Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел дәулетін тасытқан

Ел дәулетін тасытқан

Арал теңізінің жағасында балық шаруашылығы өткен ғасырдың басынан бастап күрт дами бастады. Жергілікті халық осы салаға мойын бұрып, теңізден су маржанын сүзіп, тіршілік өзегіне айналдырды. 1925 жылы Арал Мемлекеттік балық тресі құрылып, енді үкімет бұл салаға барынша назар аударып, азық-түлік дайындау өндірісінің бір бөлігі ретінде қарастырды. Балық тресі кейін комбинат, онан бертініректе өндірістік бірлестік болып аудан халқының берекетін тасытып, тірліктерінің негізгі көзіне айналды. Біздің білгеніміздей, балық өндірісіне біздің ауданымыздың ғана емес, Қызылорда, Қазалы, Ақтөбедегі балық зауыттары да бағынып, өз аумақтарындағы көл-тоғандардан аулаған балықтарын осында тапсыратын. Міне, сол Ақтөбедегі балық зауытының басшысы болып ұзақ жылдар қалтықсыз еңбек еткен іскер де алғыр азамат Зинор Абдуллаевпен сол бір жылдардағы балық шаруашылығының даму баспалдақтарын көз алдымызға келтіргендей болдық.
Тарлан аға жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, әлі ширақ. Көп жылдардан бері Ақтөбеде жүрсе де өзінің кіндік кескен туған жері - айдынды Аралын естен шығармай, оның бүгінгі хал-жайы, қалпына келген Кіші теңізі, балық кәсіпшілігі, осындағы жалпы жұртшылықтың әлеуметтік жағдайы туралы ойлары көп-ақ. Арал балығы дегенде айтарының көптігі сондай - тек тыңдай білетін құлақты керек етеді.
Шынымен де ағамыз айтқандай, Арал балығы кезінде сапасы жөнінен де, өндірісте өңделу жөнінен де бүкілодақта өте жоғары бағаланатын.
Теңіз жағасындағы балықшы мекен Қаратерең ауылында дүниеге келген Зинор ағаның көзін тырнап ашып, ес біліп, айналасын тани бастағаннан әрине көргені-ақ жал толқынды көк теңіз жағалауы мен жүздерін күн қаққан, шымыр да қайратты балықшылар қауымы. Өйткені, әкелері Кеңтоғай мен Зәйтөн уақытында Арал теңізінің жағалауындағы "Қызыл балықшы", "Көпбірлік" балық колхоздарында төраға, Арал балықшылар одағында инспектор болса бірі, екіншісі балық аулау базаларында бастық, балықшы мекендерінің ауылдық кеңестерінде басшы болып істейтін. Яғни балық шаруашылығы - бұл әулеттің ата кәсібі.
Қаратерең мектебінде оқып, одан әрі оқуын қаладағы №13 орта мектепте жалғастырып, тәмамдаған ол Ұзынқайыр балық зауытында қарапайым жұмысшы болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Балық аулау, оны әрі қарай технологиялық өңдеудің қандай қиын шаруа екенін сол кезден-ақ жете біліп өсті. Және де бозбала жігіт болашақ өмірлік мамандығын осы салаға бағыттауға талаптана кірісті.
Үлкен арманмен қанаттанып, осы саладағы белгілі оқу орны Гурьев балық шаруашылығы техникумына 1958 жылы түсіп, одан 1962 жылы дипломды маман бол¬ып шықты.
Арал Мемлекеттік балық Тресінің басшысы Хамит Мұсағалиев туған жерге оралған жас маманға үлкен сенім білдіріп, Қуаңдария балық аулау базасының балық аулау колонниясының басшылығы қызметін берді. Ал, балық аулау базасының директоры, кейін еліміздің балық министрі болған дара тұлғалы қайраткер Құдайберген Саржанов болатын. Осы жерде бірнеше ай қызмет істеп, ысылып, өндірістің ащы-тұщысын татты. Басшы маман тек балықпен ғана жұмыс істемейді, сонымен қатар сол балықты өндіретін, өңдейтін адамдармен де тиімді жұмыс істеу керектігін білді.
Жаңашылдыққа жаны құмар Зинор ағаны сол жылдың маусым айында Арал балық тресінің техникалық бөліміне инженер етіп шақырды. Бұл мекеме осы балық өндірісінің штабындай сан-салалы жұмыстарын қиюлап жоспарлап, техникалық жағынан жобалап жататын. Өзін күнделікті қым-қуыт жұмыста көрсете білген маманды үш жылдан кейін өндірістік бөлімнің аға инженерлігіне қызметтік көтеру жасады. Осылайша қызмет баспалдағында жоғарлай бастаған ол 1980 жылы Бас шаруашылықтың өндірістік бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Мыңдаған адам жұмыс істейтін, қазандай қайнап жататын осы комбинаттағы цехтардың, бөлімдердің жұмыстарын байланыстыратын, өзара бірлікте жұмыс істеуіне жағдай тудырып отыратын еді. Сол жылдары осында белгілі сала саңлақтары - Астрахань қала¬сынан жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жаңашыл инженер Балажан Қараманов, Алматы энергетика институтын бітіріп келген Зейнолла Мұсағалиев, өндірістің бас энергетигі Нағымет Қазығұлов сияқты өндірістің танымал шеберлері еңбек ететін.
