Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әдеп – ардың айнасы

Әдеп – ардың айнасы

Әдептілік – адам бойындағы жағымды қасиет. Бұл жайында ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы» деп бағалаған. Әдеп – қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін байқатады. Адамның бойынан әдептілік қасиет көрініп тұрса, ол парасатты, адамгершілігі мол екендігін көрсетеді. Ал Ислам діне де – көркем мінез бен әдепке негізделген дін.
Иә, исламдағы барлық ғибадат-құлшылықтар осы мақсатта тоғысады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде өзінің жіберілу мақсатын: «Шындығында, мен көркеммінезді кемеліне жеткізу, толықтыру үшін жіберілдім», – деп, жеткізеді. Демек, асыл дініміздің негізгі мақсаттарының бірі адамзатты тәриелеу болып саналады.
2019 жылдың қазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын қабылдаған болатын. Осы тұғырнаманың бір тарауы тұтастай «Мәдениеттілікке» арналған. Аталған тарихи құжатта мәдениеттілік – көркем мінезділік пен әдептілікке негізделеді деп атап көрсетіледі. Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға  құрмет  көрсету,  сәлемдесу,  сыпайылық  таныту  –  рухани байлықтың  көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді. Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың…» (Имам Тирмизи) деген.
Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,  жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен. Адамдар әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауы, қоғамдық орындарды ластамауы, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде «Тазалық  –  иманның жартысы» делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген.
Әдептілік – адам бойына үйдегі тәрбиемен, өзін қоршаған ортаның қарым-қатынасымен берілетін қасиет. Ең алдымен әдептілік сәлемнен басталады. Сәлемдесу – ізеттіліктің белгісі. Ал, ізеттіліктен туатын қағида – әдептілік. Көпшілік орынға келгенде «Сәлеметсіздер ме?» немесе «Ассалаумағалейкум» деп жалпылама сәлемдескен жөн. Құшақтасып, бет сүйісіп сәлемдесу ер азаматтар үшін ерсі қылық. Ер адам алдымен қол созбаса, әйел адамның ер кісіге қол беріп сәлемдесуі де әдепке жат.
Ізеттілік пен сыпайылық, әдептілік, әдемілік бәрін адам отбасындағы тәрбиеден алады. Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кәсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, бәрін тәртіпке реттейтін – әдептілік. Біздің халқымыз әр кезде де нақыл сөзді «қазынам», өнегені «өрісім» деп таныған.
Көпшілік орында сағыз шайнау, қарқылдап дауыс шығарып күлу, қоқыстарды көрінген жерге тастай салу, жасы үлкендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалы немесе жүкті аналарға орын ұсынбау, ұялы телефонмен дауыстап сөйлесу және тағы басқа қылықтар адамның әдепсіздігін көрсетеді. Кез келген ортада эмоциясын тежей білу немесе шыдамды болу арқылы әдептілікке қол жеткізуге болады (Қарсы келген үлкен кісіге жол беріп өткізіп жіберу, өтіп бара жатып тайып кеткен кісіге сүйеу болу, біреудің аяғын басып кетсе, сыпайы түрде кешірім сұрау, ал, егер өзінің аяғын басып кетсе, ашуға бой алдырмау және т.б.).
Көшеде жүріп-тұрудың өз тәртібі бар. Аяқ киімнің тазалығы, шашының таралғандығы сырткөзге әдептілік айнасы іспетті. Келе жатып танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, онымен көшенің қақ ортасында тұра қалып сөйлеспеңіз. Танысын кездестіргенде әйел кісі жымиып танығанын білдіргені дұрыс. Ал, ер кісі ұзақтан арсалаңдап, қолын созып, амандасуға асықпағаны жөн. Қазіргі әлемді шарлаған коронавирус пандемиясы кезінде қол алыспай сәлемдесу өзінің ғана емес, өзгенің де денсаулығына зиянын тигізбеудің кепілі. Қоғамдық орындарда міндетті түрде бетпердемен жүру – аты жаман кеселдің алдын алуға қосқан әрбіріміздің азаматтық үлесіміз.
Ары-бері өтіп жатқан жүргіншілерге кедергі жасамас үшін кездестірген танысыңызбен көшенің бір шетіне шығып, амандық-саулық сұрасқан орынды. Әйел кісі ер азаматтың оң жағында жүреді. Жолды жауып, өзгелердің өтуіне мүмкіндік бермей жүру ерсі көрінеді. Бағдаршамнан өтерде міндетті түрде «жасыл көздің» жануын күтіңіз. Көшенің арғы бетіне кез келген жерден жолды қиып өту өз өміріңіз үшін қауіпті. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақты жол (зебра) белдеуінен өткен дұрыс. Гүлзар бақты, көгалды жерді баспауды, көшедегі жарықшамдарын сындырмауды, саябақтардағы орындықтарға аяқ киіммен шықпауды, түкірмеуді және тағы да басқа жағымсыз іс-әрекеттерге бармауды отбасында үнемі айтып отыру – ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-ананың міндеті.
Қоғамдық көлікке кіргенде мүгедектерді, балаларды, егде адамдарды, әйелдерді алдымен өткізеді. Егер бір есіктен кіріп шығатын болса, әуелі адамдардың шығуына мүмкіндік беріңіз. Қоғамдық көлікте қатты сөйлеудің, тамақ жеудің ыңғайы жоқ. Түшкіргенде және жөтелгенде қол орамалды пайдаланып, ауызыңызды жауып отырыңыз. Вагон ішінде өзінің үсті-басын тәртіпке келтірмейді, тырнағын тазаламайды, құлағы мен тісін шұқыламайды, бет бояу немесе шаш жөндеу де жөнсіз. Газет оқығыңыз келсе, оны бүктеп оқыңыз. Көршінің оқып отырған газетіне, журналына үңілу, жолаушыларға қадала қарау әдепсіздік. Қатты күлу де орынсыз. Вагон ішінде үй іші мен қызметтегі істер жайында сөйлеспейді, өзгелердің әңгімесіне құлақ салмайды.
Жұмыстағы мінез-құлық этикасы бұл әріптестер, бәсекелестер арасындағы шынайы және тура қарым-қатынас. Жұмысқа отбасындағы келеңсіздіктер кедергі болмауы тиіс. Қызметтік ортада айтылған ақпараттар мен қызметтік құпия сол айтылған төртбұрыштан тысқа шықпауы қажет. Жұмыс орнында қызметтестермен және бағынысты қызметкерлермен руластыққа, жершілдік пен жікшілдікке бой алдырмастан, олардың жұмыс тәжірибесі мен атқарған қызметіне қарай бағалау орынды. Бағынышты қызметкердің кемшілігін көпшіліктің көзінше емес, жеке өзіне айтып, кемшілігін түзеуіне мүмкіндік жасаған орынды.
Ойымызды әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз тәрбие туралы мына сөзімен түйіндесек: «Жақсы тәрбие мен ақыл күші болып екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттері болып табылады» деген екен бабамыз. «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім-үшеуін қосып айтқанда ұждан деген ұғым шығады», – деген Шәкәрім сөзі ар-ұжданның ұялу ғана емес, мейрімділік пен адамдықты, шыншылдықты, қанағатты қажет ететінін танытса керек.
Қ.Қабылғазиев,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы

22 қараша 2023 ж. 1 438 0