Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Кім бар жақын бала күнгі досыңнан...»

«Кім бар жақын бала күнгі досыңнан...»

Қай жаста, қандай жерде жүрсе де кез келген адамның өмір жолына сүрлеу салған алғашқы баспалдағы, алғашқы қадамы есінен кетпейді. Тіпті сол қадамы сан тарау бұралаңы көп, асулар мен ылдиға толы «өмір» атты кеменің жүру бағытын айқындап, өмірінің болашағына әсер етуі де ғажап емес. «Ақ жол болсын» деп анамыздың алғаш мектепке шығарып салғаны, «алғашқы мектеп», «алғашқы партаға отыру», «алғашқы парталас дос», оның ішінде, әрине «алғашқы ұстаз» бейнесі тұлғалық дәрежеге жеткен кісінің ғажайып сәттері, қуанышқа толы күні болар. Сол балалық шақтағы «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» қызықты да естен кетпес мектеп табалдырығын аттаған сәткебиыл жарты ғасыр болса, мектеп қабырғасынан шығып, өз алдымызға «жеке қадам» жасағанымызға қырық жыл толыпты.
Өмірдің заңдылығы солай ма, қайдам, әйтеуір соңғы уақыттарда артқа жиі-жиі қарап, өз туғандарыңа, бауырларыңа, оның ішінде балалық шақтың куәсі болған «төртінші жұртың» атанып кеткен кластастарға, мектеп табалдырығын бірі қорқынышты, бірі қуанышты сезіммен аттағанда «Кел, балалар, оқылық!» деп құшағын ашқан алғашқы ұстазға сағынышың оянып, солармен жарқын әңгіме құрып, қауқылдасуға деген ынтық сезім қояр еместей. Кейде ескіден қалған альбомдағы көнерген фотоларды қарап отырып, жүйкені тоздырып, мазаңды алып, әбден шаршататын мына өмірдің таусылмайтын шаруаларынан қашып, алаңсыз да уайымсыз балалық шаққа оралып «сәби болғым келетін» сәттер де болады.
«Бір мектеп – жүз тағдыр, ұстаздың жүгі ауыр» демекші,балалық шақтың естелігі болған ескі альбомдарды ақтарып отырғанда алдымен көз алдыңа өзінің баласын аямай, өзгенің баласын аялай білетін, шәкіртінің ұстамы мықты азамат болып қалыптасуына ден қойған, ниеттері түзу, көңілдері ақұстаздар қауымы келеді.
Қандай мамандық иесі болмасын ұстаздың орны ерекше. Жауапкершілігі ауыр, жұмысы көп, жан-жақты терең білімді талап ететін мұғалімдік мамандықты жүрегі мейірімге толы, өз ісінің қас шебері бола білгендер ғана алып жүре алады деп ойлаймын. Себебі бала оқыту, тәрбие беру, оның бойында рухани азаматтық құндылықтарды қалыптастыра білу – оңай шару емес.
Әрине мұндай құндылықтардың қалыптасу үрдісі мектептегі алғашқы ұстаздан бастау алатынын ескерсек, ең алдымен 1А, 1Б және 1В бастауыш сыныптарына жетекшілік жасаған Тілепова Набат, Ермаханова Жаңылшақ, Үмбетова Мейірімхан апайларымыз еске түседі. Біз сонау 1974 жылдың 1 қыркүйегінде мектеп табалдырығын аттаған кезде апайларымыз жоғары оқу орындарын бітіріп келген жас мамандар болатын. Әжеміздің тарамыс-тарамыс болғанаялы саусақтарымен тігілген дәптерлер ғана сиятын шүберек сумкамды алып, мектепке қарай қорқа-қорқа қадам басқаным бар. Сол кезде тауықтың жаңа туған балапандарындай болып үрпейісіп тұрған біздерді апайларымызүлкен аналық мейіріммен күлімдей қарсы алғаны барлығымыздың әлі күнге дейін есімізде.