1982 жылы Арал балық өндірісі бірлестігінің бас директоры Қ.Саржанов Зинор ағаға үлкен сенім білдіріп, Ақтөбе балық зауытының директоры болып баруына ұсыныс жасады. Бұл уақытта қызмет сатыларының біразынан өтіп, балық өндірісінің қыр-сырын біліп болған Зинор аға басшы ұсынысын қабыл алып, көрші облысқа қоныс аударды.
Бір қызығы, Треске кезінде өзін қызметке қабылдаған атақты басшы Хамит Мұсағалиев зейнеткерлікке шыққан соң да, біраз жыл директор болып Ақтөбе балық зауытында қызмет істеген. Зинор аға есімі бүкіл елімізге белгілі өндіріс қайраткерінен жасы ұлғайғанына қарамай әлі де жұмыс істеуін өтінді. Өйткені, мұндай биік деңгейдегі маман жалпы еліміздің өзінде санаулы-ақ еді. Абыз аға іні өтінішін құп көріп, осы Ақтөбедегі балық зауытының одан әрі дамуына септігін тигізді.
Ақтөбе балық зауыты осы облыстың шалғайда жатқан Ырғыз ауданындағы Байтақ, Қармақкөл, Көкарал, Тәуіп көлдерінен ауланған балықты өңдейтін, халыққа ұсынатын. Аталған көлдерден Арал балықшыларының көмегімен жылына 14-15 мың тонна балық ауланып, жылдан-жылға халық саны өсіп келе жатқан Ақтөбе қаласын, оның аудандарын үздіксіз қамтамасыз етіп отырды.
Істі ұйымдастыра білетін Зинор 1982-1984 жылдары Ақтөбе өңірінде Қарғалы балық өсіру тоған шаруашылығын салуды жедел қол¬ға алды. Өйткені, уақыттың сол кездегі талабына сай тоған шаруашылығы елімізде қарқындап дами бастаған. Жоспар бойынша, өндіріске қосылған осы тоған жылына 400-420 тонна балық өнімін беруі керек еді. Сол бағытта тынбастан, қыруар жұмыс істелді. Алғашқы екі жылда 200-220 тоннаға дейін балық өсір¬іп, қала халқын "тірі балықпен" қамтамасыз етті. Қарғалы тоған шаруашылығында 9 жайыл¬ым тоғаны, 6 өсіру тоғаны, 4 қыстайтын тоған қызмет жасады. Олар¬дың жылына 400 тоннадай балық беруге мүмкіншілігі бар еді.
Иә, бұл кездерде балық өнер¬кәсібін дамытып және оның қорын сақтап қалу мақсатында балықты қолдан өсіру шаралары жан-жақты жүргізіліп жатқан еді.
Тоған шаруашылығы жобасын жасағанда жердің топырақ-климат жағдайы, топырақтың құрамы, оның су сіңіргіштігі, жерасты суы, тағы басқа жағдайлар жан-жақты ескерілген. Гидротехникалық құрылыстарын жүргізгенде олардың су тереңдігі көрсетілген норманы сақтауы керек. Әйтпесе балықтың өсуіне кеселін тигізеді. Сонымен бірге балық өсіруге су өте көп керек, өйткені тоғанға бір толтырып алынған су үнемі тұра бермейді, ол ластанғаннан кейін ағызылып, жаңа су жіберіліп, судағы оттегі молайтылып отырылады.
Тоғанда көктемгі және жазғы маусым жұмыстары кезінде, әсіресе балықты қыстық тоғандарынан жайылым тоғандарына шығынсыз көшіру, оларды шығынсыз жетілідіріп өсіру, техникалық құрал-жабдықтарды күтіп ұстау сияқты көптеген жұмыс көрсетікіштері ескеріледі. Мұның барлығы - сайып келгенде шаруашылықтың экономикалық көрсеткіштерді жақсартудың негізі. Осының арқасында жақсы жұмыстың нәтижесіндей мемлекетке сапалы балық өнімі өткізілді. Өнімнің сапасы әлдеқайда жақсаруына байланысты, Ақтөбе қаласының тұрғындарына «тірі балық» өткізу көбейтілді.
Шараушылық тауарлы өнім өндіру жоспарын үнемі жүз пайыздан асыра орындады. Осындай табыстары үшін мекеме бірнеше мәрте сол заманғы еңбек жарысы - социалистік жарыстың озаты болды. Сол жылдардағы бүкіл елімізде басты бағыт болған Азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруда елеулі үлес қосты.
Ақтөбе балық зауыты сол кездегі Арал балық комбинатына қарайтын зауыттардың ішінде жыл сайын жылды экономикалық табыспен қорытындылайтын бірден-бір тыйымды мекеме еді.
