Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дала дәрігері

Дала дәрігері

О, Алланың пенделері!
Емделіңдер, өйткені, Алла тағала кәріліктен басқа кеселдің бәріне де шипалы ем жаратқан.
(Пайғамбар хадистерінен)

Ақиқатында дені сау адамның қоғамға берері көп. Ол еңбегімен елді өркендетеді, жерді гүлдендіреді. Сол байлықты күте білуіміз керек. Ал дәрігерлер – ажалға араша тұратын жандар. Қазіргі өмірімізде дәрігерлер қызметіне өкпе-реніштер айтылып жатады. Әйтсе де халақ білікті медицина қызметкерлерін құрмет тұтады.
Менің атпағым да ақ халатты абзал жан турасында. Ол осы салада қажымай еңбек етті. Ауылдық аурухананы ұзақ жылдар басқарды. Атқарған жұмысы кейінгі осы мамандықты таңдағандарға үлгі боларлық өнегелі іс.
Осы тақырыпта ала отырып мен дәрігер еңбегінің қиындығын білдім. Адам денсаулығы үшін күрес ешқашан тоқтамайтынын түсіндім. Мемлекет, қоғам үшін халық денсаулығының бәрінен жоғары болуы керектігін сезіндім.
Күнжан Ахметов 1943 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ауан елді мекенінде балықшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сералиев Ахмет – балықшы, шешесі Елеусізова Ағынжы үй шаруасындағы әйел болған. Ауан орта мектебін 1960 жылы жақсы үлгіріммен бітіріп, сол жылы бала кезінен дәрігер болуды армандаған Күнжан Ахметов құжаттарын Алматы медициналық институтына тапсырады. Ол жолы оқуға түсе алмайды. Келесі жылы да институтқа қабылданбайды. Осы жылдары ол ауылда балықшылардың жылым бригадасында жұмыс істейді. Сүйтіп жүріп қолы қалт еткенде кітап ақтарып, жоғарғы оқу орнына оқуға түсуге дайындалумен болады. 1962 жылы ол өзі армандаған дәрігерлік институттың емдеу бөліміне оқуға түседі.
1969 жылы медицина институтын бітірген Күнжан Ахметов өзінің туған аулына қызметке келеді. Ақбастыдағы ауруханаға бас дәрігер болып орналасады. Осы ауруханада отыз жылдай абыройлы қызмет атқарған ол 1997 жылы денсаулығына байланысты зейнетке шығады.
Бүкіл ғұмырын адамды емдеуге, ажалға арашашы болуға арнаған Күнжан Ахметовтың еңбегі елеусіз қалмады. Қаншама марапаттау соның куәсіндей. Ол 1979 жылы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет Грамотасымен», 1983 жылы Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің «Дипломымен», Арал аудандық денсаулық сақтау бөлімінің «Құрмет Грамотасымен», КСРО Қызыл Крест және Қызыл Жартыай атқару комитетінің қаулысымен «Кеңестік Қызыл Крестің Құрмет белгісімен», 1985 жылы Қазақ ССР балық шаруашылығы министрлігінің «Құрмет Грамотасымен», 1988 жылы Қазақ ССР Қызыл Крест қоғамы Орталық комитетінің «Грамотасымен» марапатталды. 1988 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 1989 жылы Қызыл қоғамы Орталық комитеті Президумының қаулысымен «КСРО санитарлық қорғанысы ісінің үздігі» төсбелгілерін алып, 1991 жылы Қызылорда облыстық денсаулық басқармасының «Құрмет Грамотасымен», 1996 жылы Арал аудандық ауруханасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Ақбастыдағы ауруханада жедел жәрдем машинасы жоқ еді. Ескі ГАЗ-51 машинасы болған. Медицина қызметкерлері осы машинамен елді мекендерді, малшы ауылдарды жағалап дәрігерлік көмек көрсететін. Орталығы Ақбастыдағы ауруханаға Құланды, Ақеспе, Қосаман, Мергенсай ауылдары қарайтын. Аурухана қызметкерлері осы елді мекен тұрғындарына қызмет етіп, медициналық тексерулер жүргізіп тұратын.
Жиырма жеті жасында аурухана басқарған К.Ахметов шебер ұйымдастырушы екенін көрсете білді. Өз білгенін қарамағындағыларға үйретуден жалықпады, ұжымда қатаң тәртіп сақтай білді. Аурухана ұжымы бірнеше рет аудандық, облыстық социалистік жарыс жеңімпазы атанды.
Әріптестері Күнжанның еңбегін жылы лебізбен еске алады. Ол жайында бірнеше жыл осы емханада бас медбибі болып істеген Күнқияш апа Құлжановамен әңгімелескен едім.