Бастауыштан кейін жоғары сыныптарда сабақ берген ұстаздардың білімі, ақыл-кеңестері, бағыт-бағдарлары біздерге өмірлік жол салып берді. Қазіргі уақытта олардың бірталайы «келместің кемесіне» мініп кетсе, енді бір тобы жетпістің желкесіне шығып, сексенді алқымдап, немере-шөберелерінің қызықтарына тоймай, орталарында ордай болып отырған жайлары бар. Қазақ тілі мен әдебиетінің майталманы болған Өтегенова Әсима, тарих пәнінен сабақ берген Құрманова Тұрсын мен ақкөңіл де жайдарлы Жақанова Жаңғақ, директордың орынбасары Ранов Қожамұрат, математиканың қыр-сырын үйреткен Дүскеева Роза мен Жұмамұратова Сақыпжамал,алгебра мен астрономиядан білім беріп, ақылшымыз болған Байшораев Қайыржан, қарапайым мінезді сынып жетекшіміз Алмағамбетова Толқын, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері әзілкеш Дүйсенбаев Бақ пен Жүгінісов Бекболат, он саусағынан өнер тамған Баймақанов Зиянсыз, әрбір сабағында «мен сендерге өтірік айтып тұрмын» деп мектептің лабораториялық құралдарының аздығын әзілмен жеткізе білген химик Жақыпова Айжамал, ағылшын тілінен сабақ берген Ізмағамбетова Гүлсім, домбыра мен баянның қас шебері Әлекешов Ақұзақ, алғашқы әскери дайындықты үйреткенқатаң мінезді Тілепов Мұхамеджан, физика пәнінің мұғалімі Әлімбаева Айсұлу, сабағын көңілді өткізетін Ділмағамбетов Жетіру және де әр жылдары әр түрлі пәндерден сабақ бергенІзбасарова Балбибі, Жармағамбетова Гүлханыс, Өтегенова Маржан, Қалауова Ұшыға, Самұратова Балша, Абдуллаева Алтын, Құлмырзаева Күләш, Баймұратова Алтын, Сиянова Зинеш, Самұратова Роза, Ахметова Пернегүл, Дуабаева Малика, Бүркітбаева Асылгүл, Қарамырзаева Ұлмекен, Өрекешова Сақан, Пірекешова Базаркүл, Исанова Күнқияш, Жұмағалиева Бақытгүл, Қалабаева Патшайым сияқты апайларымыз бен ағайларымыздың орны ерекше. Сонау 1984 жылы:
«Арал деген шөл даланың ұлымын,
Сол даланың еркесінің бірімін.
Теңізімнің бірі жартас, бірі құм,
Аунап өскен ақшағыл құм тұнығын» деп өлең шумақтарына қосып кеткен жерлес ақындарымыздың бірі Шөмішбай Сариев жырлаған Арал қаласындағы № 199 мектептің 60 түлегі қанаттарын қамдап, өмірдің жаңа баспалдағынбірі оқумен, бірі жұмыспен бастаған болатынбыз. Алайда 1980-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басындағы елімізде қалыптасқан қиын да ауыр алмағайып кезеңдерінде жұмыс табу, қалай болғанда да отбасыны асырау басты мәселеге айналған уақытта біз сияқты жастардың Қазақстанның түкпір-түкпірлеріне кетулеріне тура келді.Содан бері бірталай уақыт өтті.«Елу жылда – ел жаңа» демекші, кеше ғана алаңсыз балалық шақтың буына мас болып, тұлымшағы желбіреген бозбала ұлдарымыз бен бойжеткен қыздарымыз елуді еңсеріп, алпыстың қырқасына жетіп қапты. Уақыт шіркін не деген керемет күш, өз дегенін жасап жатыр, барлығымыз біраз өзгеріппіз. Бірі ата, енді бірі әже атанып, немере сүйіп, келін түсіріп, бақытты ғұмыр кешуде.