Ал, Ырғыз ауданында балық аулауға жарамды үлкенді-кішілі 33 көл бар-тын. Аралдық балықшылардың көмегі арқасында осы көлдерден сазан, шортан, алабұға, тағы басқа балықтар ауланып, Ақтөбе қаласына, Арал қаласына өңдеуге жіберіліп тұрды. Еңбек адамына барынша жақсы жағдай туғызғанда ғана алға қойған мақсатты іс нәтиже беретіні шындық емес пе. Балықшыларға жағдай туғызу үшін Байтақ учаскесінде балықшыларға арналған екі пәтерлі жатақхана үйін салғызып, олардың басқа да әлеуметтік жағдайларын шешіп отырды. Сондай-ақ учаске басына жоғарғы кернеулі электр тогы жеткізілді. Әрине, өндірістің осылайша алға дамуына мамандардың қосатын үлесі зор екені белгілі. Ақтөбе балық зауытының ыстау цехының бастығы болып Ібіләмин Нәжмәдинов ысталған балықтың сапалы болып шығуына баса назар аударып отырса, бас инженер Иса Жұмабаев өндірістің технологиялық жабдықталуына күш салып отырды. Ал, Хамит аға Мұсағалиев сегіз жыл бойы бас экономист ретінде өндірістің тиімділігін дұрыс жоспарлап, ерекше қызмет көрсетті. Ал, балық аулау бригадаларының бригадирлері Ырзадин Иманбаев, Айдаралиевтер су маржанын сүзуде еселі еңбек етті.
Ақтөбе қаласында бірте-бірте маңызы өсе бастаған балық зауытының жұмысшыларына жағдай жасауды қолға алған Зинор аға қала әкімшілігімен әрқашан тіл табыса қарым-қатынас жасап, олармен келісе отырып, 14 жұмысшы-қызметкеріне пәтер алып беруі сол кезде бір ерлік десе болады. Үлкен қалада үй алу қай кезде де шешуі қиын мәселе болатын. Ал, ығытын тапқан Зәкең осыншама адамды қала ортасынан үйлі қылып, олардың шаңырақтарында қуаныштың көп болуына жағдай жасады. Кеңес заманында сауда орындарынан кейбір тұрмыстық дүниелерді алу мүмкін емес сияқты көрінетін. Білікті басшы Ресейдің Орскі қаласындағы тоңазытқыш жасайтын комбинатпен тығыз байланыс орнатып, бүкіл жұмысшысына осы комбинат шығаратын "Орск" тоңазытқышын алдыртып берді. Олар да қолдары көкке жеткендей қуанып қалды.
Ақтөбе балық зауытының одан әрі қарышты дамуына Кеңес өкіметі тарағаннан кейінгі еліміздегі нарыққа көшу кезеңі өте ауыр тиді. Бұрынғы жан-жақты экономикалық байланыстар үзіліп, оның үстіне Арал теңізінің тартылып кетуіне байланысты және Аралдағы бас шаруашылықтың түбірімен жойылып кетуі зауыттың әрі қарай жұмыс істеуін тоқтатуға мәжбүр етті.
Ұзақ жылғы балық шаруашылығындағы алғаусыз еселі еңбегімен көзге түскен басшы Зинор Абдуллаев 1990 жылы "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Ал, Қазақстан Республикасы Балық шаруашылығы министрлігінің, Ақтөбе облыстық басшы ұйымдарынан, кәсіподақ ұйымдарынан алған марапаттары бір төбе. Ал, қарамағындағы жұмысшы-қызметкерлердің алғаусыз алғысы әрқашан оның ел-жұртқа риясыз істеген қызметінің өтеуіндей болып жүрді.
Отыз жылдан астам уақыт бойы Арал мен Ақтөбеде Зинор ағаның осындай үлкен еңбек жолынан өтіп қана қоймай, әрқашан абыройының асқақтап жүруіне сүйікті жары Тамара Қилажқызының ынтымақты отбасының анасы ретіндегі қолдаушылық орны ерекше еді. Өмірлік қосағының биязы мінезі мен пайымды да парасатты қасиеттері оның қай кезде де ел үшін еңбек етуіне мүмкіндігінше жағдай жасап отырды. Жақсы жарының текті жерден шыққандығын білетін. Тамараның Отан үшін от кешкен әкесі Қилаж Бисекенов Ұлы Отан соғысына алғашы күнінен бастап қатысып, атақты Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тауып, белгілі Мамай қорғанында жерленген екен.
Арал, Ақтөбе қалаларында денсаулық сақтау саласында медбике болып адам жанының арашасы атанған Тамара екеуі үлкен әулеттің шаңырағын биіктетіп, керегесін одан әрі кеңейтті. Бес баласының үлкені Жанна педагогика саласында ұлағатты ұстаз болып жүрсе, одан кейінгі 4 ұл-қызы барлығы да Ақтөбе медицина институтын бітіріп, әр салада дәрігер болып еңбек етіп жүр. Сол дәрігер балаларының бірі Рашид Ресейдің Калининград әскери госпиталының бас дәрігері. Ал, Әлиясы жастығына қарамай «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін алған.
Ерғали АБДУЛЛА
15 қазан 2024 ж. 281 0