– 1968 жылы ауруханаға жұмысқа келдім. Ол кезде мұнда 15 орын, екі әйел босанатын бөлме бар еді. Адамдар ауруханада көп жататын. Біз күндіз-түні жұмыс істейтінбіз. Бес-алты учаскелік медпункт болды. Ақеспе, Қосаман, Құланды, Мергенсай осы Ақбасты ауруханасына қарайтын. Олар ай сайын біздерге есеп беріп тұратын. Осы ауылға келгеннен медбибі болып істедім. Кейін санитарлық фельдшер болдым. Ол жылдары біздер ай сайынғы медициналық есебімізді жинап, Аралға апарып өткізетінбіз.
– Бас дәрігер болып қызмет атқарған Күнжан Ахметов туралы не айтар едіңіз?
– Күнжан Ахметов 1969 жылы Алматы медициналық институтын бітіріп ауруханаға келді. Өте білімді, білікті дәрігер. Осындай далалық жерге келген соң ол хирург те, балалар дәрігері де болды, кез келген жұмыстың барлығы атқара беретін. Оның қойған диагнозды ауданға, облысқа барғанда да ешкім өзгермейтін. Өз жұмысына өте ұқыпты болатын, ауруханада тәртіпті қатаң ұстады, тәртіп болмаса, жұмыс та жүрмейді ғой.
– Күнжан атамен қызметтес болған кезіңіздегі дәрігерлік жұмыс барысындағы бір оқиғалар туралы айтып берсеңіз.
«26-27 жыл бірге жұмыс істедік. Есте қалған оқиғаның бірі Серікбайдың мотоциклден құлап, басынан жарақат алғанында болды. Күздікүнгі уақыт болатын, қаладан жедел жәрдем шақырттық, ауа райы нашар болды, шақырған ұшақ келе алмады, жағдай өте қиын еді. Күнжанның алғашқы көмегінің арқасында бәрі де жақсы болып кетті.
Ертеректе Демеу де мотоциклден құлап, аузынан, мұрнынан қан кетті. Соны да Күнжан ажалдан құтқарып қалды. Олар жақсы болып кетті. Айта берсек, мұндай оқиғалар өте көп қой.
Міне, К.Ахметовтың шипалы емінің арқасында сырқаттарынан жазылған адамдар да ол туралы ыстық ықыласпен еске алады. Осындай жандардың бірі – Ұлбике Әлдешова. Аяғы сынған, оған бас дәрігер алғашқы көмек көрсеткен. Бұл жайында Ұлбике апамен де сөйлескен едім.
– 1981 жылы отын шауып келе жатып мотоциклден құлап, аяғымды сындырып алдым. Түстің шамасында ауруханаға бардым. Ағай аяғымды көріп, етікті пышақпен тіліп алды. Көрші үйдің қорасынан кішкене ағаш алдырды. Ағашты кесіп, қиып аяғыма бейімдеп, шүберекпен байлап тастады. Ауа райы болмай, ұшақ ұшпай, бірнеше күн ауылда жатып қалдым. Кейіннен жол қатынасы болған соң Аралға бардым. Аяғымды рентгенге салып тексерді, сол кез қалаға Қызылордадан комиссия келіп жатыр екен. Солар аяғымды мұқият қарады, кім салғанын сұрады, мен ағайды айттым. Сол жерде: «Ешқандай рентгені жоқ, басқа да құралдары жоқ жерде сынықты қалай салғанын көріңдер» – деп комиссия мүшелерінің бірі ағайды мақтады. Кейіннен ауылға келген соң, ағай өзі гипсімді алды, аяғым жақсы болып кетті.
К.Ахметов елге медициналық көмек көрсетумен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бірнеше рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланды. Аудандық партия конференцияларына делегат болып қатысты. Ауылдағы бастауыш партия ұйымының хатшысы міндетін атқарды. Ауылдық кеңес сессияларында халыққа әлеуметтік қызмет көрсетумен қатар ауыл болашағы, жас ұрпақ тәрбиесі, жастар мәселесі жайындағы келелі ойларын ортаға салып отырды.
