Елес кезген ен дала

Кенет құлағына әлдебір дыбыс келді. Жаңылмай таныды. Ен даланы күңірентіп, гүр-гүр еткен трактордың дауысы. Жан-жағына зер салғаны сол еді, әудем жерден техниканың өзі де көзіне шалына кетті. Қуанған ол: "Не де болса осының ізінен ерейін. Бір ауылға алып баратыны аян ғой. Сосын арғы жағын көре жатармын" деп кеселеп тастаған қарды омбалай кешіп, атын тепкілей отырып соңынан жүре кетті.
Трактордың өзі де, дауысы да жақындады. Қарды қақ жарып ентіккен астындағы тақ тұяғының көлігінің демі буланып, аязды күнді тұманға айналдырған. Бірақ таяқ тастам жерге жетсе де, трактордың ізін байқай алар емес. Әбден жақындағанда ғана әлдебір ойлар есіне оралып, ішінен "біссмілласын" айтып, артына бір қарап, қайтадан алдыға көз тастаған Ақылтай өзіне бағдар болып келе жатқан техниканы таба алар емес.
Мән-жай енді ғана белгілі болды. Діннен бар білгенін күбірлей оқып, жақын тұрған бір жыңғылдың түбін аршып, сол жерге паналай кетеді. "Бұл не тылсым болды екен?" деген оймен елегізіп отырғанда қар да басылып, ауылына аман-сау жеткен екен.
Ал келесі әңгімеміз айдаладағы тылсым дүниенің екі жастың болашағына тигізген әсері болмақ.
Жандарбек көрші ауылдың қызы Құралаймен танысқанына да жылдан аса уақыт өтті. Көңіл жарастырған екі жас албырт сезімнің жетегінде жүріп, жиі жолықпаса тұра алмайтын-ды. Бұл сезім Жандарбектің де күнара екі ауылдың арасын жол қылуына себеп болды. Тіпті "отау құрамыз, болашағымыз армандағандай болады" деп жоспарлап жүрген екеуінің арасы бір-ақ күнде-ақ хат-хабарсыз үзіледі деп кім ойлаған. Себеп неде?
Жандарбек кеш бата әдетінше Құралайдың ауылына бет алады. Қос дөңгелекті мотоциклін дарылдатып, ауылдың иттерін шәуілдетіп келген Жандарбектің бұл қылығын асыға күткен сұлуы да оны жазбай таниды. Тағы бір кешті сырласып өткізіп, қиялмен болашақтарына сапар шеккен соң Жандарбек өз ауылына қайтады. Бірақ бұл жолғы бақытты сәті өзгеше өрбитінін ол сезбеген-ді.
Ауылына жақындаған тұста бейіт жанынан лақтың дауысы естіледі. Ауылдың жайылымы осы тұста болғасын ол көлігінің басын бейітке бұрып, "енесінен адасып қалған шығар, ауылға ала барайын" деп әлгі лақты алдына салып алады да, жүрісін жалғастырады.
Алдына өңгеріп алған лақты сипап, оған көзі түскені сол еді, лақтың екі көзінен жанып тұрған отты көрді. Шошынғаннан қолындағы мақұлықты тастай қашады. Бір кереметі әлгінде ғана алдында момақан күйі жатқан жануар қос дөңгелікті көлігінің ізінен қуа жөнелгенде, оның маңыраған дауысы да өзгеріп сала берді. Ауыл арасына кіріп кеткенше ізінен қалмай қуалаған ол, ауыл шетіне таянғанда көзден ғайып болды.
Міне, осы бір тылсымның куәсі болған Жандарбек мұнан кейін ұзақ уақыт сырқаттанып, өзіне келе алмай жатып қалады. Телефонсыз уақытта мұның себебін сүйгеніне түсіндіру де мүмкін болмады. Кейінірек жергілікті халық үшін жат болып саналмайтын "алып қашу" салты бойынша Құрайлайдың өзге шаңыраққа келін болғанын естіп, өзі де жаңа өмір бастайды.
О.БӨРІ