Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Соғыс жылдары ауыр тағдыр кешкен ана

Соғыс жылдары ауыр тағдыр кешкен ана

Зұлмат жылдардың жаңғырығы сол кезде майдан даласына аттанып, оқ пен оттың арасында үреймен күн кешкен азаматтардың ғана емес, тылда еңбек етіп ауырлық пен азапты күн кешкен жесір әйел мен жетім баланың да тағдырын тауқыметпен өрді. Сол кезді бастан кешкен жандардың жүрек түкпірінде бұл жылдар мәңгі өшпес қаралы таңбамен сақтаулы. Өксікке толы өмір жолы мен талайлы тағдыр кешкен азаматтар талай шығармаға арқау болып, қалам ұшымен халыққа жетті. Сондай қазақ әйелінің қасіретті тағдырынан сыр шертетін шығарманың бірі – Қуандық Түменбайдың «Қазақы әйел» атты әңгімесі.
  Шығарма тылда еңбек етіп жүрген Айжанның тастай суықта өзенге шомылып жүрген жерінен ақсақ бигадир шал Жұмабектің көріп қалып, әйелді жын соққан деп қаралай бастауынан бастау алады. Оның бұл қылығын есі ауысқандыққа балаған Жұмабек көп бөгелмей атының басын тартып жүріп кетеді. Ал Айжан болса, суық суда жар аңсаған ыстық денесін суытқысы келгендей ұзақ жүзді. Оның санасынан жолдасы Сейітжанның келісті келбеті қайта жаңғырып, мөлдір өзеннің астында онымен қиялында қауышқандай күй кешеді. Судан шыққан келіншек кең етекті көйлегінің жаға-жеңі мен етегіндегі малмандай суды сықбастан күн ұясына батар тұста қырманға қарай қайта бет алып жүріп келеді. Осы сәтте әйел өзінің балалық шағын еске алады.
Ашаршылық жылдарында анасы екеуі қамыс ору жұмысына жегілген бүлдіршін қыз бір күні орылған қамыстың кішкене бөлігін іштеріне тығып үйлеріне алып келеді. Қамыс өн бойларын қышытса да шыдауға тура келді. Үйлеріне келген соң аналары ұрлап әкелген қамысты суға қайнатып сорпасын ішкізгенде, талайдан бері қара суды талғажау еткен қыздың шекесі шып-шып терлеп сала береді.
Осы ойлармен алысып келе жатқан ол қырман басына келіп, суы кеппеген денесімен дәнді далаға аунай бастайды. Көйлегінің етегі мен омырауына, тіпті түгел денесіне сары дән жабысып қалады. Тек қолы ғана бос. Демек оны ешкім мемлекеттің мүлкіне қол сұқты деп айыптай алмайды. Дәнге бөккен денесін сүйретіп келе жатқан басты кейіпкер Айжан осы кезде өзін ешкім көріп қаламаса екен деп сақтанады. Тағы да тәтті ойлармен астасып кетеді.
Ақыры аштық ата-анасын жалмаған он жастағы Айжан балалар үйінен бір шығады. Кейін есейген соң елге келіп, Сейтжанмен танысып, екеуі шаңырақ құрады. Сейтжан да өзі сияқты тұл жетім болатын. Бір біріне сүйеу болып, тұңғыш ұлдары Аяған өмірге келіп, бақытты ғұмыр кешіп жатқанда соғыс өрті тұтанып кетіп күйеуі Отан қорғауға аттанады. Содан бері хабар-ошар жоқ.  «-Не хат келмейді, не қара қағаз», – деген әйел өз ойына шошып кетеді.
Үйіне қас қарая жеткен анасын сағына күткен баласы құшақтай алмаққа ұмтылғанда Айжан баласын кеудесінен итере тоқтатып тастады. Сонан соң денесіндегі бидай дәнін түгел сау еткізіп түсіріп, жиып теріп алған соң ғана бар мауқы басылғанша жалғыз тұяғын мейірлене бауырына басты. Сол күні бұлар аш құрсақтарын бір тойдырып жасап қалған-ды.  Баласына бұл құпияны ешкімге айтпауды өтінген ана, тек өзінің аналық махаббатын паш ететін осы тәуекелін әкесіне айтуға ғана рұқсат берді.
Арада зымырап уақыт өтіп, соғыс  жеңіспен аяқталды. Бірақ Айжанның жолдасынан сол күйі хабар болмады. Жолын сарыла тосқан әйелдің де үміті үзілуге таяды. Бұл кезде ұлы әжептәуір азамат болып бой түзеп қалған еді. Әскер қатарына қабылданып қиыр шығысқа Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бірде әскери борышын өтеп жүрген Аяғанға соттан шақырту келеді. Хабарламаны оқыған Аяған анасының соты болғалы жатқандығын соған қатысуы керектігін біледі.
Бұл кезде Айжан қырман даласынан масақ ұрлағаны үшін түрмеге отырғызылған болатын. Сот болатын күні қайран ананың жүрегі ерекше қобалжып қоя берді. Оны сот залына бастап келген ауылдасы Ералының органда жұмыс істейтін ұлы Аяғанның келгендігінен хабардар етіп қояды. Сот залына кірген Айжанның көзі қарауытып талықсып кетеді. Бар ойы жалғызыма зияным тимесе екен деп тұрған ана бір сәтте есін қайта жиғандай болды.
Сот кезінде Айжанның масақ ұрлағаны дәлелденіп ол да өз ісін мойындайды. Сонда ит пен құсқа жем болып жатқан масақты ашта өлуге айналған халыққа бермегеніне налыған Айжан бар ойын жайып салғанда мемлекеттік айыптаушы оған: «Олар есі жоқ мақұлық, ал сен адамсың» деп қайтарып тастайды. Сотта қорғаушы Айжанның ондай қадамға мәжбүрліктен барғанын және оның жалғыз ұлын үлгілі азамат етіп өсіргенін, оның қиырдағы әскери бөлімшеде абыройлы қызметте екендігін айтады. Үкім шығарар алдында сот төрағасы ойласуға кетеді. Белгілі уақытта қайта оралған сот төрағасы үкімді оқи бастайды. Онда Айжанның екі жылға бас бостандығынан айрылуы керек болған. Бірақ баласының әскери қызметкер және өз саласының озығы екендігі ескеріліп, жазасы ауыр жұмыспен өтелетін болып өзгертіледі.
Осылай ана бостандыққа шығып, ауыр еңбекке тартылады. Ал ұлына КМБ-ға жұмыс істеуге ұсыныс жасайды. Аяған бұл қызметті іштей жақтырмаса да анасының жанында болып оны қорғау үшін келісім береді. Ертесі таңда әкесінен аумай қалған форма киген ұлына сыртынан қарап тұрып, шүкіршілік айтқан көрінісін суреттеумен шығарма аяқталады.
Бұл оқиға өмірден алынған. Қызылорда облысының Шиелі ауданының аймағында орын алғандығын шығармадағы жер-су аттарынан аңғаруға болады. Осыған ұқсас тағдырды сол заманда өмір кешкен кез келген адам басынан өткерді. Бұл соғыс салған салқындық пен мәңгі өшбес таңба еді. Қасіретті жылдар оқ астында күн кешумен қатар, аштық пен жоқшылықты да қатар алып келген еді. Бүгінгі бейбіт өмір – сол жанкешті тағдыр кешкен жандардың арқасы.
Назерке МАРАТ

09 мамыр 2024 ж. 1 002 0