Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаламгер қолтаңбасы

Қаламгер қолтаңбасы

Кейде оңаша отырғанда өткеніңе ой жүгіртесің, көңіл тезінен өткізесің. Өмірден өтіп кеткен қамқор ағаларыңды аңсайсың, бір кездері ізіңе еріп жүрген інілеріңді сағынасың. Бұл бір ғана менің ғана басымдағы емес, барша адамға ортақ нәрсе деп ойлаймын. Жақында үй кітапханамды ақтарып жүріп көзім белгілі қаламгер, жерлесіміз, марқұм ағамыз Жақау Дәуренбековтің «Ойдауа» атты тысы сұр кітабына көзім түсті. Бұл кітап осыдан он бес жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 2008 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген. Сонан екі жыл бұрын менің «Аралдан соққан жел» атты үшінші жыр кітабым осы баспадан басылып шықты. Оның алғашқы бетіне қолтаңба жазып сыйлағаны сол сәтте ойыма оралды. Ашсам шынында солай екен. Ағамыз былай деп өз қолтаңбасын қалдырыпты: «Толыбай інім!» деп астын бір сызып, онан әрі «Өмірде де, өнерде де жолың ашық болсын деген тілекпен ағаң Жақау Дәуренбекұлы. 27.08.08 жылы Алматы» деп жазыпты. Бар болғаны осы.
Сонан бері он бес жыл өтіпті-ау.
Сонау 1946 жылы 21 қаңтарда Арал ауданындағы Сарбасат ауылдық кеңесіне қарасты «Үшкөл» елді мекенінде дүние есігін ашқан болашақ қаламгердің әкесі Дәуренбек ақсақал айналасына сыйлы, беделді, текті, ескіше оқыған-тоқығаны мол, көкірек сарайы қазына іспеттес қарт екен. Бәлкім, Жақау ағамыздың бала жастан жазу-сызуға ойысуына сол кісінің жан-жақтылығы сеп болған шығар. Әйтеуір, өзінің «Ойдауа» атты кітабында жазғандай, өнеге отбасынан дариды екен. Жақаудың ағалары Шыңғыс пен Кішкене заманында жауапты қызметтер атқарған, жүрген-тұрған орталарына сыйлы, көпке танымал азаматтар болса, апасы Бақыт Дәуренбекова маған 5-10 сыныптарда физикадан дәріс берген ұлағатты ұстаз болатын.
Өмірді өзінің қалам қарымымен шынайы бейнелейтін шын таланттар некен-саяқ. Бұрын да, қазір де көбінесе баспасөздің маңайында қызмет жасайтын журналистердің басым көпшілігі көркем шығарма жазуға құлшыныс танытатыны белгілі. Әрине, ешкімнің ешкімге қарсылығы жоқ. Тек олар оқырмандарының оясынан табылатындай шығарма жазып жатса қанекей. Жазушы болып түн ұйқыңды төрт бөліп орман-ой арпалысын, жан азабын бастан өткізу нағыз ақырет. Тап бүгінгі базарлы нарық заманында бұл бір батпақты жерде алды бұлдыр күн кешкенімен бірдей десем артық емес. Ал осындай ой азабын кешу, алдағы күндерге үкілі үмітпен, сергек сеніммен қарау тек талантты адамдарға тән қасиет болса керек.
Жақау ағамыздың журналистика жұртына келуі Арал аудандық "Толқын" газетінен бастау алады. Өйткені оның мектеп өмірінен жазылған алғашқы хабарлары өзі білім алған Сексеуіл темір жол стансасындағы бұрынғы №423 мектеп қабырғасынан бастап, сол кездегі «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), аудандық «Толқын» газеттеріне жолдаудан басталады. Сөйтіп жазу-сызуға төселе бастаған бозбала 1965 жылы «Толқын» газетінің табалдырығынан аттады.
Бұл аудандық «Социалистік Арал» басылымының хрущевтік кезеңде үш жыл жабылып қалып, «Толқын» есімін еншілеп, қайта жарық көріп жатқан тұсы болатын. Жаңа басылымның редакторы Мәлік Сәрсенов, орынбасары Шәкірат Дәрмағамбетов, жауапты хатшысы Сағынжан Ермағамбетов, бөлім меңгерушісі Өмірбек Төлеповтер қаламының желі, жазу -сызуға ебі бар Жақау Дәуренбеков, болашақ белгілі ақындар Шөмішбай Сариев, Аманкелді Смағұлов сияқты үш бозбаланы құшақ жая қарсы алды. Олар редакция шаңырағында бір жыл бойы борандатып, бұрқыратып жазып жедел көзге көрінеді.

