Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралдың қайраткер қызы

Аралдың қайраткер қызы

Қысқа күннің күрмеуге келмейтіні сияқты тірілер үшін аптыққан апталар мен адымдаған айлардың, жылжыған жылдардың да қалай тез өтіп кететіні көрген түстей болады екен. Тым келте сияқты. Бір-бірінен аумайды. Әйтеуір жүрдек пойыз сияқты қапелімде зулап өтеді де шығады. Әйтпесе ай орнында, күн орнында. Осыдан алпыс күндей уақыт бұрын дүниеден озған сондай аяулы жандардың бірі – Зеріп Рүстемқызы Айтжанова болатын. Қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға. 1956 жылы 29 қазанда Арал қаласында бұрын колхоз басқармасының төрағасы, кейін қоғамдық тамақтандыру саласында басшылық қызмет атқарған Рүстем Данабекұлы Айтжановтың жанұясында жарық дүниеге келген. Аяулы анасы Сыр бойы әйелдері арасынан тұңғыш рет Меккеге қажылық сапарға барған Ақкүміс Сербайқызы еді. Ол осынау өсіп-өнген әулеттің екінші перзенті болатын. Өзінен екі жас үлкен ағасы Өмірзақ екеуі өздерінен кейін өмірге келетін Ұзақбай, Жамал, Зейнеш, Зәурештерден бұрынырақ ата-ана шаттығына алғаусыз бөленген бақытты жас еді.
Осы қаладағы ғасырдан астам тарихы бар байырғы білім ошағы – Н.Крупская атындағы №14 орта мектептің табалдырығын ағасы Өмірзақтан екі жыл кейін аттаған Зеріп Рүстемқызы ақ бантикті шәкірт кезінен бастап мектепшілік, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Бұл қаршадай қыздың болашақ қайраткер болып қалыптасуына кәдімгідей мұрындық болады. Мектепті үздік тәмәмдаған Зеріп алдына айшықты арман – мағыналы мақсат қоя біледі. Бір қызығы, Айтжановтар әулетінің барша ұл-қыздары осы мектептің үздік түлектері болып ерекшеленеді. Сондай-ақ біздің кейіпкеріміз Айтжановтар әулетінің басқа балалары сияқты Арал қаласындағы өнер мектебінің аккердеон аспабы бойынша толық білім алып шыққанын осы жерде айта кетуіміз керек.
Зеріп мектеп бітірген жылы ағасы Өмірзақ Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының 2-ші курс студенті болатын. Ағасының ізімен, ата-ана ақылымен Зеріп те кейін арман қуып Алматыға аттанады. Ақ қарлы Алатаудың етегіндегі әсем қала Аралдың арманшыл қызын өзінің ортасына демде үйіріп әкетеді. Оның Алматыға келу себебі бұған дейін Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы пединситутты ойдағыдай тәмәмдаған Зеріп одан әрі өз білімін тереңдете түскісі келген еді. Соған сәйкес ол Қазақ Ғылым академиясының жанындағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын, сонымен қатар Қазақ мемлекеттік Заң академиясын тәмәмдайды.
Алғашқы еңбек жолын өзі білім алған Арал қаласындағы №14 орта мектепте ұстаз болып бастаған Зеріп қызмет барысында сатылап өсіп, сәл кейінірек аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымын абыройлы атқарады. Бірақ бойжеткенді әсем Алматы өзіне тартады да тұрады. Қызылды-жасылды гүл қала, арман қалаға аңсары ауады да тұрады. Ақыры Алматы қаласына қайта орталып, мемлекеттік Ұлттық кітап палатасының ғылыми хатшысы қызметін атқарады. Одан әрі ізденімпаз, іскер қыз осыған дейін бойына жинаған білімін өмірлік білігімен ұштастырады. Сөйтіп жаңа да тың қызмет сатыларымен ілгері өрлей береді. Ол Зеріпке әке қайратымен, ана сүтімен дарыған асыл қасиет болса керек.
...Әлі есімде, тоқсаныншы жылдарғы тоқырау тұсы. Теңіз қайтып, аудандағы іргелі өндіріс орындары өз жұмысын тоқтатып, жұрт дағдарысқа түскен уақыт еді ол. Осы кезде аудан әкімінің орынбасарлығына киіктің лағындай Зеріп Рүстемқызы тағайындалған. Қиын кезеңде ел басқару әсіресе әйел баласы үшін үлкен ерлікке тең болатын. Осындай уақытта оның қаймықпай Арал сияқты облыс орталығынан шалғайдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалы сын көтергісіз елге келуінің өзі Зеріптің перзенттік парызынан туындаған іс болатын. Себебі, Арал Зеріптің кіндік қаны тамған, тұлымшағы желбіреп балалық балдәурені өткен киелі мекен. Сондықтан ол асау ағысқа қарсы жүзген кета балықтай қиындық қамалына бар күш-жігерімен қарсы тұра білді. Сол кездері апталар бойы болат жолды торуылдап, күнделікті пойыздар қозғалысын тоқтатпақ болған ереуілші қыз-келіншектерді сабырға шақырды. Айлап жалақы,зейнетақы алмаған ашқарын замандастарына басу айтты. Жеке қаржысынан оларға ас-су алып беріп, қанатымен су сепкен қарлығаш іспетті болған. Бұл кез-келген еркектің қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар оқиға болатын сол тұста.
