Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қауышу ғажап қошемет

Қауышу ғажап қошемет

Өмір есебі қашан да шынайы. Соның ең қарапайымы және дәстүрге берік орныққаны – мектеп бітірушілердің сағынышқа толы мерейлі қауышулары. Мұндай сәтті шәкірттер де, ұстаздар да аңсап жүретіні хақ. Бұл ізгі ниетке өз басым талай куәгер болғанмын. Мектеп бітіргендеріне әр он жылдық белесінде кездесу ұйымдастыруы дәстүрге айналғалы қашан?! Бұл кездесулердің қайсысы болсын, ұстаз бен шәкірт ынтымағының естелік айнасына айналғаны жүрекке жылы ұялайды.
Батыс пен оңтүстіктен, қала берді аудан көлемінен Аралына аттандаған түлектердің құшағына енгенде, өзімді қыран құстай сезінгенім жадағай мақтаншылыққа жатпайды. Осы тамаша татулықтың қос бірдей ұйытқысы, денсаулық мекемесінің шаруашылық істерін басқарушысы Ғалымжан Қабатаев пен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футболдан жаттықтырушысы Бақтыбай Ордабаевтың, олардың жұбайлары Гүлмира мен Алтынның достарына деген ілтипаты баршамызға бәрекелді дегізді.
Астанадағы Америка елшілігінде энергетик міндетін атқарушы
Жүгүнісов Ертайдың, Маңғыстау мұнай газ компаниялардың бірінде қызмет жасайтын Сахиева Ғайнидың, Ақтөбеден ат терлеткен нарық заманының тұйғындары Мақашев Қайырбек пен Ибраимова Сәуленің шат-шадыман кейіпіне сыныптастары ерекше таңғалды. Тұмса табиғатты Тараздан келген, мыңғыртып мал өсірген Медетбаев Бақытжанның және тігін шеберханасын дөңгелеткен Айтжанова Женіскүлдің, Қызылордадан Сермағамбетов Мұқанай мен Қосжардан Әбдіраманова Ақалтынның қапталдасқан жайдары болмысы айрықша елең еткізді.
Аралдағы сыныптастардың ниет түйістіруі кездесуге келгендерді бір марқайтып тастады. Сынып жетекшісінің оң қолы саналатын оқу озаты Риза Қосбаулинаның нық кәсіпкерлік қадамы, аудандық аурухананың реанимация бөлімшесінде қызмет атқаратын Ұзақова Бақытгүл мен жедел жәрдем аяжаны Әбиева Марияның, бүтіндей балықшы әулетінің келіні мәртебесін бәрінен биік қойған Рақметалиева Бақыттың, қала тазалығының үлескері Пірекеева Төленнің алғаусыз енбегі қарапайымдылық қағидасындай сезілді.
Елуді еңсерген ескерімділер алдымен бұрынғы №15 орта мектептің орнында бой көтерген аудандық мешіт ғимаратына бас сұғып, өмірден өткен ұстаздары мен сыныптастар рухына дұға бағыштады. Қасиетті мекенде бәрінің жанарлары жасқа толды. Егіле отырып, әлі күнге хабары беймәлім сыныптастардың аман-саулығын тілеп бір толқыды.
Сағыныш айнасын жарқ еткізген тарихи ұштасу сән-салтанат ордасында жалғасын тапты. Баяғы шүпірлеген балапандай шәкірттерім бұл жолы мені қамқорлық құшағында тебіреніс толқынында жүздіргендей әсерге бөледі. Бұрыннан өнерге бір табан жақын ақжайқау шәкіртім Сәуле тосын әнмен толқытқанда, мейірім шашуын сезіндім. Ғайнидың жүрекжарды лебізі бір тыңайтып тастады. Иығыма Жеңіскүлдін қолынан шыққан жаңа үлгідегі шапан жабылғанда, сынып бөлмесіне қайта оралғандай күй кештім. Қызыл кілем үстінде оқушыларымды кезек-кезек аймалаған сәт әрі мұңды, әрі сырлы болып жүрек жадынамасына қолтаңбасын қалдырды. «Ұстазым» әнімен аялап, «Армандастар» әнімен желпіне шырқаған шәкірттерімнің балбұл жанған жүзіне таңырқай тояттайсың. Естеліктер шоғыры жазылмаған дастандай сана мінбесінде атойлады.
Қалай дегенде қырық жылда алғаш ұшырасқандардың көзінде білінбеген сағыныш тамшылары тізбеленіп жатқандай. Мектеп залында бірін бірі қуалап ерке қылықтарымен елжірегендері естелік төрінен сығалағандай. Ал менің ойыма бұларды бастауыш сыныптан қабылдап алып, 4-7 сынып аралығында жетекші болған кездерім тәжірибе тәлімін қайта парақтатты.
