса, Болат "Қазақстанның халық мұғалімі" атағын иеленген санаулы дарабоз ұстаз. Қызы Мәдина «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», 1968 жылы Мәскеуде өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық ІІ съезіне делегат болып қатысқан белгілі педагог.
Қанымша ханымның екінші қызы Күлпаршын ұлтшыл азамат Сапабекке тұрмысқа шығады. Сапабек Аралда мұғалім, кейін халыққа білім беру комиссариатында 1932 жылға дейін қызмет істейді. Ата-тегіне байланысты қуғын-сүргінге ұшырайды. Одан туған Болат Махмутов ірі қоғам және спорт қайраткері, дипломат. Ол Қазақстанның ұлттық құрамасын бірнеше мәрте әлемдік додаларға, олимпиадаларға бастап апарған.
Қанымша ханым арнасын салған үлкен тәрбие жолын көрген, білім алған әулет ұрпақтары республикамыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан. Қазір олар Шымкент, Алматы қалаларында өмір сүріп жатыр.
Халқы қадірлеген, ел-жұрты сыйлаған Қанымша ханым Кеубасова баласы Бисеннің қолында тұрып, 1950 жылы 79 жасында қайтыс болады. Бейіті Арал қаласындағы Жарбол қорымында.
Арал өңірінде ең алғаш әйелдер қозғалысының негізін қалаушы, айдынды өңір тарихында өзіндік орны бар қайраткер ана Қанымша ханым туралы бүгінгі білгеніміз осындай.
Е.АБДУЛЛА
15 тамыз 2023 ж. 594 0