Арада жыл өткенде осы үшеуі Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне қол ұстасып бірге келеді. Сонда факультет деканы Темірбек Қожекеев «Факультетке бар болғаны 25 талапкер қабылданады. Сендер үшеуің де бір аудандық газеттен екенсіңдер. Сондықтан бәрің бірдей оқуға қабылданып, журналист болып кетулерің күмәнді» деген көрінеді.
Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады. Сатираның сайыпқыраны атанып, алдынан талай талантты журналистерді түлеткен ұстаз тап осы жолы жаңылысқан еді. Сол жылы үшеуі де емтиханнан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданған болатын. Бұлармен бір мезгілде кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлері атанып, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері қатарынан көрінген Баққожа Мұқай, Смағұл Елубай оқуға түсіп, бес жыл жұптарын жазбай жүреді.
Сол кездің өзінде Жақау ағамыздың балалар өмірінен жазған ойлы очерктері, мазмұнды мақалалары, көркем әңгімелері, әсіресе, «Қазақстан пионері» газетінде нөмір құрғатпай жарияланып жатады екен. Сонан ба, курстастары оны кәдімгідей құрмет тұтып, сыртынан мақтаныш етеді екен. Бұл жөнінде «Парасат» журналының бұрынғы бас редакторы, белгілі жазушы марқұм Баққожа Мұқай көзі тірісінде былай деп жазыпты: «Арамызда көпке танымал бір адам бар. Ол – Жақау Дәуренбеков. Біз үшін оның беделі, абыройы Сәбит Мұқановтан бір кем емес. «Қазақстан пионері» газетінің көп жылдардан бергі тұрақты тілшісі. Арал өңірінен жазған мақалалары газеттің әр санында шығып жатады. «Қазақстан пионері» Жақау Дәуренбеков болмаса біз мектеп оқушысы кезімізде шықпай қалатындай көрінетін.
Десе дегендей. Жақау Дәуренбеков жоғарыдағы «Ойдауа» атты өзінің ойлары, әңгімелері, эсселері, мақалалары топтастырылған кітабында сонау мектеп оқушысы жылдары газеттің еліміздің әр тұсынан жазатын жас тілшілері деп Жанат Елшібеков, Слам Нұрмағамбетов, Ырым Кененбаев, Дулат Исабеков, Юлай Масалин, Қайсар Әлімов және басқаларын атап өтіпті.
Жақау ағамыз аттарын атап, түстерін түстеп өткен бұл топтағы ағалардың бәрі кейін елімізге танымал «сен тұра тұр, мен атайын» дегендей, қаламы жүйрік журналист, қабырғалы жазушы атанған еді.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған Жақауды сол кездегі таралымы 300-400 мыңға жететін, ең көп оқылатын «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов шақыртып алады. Алғашқыда аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып журналистік еңбек жолын бастаған Жақау ағамыз кейін алқа мүшесі ретінде қыруар қызмет атқарады. Оң жамбасына келген талай мақалалары кең-байтақ еліміздің тұс-тұсындағы оқырмандарын тамсандырады, таңдандырады. Ұзақ жылдар жастар газетінде журналистік тәжірибе жинақтаған, жазу-сызуға төселген Жақау «Өнер» баспасы бас редакторының орынбасары, 1994 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін «Ана тілі» баспасының редакторы қызметтерін абыройлы атқарған журналист-жазушы болатын.
Жақау ағамыздың жазушылық жай-жапсарын сонау 1970 жылдан бастап білемін десем артық емес. Сол жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Бөгенауыл балалары» атты тұңғыш пышақ қырындай кітабы айды аспанға шығарғандай болған. Біз үшін әлгі кітапша ғажайып құбылыс болды. Өйткені, тақырыбының өзі осы ауылдың ақ құмында, асау теңіздің ақжал толқынында асыр сап өскен «Бөгенауыл балалары» деп біздің ауылдың атын әлемге әйгілеп тұрған жоқ па. Әйтеуір осыдан соң Ж.Дәуренбеков есімін республикалық әйгілі газеттердің беттерінен жиі-жиі жолықтыратын болдық. Мұнан соң Жақаңның жазушылық тынысы ашылып, оқырмандарына жүдемелете «Алғашқы сабақ», «28 Комсомол билеті» кітаптары жол тартты. Осымен қатар, сол жылдары «Жалын» баспасы ұйымдастырған дәстүрлі жабық бәйгеге қосқан «Күн ұясы», “Саяқ”, “Соғыс ойыны” повестері маңдайы жарқырап, Оралхан Бөкеев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Молдахмет Қаназ, Сайлаубай Жұбатыров, Жарасқан Әбдірашев, Несіпбек Айтов сияқты жүлдегерлердің қатарынан көрінді.