Шындығында, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашылдық дағдысы маған осы кезден жұғысты болды. Балалар психологиясын зерттеу, қабілетін анықтауда педагогика мен психологияны қос қанатқа санадым. Пәніме байланысты шеберліктің қыр-сырына да төселгеніме шәкірттер ынтасы себепкер екені хақ.
Сынып жетекшісі ретінде ата-аналармен қоян-қолтық араласқан отбасындағы ойластық сыныптастар достығын одан әрі нығайтқаны сөзсіз. Әлі күнге аузынан "айналайынын" тастамаған шәкіртім Қайырбектің анасы сексеннің сеңгіріндегі Күлжан апаның ықыласын мен ешбір марапатқа теңгермес едім. Ата-аналар менің сабақ үстінде табиғаттың тосын мінезіне байланысты қар мен жауын жауған кездегі, күзгі жапырақтартың саудырай төгілген сәті туралы жедел суреттеме жаздыратын тапқырлығыма әлі күнге сүйсінеді.
Шәкірттерім тегіс біле бермейтін өзім туралы жетістіктер жолын түйіндеп өтсем сөкет емес шығар. Бұл арада қырық жылдан бері көріспеген балғын буынға жол-жөнекей құлаққағыс жасауым әбес болмас.
Менің қырық жылдық еңбек өтілімнің тең жарымы білім беру саласына арналғанын екінің бірі біле бермес. Білім беру саласындағы өзіндік қолтаңбам талай рет абырой мінберіне шығарды. 1979 жылы қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жөніндегі ғылыми-практикалық конференцияда «Ертегілерді оқыту жүйесі» деген тақырыпта тың идеяларым әріптестерді елең еткізді.
Одақтық деңгейдегі эксперименттер қатарында Қазақстан бойынша Екібастұз бен Аралда педагогикалық сынып ашу жөніндегі бастаманың бірлігі менің үлесіме тигені орынды мақтанышқа жататын шығар.
Әлбетте, мұғалімнің шеберлік айнасы қашан да сабақ процесіне байланысты. Қаладағы тәжірибелі пәндестерімнің алдында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы және Ғабит Мүсреповтың «Қазақ солдаты» романы негізінде өткізген ашық сабағымды қатысушылардың барлығы күлімдеген күйі қол шапалақтаумен қуаттағаны, сірә да естен кетер ме?!
Аудандық білім бөлімінің методикалық кабинетін басқарған кезімде оқытуды оптималдандыру бетбұрысына байланысты жаңашылдық жалауын желбіреткен шеберлік эстафетасының қайтарымына баршасы тәнті болды. Ауданда алғаш рет «методист мұғалім» және «аға мұғалім» атақтарын тапсырған мерей мінбесі өзіме бұйырғаны соншалықты қымбат.
Кейінгі жиырма жылым журналистикаға бұйырғаны оқушыларымның жадына оралту артық болмас деп ойлаймын. Республикалық деңгейдегі әдеби байқауларда хикаяттарым мен әңгімелерім бірнеше рет жүлдегер атандырды. Журналистік сараптамалық мақалаларым да сондай деңгейде танылды. Ұжымдық жинақтарға бірталай шығармаларым енді. Бұйыртса, дербес жинақтың да оқырман сөресіне жетуі қашық емес.
Иә, не айтары бар, шәкірттік, студенттік кезең ешқашан ұмытылмайды. Оқушыларымның қырық жылдан кейін алдымнан өтіп, есеп бергендері ұстаз үшін қашан да мәртебелі. Әмәнда, қауышу сәті толастамаса екен. Қошеметке ұласқан мұндай жарқын жүздесулер шәкірттеріме бұйырсын деп тілеймін. Ұтымды әзілімен ерекшеленетін Ғалымжанның тұрғыластарының алдын орап, немере сүйіп жатқанына қызығушылығының өзі қандай шынайы.
Теңіз тағдырына қай жерде жүрсе де бүйрегі бұрып тұратын армандастар бұл жолы Қамбаш көлінде қайықпен серуендеп балдәурен белгісіндей шағалалар шаңқылына үн қосты.
Жастық жалаугерлерінің бекзат болмысына ұстаздық мейірмен тояттаудың өзі бір ғанибет. Сағынатындар мен бағалайтындарға сансыз сәлем жолдағым келеді. Естелік есігін жабуға дәтім бармайды.
Жаңабай КЕМАЛ,
Қазақстанның құрметті журналисі


02 шілде 2024 ж. 320 0