Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің әкем...

Менің әкем...

Бала үшін әкенің махаббатын сезіне білу де бір бақыт. Бала күнімізде елжіреп еркелетіп, маңдайымызға шаң тиізбей, қиындық пен жамандықтан қанатымен қорғаған әкемізге есейген соң еркелей алмай жатамыз. Кейде оған жақсы көретінімізді, өзінің әлемдегі ең жақсы әке екендігін айтып, олардың ерекше сезімге бөленуіне де үлгермей қаламыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөздің ақиқатын қос бәйтеректің бірі құлағанда ғана сезінетініміз өкінішті. Әкелерге арнап бет дайындау барысында әлеуметтік желі арқылы әкеңіз туралы не айтар едіңіз? деген сауал тастағанымда, көп таныстарым жүрек түкпіріндегі әкеге деген махаббатымен бөліскен болатын. Ыстық естеліктерді оқырманға ұсынуды жөн көрдім.
Таңшолпан Оңталапқызы: Мен Тоқабай елді мекенінде туып-өстім. Балалық шағымды есіме алсам, тек ыстық естеліктер көз алдыма келеді. Әсіресе әке-анамыздың қолтықтасып жұмыстан келе жататын кездері. Алыстан қараңдап көрінетіні... Әкемнің қойны толы газет-журнал. Мектеп олардың екінші үйі секілді, сол мектепке қанша еңбегі сіңді, мектепке, жұмысқа деген көңілдері алабөтен болды.
Тазалықты, тәртіпті сүйетін әкемнің бізге үйреткен тәрбиесін ешбір мектеп те, ұстаз да бере алмайды. Адамдармен сыйластықтың үлгісі – менің Әкем. Үлкендерге деген құрметі, бала-шағаға мейірімі, дос-жаранмен қалжыңы, інілерге ізеті, келіндерге «ақұдайлағаны», бейтаныс жанмен де құрған әңгімесі қандай?! Бала біткеннің бәрі әкеме үйір жүреді.
Өз қолымен ұзатып, тұрмысқа берерде әкешімнің көзіне жас алып, онысын көрсетпеуге тырысып, бұрылып кеткені әлі көз алдымда. Содан бері туған үйден алшақтап, ата-анама деген қызметім азайып, күнде еститін айналайыным кемісе де, балалық махаббатым еш өзгерген емес. Әкемізді қаншалықты қуантқаныммен, соншалықты уайымдатқан сәттерім өзіме аян. Әкем ешқашан былапыт сөз, қарғыс айтып көрген жан емес. Анам екеуінің де сөзге келіп жанжалдасқанын да естіп көрмеппіз.
Міне мен осындай мейірімді әке мен ерін пір тұтқан ананың шаттығы жарасқан отбасында туып өстім. Олардан алған өнегемді өз балаларыма да көрсетіп жүрмін. Әрбір қазақтың шаңырағында осындай жарасымдылық орнаса, ата-ананың қадір тұтқан бала, отбасы құндылығын бағалайтын адал ұрпақты қатары артары ақиқат.
Атымтай Жомартұлы: Қасиет қонған Қарақұм топырағында қоныс тепкен қарапайым отбасында өстім. Біз жігіттер анамызға еркелесек те, әкемізге еркелей алмаймыз. Бірақ оның қамқорлығы мен мейірімін, көзге көрінбейтін бірақ алыстатпайтын байлаудың барын сезінеміз. Әркім үшін өз әкесінен асқан жақсы адам жоқ болып көрінеді. Бірақ расымен де менің әкем ең жақсы әке дер едім. Ол мені қатал тәрбиеде өсірген жоқ. Жүрегі мейірімге толы, сабырлы, салмақты жан. «Балам ешқашан жұмыс талғама. Еңбекқор болсаң барлық дегеніңе қол жеткізе аласың» деген сөзді ес білгеннен санама сіңірді. Қолыма балға мен шегені ұстатты. Қора мен малдың жайы жөнінде кішкентай күнімнен-ақ менімен ақылдасып, менің пікірімді сұрап отырды. Бау-бақша егетінбіз. 6 жасымнан бастап атқа отырғызып үйретті.
