Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әзіл-шыны аралас әңгімелер

Әзіл-шыны аралас әңгімелер

Клубтың төбесі құлау керек еді...
2000 жылдары Аралда салынып жатқан құрылыс нысандарын тексеруге іссапарға шыққанда облыстық мемлекеттік құрылыс сапасын бақылау (ГАСК) мекемесінен Нұртай Зағатов ағамыз да бірге шығатын. Кезінде өзі де құрылыста істеген, көпті көрген, қағытпа әңгімелерін айтып бізді күлкіге қарық қылатын.
Бұл оқиға өткен ғасырдың 70-жылдары болса керек. Ол кезде Арал қаласында "Кызылордастрой" тресіне қарайтын ПМК құрылыс мекемесі бар болатын. "Сонда істеп жүрген кезім еді" – дейді Нұртай аға. "Салынып жатқан құрылыс нысандары көп, соның ішінде клуб пен өкпе аурулары ауруханасының емдеу корпусының құрылысы жүріп жатқан. Содан клубтың төбесін плитамен жабатын кезде, әу баста құрылыс жұмыстары кезінде жіберілген ақаулардың салдарынан мәселе туындап, әрең дегенде қосымша конструкциялар орнатып, жауып шықтық. Бірақ көңілімізде осы төбедегі бетон плиталар құлап кетпесе игі еді деген күдік қалды. Өкпе аурулары ауруханасының жаңадан салынған тұрмыстық корпусының төбесін жабатын кезде де дәл осындай жағдай болады. Содан бір күні әдеттегідей таңертеңгісін ПМК-да бастықтың кабинетінде планеркада отырсақ, бастықтың телефоны шыр ете қалды да, арғы жағынан: "құлады! құлады..." деген дауыс естілді.
Бастығымыздың түрі бұзылып кеткен:
– Не дейді? Туб.болницаның төбесі құлады дейді ма?...
Солай деді де:
– Әй, сен не деп тұрсың? Аурухананың емес, клубтың төбесі құлау керек еді ғой! – дегенде, отырған бәріміз шыдамай күліп жібердік дейді Нұртай аға.
Абырой болғанда тұрмыстық корпус төбесінің бір жағы түн ішінде адам жоқ кезде құлапты. Осыны айтып қоңырау шалып тұрған мекеменің қарауылы екен.

Бір жылап алудың реті келіп тұр
Бірде аудандық партия комитетінің идеология саласын басқаратын Бағия Оспанованың Арал ауданына қарасты туған жері "Ұялы" деген елдімекенде жақын бір ағайыны қайтыс болып, соған барады. Оның қасына аудан басшылығы Құрманбаевты қосып жібереді.
Содан Бағия апайымыз ауылға келіп, ағайынының азалы шарасына қатысқан соң, бұдан бұрын өмірден озған басқа да ағайындардың үйіне кіріп, арнасын айту үшін олардың отбасына келеді. Әбден жылап, шаршаған Бағияға жаны ашыған Құрманбаев оны оңашалап:
– Бәке, сіз аудандық партия комитетінің хатшысысыз. Ауыл әйелдері сияқты ашылып-шашылып, көрінгенмен көрісіп жылай бермеңіз. Мен сізге бюроның атынан айтып тұрмын, – дейді.
Осы ескертуден кейін Бағия апайымыз біршама жинақыланып, көрісуді тоқтатады. Бірақ, ол өзіне өте жақын тағы бір отбасыға көңіл айтуға келгенде Құрманбаевқа қиыла қарап: «Әбеке, тағы бір жылап алудың реті келіп тұрғаны, соған рұқсат беріңізші» дейді. Біз қазақ емеспіз бе?! Қашанда қыздың көңілін қимаған. Әбдіжәли ағай Бағия апайдың көңілін қимай, «рұқсат» дегендей басын изеген екен.

Парламенттегі әзіл
Марқұм Құдайберген Сұлтанбаев тоқсаныншы жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Бірде Президент пен депутаттардың кездесу шарасы өтеді. Іштерінен Құдекеңді байқап қалған Президент оны қасына шақырып алады.
–Еее, Құдайберген, қалайсың?
– Шүкір, шүкір,жақсы...
– Парламентте өзіңнен басқа қанша әртіс барсыңдар?
– 130-дай әртіс бар-ау... (Ол кезде депутат саны 130).
– А?
– Парламентте, Нұреке, 130 әртіс бармыз, бірақ ішіндегі профессионалы менмін, – дегенде, Президент ішек-сілесі қатып күліпті.
Ералы Есімов
25 мамыр 2024 ж. 456 0