Он сегізінде от кешкен
Соғыс басталып, жарамды азаматтар әскерге аттанғанда менің әкем Мектеп Сермаханов та 18 жасында 1943 жылы майданға жіберіледі. 1944 жылы 18 мамырда Ленинград майданында оң аяғына оқ тиіп жараланып, госпитальға түседі. Сол жерден жарамсыз деп қайтарылады. Елге келіп «Ақжар» ауылында жұмыс жасайды. Әкем темір ұстасы болды. Адал қызмет етіп кейінгілерге ерінбей кәсіп үйретті.
Ауыл ағалары Еламан, Әнтай ол кісіні мақтап отыратын. Әнтай ағам «Жетім өстім, осы Мәкең көп көмектесті, білмегенімді ерінбей үйретті. Жастарға ұстаз бола білді» дейтін. Кейіннен әкемізге жаңа ЮМЗ малютка тракторын берді. Сол тракторды балаша күтетін. Гараж соғып, жауын-шашыннан қорғап соған кіргізіп қоятын. Кейде екі есігін ашып қойып, ішінде жұмыс істейді. Сол уақытта баламыз гараж ішінде не бар екен деп кірсек, екі қабырғасында сымға тізілген тот басып қалған темірлер, шайбалар ілініп тұратын. Даладан темір тауып алса гаражына іліп қоятын. Қазір ойлаймыз, маман болған соң, қадірін түсінгесін жинайды екен ғой.
Анам екеуі 1949 жылы бас қосып, 5 ұл 5 қыз баланы дүниеге әкеліп, немере, шөбере сүйген үлгілі отбасы болды. Әкеміздің мінезі қатал, салмақты болатын. Бетіне тіке қарап сөйлей алмайтынбыз. Баратын жерімізге сұрана алмай, анамыз арқылы айтатынбыз. Мінезі қатал болғанмен айналып-толғанып, маңдайымыздан сүйіп алатыны бар. Газет оқығанды жақсы көреді. Ауылымыздың поштасынан газет алып, жақын жерде орналасқан аялдамада өз замандастарымен бірге отырып жаңалықтарды талқылап, әңгіме-дүкен құрып қайтатын. Қазір ол кісілердің бірі де қалмады. Әкелген газеттерін бізге оқытатын.
Әкем 2004 жылы 4 наурызда 82 жасында дүниеден озды. Адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп кетті. Наградалары костюмінің омырауын толтырып, төрде ілулі тұратын. Қазір қолдағы бар медальдарын Қорқыт бабамыздың музейінде сақталып тұрсын деп, жәдігер ретінде өткіздік.
Гүлмира МЕКТЕПҚЫЗЫ
Ақпарат көзі: syrboyi.kz