Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Жайын

Анда-санда денсаулық қалпында тұрып, жағдай келіп жатса ауыл жаққа барып, ағайын-туыстармен амандасып, өткенге салауат айтып, қосылған жұптарға жақсы тілегімізді жеткізіп, аунап-қунап қайтатынымыз бар. Жақында сондай мүмкіндік туды. Күн сайын өзгеріп жатқан заман ғой. Көшелерге асфальт төселіп, екі қабатты үйлердің қатары көбейіп қалыпты. Бірақ теңіз қайтқалы үздіксіз соғатын шаңды бораны бізді бірінші болып қарсы алды. Көзімізді ашып-жұмып, топырақтан жасқана қашып жүріп, туыстарды қалдырмай кіріп-шықтық.
Осында келсем, ұмытпай соғатын бір жер бар. Ол – балық сататын дүкен. Балық қазіргі тұрған қаламызда да сатылады. Және неше түрлісі табылады. Алайда солардың дәмі ауыз тұшытпайтын сияқты. Жас кезімізден жеп үйреніп қалдық па, әйтеуір, Арал теңізінің балығындай болмайды-ау. Әрине, теңіз қайтып, суы тұзданған соң бұрынғы біз аулайтын балықтар қазір жоқ. Сонда да ғасырлар бойы халықты тарықтырмай асырап келген теңізіміз әлі де жағасында тіршілік жасап жатқан еңбекқор адамдарға нәпақа етерлік азығын үзбей беріп келеді.
Жол үстінде ақ сақалы омырауын жапқан, жасы тоқсанды иектесе де әлі тың, жас жігіттей таяқ ұстамаған Сүгір қарияны көріп, қос қолымды ұсына сәлемдестім. Алғашында тосырқап қалды. Таныған соң шүйіркелесе кетті. Ол да мен сияқты балық сататын дүкенге келе жатыр екен.
– Әй, шалдар, шатқаяқтап қайда жол тарттыңдар? – деген дарылдақ дауысқа екеуміз бірдей жалт қарадық. Соғысқа бір қолын беріп келген мұртты Масақ екен. Қашан да осылай айқайлап сөйлеп, айналасындағы адамдардың мазасын қашыратын мінезі бар. Ескерту жасағандардың жағасына жармасып: "мен контужен болып келгенмін " деп еліріп кететін болған соң көпшілік одан қашып жүреді. Біз бағытымызды айттық.
Оны-мұны сөз етіп дүкенге де жеттік. Әртүрлі ыдыстарға салынған сазан, тыран, шортан сияқты ірілі-ұсақты балықтар түрі бар екен. Менің көзімді бірден кірдің жанында терісі қарайып жылтырап жатқан, ірі-ірі етіп кесілген жайын аударды. Таңданысымды жасыра алмай "Апырмай, мынадай балық Арал теңізінде әлі де бар екен ғой!" – деп жақын келдім.
– Құлынтай аға әкелген. Жартысын көршілері сатып алыпты, -деп сатушы келіншек бізге түсіндіре бастады. Мына жерде кемі бір қойдың салмағындай жайын жатыр. Сонда ол түгел болғанда қандай екен? деген сұрақ көмейімде тұрып қалды. Соны білгендей сатушы: "маған сат деп бергені 36 кило болды,тағы сондайын көршілеріне сатқан көрінеді "-деп жауап қайтарды.
– Мәссаған!Өтірікті де қиуын келтіріп айту керек қой. Құлынтай ағаң мұның басын ғана кесіп алып, басқа жерін сатуға берген болар. Әйтпесе осы жерде туып өстік .Жетпіс кила жайын аулады дегенді естіген емеспін, -деп Масақ дарылдақ даусымен қарқылдай күлді. Сатушы төмен қарап ыңғайсызданып қалды да:"Осы жерде біраз адамдар болды. Бәрі көзімен көрді. Өлшегенде дәл қасында тұрдым "деп ақталғандай ақырын сөйледі.
– Айналайын, Масақтың сөзіне ренжіме. Ол айта береді. Мына жайынның омыртқа сүйегіне қарап-ақ сондай салмақ беретінін шамалаған едім. Жарықтық теңізден бұдан да ірі жайын ауланған. Соны айтсақ қазір біреулерге ертек айтқандай көрінеді-деп Сүгір ақсақал сақалын саумалап, ойланып қалды.
– Ой, сіз де айтады екенсіз. Сақалыңызды сыйлап тұрмын, әйтпесе, мына сатушыға болысып, мені жынды қылғаныңызға жауап берер едіңіз, -депМасақ тіпті еліріп кетті.
