Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Мейірім...

Соғыстың зардабы енді басылып, ел ішінде тыныштық орнаған кез. Шағын ауылда «сен байсың, сен кедейсің» деп бөліну жоқ, барлығы бірдей бір-біріне көмектесіп тату тұратын. Тұрғындар ішінде Қайрақ пен Әсиманың шаңырағы ерекше ықыласымен ел сыйлайтын отбасыға айналған. Өздері қарапайым ғана отбасы. Қайрақ ауылдағы ең жақсы жылқышының бірі, Әсима интернаттың асханасында жұмыс істейді. Жалғыз Қанатын жақсылыққа жаны жақын етіп өсірген. Өзімен қатарлас балалардың арасында ересектеу еді. Ата-анасына, көршілерге көмекке асығып тұратын.
Жаз шығып, ауылдың тіршілігі бір ыңғайға келе бастаған шақ. Бірде бригадир ауыл тұрғындарын жинап, жиналыс жасады. Айтуынша ертең жетім қалған балаларды әкеледі екен. Ниетті жандар болса отбасымен ақылдасып, шешім қабылдауды сұрады. Иә, ниетті жандардың қатарында Әсима да бар болатын. Интернаттағы балдырғандарды көргенде жүрегі жібіп салушы еді. Олардың осындай қиын жағдайда қалғанын ойлап, «Қанаттың жанына серік болар еді-ау» деген ой көптен маза бермейтін. Кешкі ас үстінде отағасына өз ойын жеткізген. Қайрақ көп ойланбады.
– Құдайға шүкір, өз басымызды асырауға шамамыз жетеді. Тірі жетімектің сауабын алудан қашпаймын. Жарайды, айтқаның болсын. Көңілің қалаған бала болса, Қанаттан кем етпей қарауға сенімді болсаң қарсылығым жоқ, - деп сөзін қысқа қайырды.
Ертеңіне жиын болды. Барлық тұрғындар жиналып балаларды күтіп алды. Танысып, таңдауларын жасады. Тек қытайлық бауырларды ешкім қаламаған. Екеуі ағалы-қарындасты әрі қыз баланың басында ауруы бар көрінеді. Әсима осы екі баланы үйіне ерте келді.
Қайрақ та балаларды жылы қарсы алды. Қанатпен бірге ойнап, үйге тез сіңісіп кететіндеріне күмән келтірмеді. Ет асылып, оларға қазақтың ұлттық тағамдарын, дәстүрлерін түсіндірген болды. Олар қазақ тіліне шорқақтау екен. Тек балалар үйінде жатып естіген 1-2 ауыз сөзді біледі. Соған қарамастан ағасына Нартай, қарындасына Нарқыз деп ат қойды. Әсима тапқан табысына Нарқызды емдетті. Ауылдағы дәрігерде болмаған дәріні орталықтан да алдыртып жүрді. «Қыз бала ғой, ауруы болашағына кедергі келтірмесін. Асырап алдық деген атымыз боламаса Қанатымнан қай жері кем» деуші еді Қайраққа.
Өмір жалғаса берді. Қайрақ пен Әсима тынбай еңбек етіп, балаларын асырауға күш салды. Дегенмен алда не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді емес пе. Бірде таңертең жұмысына барған Әсима жұмыс орнының қар астында қалғанын көрді. Интернат жұмысшылары тазалап жатыр екен. Түнде қар көшкіні болып, тау жиегіндегі интернатты басып қалыпты.
Келе сала алдынан 4 сыныптың 3 оқушысы жүгіріп шықты. Арман, Саян, Злиханың әкелері соғысқа кеткен. Арманның анасы қара қағаз келгенде көтере алмай ауырып қайтыс болған. Саян әжесінің жанында өскен бала. Әжесі 3 ай бұрын дүниеден өткен, қазір туыстарын іздеп жатқандықтан осы интернатта уақытша тұратын. Злиха – өзбек қызы. Қазақстанға көшіп келген соң әкесі, ағалары соғысқа кеткен, анасы мен сіңлісі аштықтан қайтыс болыпты. Директор балалардың «Әсима апай келгенше ешқайда бармаймыз» дегенін айтып, Әсиманың балаларды үйіне алып кетуін өтінген. Осылайша отбасы тағы да 3 жанға толықты. Тек өкініштісі Әсиманың жұмыссыз қалғаны еді...