Әдетте балықшы балығын ауламаса, малшы малын бақпаса, жазушы жазуын жазбаса жаны жай таппасы белгілі. Жақау ағамыз алғашқы кітаптарынан кейін де оқырмандарына қамшы салырмады. Әр жылдары жарық көрген, қалың оқырман оясынан шыққан. «Шұғылалы шақ», «Ауылым – алтын бесігім», «Бір нәзік сәуле», «Айтыңыз құтты болсын», «Саяқ», «Менің елім – Қазақстан», «Сөз киесі» қолымыздағы «Ойдауа», «Қолтаңба» және басқа кітаптары жазушы Жақау Дәуренбековтің екінші ғұмыры іспеттес.
Жоғарыдағы кітаптардағы әрбір кейіпкердің болмыс бітімі, мінез- құлқы, кескін-келбеті өмірдің өзінен ойып алынғандай шынайы. Ал шынайы жаза білу – хас таланттың белгісі. Мысалы, «Жалын» баспасының бәйгесінде топ жарған «Соғыс ойыны» атты повесін кезінде бала түгілі, үлкендердің де жата-жастанып оқығанын көзіміз көрді. Осы шығармадағы ауыл балаларының қимыл-қарекеті ен далада емін-еркін балдәурен балалық шағы өтіп жатқан ауылдағы кішкентайларға өте ұқсас. Армандары таудай биік, көңілдері құстай ұшқыр балалардың айна-қатесіз сомдалған бар жиынтық түйіні осы шығармада айшықталғанын көреміз. Шығарманың түпкі ойы – соғыс қасіретін ұрпаққа ұғындыру, түйсіндіру.
Жазушы Ж.Дәуренбековтің қаламдасы, қызметте досы болған белгілі қаламгер үстіміздегі жылы өмірден озған Орысбай Әбділдаев Жақаң туралы көзі тірісінде былайша сөз толғаған еді. «Пафосқа, романтикаға толы шабытты шақтарын Жақау да «Лениншіл жастың» қабырғасында өткізді. Қай тақырыптың да қиюын тауып, сорғалатып жөнелетін журналистік қолтаңбасы ерте қалыптасқан ол ел аузына да ерте жастан ілікті. Қандай қиын, күрделі мәселелерді де бой-бойымен, жік-жігімен бұтарлап, өзіндік соны жол тауып, әрі соқпалы өрнектеу ерекшелігі ешкімге ұқсамайтын. Сол бір қып-қызыл оттың да ортасына көп түсіп, шымырланып, әбден пісіп шыққан жас журналистиканың нағыз маманына айналды» десе, ақын ағасы Сейфолла Оспанов сол кездері төмендегіше ой өрбіткен болатын. «Жақау ініміздің шығармашылық төңірегіндегі табысы құдайға шүкір, бір басына жетерлік. Жазушы шығармасындағы әрбір туынды классикалық формадағы туынды екендігі талассыз деп білемін”.
Әңгімеміздің басында айтқандай, Жақау Дәуренбеков ұзақ жылдар «Ана тілі» баспасын басқарған тұсында оның қанатты қамқорлығымен көптеген жас та, жасамыс та қаламгердің қағажу көріп жүрген шығармалары кітап болып басылып, оқырмандарын тапқаны белгілі. Бұл жайында белгілі жазушы төл құрдасы Мағира Қожахметова былай деп жазады. «Жақау нақты іс-әрекеттің адамы, сырттай қаталдау көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, ниеті таза, қайырымды, қаламдастарының не жазып, не қойғанынан ұдайы хабардар, әсіресе бұйығылау тірлік кешіп, кітаптарын жарыққа шығара алмай қиналған әріптестеріне көмектесуге әрдайым дайын. Замандастарының арасынан Жақау Дәуренбековті айрықша атауымның себебі көп. Ең алдымен оның адалдығы, әділдігі, қай ортада жүрсе де жүйелі тәртіп орнатып, төңірегіндегілерді жұмысқа ұйымдастыра білуі қайран қалдырды. Екіншіден, жеке басыма Жақаудың жасаған жақсылығын айтпауға дәтім шыдамайды. Ол кітаптарымның толыққанды тұңғыш рет жарық көруіне ықпал етті. Өзі басқарып отырған «Ана тілі» баспасы арқылы ел-жұртқа танылдым. Ұзақ жылдар еш жерден шығара алмаған «Адам құпиясы» кітабымды қалай безендіріп шығарды десеңізші. Мұны қалай ұмытайын. Мен сияқты ондаған, жүздеген автор Жақауға қарыздар болса керек».
Сонау тоқсаныншы жылдары Жақау інісі, оның шығармашылығы туралы қиялгер жазушы, профессор Абдул-Хамид Мархабаев жылы пікірін білдірсе, Жақау ағамыз осыдан бірер жыл бұрын бұл фәниден озғанда көп жыл «Егемен Қазақстан» басылымының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болған курстас досы, журналист-жазушы Қайсар Әлім оның адамгершілігі, кісілік келбеті жайлы «Қазақ әдебиеті»» газетінің өткен жылғы кезекті санында орамды ойын ортаға салған болатын.
