Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адал несібенің ауылындағы ақсақал

Адал несібенің ауылындағы ақсақал

Жетпістің бесеуін еңсерген бұл ақсақалдың туған ауылдан табан аудармағанын білетінбіз. Аралға қарасты шағын ауыл – Құмбазарда тұратын Торта қарияның пешенесіне темірдің тілін тауып, техника тізгіндеу жазған екен. Жиырма жасынан бастап 90-шы жылдардың ортасына дейін трактор рулінен ажырамаған ақсақалдың ауыл шаруашылығы саласында еңбегі зор екенін бүгінгі буын біле ме екен?!
Құмбазар – сексенге жуық түтін саны бар ел. Момын жұрт. Бар кәсібі – есік алдындағы қара-құрасын бағып, өнімін пайдалану. Одан қалды, жақын маңдағы көл мен дария түбін сүзіп, балық аулайды. Егіншілікке жер жағдайы бейім емес. Сонда да несібесін адалынан теріп жеген халық тұрады мұнда.
Бұл ауыл қашаннан ақыл айтар қария, еңбек сүйер азаматтардан кенде емес еді. Аудан мен аймаққа танылған жақсы мен жайсаңы көп. Соның бірі, мен әңгімелегелі отырған, жоғарыда айтып кеткен еңбек адамы, қарапайым өмір дағдысынан жаңылмаған жанның бірі – Торта Жүсіпбаев атамыз.
Кеңестік кезеңде Аралдың Сыр беткейінде түрлі колхоз, түрлі ауылдық кеңес орталықтары болды. Соның бірі – Сайғонды. Осыған қарайтын Аманкелді колхозында 1938 жылы туған Торта ақсақал екі жасында әкеден айырылған. Өзінен бөлек, шиеттей көп баланы анасы жеткізгенге ұқсайды. Ерте есейген бала Торта 1954 жылы қазіргі Шөмішкөл арқылы Қотанкөл маңындағы көп ауылдың бірінде жетіжылдық мектепті бітірген. Бұғанасы қатпаған ұл өгізге соқа жегіп, егін егуге араласқанын әлі ұмытпайды. 14-15 жасар бозбала ауыр жұмысқа жегіліп, нәпақа табу жолында талай қиындықты бастан өткізген еді.
– 1955 жылы  17 жасымда Арал қаласында автослесарь болып жұмысқа орналасып, ал 1957 жылы Қазалы қаласындағы техникумнан «тракторшы» мамандығын оқып шықтым, – деп өткен шақты еске алады Торта қария. – Бір жылдан соң «Тәуіп» дейтін жерге қоныс аудардық. 1964 жылға дейін сол жақта трактор жүргіздім. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қытымыр аязына қарамадық. Талай көлік бұзылып, далада қалып, жаяулап кеткен кездер де болды. Қыста қар қалың болып, жол қатынасының болмауына байланысты жанар-жағармайды «АН-2» ұшағымен жеткізіп отырған уақытты да көрдік қой. Бірақ біз сонда да еңбекті сүйдік, маңдай термен келетін нанның тәтті болатынын ерте білдік...
 Қара темірге қан жүгірткен қария сол кезеңдерде ішерге ұн жоғын, жүгерінің жарған дәнін түйіп, нан қылған кездерін күрсіне еске алады.
1964 жылы Ақбайға қоныс аударған кейіпкеріміз ізін суытпай қазіргі Құмбазарға қоныс тепкен. Мұнда да «МТЗ-80» тракторына отырған. Сол кезден бастап шөп шабу, тіркемеге тиеу, бума шөп (пресс) басу сынды бейнеті мол тіршіліктің басы-қасында жүреді. Қара жұмысқа қайнап пісті. Адал еңбегінің арқасында ешкімге алақан жаймады. Кісіге кіріптар болған кезі жоқ.
Еңбекққор атамыз сол уақыттары Құмбазардан шалғай орналасқан Мойнақ, Көктем елді мекендеріне шөп тасыған. 13 жыл бригадир болып, 1993 жылы зейнетке шықты.
 – Үзіліссіз еңбек жолымда жұмыстан кешігіп, болмаса басқа да жағдайлармен басшылық тарапынан сөгіс алып көрмеппін. Мойныма жауапкершілік алдым ба, оны бітірмей тыныштық болмайтын. Жұмыстан жалтару, жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүру – біз үшін ең жаман қасиет болды. Тек бір ғана адал еңбекпен ас ішіп, отбасымды сонымен асырасам деген ой болғанын несіне жасырайын, – деп ағынан жарылғаны бар ақсақалдың.
Талай жылғы бейнет тері босқа төгілмепті. Үкімет үкімімен адал еңбегінің арқасында бірнеше мәрте марапатталып, төсбелгі тақты. Өмір жолын туған жер топырағында өткізген Торта Жүсіпбаев бүгінде ауылдың қадірлі үлкендерінің бірі. Қиын заманға тап келген тағдыр жолын бейнетпен өткізген ақсақал қазір зейнетінің рахатын көріп келеді. Тыл ардагері. Өз кіндігінен тараған бес ұл, үш қыздан 16 немере, 15 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.
Расымен де бұрынғының ізгі ісін кейінгіге үлгі етуден ұтарымыз көп. Еңбек адамын ардақтап әрі насихаттай білсек, олар жүріп өткен тура жолдың барлығы қазіргі ұрпақ дамуына сәтті қадам әкелері сөзсіз дүние.
Төребек ТӨРЕМҰРАТОВ,
Құмбазар ауылы

30 қыркүйек 2023 ж. 1 112 0