Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Немере – жаннан тәтті"

"Немере – жаннан тәтті"

Кейде қайран қаласың. Әр сөзінде қатпар-қатпар тәлім мен таусылмайтын астар бар қазақтың тілдің, сөздің құдіретін осыншалық ұғына білуі бас шайқамасқа қоймады. "Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" деп тілдің құнын басқадан биік қойған халқымыздың мына бір ауыз сөзіне тоқтала кетейікші. Себебі бүгінгі айтпағымыз да дәл осы "бала – балдан тәтті, немере – жаннан тәтті" деген тәмсілге тура келіп тұр.
Расында әрбір ата-әже немересі үшін не нәрсеге де дайын тұрады емес пе?! Тәрбиенің түп қазығы қарттарда екенін жақсы білеміз. Бірақ тек онымен ғана шектелмейді. Немересі қиылып сұраса, қандай мамандықтың болса да иесі атанып кете береді. Аспаз да, тігінші де, суретші де, әнші де бола алатын әжелердің тіпті құтқарушы болатынын да көрдік біз.
Тікелей тақырыбымызға көшейік. Ол 40 жыл бойы ұстаздық етіп, ұлағатты кәсіптен зейнет демалысына шыққан Бағила Жұбанышова жайында болмақ. Қызылжар ауылының тұрғыны, балаға білім мен тәрбие беру ісінде абыройлы еңбек атқарып, зейнетке шыққан әжей ұрпақ тәрбиелеп, барлығын қанаттандырған. Қазірде балалары Ақтөбе қалаларында тұратын ол ауылды, қара шаңырақты қимай, Қызылжарда тұрып жатыр. Үш немересін тәрбиелеп отырған ақ жаулықты, ақ баталы, тілеуі адал әже. Табан астында әбігерге түсірген тілсіз жаумен күресіп, жалынды жеңген Бағила апамыз сол күнгі оқиғаны қысқаша әңгімелеп берген еді.
– Ойлағым да келмейді. Бірінші Алла аман сақтады дейін. 2023 жылдың күзі, 21 қазан болатын. Кешкі уақыт. Алайда қас қарая қоймағандықтан 6-сыныпта оқитын үлкен немерем ойнауға кеткен. Өзім кешкі астың қамымен жүрдім. Газ баллон таусылып, жаңасын ауыстыруым қажет болды. Бұған дейін де өзім ауыстырып сала беретінмін. Қате болды ғой деймін. Тамақтың астын жаққаным сол еді, қызыл жалын лап ете қалды. Ал үйдегі екі немерем қорыққанан төрге қаша жөнелді. Шығар ауыз жанып жатқанын көрді ме, төргі бөлмеден шыға алмай жылай берді. Бірі 4 жасар, кенже немерем 1 жастан енді асқан еді. Жүгіріп барып екеуін құшақтап, сыртқа алып шықтым. Өзім ішке қайта кірдім. Бала түгілі, ересек адам абдырап қалатын мұндай жағдайда олар да ере кіреді, – деп бастады әңгімесін.
Содан кейін өртті сөндірмек болып, газ баллонына көрпе де ораған. Алайда от жалыны тоқтайтын түрі жоқ. Асыққанда баллонды газдан ажырату да оңай болсын ба?! Қызып, бір-біріне жабысып қалған редукторды жалаң қолмен ажыратып, сыртқа сүйреп шығады. Алайда от күшейіп анамыздың жаулығын да шарпиды. Абырой болғанда шешіп үлгереді. Кілем, жапқышқа тиген от күшейген сәтте көршілеріде жиналып, қызыл жалынды сөндірген.
– Отқа күйген қолым жан шыдатпай жатқасын суық суға жуғаным сол еді, терісі сыпырылып түсті. Қатты күйіпті. Медициналық көмекпен аудан орталығына жеткізілдім. Бір жарым ай ем алдым. Алайда әлі күнге дейін дұрыс емес.
Бәрін қойшы, ем дарыса денсаулық та түзелер, дүние де қалпына келер. Оларға қиналмаймын. Менің ең қатты қуанғаным қос бірдей қызғалдағымды, құлындарымды аман алып қалғаным болды. "Немере – жаннан тәтті" деген осы екен ғой, балам-ау, – деп аяқтады сөзін батыр әжей.
Иә, бала – ұрпағымыздың жалғасы, өзіміздің көз қуанышымыз. Біз үшін маңыздысы, балалардың амандығы..
О. ЖОЛДАСОВ
01 маусым 2024 ж. 710 0