Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жолға шықсаң, жолдасыңды тауып шық

Жолға шықсаң, жолдасыңды тауып шық

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғы болса керек. Не де болса күз айы. Күн ұясына қарай ерте қызарып батып бара жатқан мезгілде есіктің алдына су жаңа «Нива» автомашина келіп тоқтады. Дырылын естіп далаға шықсам, машинаның газын 1-2 рет басып, сөндіріп жатқан жездем екен. Түрінде шаршаңқы белгі табы байқалады. Машинаның алдыңғы әйнегінің оң қапталындағы «Транзит» деген жазуды көріп:
– О, жездеке, машинаң құтты болсын, – деп қолымды бердім. Бұл бір жағынан сәлемім еді.
«Амин» деген сөзін шала-шарпы естігендей болдым. Өйткені әбден шаршағаны былай тұрсын, сөйлеуге мұршасы жоқ екен.
Сейтәлі жездем үйге кіріп, әке-шешеме сәлем берді. Қысқаша бір-екі сөзбен Ресейден машина сатып алып келе жатқанын, екі күннен бері ұйқы көрмегенін айтып, «ұйықтап демалайын, маған бөлек тамақ дайындамай-ақ қойыңдар» деді.
Өзімізге дайындаған кешкі қуырмаштан ауыз тиіп, 1-2 кесе шай ішіп, демалуға ыңғайлана бастады. Маған «шарбақты ашып, машинаны аулаға кіргізіп қояйық» деді.
Ертеңіне жездемнің кешегі түрі жоқ, шаршағаны басылған. Шай үстінде әңгімесін, су жаңа машинаны қалай сатып алғанын айта бастады.
– Көке, – деді әкеме – қазақ: «жолға шықсаң, жолдасыңды тауып шық» деген тәмсілді дұрыс айтқан екен. Ай, көреген қарияларым-ай! Біз осынша жасқа келгенше аңғармаппыз...
Қызылорда қаласына көшіп барғанда жанұяға кемінде бір машина керек екенін білдім. Өйткені ана көше, мына көше дегенің Аралдағыдай қысқа емес, жаяу жетіп баратын. Сондықтан осы ойымды Жұпар қызыңызға айтып едім, ол да айта алмай жүр екен. Сөзімді қоштай кетті. Шоферлық правам бар, бұрын мал сою пунктіне дейін мекемелерде автомашина айдағанмын. Не керек, сонан банкіге (жинақ кассасына) салған ақшамызды алып, жиған-тергенімізді жинақтап көрсек, су жаңа жеңіл машина алуға жетпесе де, айдалғаны болса да алуға ұйғарымға келдім. Және де күз болмай тұрып алғанымыз жөн деп таптық.
Мәскеуден жеңіл машина айдап келгендерден сұрастырсам, онша қиын емес екен. Тек жүргізуші куәлігінің мерзімі өтпеген, жолдағы белгілерді бес саусақтай білетін жүргізуші адам болу керек.
Содан не керек, Қызылорданың адамдары маған онша таныс емес. Машинаны айдап келетін жүргізушіні бұрын өзім тұрған Тереңөзектен іздестіруім керек болды. Таптым да. Кәнігі жүргізуші әрі өзіммен құрдасқа айтып көріп едім, ол «жарайды, бірақ мен жұмысымды реттен алайын, бірер күн шыда» деді. Арада бірер күн емес, жарты айға жуық уақытта үйге келді. Дайынмын деген соң екеуімізге Мәскеуге дейін билет алып, сол күні кешкілік пойызға міндік.
Жайғасқан орнымыз – купе. Тыныш. Екі суткаға дейін жол жүреді, ұйқыны бір қандырып алдық. Пойыздан түсісімен дәмханадан ауқаттанып алып, такси ұстап, «автомашина сататын жерге апар» деп едім, ол: «қай маңдағы» деп өзімізден сұрады. «Қайдан білейік, әйтеуір арзандау жеріне жеткізсең болды» дедім. Бір автомашина сататын алаңқайға әкеліп, жолақысын алып кетіп қалды.
Халық ығы-жығы. Аузымызды ашып тұрмайық, жұртпен бірге жүре берейік, әйтеуір табармыз деген ойға келдік. Шынында алаңқайда тізбектеліп тұрған машинаға жақындап, саудаласушы ретінде әр машинаның есігін ашып, жан-жағын қарап, соққан ба, май ағып тұрған жоқ па деп астына үңіліп қараймыз. Әр машинаның иесі өзінше мақтай жөнеледі. Басымызды изейміз де, кете береміз. Сөйтіп жүргеде бір шенеунік қасымызға келіп, орысшалап: «сендерді манадан бері көріп тұрдым. Және де машина алғыларың келетінін, әр машинаға қайта-қайта шұқшия қарағанда байқадым. Қай жақтан келдіңіздер?»
– Қазақстаннан.
– Түсініп тұрмын, бұл машиналар айдалған әрі мерзімі өткендер ғой. Алыстан келген екенсіңдер мен сендерге су жаңа машина алуға көмектесейін.
– Арзандау болса.
– Арзан. Ол үшін мен қызмет істейтін Сыктывкарь қаласына баруларыңыз керек. КОМИ АССР-ы. Өзім апарамын.
Қасымдағы жолдас болып келген әрі елге машина жеткізуші шошып кетті. «КОМИ АССР-ы қайда? Бізді бір түкпірге апарып, ақша екібастан, өзімізді өлтіріп кетпесе... Осы бастан айтайын, ол жаққа барғың келсе өзің бар, мен бармаймын» деп, қолын бір сілтеді.