Кейін соның барлығы біртіндеп артта қалды. Егеменді еліміз етегін буды, даму жолына түсті. Осыған орай аудан халқының әл-ауқаты бара-бара түзеліп экономикалық ахуалымыздың көрсеткіші көтеріле берді. Уақыт талабына сай бұрын түске енбеген базарлы нарық жолына түстік. Ал Зеріп Рүстемқызының сол тұстағы қайсарлығы, қазақ қыздарына тән өжеттігі кейінгілерге өнеге болуға лайықты еді.
2007 жылы Алматы қаласындағы "Атамекен холдинг" Қаржы және өнеркәсіп тобы директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған Зеріп белгілі бизнесмен, туған бауыры Ұзақбай Айтжановпен бірге кіндік қандары тамған Арал қаласында балық өңдеу, вагон құрастыру зауыттарының сол кездегі ел игілігіне берілуіне елеулі үлес қосқан еді. Бұл жұмыссыздықты азайтудың алғашқы бастамасы болатын. Сондай-ақ Зеріп Рүстемқызы жоғардағы холдингке қарасты "A-club" демалыс орталығының директоры қызметімен қоса, мәдениет пен өнер саласына қолұшын созуды ұмытпады. Керек жерде қаржылай қолдау көрсетті. Мысалы ол сол жылдары халықаралық "Еуразия", "Шәкен жұлдыздары" кинофестивальдары мен көптеген мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық кештеріне, көрмелеріне бір адамдай демеушілік көрсетті.
Сол бір жылдары "Қазақтелеком", "ҚазПошта" Акционерлік Қоғамдары орталық аппаратында басшылық қызметтерді абыройлы атқарған Зеріп Айтжанованың жүрек түкпірінде ата-бабасының туған жұрты шалғайдағы Құланды елді мекені, өзінің кіндік қаны тамған Аралы ұдайы жататын еді. Туған жерге деген перзенттік борышы оны жиі-жиі мазалайтын. Сондықтан да оның нәзік жүрегі аралдықтар деп соғатын. Сол себепті қай бір жылы қоғамдық ұйымдармен бірге туған қаласында кальцийлендірілген сода зауытын салуға қарсылық білдіргендердің алғы сапында болды. Бұл экологияның нағыз кіндігінде отырған жерлестерін қорғау мақсатында жасалған шара болатын. Одан бері де қай жылғы қуаңшылық тұсында қызметі мен үй-жайын былай ысырып қойып, жерлестеріне қол ұшын созуға асықты. Сөйтіп жүрегі гүлдей нәзік, жігері алдаспандай өткір Зеріп Рүстемқызы ел жаққа қарап елеңдеді. Соның нәтижесінде төрт түлік малға тіршілігі телінген жерлестеріне мал азығындық жем-шөм қорын жасақтауға Зеріп алғашқылардың легінде аттанды. Оның бұл жайындағы ұтырлы ұсынысы аудан, облыс басшылары тарапынан қолдау тауып, елдегі мал басы табиғи апаттан аман қалғаны есімізде. Тіпті ол осы бір қиын сәттерді ғаламторда жариялап, көпшіліктің назарын аударғанын жақсы білеміз.
"Ұлық болсаң – кішік бол" деген ұғым Зеріптің зердесінде ұдайы сақтаулы болатын. Ол Арал ауданы әкімінің орынбасары қызметі тұсындағы нарықтық кезеңде қарапайым халықтың белортасында жүрді. Көпшіліктің көңіл кілтін таба білді. Жекелеген тұрмысы төмен отбастарына қаржылай қолдау көрсетті.
Ол өмірлік тәжірибесі мол сауатты заңгер, білікті филолог болатын. Қоғамшыл тұлға ретінде де көпке танымал еді. Әсіресе, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Франция елдерінің қоғам белсенділерімен, ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын айта кеткен жөн. Зеріп осы орайда ұйымдастырылған экологиялық конгреске, экомарафонға белсене атсалысқан еді.
Атамыз қазақ "Ана көрген тон пішер" демекші, Зеріптің кішкентайынан қолөнерге ынтық болуына сүйікті анасы Ақкүміс Сербайқызының ықпалы мол болған көрінеді. Ол анасының ылғи да жанында отырып, оның қолынан шыққан әртүрлі бұйымдардың қалай жасалатынын көріп, санасына тоқып өскен еді. Анасы марқұм он саусағынан өнер тамған жан болатын. Қолынан шыққан киіз басу, шұлық, қолғап тоқу сияқты қолөнер бұйымдары көргендердің көзжауын алатын. Осы өнерден Зеріп те алшақ болмапты. Қолы қалт еткенде оймағын, инесін пайдаланып алуан түрлі қолөнер бұйымдарын жасағанына артында қалған мол мұрасы куә. Сондай-ақ анасының қонақ күту дағдысы да Зеріптің бойынан көрініп тұратын еді.
Ол ұрпақ тәрбиесіне байланысты асыл қасиетті, қазақы салт-дәстүрді көзінің қарашығындай сақтап, артында қалған қос перзенті – Тимуры мен Жанарының бойына сіңіріп кетті. Міне, айдынды Аралдың Зеріп сияқты қайраткер қызының өнегелі өмірі, ізгілікті істері осындай еді.
Т. АБЫЛАЕВ
03 тамыз 2024 ж. 324 0