Жақаудың осыдан он жеті жыл бұрын жарық көрген «Ойдауа» атты үш жүз отыз тоғыз беттік әңгімелері, оқшау ойлары, эсселері, мақалалары топтастырылған қалың кітабын тағы да парақтап отырмыз. Кітаптың алғашқы бөліміндегі қысқа да нұсқа уәждері еріксіз оқытады, ойландырады. Мысалы, «Адамның ішкі табиғаты тазармай тірлігі түзелмейді», «Кішілік танытудан кісілік басталады», «Іргең бүтін болса ырысың ұйиды», «Зәулім сарайда тек бақытты жандар тұрады деп ойлау қате. Бақытты жандардың көбі бәкене тамдарда өмір сүріп жатыр», «Мәре – бәйгенің мөрі, тұлпардың төрі», «Халықты құрметтеу – тілді құрметтеуден басталады», тағы басқа мәтел тектес мәні зор сөздер зер салуды қажет етеді.
Кітаптағы шағын болса да айтары айшықты мақаланың бірегейі. «Алынған асулар» атты журналистік ерекше еңбек екен. Мақала «Алматы ақшамы» газетінің 2003 жылғы кезекті санында жарияланғанын айта кеткен жөн болар. Бұл мақала сол тұста Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі қызметін атқарған, бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Преоделение» атты дипломатиялық очерктер жинағы турасында жазылыпты. Мақалада болашақ Президенттің шетелдердегі дипломатиялық қызметтерімен бірге әр елдегі мемлекет басшыларының болмыс-бітімі айшықты сөздері астарсыз ашық айтылуымен құнды дүниеге айналыпты. Керек болса саяси пайымдаудан ғана тұрмайды бұл еңбек. Ара-арасында сол саяси басшылардың пенделік мезеттері де еріксіз езу тартқызады. Мысалы, Сингапурдың бұрынғы басшысы Ли Куаню Қытай мемлекетінің бұрынғы басшысы Цзянь Цзэминь туралы баяндары бұл кітапты еріксіз оқытқандай. Сондай-ақ Кеңес Одағының бұрынғы басшысы Иосиф Виссарионович Сталинге Лаврентий Берия сол дәуірдің көрнекті жазушылары Шолохов, Фадеев, Симоновтарды жамандағанда “Сталиннің бұдан басқа жазушылары жоқ ” деп бір-ақ қайырады.
Бірде Сталин жұмысында көп уақыт болмаған жазушы Александр Фадеевтен мұның себебін сұрайды.
– Салынып ішіп кеттім, – депті сонда «Жас гвардияның» авторы турасынан.
– Сіздің салынып ішуіңіз қаншаға созылады?– деп сұрайды Сталин.
– Он күнге.
– Сіз коммунист ретінде салынып ішуді мерзімінен бұрын орындап, бес күнге қысқартуға қалайсыз? – депті.
Бұдан аңғарылары, саясатта жүргендер де пенделер. Олар да талайға куәгер, талайға қатысушы.
Бұдан кітап авторы Ж.Дәуренбековтің үлкен саясаткердің оқығаны-түйгенін, есіткен-білгенін әдемі штрихтармен беру шеберлігін көре аламыз. Осы арада айта кететін бір жәйт «Ат тұяғын тай басар» демекші, өзі дүниеден өтсе де орнын жоқтатпай “Ана тілі” баспасының тізгінін нық ұстаған Жақау ағамыздың қызы Жанар қарындасымыз басқарған баспагерлер Мемлекет басшысының әкесі, қазақ әдебиетінде детектив жанрының ізашары атанған Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты бес томдық шығармалар жинағын, «Кемел Тоқаев кеңістігі» атты мақалалар , лебіздер, естеліктер кітабын дайындау үстінде көрінеді.
Көзі тірісінде адамдарға рухани азық сыйлап өткен қазақтың белгілі қаламгері, танымал журналист, білікті баспагер Жақау Дәуренбеков есімі әлі талай ұрпақпен бірге жасай беретін болады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әдебиет саласында еткен еңбегіне орай әр жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Баспасөз үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгілерімен, бірнеше мәрте Қазақстан журналистері сыйлығымен, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталғанын айтсақ та жеткілікті болар. Өйткені жазушы Жақау Дәуренбековтің жүрек төрінен шығып, кітабына енген “Талант табындыра біледі” деген жалғыз ауыз сөзі өзіне қойылған ескерткіш іспеттес.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
09 қыркүйек 2023 ж. 957 0