Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Немересін оқытқан оқытушы

Немересін оқытқан оқытушы

«Аты өз заманында күллі дүниеге мәшһүр болған, бүгінге дейін бүкіл әлемге әмір жүргізген» деген аңызға арқау болған Александр Македонский «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен. Олай болса мен де қарыздар бір жан бар. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» демекші, бала көңілімізді даралыққа дағдыландырып, даналыққа жол сілтеген алғашқы ұстазым.
Иә, ұстаздық – ұлы іс. Ол жанды «ұстаз» деп атауымның себебі де сонда. Қай уақытта да мұғалім көп, шын ұстаз аз. Бұл – тұрақты аксиома. Кейде олардың кейбірін тумысынан ұстаздыққа бейімі бар ма деп қаласыз, ал енді бірінің мамандығы ғой деген ой келеді. Алғашқысын туа біткен дарынды маман десек жарасады. Сол секілді Зибагүл Таңбетова да өз мамандығына ерекше жауапкершілікпен қарай білетін нағыз ұстаз.
Әлі есімде. Білім ордасына алғаш жасқана қадам басып келгенде жылы шырай, ыстық құшағымен қарсы алған Зибагүл апай еді. Шәкіртінің бойына біліммен қоса тәлім-тәрбие мен адамгершіліктің алтын қазығын қаққан, алдына барған оқушының қабілетіне қарай шырағын жаққан Зибагүл Жаханқызы аудандағы іргелі білім мекені №220 мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет жасап келеді.
Алғаш әріп танытып, жақсы мен жаманды үйретіп, бәйгеге қосқан ол расында алдында отырған әр баланың көңілі нені қалайтынын сезіп қоятын. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп жатамыз ғой. Алайда тәрбиемен қатар талап та қажет. Міне, осы талапшылдық қасиетімен қатар қажет уақытында мейірленіп, еркелетіп кететін. Ондай сәттерде құдды бір анамыздың алдында тұрғандай болатынбыз. Бұл балаға ең керекті дүние. Білім ошағына имене енген балалар өзіне деген мейірім мен сүйіспеншілікті сезсе, біріншіден, мектепке, білімге деген құштарлығы артады, екіншіден, мұғалімнің болмысы сол ілтипатты күйде жатталып қалады.
Зибагүл апайдың бойындағы тағы бір ерекше тоқталатын қасиет – ізденімпаздық. Ол балаға үйрете отырып, өзі үйренетін жандардың қатарынан емес, өзі зерттеп, соны балаға толықтай жеткізе алатын білікті маман. «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді» деген осы болар.
Ол кісіге деген құрметіміз ерекше. Себебі ғибрат алар сөздері мен әр шәкіртіне деген жанашырлығы, айтқан ақылы мен көрсеткен өнегесі алдында отырған әрбір оқушының жақсы азамат болып қалыптасуына зор үлес қосты. Соның нәтижесінде Зибагүл апайдан қолға алғаш қалам ұстауды үйренген әпкем мен інім де бүгінде бір-бір саланың маманы атанып отыр. Білімді шәкірт тәрбиелеу жолында ұзақ жылдар бойы талмай еңбек етіп келе жатқан апайым бір ауыз сөзімен маған тағы қуаныш сыйлағаны ұмытылмайды. Мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа барған қызымды өз апайыма үлкен сеніммен тапсырғанымда «немеремді оқытуды бұйыртқан екен» деп мәз болды. Осының өзі бізді оқушыларын баласындай көретінінің бір көрінісі екенін жазбай танытады. Қазірге сол қызым бастауышты үздік бітіріп, 5 сыныпта «Зибагүлдің зерек оқушысы» деген атқа ие болып жүр.
Зибагүл Жаханқызының ұстаздық жолында жеткен жетістіктері де жетерлік. Еңбегі елеусіз қалмаған ол «Үздік бастауыш сыныптағы математика пәнінің мұғалімі-2021» аудандық байқауында ІІ орын, «Үздік авторлық бағдарлама-2021» тақырыбындағы облыстық байқауда жүлделі ІІ орынды, «Ұлы дала баласы» сайысында облыстық кезеңнен І орын иеленді. 2022 жылы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталса, одан бөлек қаншама білім додаларына шәкірт қосып, аудан, облыс, республика көлемінде жүлдегер атандырды. Ұстаздық қызмет еткен 31 жыл ішінде апайдың алдынан мықты дәрігер де, ұстаз да, құрылысшы да, спортшы да, өнер адамы да шықты. Бірақ қарапайымдылығымен қайран қалдыратын мұғалім табалдырықтан биік тау жоқ дегендей, «жүздеген баланың шырағын жағып, ата-аналарының алғысына бөленуден асқан бақыт жоқ» деп отырады.
Анар ЖАҚАН,
№220 қазақ орта мектебінің мұғалімі
05 қазан 2024 ж. 167 0