Ол ауыл өміріне бей-жай қарай алмайтын. Соның мысалы мынау. Оның жеке құжаттары арасынан 1991 жылы Арал теңізін қорғау комитетінің төрағасы, белгілі ақын Мұхтар Шахановқа жазған хаты табылды. Дала дәрігері өз хатында: «Сізге осы хат арқылы экологиялық апат аймағында өмір сүріп жатқан Авань селолық ауруханасына мүмкіндік жасап, бір «Беларусь» тракторын прицепімен бөліп беруге көмектесуіңізді сұраймын. Себебі өзіңізге белгілі, Арал теңізінің қайтып кетуіне байланысты біз отырған Ақбасты елді мекенінің айналасын құм мен сор басуда. Қыста қардың қалың болуына байланысты трактордан басқа техникамен жүру өте қиын болып тұр. Ауруханада 1965 жылы алынған бір ГАЗ-51 маркалы автомашина бар еді. Оның тозығының жетіп, керекті бөлшектерінің табылмауына байланысты және бензиннің (жанар май) жетімсіздігінен аурухана жұмысшыларының көмір, тамызық отынын аудан орталығынан тасу (270-300 км жерден ) үшін қиындықтар көріп келеміз. Аудандық агроөнеркәсіптік комитет пен совхоздың көмек беретін жағдайы жоқ, себебі техника өздеріне де жетіспейді.
Сондықтан Қазақстандағы экологиялық комитеттің төрағасы – Сізден тікелей көмек көрсетуіңізді сұраймыз».
Көріп отырғанымыздай К.Ахметов ауыл жағдайын,өз ұжымындағы еңбеккерлердің қамын ойлап отыр. Кезінде осы хатты М.Шаханов Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған. Ауыл шаруашылығы министрі орынбасары А.Тұраповтан өтініштің аяқсыз қалмайтыны турасында жауап та келген. Алайда, А.Тұраповтың жауабы сөз жүзінде қалды. Аурухана басшысы М.Шахановқа екінші рет хат жазады, оған жауап болмайды.
Тек бұл ғана емес К.Ахметов Ақбастыдағы екі атпа судың лабораториялық тексеруден өткізілуіне ұйытқы болды. Оның тынымсыз еңбегі арқасында Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институтынан жауап келеді. Жауап беруші – курорттық бөлім меңгерушісі Абдукаримов Б.У.
Курорттық бөлім меңгерушісі өзінің жіберген хатында:
«Сіздің ауылдың аймағында орналасқан екі минералды атпа судың қорытынды медициналық тұжырымдамасын жолдаймыз» – депті.
Содан соң минералды судың емдік қасиетіне тоқталыпты. Бұл судың мынандай ауруларға шипалылығы анықталды. Олар: тірек-қимыл, жүйке, тері, асқазан ауруларына, өт қалтасы қабынуына, қоюланған өтті сұйылтуға, ішек, бауыр, жүрек және қан тамыр ауруларына пайдалануға болады. Адам организміндегі қан айналымы процесін жақсартады. Минералды суды сырттай (ванна, душ) және ішкі адам ағзасына ішу арқылы қолдануға болады.
Бүкіл саналы ғұмырын адам денсаулығының сақшысы болуға арнаған Күнжан Ахметовтың әлі де болса еліне, туған жеріне берері көп еді. Дәрігер атқарған істер, оның адамдарға жасаған жақсылығы К.Ахметовты білетіндердің есінде мәңгілік сақталады. Халық үшін істеген ісі ұмытылмақ емес.
Міне, білімді маман, білікті дәрігер, шебер ұйымдастырушы Күнжан Ахметовтың еңбегін ескерусіз қалдырмау мақсатында мен ол өзі қызмет еткен аурухана мекемесіне Ахметов Күнжан атын берсе деген ұсыныс айтамын. Аурухана үйіне ескерткіш тақта орнатылса, елі үшін еңбек еткен азаматтың есімі ешқашан ұмытылмас еді.
Күнжан дәрігер Жәмила Мелдехановамен шаңырақ көтеріп, ұлағатты ұрпақ өсірген жан. 1946 жылы 17 наурызда Түркістан қаласында теміржолшы отбасында дүниеге келген Жәмиланың әкесі Әбіләкім Мелдеханов теміржолшы, кейіннен Түркістан станциясында парторг болып қызмет етсе, шешесі Айғаным Мелдеханова үй шаруасындағы әйел. 1953 жылы ол Түкістандағы әл-Фараби атындағы мектеп табалдырығын аттап, осы мектепті 1963 жылы бітіріп шығады. Осы жылы Қыздар пединстиутының математика-физика факультетіне оқуға қабылданады. Ал 1968 жылы К.Ахметовпен бас қосып, алыстағы Ақбасты ауылына келін болып түседі. Осындағы №22 орта мектепте ұзақ жыл физика пәні мұғалімі болып, 1996 жылы осы қызметінен еңбек демалысына шығады.
Өтебай СЕРӘЛІ
02 шілде 2024 ж. 319 0