Сен баласың, сен не білесің деген сөзі айтқан емес. Мені өзімен еркін піркірлесе алуға үйретті. Қандай жағдай болмасын әуелі әкеме айтып ақылдасамын. Ол өзінің пікірін айтып, дұрыс жол көрсетеді. Кейде өзімді ересек сезініп, өзім білемге салынып кеткен ісім қисық кетіп жатқанда әкемнің ақылын алмағаным үшін өкініп қалатын сәттер де болады.
Әрине кейде әкемнің түйілген қабағынан-ақ қаймығып қалатын кездер болады. «Қамысты бос ұстасаң қолды кеседі» дегендей, кейде қаталдық та танытып қоятын кездері болды. Бірде балалықпен көршіміздің қорасын өртеп жібере жаздағаным есімде. Сол кезде әкем қатты ашуланып, жон арқама қамшы тиді. Кейіннен өз қателігімді түсініп ондай оғаш қылықты қайталамайтын болдым.
Әкем жарды қадірлей білудің де үлгісін көрсете білді. Анамызға қамқор жар, балаларына мейірімді әке, ағайынға сыйлы бауыр, қатарластарымен сыйлас дос бола білуі әкемнің беделін асырып, бала алдындағы, қоғам алдындағы мәртебесін өсіре түскендей-ақ. Әзірге өзім отбасын құрған жоқпын. Бірақ болашақта әкем сияқты жолдас, әке боламын деген ойдамын.
Әсел Бүркітбайқызы: Әкем бізге ылғи «шыншыл болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, не тапсаң да адал еңбекпен тап» деп үнемі айтып отыратын. Өзінің ісі айтқан сөзімен сайкес келіп жатады. Азанмен папамды үйден трактормен келіп алып кететін. Папам көп жыл совхозда бригадир, механик жұмыстарын атқарды. Таңмен таласа тұрып егін басына кетеді де, қас қарайғанда бір келетін. Біз әкемізді сағынып күтетінбіз. Сонда қанша шаршап келсе де бізге мейірлене қарап, әрқайысымыздың күнімізді қалай өткізгенімізді сұрайтын. Жұмыстан бос уақытында мотоцикл мініп алып мылтығын асынып аңға шығады. Балық аулауға барады. Бала шағасын асырау үшін тыным таппайтын. Отбасымызда үш қыз және бір ер бала болдық. Әкеміз бізді жанына ертіп, тары оруға, шөп оруға апарып, еңбекке баулып өсірді. Соның нәтижесінде мен ешқашан сынаққа сынбайтын ер мінезді болып өстім. Қандай да тығырыққа тірелген де сәтсіздіктерді жыламай қақиып қасқайып тұрып қарсы алу тік мінезім, өжеттілігімді әкеме ұқсатып жүремін. Анамызбен сыйластықта өмір сүріп жатқанына да 50 жылға жуықтап қалыпты. Ер азаматтың бәрінен әкеме тән қасиетті іздеп тұрамын. Мені мейірім мен қамқорлыққа баулып өсірге әкемнің күн сайын қартайып бар жатқаны көңілімді құлазытады. Өзім де бұл күнде 5 баланың анасымын. Бірақ әкемнің алдында сол баяғы баласы болып қала бермін. Сағынып барғанда «Ақ Әселім» деп маңдайымнан сүйіп, құшағына алғандағы жылылықты мен өмірімде еш жерден сезінген емеспін.
Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым - қатынасы, өнері мен білімі өзіме үлгі және өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанам. Отбасының береке, ынтымағы үшін әкемнің әділ, ұстамды болуы мен үшін орасан маңызға ие. Отбасымыздың ұйытқысы, берекесі, мейір - шапағат көзі – менің әкем.

Назерке БАҚЫРАН


30 қаңтар 2024 ж. 1 323 0