Мұны әлгі шенеунік сөзімізді түсінбесе де, іші сезіп тұр. «Жолдасыңызды осы жерден қайтар да өзің жүр. Бар жақсылығымды жасаймын, жаман болмайсың, су жаңа машина мініп қайтасың» деді. «Амал жоқ, мықты кісі айтып тұр ғой» деп, жолдасыма сол жерде жолпұлын беріп, қайтаруға тура келді.
Өзім шенеуніктің қасына еріп, сонадай жерде тұрған машинасына міндім. Кәдімгі министрлер мінетін «ЗИМ» автомашинасы. Ішіп жылп ете қалды. Министр... Айтқандай-ақ ол жол үстінде келе жатып КОМИ АССР-нің орман шаруашылығы және ағаш өңдеу министрі екенін өзі айтып, таныстырды. Аты-жөнін айтып еді, есіме сақтай алмадым. Ресеймен келесі жылға келісімшартқа отыруға келген екен.
Осы пәтімен мені Сыктывкарь бағытына қарай ұшатын ұшақтар портының қонақ үйіне әкеліп орналастырды. «Тамағың тегін. Көше кезіп, кетіп қалып жүрме. Самолет ұшатын уақыттың алдында келіп, Сыктывкарьға бірге ұшамыз» деді. Айтқандай-ақ, түнгі мезгілдің бір уағында келіп, самолетке міндік. Көзім ілініп кеткен екен, иллюминаторға қарасам, қала үлкен, электр шамдары самсап жарқырап тұр.
Самолеттен түсісімен тағы да аэропорт жанындағы қонақ үйге келіп орналастырды. «Тағамы да тегін, айтсаң тіпте, бөлмеңе де әкеліп береді» деді. «Ешқайда шықпа, ертең өзім келіп автомашина алатын базаға барамыз, жарай ма» деді. «Ладно» деп жалғыз өзім қала бердім.
Ертеңіне сағат 10-ға таман министрім қасында шымыр денелі жігітті ертіп келіп тұр. «Киін, базаға барамыз!» База дегені кілең зауыттан шыққан судай автомашиналардың жиынтығы екен. Көздің жауын алады, әрі ауласы атшаптырым жерді алып жатқан алаң екен. 1-2 адаммен сөйлесіп, базаның ішін аралатты. Және де таңдауымды өзіме берді. Су жаңа машиналардың қайсысын ұнататыныңды білмейді екенсің. Әйтеуір тізіліп тұрған машиналардың ішінен бір «Ниваны» нұсқадым. Әлгі сөйлескен екі адамның бірі келіп, құжатымды алып кетіп, жарты сағат болмай автомашина құжаттарын қолыма ұстатты. Автомашинаның құны өз қолайыма келді.
Автомашинаның, яғни Ниваның кілтін беріп жатқанда Министр әлгі қасына ертіп келген жігітті нұсқап, «мына жігіт сені Қазақстан шекарасына жақын Орынбор қаласына дейін автомашинаңды айдап барады. Ешқандай ақша беріп жүрме.Тек өзін аэропортқа жеткізіп таста. Қолында кері қайтатын авиабилеті бар» деді.
Рахметімді қайта-қайта айтып жатырмын. Қуанғаннан көз жасымды сығып-сығып аламын. Оңаша шығарып, ақша беріп ұсынып көріп едім, алмады. Өзі мың болғыр жігіт екен!
Содан базадан шығысымен рульге отырған жігіттің қимылына зер салсам, көңіл сүйсінткендей шалт айдайды екен. Жер болса көк мұз. Орынбор қайда? Аман жетсек екен деймін ішімнен. Өйткені жолда неше түрлі машиналар аударылып, қисайғандарды көргенде тұла бойым түршігіп кеткендей болады. Өз-өзімді шыдаммен ұстап келемін. Машинаның спидометріне қарап қоямын. 160-170-ті көрсетіп тұр. Жігітімнің машинаны жүргізіп келе жатқанда бір ауыз сөзі жоқ, көзін бұрылыс-қалтарыста жер сүзген бұқадай алыстан бақылап отырады екен. Нағыз спортшы. Аман-есен Орынбор аэропортына келгеннен кейін рақметімді айтып, ақша ұсынсам, алмайды. Содан сұрамаймын ба, «машина айдаудан өнерің күшті екен» дедім. «Иә» деді ол миығынан күліп, «ролли жарыстарға қатысушы спортшымын. Қазақстан жерінде де жарысып өттік. Жолың болсын» деді қоштасарда. «Саған да».
Міне, сөйтіп Орынбор қаласында машинаның тізгінін ұстадым. Жалғыз өзім, қасымда ешкім жоқ. Қиын екен. Мұнда да жер көкпеңбек мұз. Байқамасаң болмайды, аударылып, қисайып кетуің мүмкін. Өз әліме қарай жүріп отырдым. Міне, сөйтіп, осында келгенше 2-3 күн жол үстінде болдым. Қатты шаршадым. Өз көкемнің үйіне келіп, тынығып, демалғандай болдым. Жүруім керек, әлі үйіме жеткенше сегіз сағаттай жол бар» деп, жол жүруге дайындала бастады.
– Тамақты да дұрыс ішпедің, – деді әкем. Мына серкені машинаға берген байғазым болсын деп, үш аяғын матап, машинаға салып берді.
А.Өткелбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
18 маусым 2024 ж. 852 0