– Басқа айтса сенбес едім, осы жайыннан екі есе салмақты жайынды өзім ұстағанмын! – деді Сүгір ақырын.
Мына сөз мені еліктіріп жіберді. Тағат таппай естуге құмарттым. Сатушыға он кило жайынды өлшетіп, ақшасын төлеп, "кейін көлікпен келіп аламын "деп тапсырдым да Сүгір қартты ертіп сыртқа шықтым. Жақын маңда шайхана бар еді. Соған келіп жайғасып отырып, әңгіме тыңдауға ниет еттім.
– Соғыс аяқталып, ел еңсесін тіктеген жыл еді. Қыстың алғашқы айы. Теңіз толық қатпай,жағада жұқа мұз бар. Бірақ адамның салмағын көтермейді. Балықшылар жаппай балық аулауға шыға алмаған осы кезді "абыржы "деп атайтынын өзің де білесің ғой, – деп бастады әңгімесін Сүгір ақсақал.
Дарияның суы мол, ағысы қатты. Біраз адам соған ығызбай ау салып, нәпақа табамыз. Менің жанымда ескекші Ермек атты бала бар. Алғашы екі қайырымда ау бос шықты. Ауға қаяз түссе ауды сілкіп тартқанынан білуге болады. Үшінші қайырымда ауды бір балық сүзіп кеткендей болды. Қаяздың тартқанындай емес тым салмақты. Жүрегім өрекпіп кетті. Ермекке "дереу қайықты жағаға бұр "дедім. Екі көзім судағы ауда. Жағаға жақындағанда бір қап-қара балықтың жоны жалт еткендей болды. Көлемі бұрын көріп жүрген балықтарымнан тым ірі. Өзім де алғашында қорқып кеттім. Балаға сыр алдырған жоқпын.
Дарияның жиегі биік әрі ну қамыс пен тал. Оған балықты сүйреп шығару қалай болар екен деп ойлап та қоямын. Сол кезде балық судан сәл көтеріліп, бар тұлғасын көрсетіп қалды. "Ия, Құдай!"деген сөз аузымнан қалай шыққанын білмеймін, маған бірдеме болып қалды деп ойлаған Ермек бақырып жіберді. Сол дауыс өзімнің де есімді жиғызды. Жайынды таныдым. Байқағаным балық ауға басымен симаса да толық оралған екен. Олай болса торды жыртып кете алмайды. Екеуміз жағаға жеткен сол қайықтан түстік. Жайын суда тұр. Суда тұрғанда қатты жұлқынбайды. Екеуміздің сүйреп шығаруға шамамыз жетпейтіні анық. Бір шақырымдай төменде Әбдірдің жылымшылары бар еді. Соларды шақырып кел деп Ермекті жұмсадым да өзім аудың шетін жағадағы талдарға байлап, Аллаға сыйынып отырмын.
Бір шамада Әбдір екі жолдасымен түйеге мінгесе жетті-ау. Ауды саумалай тартып, жайынның басы жағаға жеткен кезде багормен (ұшы имек келген темір құрал)ұрып шаныштық та, дайын тұрған түйеге жегіп, өзіміз қапталдаса сүйреп, жиекке шығардық. Әлгінің ұзындығы шағын ау қайықтай десем нанбайтын шығарсың? Бәрі таң қалды.
Ал, енді не істейміз? "Өкіметке өткізейік" дегендер де болды. Бәрі маған қарайды. Соғыс аяқталғанмен ел тойынып кеткен жоқ қой. Оның үстіне бірнеше күннен бері "абыржы " болып, балықшылар ашқұрсақ жүр. Теңдей бөліп, ауылға таратайық, ер еңбегіне бір тойсын дегендей пікір айттым. Соған келістік. Тек әңгіме шығып, ел құлақтанып қалмасын деп жайынды майдалап бөліп, үйге бірден апармай үш-төрт күн аралатып апаруға уағдаластық. Кейін соны өлшегендер жүз он екі кила болыпты деген.
Қарияның әңгімесі есімнен шықпай тұрғанда жазып тастайыншы деп қолыма қалам алдым. Аралдың балығы жайлы мұнан да қызық оқиғаны жазған қаламгерлер аз емес. Біздікі жай сөз ғой.
Оңдасын БЕКТҰРҒАНОВ,
Тараз қаласы
03 тамыз 2024 ж. 273 0