Алматы шаһарында бас болып отырған Ғани, құрдастарының амандығын біліп жүретін заңгер Шыңғыс, мінезі әрдайым мейірімге толы медбике Мейірімкүл, класымыздың сұңғақ бойлы қыздарымыздың бірі Айткүл,ажарлы да келбетті Қалдыгүл, орысшаға жүйрік Бағдат, тілеуімізді тілеп жүретін Табиға, ақжарқын Сұлушаш, Тараздағы сұңғақ бойлы «жігіттің сұлтан» Ғалымжан, Арқаның Ақтөбесіндегі Өтеміс,бұйра шашты Садуақас, ажарлы Маризат, домбырасын қолынан тастамайтын Рита,мұнай ісінің білгірі Ғалымжан, Байқоңырдағы зейінді Зейнегүл мен асқаралы Асқар, таңмен таласа тұратын Шолпан, білімі терең, ойы жүйрік, ұшқышымыз Бүркітәли, ортамызда ордай болып жүретін Роза, тереңөзектік болып кеткен Света, Екібастұздағы Ербол, елі бөлек болса да, жүрегі қазақ деп соғатынСамарадағы өнерлі Құмбыл, кенді Балқаштың тұрғыны болған Мейрамкүл, Шымқаланың базарын шулатып жүрген Сәуле, алтынның ұясынан шыға алмай жүрген Бағдагүл, жезқазғандық Марал, қызылордалық медбике Сара, күзет қызметінің бастығы Тарғын, Мәскеудің жоғары оқу орнының түлегі астаналық Нұрым мен әрі көршім әрі кластасым Күмісбек, қызылдардың ордасын мекен еткен Нұрлан мен Айжарық,сот орындаушы тараздық Асылбек пен сары қызымыз Сарқытгүл сияқты алыста жүрсе детуған өлкелерін ұмытпай, еліне қызмет етіп жүрген құрдастарымыз баршылық.
Аралдағы кластастарым: бас болып отырған әзілкеш Береке, амандығыңды әрдайым сұрап отыратын Самат, ақкөңілді Төрехан, кәсіпкер болып отырған Қуандық пен Ермек, ортасына қадірлі болып жүрген Қадырбек, Сексеуілде тұратын көңілді Әжімұрат, ортамыздан кетсе де, көңілімізден кете қоймаған Мейрамбек пен Базарбай, тұзды өлкедегі Жұмагүл, музыка әлемін шарлап жүретінЕрбақыт, көңілдері әрдайым көтеріңкіжүретін Әскербек пен Орақ, заңгер Ерболат пен жайдарлы Шакрадин, Саздыдағы Бағымкүл, сабырлы Ұмытхан, мектебіміздің белсендісі болған Гүлнар, үндемейтін Сәріп, парталасым болған Жұмабике, мінезі шатақ Айымкүл, жұмсақ мінезді Ермек және де Алашыбай мен Талғатсынды кластастарым туған жерлерінен қия баспай, сағынып барған біздерді жұбайларымен қарсы алып, мерейімізді көтеріп жүр.
«Өмір» атты кеменің үстіне барлығымыз бірге шықсақ та, кластас құрдастырмыздың бір бөлігінің кемеден күні бұрын ертерек түсіп қалғаны, әрине, өкінішті. Қайтесің, амал жоқ. Бұл – өмір заңдылығы. Қатарымыздан алшақ кетсе де олардың жарқын бейнелері біздің жадымызда.Жанымызды жадыратып, отбасының сүйеніші мен тірегі болған, өмірдің қызығына тоймай кеткен Қардар, Бекбол, Мұрат, Абай, Мейрамбек, Базарбай, Қуантқан, Әлімжан, Кенжегүл, Рәйлә, Қайырмағамбет, Жаңабай, Садықбаева Мейрамкүл сынды құрдастарымызды қалай ұмытуға болады.Әрбір басқосуларда олардың есімдерін атап, қызықты сәттерін еске алып, дұға бағыштап отыру – біздің азаматтық міндетіміз болмақ.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Өмір деген – тағатсыз бір қозғалыс...» деп жырлағандай, кластастарыма шақыратын адамдардың тізімінен түсіп қалмай, жаңалықтарға толы мына өмірдің тоқтаусыз ағымына ілесе отырып:
Бірге өстік, сәттен бастап қаз басқан,
Кездесуге жылда бірақ жазбас дәм.
Бір он жылдан кейін тағы достар-ау,
Жолығайық тобымызды жазбастан – дегім келеді.
Роман Аймағамбетұлы,
Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының
академигі, гуманитарлық ғылымдар магистрі, доцент

Сурет: umnyasha.me
18 маусым 2024 ж. 685 0