Әсима біраз уақыт жұмыс таба алмады. Балалардың, үйдің барлық шығыны Қайрақтың мойнында қалғаны біршама ауырлық тудырған. Сондағы ауыл адамдарының мейірімділігін айтсаңызшы. Ауылда сойылған малдың ішек-қарнын, бөлке нанының жартысын, кішілеу болған киімдерін әкеліп, барынша көмек қолын созатын. Араға 1 ай салғанда бригадир еден жуушы жұмысын тауып берді. Ошаққа күнделікті от жағу, суды жылытып еден жуу, одан қала бере бригадирдің әйеліне үй шаруасына көмектесетін. Қақаған суық қыста ол жұмыстың барлығы Әсиманың денсаулығына кері әсерін берді.
Сол жылдары үкіметтен жағдайы төмен отбасыларға көптеп көмек келді. Соның бірі кірпіштен салынған 2 бөлмелі үйлер болатын. Ауылға да 2 үй салынған. Ауыл үлкендері мен бригадир ақылдасып, Қайрақтың шаңырағына беруді жөн санапты. Оны естігенде балалардың да, Қайрақ пен Әсиманың да төбелері көкке бір елі жетпеді.
Жарты жыл осылайша өте шықты. Күн жылып, көктем туа интернаттың директоры келіп, Саянның туыстары табылғанын айтты.  
Алыс та болса қаны ғой. Балаға бауыр басып қалғандарыңызды білемін. Дегенмен оларға бермесек болмас. Ертең күндіз орталыққа апарып саламыз. Киім-кешектерін дайындар беріңіздер, - деді.
Саянның кететіні бәріне ауыр тиді. Балалар да, Әсима да жылап шығарып салды. Қайрақтың көңілі босағанымен, Саянның қуанышын ойлап білдірмеген. Туғаны болмаса да одан кем көрмеген баласын біреуге беру де осындай қиын екенін сонда алғаш ұққан.
Сырғыған уақытқа кім тоқтау салсын. Балалар да ержетті, қыздар бойжетті. Бәрінің қатар болғаны қарттыққа келген Қайрақ пен Әсимаға осы кезде қатты батқан. Бәрін бірге оқуға жіберуге қимаған болатын. Алайда амал нешік, оқимын деген баланың бетін қақпай, қолдау білдіріп, шығарып салды. Жалғыздық өздеріне жараспайтындай көрінетін. Екі жан ғана болса да Әсима сол баяғы үлкен қара қазанға тамақ істеп, шәугімді толтыра шай қоятын. Оның балаларды сағынғанын Қайрақ та сезетін.
Қанаттың оқу бітіріп, ауылға келетін уақыты жақындаған. Жүрегі алып ұшып, үлкен дастархан жасауға дайындалған отбасына милиция келмесі бар ма. «Жолда жол апаты болып, Қанатыңыздан айырылдық. Арты қайырымен болғай» деп төбелерінен жай түсірді. Енді «жаңа өмірге қадам басам ба, барлық қиындық артта қалды ғой» деген отбасына Алланың бұл сынағы Әсиманы сындырып әкетті. Бауыр еті баласынан айырылған ананың бұрынғы ауруына ауру қосылып, төсек тартып жатып қалған. Содан көпке бармады. Қанаттың 40 күндік садақасынан соң келмес мекеніне аттанды.
Қара шаңырақ жалғыз ізбасарынан айырылған. Дегенмен туғанындай болған балаларынан үміті өшпеген Қайрақ ауылда қалды. Балалармен жиі хабарласып, аман жүргендеріне шүкірлігін айтудан жалыққан емес. Олар да оқуларын бітірген соң жатсынбай, елге оралып жұмысқа орналасты. Арман мен Нартай Нарқыз бен Злихамен бас қосты. Онысын Қайрақ та, ауылдастары да қолдап, ендігі жерде ажырамауын тілеп, бәріне бір тойын жасады. Бүгінде сол қиын замандағы Қайрақ пен Әсиманың мейірімінен туған отбасы үлкен әулетке айналған. Бақытты да бақуатты ғұмыр кешуде.
Г. САҚТАПОВА

10 желтоқсан 2023 ж. 957 0