Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Майдангер мұғалім

Майдангер мұғалім

Бүгінгі өскелең ұрпақ ұстаздың қилы заманы мен қиян тағдырын елден ептеп естігені бар. Үлкендер жағы оны соғыс ардагері дейтін. Сонысына қарап: «Е, майдан көрген, өлім мен өмір арасынан аман шыққан ардақты ата ғой» деп тарихын топшылай беретін. Шынында от пен оққа тосқауыл болып төтеп берген жаужүрек жауынгер екенін қатарластары тамсана айтып, ерлігін тағылым ететін. Сөйтсек, әңгіменің басы әріде екен.
Садық Жұмағұловты Арал ауданының азаматтары айнымай таниды. Ол 1925 жылы Райым елді мекенінде туылып, осындағы жеті жылдық мектепті тәмамдайды. Қызылорда педагогикалық техникумын бітірген бойда Құмбазар, Райым ауылындағы мектептерде бастауыш сыныбының мұғалімі болды. Дәл осы уақыт сұрапыл соғыстың жүріп жатқан кезі. Сталиннің тапсырмасымен мектепте білім беру жұмысы тоқтамасын деген бұйрық бойынша мұғалімді броньмен алып қалушы еді. Әйтсе де отаншыл рухты Садық көкеміз өзі сұранып та көрген. Алайда жасы жетпей, әскери комиссариат кейінге қалдырып келді де, 1943 жылы шұғыл шақыртумен майданға алып кетті.
Білімі бар, еңсегей бойлы, епті азаматты бөлімше командирі етті де ІІІ-ші Беларус майданының құрамасына қосты. Уақыттың тарлығына қарамастан саперлік дайындықтан өткізіп, Балтық бойындағы Гранс қаласын азат ету ұрысына кірді. Жау аяқ аттам жердің бәрін миналап тастап, алға жылжуға мүмкіндік бермей жатыр. Армия генералы И.Д.Черняховскийдың тікелей бақылауында болған «Кенигсберг операциясы» өте жедел және тұтқиылдан тап берудің аса шебер шабуылы еді. Сондықтан сержант Садық Жұмағұловтың бөлімшесі қараңғылықты жамылып, қысқа уақытта көпір мен тас жолды минадан тазалауға аттанды. Бұйрық біреу, орындау міндет. Таң саз бере мина алаңы залалсыздандырылып, рота командиріне хабар берілді. Осы сәтті асыға күткен кеңестік әскерилер көп ұзатпай Германияның Шығыс Пруссиядағы қамалын тас-талқан етті. Міне, осы ерлік үшін Садық әкемізге «Кенигсбергті алғаны үшін» медалі табысталды. Кеудесін жарқыратып тұрған «Отан соғысы» ордені енді жалғызсырамайды, серігі табылды. Жауынгер үшін ерлік марапаты үлкен мерей емес пе?!
1946 жылы елге оралып, Ақшатау, Райым, Қамбаш ауылдарында мұғалімдік қызметін жалғастырды. Үйленді, өмірлік жары Төлеген Иманалина жасынан зерек, өз қатарынан озық, мектептегі белсенді оқушы болған. Ол 17 жасында Қамбаш орта мектебін үздік бітірген бойда мұғалім болуға мектепке қалдырылды. Сөйтіп бір жылдың ішінде яғни он сегізінде оқу ісінің меңгерушісі, жиырмасында мектеп директоры лауазымын атқарды. Бұл анамыздың біліктілігі мен білімпаздығына берілген жоғары баға болса керек.
Оқуға деген құштарлығы арқасында Садық әкеміз 1953 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түсті. Кәдімгі күндізгі бөлімге.
– Сәке, бала-шаға бар, мүмкін сырттай оқисыз, – деп зайыбы көңілін жібітіп көрген еді. Ол шоршып түсіп:
–Жоқ! Менің арманым – күндізгі бөлім. Жоғары білімге толық қол жеткізуге тиіспін.Сырттай кім көрінген оқиды, – деп кесімді ойын бүкпесіз айтты.
Садық әкеміз топ старостасы болып, институтты қызыл дипломға бітіргенде өзін нағыз ұстаз және математик ретінде сезінді. Қамбаш орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып төрт жыл қызмет етті.
Енді қызметі өсіп, теңізбен тамырлас Бөгенге жіберілді. Бұрыннан аты дүрілдеген дара мектептің тізгіні тиіп, оны табаны күректей жиырма алты жыл басқарды. Жәй басқарған жоқ, математиктер шоғырын шығарды. Облыста бірінші болып ЭВМ жүйесі осы мектепте тәжірибеге енгізілді. Білім сапасы артып, оқушылардың арасында дарабоздар легі бой көрсетті. Алтын медаль иегерлері жыл санап өсті. Әрине, білім беру сапасын жоғарылату үшін, ең бірінші, ұстаздар біліктілігі жеткілікті дәрежеде өсіп, кәсіби шеберлік шыңына талпынған тұлға болуы тиіс. Сол үшін ұстазға деген құрметпен қатар оларды көтермелеу, біліктілігін арттыру бағытында маңызды шаралар атқарылды. Сонымен қатар инновациялық ойлау қабілеті жоғары, оқушының жан-жақты дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен, көпшілікпен ынтымақтасуға қабілетті кісі болатын. Ең бастысы, ұжымның ұйымшылдығын, береке-бірлігін сақтауда жақсы дәстүр қалыптасты. Міне, осы жағынан келгенде Жұмағұловтың абырой-беделі мойындалды.
Ерді сүйген жары мен мамандығы алға сүйрейді. Елге еленетіні – еңбекқорлығы, көпшілігі, кісілігі мен кішілігі болса керек. Артынан артық сөз ермеген, маңдай тердің марапаты ретінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін төсіне таққан, облыстық дәрежедегі зейнеткер Садық Жұмағұловтың жарқын жолы осындай.
Арал ауданында танымал Төлеген апай жолдасына серік болып, ер азаматын сыйлап өтті. Алтын асықтай алты ұл өсірген ерлі-зайыпты олардың парасатты биігімен мақтанатын. Нағымет, Темірхан, Мәлік, Мұрат, Ербол, Еркіні елағасы деңгейіндегі арда азамат болып, өсіп-өнді.
Қазір ел тұрғындары, ұстаздар қауымы Садық Жұмағұловтың ерен еңбегіне сай аудан орталығынан бір көшеге аты беріліп, бір мектеп есімімен аталса деген ұсыныс жасап келеді.Дұрыс-ақ ұсыныс. Оны тиісті азаматтар қолдайды деп ойлаймыз.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
25 мамыр 2024 ж. 528 0